Шымкенттік таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев Оңтүстік Кореяның Кванжу қаласында өткен жазғы Универсиадада 58 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.
Н. Мамаев алдымен Комора аралының спортшысын жеңіп, одан соң өзбекстандық Темірбек Уроловтан айласын асырды. Ширек финалда жерлесіміз австралиялық Адриан Абелды 17:5 есебімен ұтып, жартылай финалда ирандық Джавад Амирисорхиге (17:16) өз мықтылығын байқатты.
Финалдық бәсекеде жуырда ғана Бакуде аяқталған Еуропа ойындарының чемпионы португалиялық Ребело Браганкамен кездесіп, 2:0 есебімен тізе бүктірді.
22 жастағы Нұрсұлтан Мамаев осылайша келесі жылы өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиадасына берілер жолдаманың 20 ұпайын қоржынына салды. Айта кетейік, ол танымал таэквондошы Шадияр Қондыбаев басқаратын Оңтүстік Қазақстан облыстық жекпе-жек түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алады.