Өзекті мәселелер шешімін табуда Избранное

Вторник, 24 Январь 2017 04:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3736 раз

Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов халық алдында есеп берді. Аудан әкімдігінің ғимаратында өткен жиынға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Әдеттегідей аудан әкімінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін, тұрғындар жарыссөзге шығып, пікірлерін айтты, сауалдарын қойды.
Әл-Фараби ауданында 2016 жылы атқарылған шаруа аз емес. Мәселен,  2016 жылға дейін 274 тұрғынүйге қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан жарықтандыру жұмыстары  жүргізілді. Ағымдағы жылы  682 көпқабатты үйдің ауласын  жарықтандыру жұмыстары  атқарылған.

16195596 1856237811289244 4060783741356924002 n

Көпқабатты үйлер қайта жөнделді

Жиын барысында жарыссөзге шыққан Жангельдин көшесі, №22 А үйдің тұрғыны Мақсұт Статов: «2016 жылы біздің тұрғын үй толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Жылу жүйесі қайта жарақтандырылды. Шатыры жаңаланды. Ауласы тазарды. Басқа салада да игілікті істер жетерлік. Жалпы, әкімдік жұмысына оң баға беремін», – деді.

–  Әкімнің жыл сайын тұрғындар алдында есеп беруі – қаладағы шешілмей жатқан мәселелерді талқылауға таптырмас мүмкіндік. Көпқабатты үйлер толықтай жарықтандырылды. Аулаларда жаңа балалар алаңшалары пайда болды. Енді тұрғындар сол кешендерді өздері күтіп ұстауы керек, – деді жарыссөзде пікірін білдірген №45 мектеп-гимназиясының директоры Р.Пак.

16142434 1856237841289241 6915203916729729729 n

Талап бар жерде тәртіп бар

Кездесуде қоғамдық көлік мәселесі де назардан тыс қалмады. «Дулати көшесі бойымен Бәйдібек би ескерткішіне көтерілеміз. Одан ары қарай аяқжол деген атымен жоқ. Сол мәселені қарастырсаңыздар» деген аудан тұрғынының ұсынысына қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың өзі жүйелі жауап берді.

– Жақында қалаға 230  автобус әкелінеді. Үшінші қала дәрежесіне лайық болу үшін қоғамдық орындардың мәдениетін көтеру керек. Автобус та – қоғамдық орын. Жүргізуші мен кондуктор бірыңғай форма киіп, әдептілік сақтасын, жолаушыларға дөрекілік танытпасын! – деді Ғ.Рахматоллаұлы тиісті сала өкілдеріне қарата. Шаһар басшысы Дулати көшесіне қосымша аяқжолдар салынатынын да жеткізді. Сондай-ақ, көше атауларына байланысты қала әкімі: «Бұл мәселеде елімізге еңбегі сіңген, ұрпаққа үлгі болған тарихи тұлғалардың атын беру қажет» екендігін айтты.

Тұрғын үй модернизациясы – маңызды

Сонымен қатар, жиында қала басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің модернизациясына қатысты ой-пікірін ортаға салып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп өтті.

– Әл-Фараби ауданы – көпқабатты үйлер шоғырланған аудан. Орталықта Кеңес кезінде салынған ескірген үйлер көп. Сол үйлерге тұрғын үй модернизациясын жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, көп тұрғындар онымен келіспеуде. Үкімет 15 жылға несиеге ақша береді. Кей тұрғындар сол жеңілдікті пайдаланбай, Үкіметке иек артып отыра береді. Осы орталықтағы үйлерді жөндеп, жандандыру ісіне қосымша қаржы қарастырып жатырмыз. Көпқабатты үйлер – тұрғындардың жеке меншігі. Соған қарамастан үйлерді жөндеп жатырмыз. Биыл республикадан 500-600 млн теңге, қалалық қазынадан 400 млн теңге қарастырылуда. Ал егер үй жөндеу көрмесе, бағасы да төмендейді. Бұл – өте маңызды нәрсе. Сол үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз, – деді Ғ. Әбдірахымов.

16142881 1856237914622567 4779640732938746426 n

2016 жылы «Отырар» шағынауданының толықтай жарықтандырылғаны үшін тұрғындар алғысын айтты. Шағынауданның  біраз жеріне бейнекамера орнатылған. Жергілікті тұрғындар қала, аудан әкімдерінен енді мектептер мен балабақшалардың айналасына камера орнатып беруін сұрады.

– Бейнекамера – қауіпсіздік құралы. Смарт-Оңтүстік жобасына халық белсене араласуда. Былтыр аудан бойынша 250-ге жуық бейнекамера орнатылды. Содан бері құқықбұзушылықтар біршама азайды. Домофон орнатуды күзет компаниялары атқаруға дайын. Әр пәтерге бейнекамера қоюға болады. Бірақ, әр тұрғын оның қаржысын өз қалтасынан шығарады. Немесе үй тұрғындары жиналып, бір камера орнатса да болады, – деді аудан әкімі Бауыржан Қалжанов.

А.Байтұрсынов көшесі күрделі жөндеуден өтеді

Қала әкімі тұрғындарды салауатты өмір сүрудің бір тетігі – велосипедпен жүруге шақырды.  2016 жылдың қыркүйек айында пайдалуға берілген «Shymkent Bike» жобасы қай жағынан болса да, тиімділігін дәлелдеп келеді. Денсаулыққа да пайдалы, әрі экологиялық тиімділігі зор. Ғабидолла Рахматоллаұлы бұдан бөлек, қалада «Газельдерді» алып тастауға күш салып жатқанын айтты. Әкімнің баяндауынша, биыл Бас жоспарға сәйкес Байтұрсынов көшесі 6 жолаққа кеңейтілетін болады. Бұл көшеде көбіне қара ағаштар орын тепкен. Олардың орнына каштан мен шынар ағаштарын отырғызбақ. Алып, биік ағаштарды қаланың басқа жеріне орнатпақ. «Ағаштарды не үшін қырқып жатыр?» деп ойлауы мүмкін. Мұның бәрі де қаланың келешегі үшін атқарылып жатқан істер.

Айта кетерлігі, өткен жылы Әл-Фараби ауданы бойынша «Сәуле» шағынауданында 1200 орындық мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қарасуда «Отбасы» саябағы ашылды. Жалпы ұзындығы 4257 шақырымды құрайтын көшеде  ирригациялық жүйе жөнделді.

Жиын барысында барлық сауалдар хаттамаға түсірілді. Олардың бәріне жауап берілетін болады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.