«Енді соғыс болмасын!» Избранное

Пятница, 05 Май 2023 03:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1618 раз

endi-sogys-bolmasyn

Ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қария осындай ақ тілегін айтты. Жыл өткен сайын қарт майдангерлердің қатары сиреп барады. Олардың әрбір айтқан ғибратты сөзі, өнегелі өсиеті баға жетпес құндылық. Қазіргі таңда Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының 3 ардагері тұрады. Өткен жылы шаһарда 7 ардагер Жеңіс күнін мерекелеген-тін. Қариялар қашанда елдің қазынасы. Жеңіс жауынгерлерінің Отан қорғау мен мен еңбектегі ерлігі өшпек емес.

 

«Қарттарға қамқорлық үзілмейді»

Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл. Жылдағы дәстүр бойынша қала әкімдігі, мәслихат депутаттары ардагерлердің шаңырағына барып, мерекемен құттықтайды. Ата-әжелеріміздің Отан қорғау мен еңбектегі ерлігі қандай құрметке де лайық.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде 237 соғыс ардагері қалыпты. Оларға алдағы Жеңіс күніне орай тиісті материалдық ынталандыру қаржысы төленеді. Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы шешімі негізінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 360 АЕК көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек есепшоттарына аударылады. Яғни, биыл да жергілікті бюджет есебінен 1 242 000, демеушілер есебінен 258 000 теңге, жалпы 1 500 000 теңге қаржы беріледі.

Сондай-ақ, жергілікті майдангерлерге коммуналдық қызметтер төлеміне жеңілдіктер қаралған. Мереке қарсаңында тыл ардагерлеріне 12 АЕК немесе 41 400 теңгеден төленеді. Қалада бүгінде 2183 тыл ардагері бар. Шаһарда қарияларға құрмет көрсету, оларға жан-жақты қолдау іс-шаралары жыл бойы жүргізіледі.

 

«Ардагерлер – ардақты ерлер»

ardagerler 1

Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғыны Мұраталы Төлепбергенұлы мамыр айында 98-ге толады. Өзі әлі тың. Ширақ. 2 ұл, 6 қыздан 10 шөбере, 20-ға жуық немере сүйіп отыр. 1925 жылы 20 мамырда Түлкібас ауданының Жаскешу ауылында дүниеге келген Мұраталы ақсақал 1943 жылы соғысқа аттанып, Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қалалары үшін шайқасты. Қан майдан шебінде жан аямай, ерлік көрсеткені үшін «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.

1950 жылдан 1953 жылға дейін Түлкібас МТС тракторлық бригадасының бригадирі, 1958-1959 жылдар аралығында Калинин колхозында бухгалтер, 1959-1965 жылдары колхоз фермасының меңгерушісі болып істеді.

2014 жылдың желтоқсан айында мемлекет тарапынан Шымкент қаласынан пәтер берілген-тін. Бүгінде перзенттерінің ортасында осы пәтерде тұрып жатыр.

ardagerler 2

ҰОС ардагері Абылай Қазбаев Тұран ауданының тұрғыны. 1943 жылы Қызыл армия қатарына алынып, Ташкент қаласындағы әскери дайындықтан өтті. 219-ші дивизияның 2-ші гвардиялық-полкінде болған. Харьков, Ворошилов майданында, Беларусь, Латвия, Литва майданындағы шайқастарға қатысты. 1950 жылы әскер қатарынан босатылып, СМУ-4, 1952 жылы Қорғасын зауыты ТЭЦ-2 темірұсташы, машинист-қазаншы болып қызмет етті.

«Батыр шапағаты», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталды. Бүгінде 4 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты қария.

ardagerler 3

Әл-Фараби ауданы тұрғыны Мосунова Нина Егоровна 1924 жылы 9 наурызда Татарстанның Урустамак елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жыл қазан айында әскерге өз еркімен алынды. Казань қаласында телеграфист мамандығын алып, Горький қаласына ауысты. 1943 жылы Можайск маңындағы соғысқа пулеметші болып қатысты. 1948 жылы ол Қазақстанға, Шымкент қаласына көшіп келді. 1948-1955 жылдары қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінде қызмет атқарды. «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. 2 немере, 5 шөбересі бар.

 

«Жастар білімді болсын»

Таяуда Мұраталы Төлепбергенұлының шаңырағына бардық. Нұрсат шағынауданы №12 үйде тұратын майдангер бізді қуана қарсы алды. Көпқабатты үйдің алдында күншуақта демалып отырған сәтінің үстінен түстік. 20 мамыр күні 98 жасқа толатын қарт майдангермен аз-кем әңгімелестік.

ҰОС ардагері өзі куә болған тарихтағы зұлмат жылдарды әңгімелеп, жастарды отанды сүюге, білімді болуға шақырды. Батагөй қария еліміздің болашағы жарқын болуын тілеп, ақ батасын берді. Қазіргі жастар бейбітшіліктің, қадірін біліп жүр ме? Қаншалықты елін, жерін сүйеді? Біз осы сауалды қарияға қойдық.

– Шүкіршілік дейміз, қазір Тәуелсіз елміз. Халықтың жағдайы жаман емес. Олардың әл-ауқатын көтеруге әрекет жасалып жатыр. Жастар елін сүймейді деп айтуға болмайды. Қазір әлемдік бәсекеге ілесіп, нарықтың заңдылықтарына бейімделетін заман. Ел азаматтары білімді, отансүйгіш болуы керек. Ендігі кезекте басшы қызметтегі азаматтар халқына адал қызмет етіп, жастарды тәрбиелеуге, жұмысқа, білімге ынталандыруға жұмыс істеуі тиіс. Біз сонау қиын-қыстау кезеңде ұжымшарда еңбек еттік. Егін ектік, мал өсірдік. Халықты асырауға жағдай жасадық. Ендігі кезек – жас ұрпақта. Отандастарым білімді болып, еліміз алдыңғы қатарлардан көріне берсін, – деді ардагер.

Иә, қазір зұлмат жылдар артта қалды. «Өткенге өкінбе, сағымды қума» дейді халқымыз. Халқымыз көп қиыншылықтарды бастан өткерді. Ғасыр жасаған батыр ата ендігі ұрпақтың ондай зұлмат жылдарды көрмеуін тілеп отыр. Берекелі шаңырақтың ұйытқысы болған ардагер еліміздің амандығын тілеп, батасын берді.

«Ұрпақтарымыздың дені сау болсын, өмір жастары ұзақ болып, аман-есен Жеңіс күнінен жеңіс күніне жете берейік. Енді соғыс болмасын! Елімізде береке-бірлік орнасын. Егемен еліміздің іргетасы мықты болып, ұрпақтарымыз бақытты болсын!» деп қадірменді қария батасын берді.

Қанша қиындық көріп, талай зұлматты бастан өткерсе де еңсесі биік, рухты қарияның айтқаны қабыл болғай дедік іштей.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.