×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қалаға қосылған елдi мекендер Избранное

Пятница, 12 Июнь 2015 05:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5293 раз

Шымкент қаласының аумағына жаңа бас жоспар бойынша қосылған елді мекендердің сәулеті мен кескін-келбеті заман талабына сай болуы тиіс. Бұл ретте, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен инфрақұрылымдық қызмет сапасын көтеру – өзекті мәселе. Осы мақсатта, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы мен бір топ депутаты Еңбекші ауданына қарасты елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, бір қатар мәселелермен танысты.

DSC 0561

Қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров, депутаттар Ғани Ташқараев, Нұркөз Жаңабаев, Нұрғазы Бұқарбаев, Оразбек Ешімбеков және Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов ең алдымен, «Шаңырақ» тұрғын алабында болды. Сайрам ауданынан бөлініп, «қалалықтар» мәртебесін иемденген елдімекенде бүгінде 500 отбасы тұрады. Кездесу барысында мәлім болғандай, «Шаңырақтың» тұрғындарын ең әуелі мектеп пен балабақшаға мұқтаж. Себебі, әлі күнге ата-аналар балаларын 5 шақырым қашықтықтағы №98 мектепке жіберу үшін қос бірдей автобустың қызметін жалға алып, пайдалануға мәжбүр.
– Бұл үшін ата-аналар қауымы қаржы жинап, автобус жүргізушілеріне ай сайын 25 мың теңге жалақы төлейді. Ал, автобус иелері бұл қаржының тіпті жеткіліксіз екенін айтып, қосымша ақша сұраумен келеді, – дейді ауыл биі Анармет Арзиқұлов.
Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясовтың айтуынша, бұған дейін Сайрам ауданы әкімдігі тарапынан арнайы жер бөлініп, 600 орындық мектеп пен 250 орындық балабақша ғимаратын тұрғызуға арнайы жоба қарастырылған. Жобалық-сметалық құжаттар қолдау тауып, жүзеге асырылса, тұрғындардың білім ұясына деген мұң-мұқтаждығы көп ұзамай шешімін табуы тиіс. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар үшін сапалы ауызсу мен жол мәселесі де өзекті. Өз кезегінде, мәслихат хатшысы аталған мәселелер тұрақты комиссиялардың бақылауына алынатынын жеткізді.

DSC 0625

 

Базарқақпа – Сайрам ауданынан қала аумағына енген ірі елді мекендердің бірінен саналады. Арнайы келген топ мұнда әсіресе, құжаттандыру жұмыстарының кешігіп жатқанына айрықша көңіл аударды. Аяқжол мен бағдаршамның қажеттігі де осы кездесу барысында хаттамаға тіркелді. Сондай-ақ, елді мекенде барлығы 20 көпқабатты тұрғын үй бар болса, ондағы кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстары да күн тәртібінің алдыңғы кезегіне сұранып-ақ тұр.
Мәслихат депутаттары арнайы келген Тұрдабад, Елтай елді мекендерінің тұрғындарын да алаңдататын жағдай нақ осы – инфрақұрылымдар қызметінің сапасын жақсарту жайы болды. Дегенмен де, Тоғыс елді мекенінде бүгінгі таңда қалыптасып отырған ахуалға топ мүшелері айрықша назар аударды. Ауыл тұрғыны Қалмырза Махамбетәлиевтің айтуынша, бірнеше елді мекендерден топталып келіп, бір арнаға тоғысқан кәріз жүйелерінің суы арнайы бақылаудың болмауы себебінен, Бадам өзеніне құйылуда. Бір кездері қалдық суды тазарту жұмыстарымен жүйелі түрде айналысып келген тазалық мекемелерінің қызметі қазіргі сәтте аса қажет болып тұр.
– Әрине, мұндағы қалыптасып отырған ахуалға бей-жай қарауға болмас. Себебі, Шымкент қаласының орталығын қақ жарып өтетін Бадам өзенінің жағалауын абаттандыру мақсатында қыруар қаржы жұмсалып жатқаны баршамызға да мәлім. Сөйте тұра, өзеннің бастауында тұрған аумақты кәріз жүйелерінің қалдығымен ластау ақылға сыймайды. Бұл мәселенің тез арада шешімін табуына күш салатын боламыз, - дейді қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров.
Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында қалалық мәслихат хатшысы айтылған ұсыныс-пікірлер бақылауға алынатынын, алдағы уақытта бірқатар мәселелер «Даму» әлеуметтік картасы аясында шешімін табатынын жеткізді.