Әскери қызметшілердің жұмысымен танысты

Пятница, 05 Май 2023 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 908 раз

askeri-kyzmetshiler-jumysy

7 мамыр - Отан Қорғаушылар күні қарсаңында, Шымкентте жалпы білім беретін мектептердің 100-ге жуық оқушысы Шымкент гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында қонақта болды.

Бақылау-өткізу пунктінде балаларды бригада командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, майор Дінмұхамед Нұрақаев қарсы алды. Қысқа нұсқамадан кейін оқушылар бөлімнің аумағына кірді. Бірінші кезекте балаларға әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің негізгі міндеттері туралы айтылды. Бөліммен танысу барысында оқушылар әскери қызметшілердің күнделікті өмірі, әскери кәсіптің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы ақпарат алды. Ал қызығушылық танытқан балалар Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарына түсу ережелерімен танысты.

Әрі қарай балалар асханамен, спорт қалашығымен және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер тұратын үй-жайлармен танысты. Саптық алаңда балаларға арналған қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Әскери қызметшілер заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың, сондай-ақ байланыс құралдарының мүмкіндіктері туралы айтып берді. Оқушылар атыс қаруының әртүрлі үлгілерін бөлшектеп-жинауға, жалпы әскери қорғаныс киімін, оқ өтпейтін жилеттер мен кевлар дулығаларын киіп көруге мүмкіндік алды.

– Іс–шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа, болашақ Отан қорғаушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың армияға деген қызығушылығын арттыру, - деді әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Дінмұхамед Нұрақаев.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « «Енді соғыс болмасын!» Жаралы жандар жанашыры »