«КӨГIЛДIР ОТЫН» көлiгiңiзге қолжетiмдi ме?

Пятница, 02 Сентябрь 2016 09:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3486 раз

Шымкентте газ тапшылығы тағы да сезіле бастады. Бұл туралы редакциямызға бірқатар қала тұрғындары хабарласып, қалада сұйытылған мұнай газы жоқ екенін, болған күннің өзінде талоны бар көлік жүргізушілеріне ғана сатылып жатқанын алға тартты. Кейбір бекеттерде газ болғанымен, оның өзіне ұзын-сонар кезекке тұратындарын айтып шағымданды. Осыған орай, біз мәселенің мән-жайын білмек болып, бірқатар газ құю бекеттеріне арнайы барған едік.

lpg station 0204 

ГАЗ ЕКI ЕСЕ АРЗАН

Қалада газбен жүретін «темір тұлпарлар» саны күн санап артып келеді. Оның себебі түсінікті. Жанар-жағармайға қарағанда екі есе арзан түседі. Соңғы 3-4 жылда көліктеріне газ қондырғысын қойдыруға ниет білдіргендер қатары да көп. Солардың бірі – Алмас Исабаев. Бензиннен газға көшкелі бері әжептеуір ақшасы үнемделген. Мәселен, бұрындары аптасына 3 мың теңгеге бензин құйса, қазір әлдеқайда аз ақша жұмсайды. Бүгінде бензиннің бір литрі – 129 теңге болса, ал газдың бір литрі 60 теңге.
– Газ қондырғысын 130 мың теңгеге орнаттым. Бірден көліктің багын толтырып аламын. Соның өзі 1,5 аптаға жетеді. Соңғы кезде газ тапшылығы сезіле бастады. Әсіресе, айдың аяғында газ құю қиынға соғады. Лажсыздан жанар-жағар маймен жүруге тура келеді. Кейде кезегім келіп жетем дегенше 7-8 сағат уақыт кетеді. Кейде газ барлығымызға жетпей, таусылып қалуы да мүмкін, – дейді қала тұрғыны А.Исабаев.
Расында да, біз барған кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде газ бар болғанымен, талонмен таратылады екен. Ал енді бірінде кезекке тұрғандар көп.

7,5 МЫҢ ТОННА ГАЗ ЖЕТКIЗIЛЕДI

Ресми мәлімет бойынша, облыста 14 мыңға жуық көлік газбен жүреді. Бұл тек тіркелгендері ғана. Өкінішке қарай, көптеген көлік жүргізушілері көлігіне газ қондырғысын орнатқанымен, құжаттарын рәсімдемеген. Осы ретте, ресми емес мәліметтерге сүйенген мамандар облыста олардың саны 40 мыңнан асуы мүмкін екенін айтты.
Газ тапшылығы шілде айының соңына қарай ушыққан еді. Сол кезде ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газбен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұралхан Шәріпов тілшілер үшін арнайы брифинг өткізіп, Оңтүстікте сұйытылған мұнай газына қатысты тапшылық мәселесі шешілетінін және оның көлемі артатынын мәлімдеген болатын. Ол облысқа қажетті сұйытылған көгілдір отын газ таратушы ұйымдардың сұранысы бойынша министрлікке әр айда өтінім берілетінін және комиссия шешімімен оның көлемі анықталып, бөлінетінін айтқан еді. Бұл жолы да Н.Шәріповке хабарласқанымызда, тамыз айында 7,5 мың тонна сұйытылған мұнай газының жеткізілгенін және оның өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 1,1 есеге артық екенін мәлімдеді.
– Маусым айында облысқа 6300 тонна көлемінде газ берілсе, ол сәуір айымен салыстырғанда 500 тоннаға артық. Ал шілде айына қажеттілік 6500 тоннаны құраған. Бірақ, 7 мың тонна газ жеткізілді. Облыста автокөліктердің үнемді, экологиялық таза отынға өтуі қарқынды болғандықтан, газ тапшылығы да едәуір сезіледі. Мәселен, өңірімізде 13 мың 888 автокөлік сығымдалған газбен жүреді. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Ал көлігіне газ қондырғысын орнатқандардың техникалық төлқұжатын заңды рәсімдемегендер қатары да аз емес. Осының салдарынан аймақтағы бекеттерде газ тапшылығы туындап отыр. Қыркүйек айында 7,5 мың тонна сұйытылған мұнай газын аламыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Н.Шәріпов.
Қазіргі таңда дүниежүзінде 18 миллион көлік құралы табиғи газбен жүреді екен. Еуразиялық одақтың арнайы комиссиясының шешімі бойынша, 2020 жылға дейін елдегі көліктердің 50 пайызы газға көшуі керек. Бұл ретте, комиссия мүшелері газбен жүретін көліктердің экологиялық жағынан таза және қоршаған ортаға зиянын тигізбейтінін ескерсе керек.

ОҢТҮСТIКТЕ 47 МЫҢ 172 КӨЛIК ТIРКЕЛДI

info69-1   info69-2

 

Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтындағы мәлімет бойынша, 2016 жылғы қаңтар-маусым аралығында Қазақстан
Республикасында 335847 жеңіл автомобиль тіркелген. Бұл – өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 5,7 пайызға жоғары. 1 шілдедегі мәлімет бойынша, жеңіл автокөліктердің жалпы саны – 6053,4 мың бірлікті құрады. Соның ішінде тіркеуден шығарылғаны – 2195,7 мың болса, тіркелгендері – 3857,7 мың. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 47 мың 172 автокөлік ресми түрде тіркелген. Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша, Шымкент қаласында жеңіл көліктердің саны 200 мыңнан асады.

Последнее изменение Пятница, 02 Сентябрь 2016 09:54
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.