«Әрбiр еңбектiң өтеуi болатынын ұғынып келемiн»

Среда, 03 Февраль 2016 08:00 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3186 раз

akbar elubaiКүрес түрлерінен Таразда өткен биылғы Қазақстан чемпионаты жаңа есімдерді танытты. Әсіресе, жастардың қарымына сүйсіндік. Көптен бері еңсесі көтерілмей тұрған еркін күрес өнерінен дарынды жастарды көру бір ғанибет. Оңтүстіктің талантты балуаны, Жастар арасында Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Акбар Елубайұлы топ жарып, бас бәйгені иеленді. Жерлесіміз финалда ақтөбелік Ғани Ізмағамбетовке де еш айла қалдырған жоқ.
Тараз төрінде көпшілікті тәнті еткен азаматтың әңгімесі татымды. Көп сөзге жоқ, бірақ пікір-пайымы, айтар ойы көңілге қонымды-ақ. Әуелде «аға, бірінші рет сұхбат беріп тұрмын. Мұным қалай болар екен» деп шешіле қоймап еді. Бір кезде ойын жинақтап алып, еркін әңгімелей жөнелді.
Теріскейдің тумасы өткен жылы да біраз жетістікке жеткен. Қырғызстандағы Қожамқұл Қабаұлын, Талдықорғандағы Зылиха Тамшыбаеваны еске алуға арналған турнирде жеңіске жетті. Соңғы Дінмұхаммед Қонаевты еске алуға арналған турнирде моңғолдың мықтысы біздің балуаннан алымды шықты. Бұл жарыстың бәрі осы чемпионатқа дайындық іспетті. Өз қателігін сезінуге, әлі де не жетпейтінін білуге тамаша мүмкіндік сыйлапты.
«Қонаевтағы жеңілістің маған пайдасы өте көп тиді. Моңғол балуаны – 2014 жылғы Азия чемпионы. Тәжірибенің аздығы болса керек. Өзімінің күресімді ұмытып, моңғолдың күресіне кіріп кеттім. Ол жерде мен тактикалық тұрғыда ұтылдым», – дейді Акбар. Әрі қарай әңгімесі былайша өрбіді.



– Тараздағы жарыстар жылда жоғары деңгейде өтеді. UWW-тің күнтізбесіне енгізілген дәстүрлі Қонаев турнирі бар онда. Оған шетелден таңдаулы балуандар ғана шақырылады. Сондай жарысты өткізіп жүрген Тараз қаласы ел чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастыруы заңдылық.

Алғашында Астананың жас балуанын, одан кейін қарағандылық қарсыласымдыұту қиынға соққан жоқ. Жартылай финалда жолыма қарсы тұрған Бақдәулет Әлментай,
өзімнің жерлесім әрі досым.Бір-бірімізді жақсы білеміз. Алланың қалауымен, бапкерлердің қойған тапсырмасымен жеңіс бізге бұйырып тұр екен. Финалдық белдесуде Ғани Ізмағамбетовтей өте күшті, қарулы балуан жолықты. Оны да жеке бапкерім Алтай Оңғарбайұлының қойған тактикасының арқасында, Алланың қалауымен жеңдім. Ол бұған дейін аса ауыр салмақта күресіп жүргенін білемін. Атақ-дәрежелері де бір басына жетерлік. Қонаев турнирінде Дәулет Шабанбайдың өзін алып ұрған еді. Соңғы екі қарсыласым теңдей қарсылық көрсетті ғой. Былтырғы чемпионатқа салмақ қуғаннан кейін,артық салмақтан өзімді тежеп жүрдім. Көп болса жаттығудың алдында салмағым жүз бір келі тартады. Дәл қазір салмағым тоқсан тоғыз-жүздің маңайы.

«Қарсыластың бәрi қайратты»

Чемпион болдым, енді маған қарсы дайындалатын, тіс қайрап жүрген қарсылас көбейе бермек. Сол себептен, жауапкершілік жүгі екі есе ауырлағанын түсінемін. Үштікке кіргеннің бәрі маған қарсылас. Ғани да, Мамед те, Әлихан да менің алдымды орауды көздейді. Ендігі кезекте барлығына да тыңғылықты бап керек.
Менің салмағымда әлемде көш бастап тұрған балуандарды айтар болсам, олар америкалық Кайл Снайдер, ресейлік Абдусалам Гадисов. Еңбек етіп, Алла нәсіп етсе, солардың деңгейіне жетсек деген арман бар. Парсы Реза Яздани, әзірбайжан Хетаг Газюмов, украиналық Павел Олейникпен күресіп, соларды да жеңсем деп жүрмін.
Кайл Снайдер менен бір жас кіші. Құрдастарым осындай жетістікке жетіп жатыр. Яғни өзімізді жас деуге болмайтынын түсінесіз. Қазір нағыз күресетін шақ. Қазақтар кеш жетіледі деген қағиданы бұзуымыз керек емес пе?! Меніңше, қазақ жігіттері жиырма бес жасында ғана олжа салады деген бос әңгіме. Жаста тұрған ештеңе жоқ, алға мақсат қойып, соған жете білуіміз керек әрбіріміз.
Дәл қазір маған тоқсан жеті келі ыңғайлы. Дене әлеуетім осыған сай. Аса ауыр салмаққа ауысайын десем, оған бойым сәйкес келмейтіндей. 2014 жылы жастар арасындағы Азия біріншілігінде жүз жиырма келіде күрестім. Финалда ирандық Амин Тахери менен барлық жағынан да басым болды: салмағы ауыр, дене тұрқы да ірі. Оған қоса тәжірибесі де мол еді. Бүгінде ол да Иранның біріншілігінде алдыңғы орындарға таласып жүр. Аса ауыр салмақта ересектер арасында халықаралық турнирлерде де несібесіз емес. Мен аса ауыр салмаққа салмағым жетпегендіктен, тоқсан жетіде қалуды жөн көрдім. Алдағыны кім білер, бәлкім, кілем үстінде кездесіп жатсақ, одан да есемді қайтарамын әлі.

«Күреске ағам әкелдi»

Күреске қызығуыма бірден бір себепкер өзімнің ағам – Нұрғали Елубайұлы.
Өзі қазақ күресі, самбомен айналысқан. Спорт шеберлігіне үміткер. 4-5 сынып оқып жүргенде қалаға келемін, ағам Шымкентте өтетін үлкен жарыстардан қалдырмай ертіп жүреді. Сол кезде өзі білетін балуандарды маған таныстырып, «мынаның күші көп, мынаның техникалық әлеуеті зор» деп мені спортқа қызықтырды. Әрі таңертеңнен кешке дейін күрес залында балуандандардың өнерін тамашалайтынбыз. Одан кейін ауылда жүргенімде, спорттық киімдер әкеліп, ынтызарлығымды одан әрі оятты.
Еркін күреске келуіме де ағамның бір ауыз сөзі әсер етті-ау деймін. Ауылда Бақытжан Бейсембаев деген бапкер болды. Әрі көршіміз. Бірде өзімен таныстырып, «менің ініме де қарайлап, ары-бері жарысқа шығарып көрсең қайтеді» деген ұсынысын айтты. Ол да қарсы болған жоқ. 2009 жылы екеуі жетелеп Шымкенттегі облыстық чемпионатқа әкеліп еді, үш қарсыласымды да ұтып бердім.Спорт мектебі бапкерлерінің көзіне түскенім осы кез. Содан кейін бапкерлердің өздері қолқалай бастады. Ағам да «сабақты қатырып жатқан жоқсың, спорттан бір нәтиже болып қалар» деді.
Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебіне тоғызыншы сыныптың үшінші тоқсанынан бастап қабылдандым. Ең алғаш Бақыт Оразбаевтай
білікті бапкердің тәлімін көрдік.
Әкем – Елубай Асқаров. Өзі кезінде бокспен айналысқан. Студенттік шағында қызықтап, кейін қойып кетсе керек. Әкем де, шешем де ірі денелі кісілер. Өзімнің мінезім анама тартқан сияқты. Ал әкем қатты еркелететін. Үйдің кенжесімін. Әлі күнге дейін сенікі дұрыс емес деп ауыр сөз айтпаған. Өзі уақытында түсінеді деп ойлайды ма... Сонысынан ұялып, өзім де басқа артық тірлік істемеймін. Сол кісі маған сенгендіктен, үкілі үміттерін ақтауым керек. Басында анам «Интернатта қалай болар екен. Балалар ұрады ғой» деп күресіме қарсы да болды. Бертін келе түсінді ғой.

«Алтай көкемнен үйренгенiм көп»

Қазіргі жеке бапкерім Алтай Оңғарбайұлы барлық жағынан да көмектесіп жатыр. Ол кісінің жақсылығын айта берсек көп: қаржы жағынан да, кілемде де, психологиялық, техникалық тұрғыдан да көмегі көп тиді. Кілемдігі спарринг қарсыласым да сол кісі. Кезінде өзі де ел чемпионаттарында, халықаралық турнирлерде атой салағанын жанкүйерлер жақсы білер. Әдіс-тәсілдерді кілемде өзі үйрететіндіктен, түсінуім де тез.
Әлі де білмейтінім, қателіктерім де көп. Аяққа жіберіп қойып, күрескім келеді. Мұным дұрыс емес екен. Қазір аяққа қарсыласты өткізбеу жағын үйреніп жүрмін. Кей жерде асығыстық жасаймын. Кейде күшім, техникалық шеберлігім жетпей жатады. Алдағы уақытта жаттықтырушымен кеңесіп, бұл қателіктерді түзейміз.
Алтай ағайымның жақсы қасиеттерін де айтпай кету әбестік. Күреске қызығушылығымды оятып, кілемге қайта алып келген де осы кісі. Жасөспірімдерден жастарға өткенде күресті қойсам ба деп те екі ойлы болып жүргенімді несіне жасырайын. Бірде көкпарда аяғымды ат қайырып кетіп, күрестен жалыққаныма да әдемі сылтау табыла кетті. Сол кезде Алтай аға үйге келіп, «көкпарды қоя тұр, күресіп алшы. Спорттан кейін-ақ шаба бересің» деген. Одан кейін өзіме де «әлі де күрессем болады екен. Маған әлі де үміт артады екен ғой» деген ой келді. Сол кезде Алтайдың жас кезіндегі күресін бейнетаспадан көрдім. Жас болса да ересектер сияқты күрестіні таң қалдырды. Аяғына ота жасалып, темір салынғаннан кейінгі күресі, сондай жанкештілігін айтсаңызшы... Одан кейін екінші тынысым ашылғандай болып, қызығып сұрайтыным көбейді. Күрестің дәмі сол кезде сезілгендей. Бұл 2014 жылдың аяғы болатын.
«Менің аяқ қолым сау, неге маған күреспеске?! Неге мен де Олимпиадаға барып, қазақ жігіттерінің мықтылығын дәлелдемеске» деп, жігеріме жігер қосып, екеуміз жұмысты бастап кеттік.
Қазақта үлгі тұтатын ағалар көп. Күнде өзіміздің қасымызда жүрген Оңғар Үндемесов, Ермек Байдуашев, Ақжүрек Таңатаров ағаларымды құрметтеймін, солардай болғым келеді. Ақжүрекпен жаттығу жиындарында біргеміз. Ол да қазақтың батыр ұлы. Ақыл-кеңесін айтудайын айтып жүр. Ол кісілердің әрбір сөзі, тұрған тұрысы, жүрісі, сөйлеуі де бізге үлгі.
Ал әлем балуандарының ішінен Бувайсар Сайтиев қандай құрметке де лайық азамат. Оның алып бара жатқан күші жоқ. Есесіне, қайсар мінезі, күресте техникалық шеберлігі жоғары.

«Ең бiрiншi салымым – 200 теңге»

Қазақтың қай баласы да көкпар тартып, атқа қызығып өсетіні бесенеден белгілі. Біздің Созақта көкпардан бұрын аламан бәйге дамыған. Бәйге біткеннен кейін, ортаға бір лақ тастап, ауыл-ауыл болып тартысатын әдет бар. Тай мініп алып, көптің соңында шауып жүретініміз мақтаныш еді. Үлкен көкпарға дайындығымыз осылай басталған. Сөйтіп жүргенде Алтай Оңғарбайұлымен жолықтым. Оның менің бапкерім болып кетуі де осы көкпардың арқасы. Әуелі Алла, одан кейін көкпар бізді табыстырған. Әр аптаның аяғында көкпарда басымыз қосылады. Алғашында шабу қайда, атты демалдырамын, баптаймын. Осылай біраз уақыт жәрдемші қызметін атқардым.
Ең бірінші қатысқаным бата көкпар. Темірланда өткен сондай тойда екі жүз теңге салым салғанымды еш ұмытпаймын. Одан кейін бес жүз, мың теңгелеп өсе берді. Әзірге ең үлкен салымым – бір серке.
Қазір күреске толық мойын бұрғандықтан, ұлттық спорт ойынынан уақытша қол үзуге тура келеді. Ұлттық құрама мүшесімін, алда басқа мақсаттар тұр. Көкпар өте жарақаты көп, қауіпті спорт, денсаулықты сақтауым керек. Спорттан кейін қайта келемін бұйырса.

«Сенiм артса, жанымды салармын»

Өз әлеуетімізді, мүмкіндігімізді Қазақстан біріншілігінде көрдік. Ешкімнен кем емеспін. Бар мақсат – Олимпиадалық іріктеу турниріне барып, бапкерлерімнің айтқанын іске асырсам, жолдамаға жетіп те қалармыз.
Бас бапкер Сергей Белоглазовтан жаттығу жиындарында білмегенімді сұрап, көп жағдаяттарға қанықтым. Азиялық іріктеу турниріне кімді қосатынын бапкерлер шешеді. Егер, маған сенім артса, есемді жібере қоймаспын.
Балуанға ең керек қасиет деп мыналарды айтар едім: ең бірінші отансүйгіштік, еңбекқорлық және қайтпас мінез. Жігіттің басынан түрлі қиындық кезігуі кәдік. Ең бастысы, соған төзе білуде. Жігіт өз қара басын емес, сенім артып отырған жанкүйерін, отбасын, елдің намысын қорғайтын азамат деп білемін.
«Бір бақытқа жету үшін, бір бақытты ойлама» деген жақсы сөз бар. Әрбір еңбектің өтеуі болатынын ұғынып келемін. Бір жарыста ұтылған кезде жақын кісілерімнің бірі намысыма тиетін сөз айтқан. «Сенің оған шамаң келмейді. Спортты таста, одан да басқа жұмыс істе» дегендей. Соларға әлі-ақ мықтылығымды дәлелдеймін деп күреске қайта келдім. Осы мақсатта бар күшімді сарп етуім керек.

Жазып алған
Т. ҚАСЫМ

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.