АЛҒАШҚЫ КӨМЕКТІҢ ДҰРЫС КӨРСЕТІЛУІ МАҢЫЗДЫ

Пятница, 11 Ноябрь 2022 04:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 757 раз

Шымкентте газдан улану деректері күз-қыс айларында жиілейді. Иіс газынан улану көп жағдайда көмірмен немесе газбен жағылатын пештерді, қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудан туындайды. Газдың түсі, иісі де жоқ болғандықтан, уланған адам оны мүлдем сезбейді.

 

Мұндай жағдайда зардап шегушіге дәрігерге дейін көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Ол үшін алдымен уланған адамды таза ауаға шығарып, аяғын сәл көтеріңкі күйде жатқызып, денесін тар киімнен босатып, мүсәтір спиртін иіскетіңіз. Егер адам есін біліп жатса, оған тыныштық және үзіліссіз оттегі қажет, мысалы газетпен желпуге немесе желдеткіш қосуға болады. Ал зардап шегуші дем алмай жатса, алдымен тыныс алу жолдарын тазалап алып, жасанды дем беру қажет. Тез арада «Жедел жәрдем» қызметін шақырыңыз. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда өмірлік маңызды функциялары қалыпқа келген соң зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізуге тырысыңыз.
Есіңізде болсын, уланған адамды қауіпті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде өзіңіз де уланып қалмас үшін бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тез әрекет етіп, қол орамал немесе дәке арқылы тыныс алу керек.
Расында, қарапайым қауіпсіздік шараларын барлығы да біледі. Дегенмен, баршаға мәлім қағидаларды қайталауға тура келеді:
- Тек жарамды жабдықтарды қолданыңыз. Пеш қалауларындағы жарықтар, тазаланбаған түтін тұрбасы сол сияқты «ұсақ-түйектер» ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
- Пештер мен каминдерді қағидаларға сәйкес қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, мұржаларды уақтылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді қалауда тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз.
- Автокөлік иелері көлікжайда (гаражда) қозғалтқыш бөлігі қосулы күйде жұмыс істемегені дұрыс.
Жоғарыда айтылған ережелерді сақтаған жағдайда ғана тұрғындар тұншықтырғыш газдан уланудың құрбаны болмайды.

Б.Әбілқасым,
Абай аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының
инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.