«Сайрамдықтар» сапалы ауызсумен қамтылады Избранное

Вторник, 24 Январь 2017 13:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3687 раз
«Сайрам» тұрғын алабындағы облыстық Өзбек драма театрында Қаратау ауданының әкімі Ғабит Патшаханұлы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қатысуымен есеп беру жиынын қорытындылады.
 
Жиынның соңғы күні алдағы уақытқа жоспар құруға арналғандай еді. Әкімдіктің бір жылда атқарған жұмыстары туралы Ғ.Патшаханұлы халыққа баяндама жасағаннан кейін жарыссөзге қалалық мәслихаттың депутаты Х.Ахматханов шықты. Ол аудан әкімінің есебіне оң бағасын беріп, алдағы уақытта шешімін тапқалы отырған ауызсу мәселесіне тоқталды.
DSC 4519– Бұл тұрғын алаптар қала аумағына қосылғанда ел «ауылшаруашылығынан қол үзіп қалатын болдық» деп қамыққан еді. Бірақ, текке уайымдаған екенбіз. Керісінше, ауыл шаруашылығына бұрынғыдан да жақсы жағдай жасалып жатыр. 2-3 жылдың көлемінде инфрақұрылымға баса назар аударылуда. Басшылар халықпен жиі кездесіп, бұған дейін тамыз айында ағын судың тоқтап қалатын жағдайымен толық танысты. Жобалық сметалық құжаттары дұрыс жасалмаудың салдарынан тұралап қалған ауызсу мәселесі қала аумағына енгелі шешімін тауып келеді. Биыл сол жұмыстардың соңғы кезеңіне жақындап қалдық. Бұйыртса, жазға таяу сайрамдықтар тәулігіне 24 сағат сапалы ауызсумен қамтылады, – деген депутат халық атынан алғысын білдірді.
 
Қалалық мәслихаттың депутаты Мүсірәлі Тоғызбаев «Сайрам» тұрғын алабының Б.Садықов атындағы №112 негізгі орта мектебіне қосымша ғимарат салу туралы ұсынысын жеткізді.
– Бұл мектептің жайы маған белгілі. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайын. Келесі мәслихат отырысында қаржы бөлу жағын қарастырып жатырмыз, – деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов. Жиынның соңындағы сұрақ-жауапқа бөлінген уақытта ауыл билері мен жергілікті тұрғындар сөз алып, бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарға ризалығын білдірді. Олардың бірқатар сұрағына қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы нақты жауап беріп отырды.
 
DSC 4259– Биылғы бюджетті қарастыратын болсақ, бөлінген қаражаттың көбі Қаратау ауданына жұмсалуда. Себебі, мұнда құрылысы жүріп жатқан мектептер көп. Инфрақұрылым тарту жұмыстары барлық шағынаудандар мен тұрғын алаптарда күн тәртібіне кезекке қойылған. «Сайрам» тұрғын алабындағы «Наурыз» алаңшасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 204 млн теңге қаражат бөлінген. 30 шақты көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Шапырашты тұрғын алабында Б.Төлебаев атындағы №70 орта мектептің ескі ғимаратын зерделеу жұмыстарына 1 млн теңге бөлінген. Зерделеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғимаратты балабақшаға лайықтау жобалық сметалық құжаттары дайындалады. Бұл жұмыстарды бақылауды қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиеваға тапсырамын. №80 мектеп пен «Монша» арасына аяқжол салынады және жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді ол.
 
Қала әкімі жер алу кезегіне өтініш бергендердің сұрақтары «Нұрлы жер» бағдарламасы пайдалануға берілгеннен бастап шешімін табатынын хабарлады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар экологиялық жағдайдың сын көтермейтінін айтқанда Ғ.Әбдірахымов Еңбекші ауданына қарасты Нефтеразведка, Тоғыс тұрғын алаптарында да осыған ұқсас жағдайдың орын алғанынан хабардар екенін алға тартты. Бадам, Сайрам ағынсуларына құйылып жатқан кәріз жүйелерінің мәселесін қарау үшін орынбасары Б.Жанбосыновқа бейсенбі күні тиісті мамандармен жиналыс ұйымдастыруға тапсырма берді. Ал электр жарығына қатысты шағымдар мен ұсыныстарды бақылау сол сәттен бастап-ақ қолға алынды.
DSC 4406Халық аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың жастардың тәрбиесіне бейжай қарамайтынын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді дұрыс үйлестіре білетінін тілге тиек етті. Ғабит Патшаханұлы Қаратау аудандық әкімдігі алдағы уақытта да Елбасы саясатын жүзеге асыру бағытында жұмыс істейтінін мәлімдеді. Ал қала әкімі қорытынды сөзін жиынға қатысушылардың барлығына арнады.
 
– Шымкентті мегаполис деңгейіне жеткізу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Осы орайда қала аумағына қосылған ауылдардың мәселесі басты назарда. Себебі, тұрғын алаптардың тыныс-тіршілігі қала деңгейіне көтерілуі керек. Кез келген мәселені ортаға салып, шешімін табайық, – деді Ғ.Әбдірахымов.
 
Ақмарал Молдиярқызы
Последнее изменение Вторник, 24 Январь 2017 13:58
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.