Фосфоршылар сарайы оқушылар сарайына айналады Избранное

Среда, 25 Январь 2017 04:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6185 раз

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясовтың өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша есебі № 24 мектеп-лицейде қорытындыланды. Есепті жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қалалық құрылымдық бөлім басшылары, аудан тұрғындары, сонымен қатар, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, өткен жылы жүзеге асқан жұмыстарды таразылады. Ауданда кәсіпкерлік дамып келеді. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылым мәселелері оң шешімін тапқан. Қала әкімі алда осы көрсеткіштен төмендемеу қажеттігін тапсырды.

Ауданда атқарылған жұмыстар көптің көңілінен шықты. Дегенмен, әлі де болса шешімін күткен мәселелер бар. Облыстық мәслихат депутаты Рәшкүл Оспаналиева жүзеге асырылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өз ұсынысын да жеткізді. 

– Жұмыс та бар, мәселелер де жеткілікті. Шағынаудандарда көркі көз тартатын балалар алаңшасы орнатылып жатыр. Мен 1-2 ұсынысымды айта кетейін. Әуелі қоғамдық көлік мәселесі. Тәуке хан мен Сайрам көшесінің қиылысынан айналып кететін қоғамдық көліктерді ары қарай «Фиркан сити» сауда орталығына, индустриалдық аймаққа жүргізсеңіздер. Ол жақта да біраз адам жұмыс істейді. Бүгінде Уәлиханов көшесіндегі саябақ қараусыз қалған. Осыны абаттандыруға көңіл бөлген жөн. Жалпы, көпшілікке айтарым – өз үй аулаларымызды қоқыстан арылтып, тазалыққа көңіл бөлейік, – деді Р. Оспаналиева.

Одан кейін жарыссөзге шыққан Тоғыс тұрғын алабының тұрғыны Ермахан Түктібаевты толғандырып жүрген екі мәселе бар екен. Соның бірі – Тоғыс елдімекенінде мұнайшы ауылындағы кәріз жүйесіндегі шайынды сулар Бадам өзеніне тіке ағып жатыр. Бұл мәселе қашан шешімін табады? – деген сауалына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі жауап берді. «Ол жағдайға өзім куәмін. Сол жерге барып көрдім. Жобалық-сметасы әзірленіп жатыр. Осы айда сараптамадан шығады. Наурыз айында жұмыстарқа кірісеміз. Тазалау жүйелерін орнату жұмыстарын биыл бітіреміз» деді қала әкімі. Ал «Көшемізге қойылған шамдар түнде жанбайды» деген шағымына да тиянақты жауап берілді. Ол шамдар әлі қаланың балансына өтпеген екен. Қазір құжаттар реттеліп жатыр. Осы жұмыстар аяқталған соң жарық қосылмақ. 

«Оңтүстік» шағынауданының тұрғыны Нартай Жәнібеков: «Эдельвейс» көшесіне асфальт жол салып берсеңіздер», – дейді. 

Сондай-ақ, 15 шағынаудан тұрғыны балаларға спорт алаңы керектігін алға тартты. Қала әкімі биыл аулаларды абаттандыру, балалар алаңшасын орнату жұмыстары кезінде бұл мәселе шешілетінін айтты. 

Жалпы, тұрғындардың көпшілігі балалар алаңшасы, спорт алаңын салып беруді сұрайды. Ғ. Әбдірахымов бұл жағдайды шешу жолдары қарастырылып жатқанын түсіндірді. 

– Шағынаудандарда балалар үшін спорт сарайын ашуды шешуіміз керек. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бізде фосфоршылар сарайы бос, қаңырап тұр. Соны қайтадан қаланың меншігіне алып, күрделі жөндеуден өткізіп, оқушылар сарайын жасап беру жоспарымызда бар,– деді ол. 

15 шағынаудан тұрғыны, тыл ардагері Өркен Әбдіреев «Аялдамалар қазіргі қазаққа еңбегі сіңген азаматтардың атымен аталады. Бұл –қуантады. Бірақ аялдамалардың атауын толық, қатесіз айтса екен. Қаламыз тек көркейіп қана қоймай, ұлттық бейнемізді таныту жағынан да үлгілі болса» деп мәселе көтерді. 

Ғ. Әбдірахымов жалпы қоғамдық көлік мәселесі шешілетінін атап өтті. Жалпы, «Green bus» компаниясы биыл жаз ортасына дейін 230 жаңа автобус әкелмек. Одан кейін, қалаға жаңадан қосылған елдімекендерге әлеуметтік автобустар қатынайды. Бюджеттен субсидия беру арқылы бұл жағдай да шешімін таппақ. 

Аудан әкімі Ғалымжан Молдабайұлы барлық шағым айтушыларға тиянақты жауап беріп, биыл да атқарылар жұмыс ауқымды екенін жеткізді. 

Жиын соңында қала әкімі есепті жиынды оң бағалап, осы даму қарқыннан түспеу керектігін тапсырды.

– Жалпы, Еңбекші ауданы атауы айтып тұрғандай, мұнда кәсіпкерлік дамып жатыр. Жұмыскерлер көп. Қаладағы қарқынды дамып келе жатқан ауданның бірі. Тапсырмалардың бәрі уақытылы орындалуда. Алдағы екі жылда аулалаларды абаттандыру, аяқжолдар салу жұмыстары толығымен бітуі тиіс. Көктем келе жатыр. Тұрғындардың өздері де қаланы көркейту ісіне өз үлесін қосса екен, – деді Ғабидолла
Рахматоллаұлы.

Последнее изменение Среда, 25 Январь 2017 05:07
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.