Қазақстан – Түркия: кәсіпкерлік өрісі кеңеймек Избранное

Пятница, 03 Февраль 2017 04:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4093 раз

Республика аясында Түркия елі мен Қазақстан арасындағы іскерлік байланыс өңірлерде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда«Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы» Оңтүстік Қазақстан облысында басталды. 1-3 ақпан аралығында өтетін бұл жиынға бауырлас елден 200-ге жуық делегат қатысуда.

Түріктер оңтүстікке инвестор болмақ

Түркиялық кәсіпкерлер делегациясын Түрік Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман мен Түркия Республикасы Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі Тарык Сонмез бастап келді. Форумның алғашқы күні «RIXOS Khadisha Shymkent» қонақ үйінің «BallRoom» мәжіліс залында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен «ОҚО-ның инвестициялық әлеуеті» тақырыбында конференция өтті.

– Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асқалы тұрған инвестициялық жобалармен танысу форумына түрік елінің ірі бизнес өкілдері арнайы келіп отыр. Бүгін өңірімізге қадам басқан бауырларымызбен игі істі қолға аламыз. Бұл біз үшін зор қуаныш. Түркі топырағына қош келдіңіздер, – деді форумды ұйымдастыру ісіне тікелей ықпал еткен облыс әкімі.

Алқалы жиынға ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар Комитетінің Төрағасы Сапарбек Тұяқбаев, сондай-ақ Оңтүстіктегі кәсіпкерлік саласының жетекші мамандары қатысып, өңірдің экономикасын, инвестициялық ахуалын және осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды таныстырып өтті.

– Қазір Министрлікте де Түркия елімен инвестициялық жобаларды қолға алу бағдарламалары дайындалуда. Әйтсе де, бұл бағытта ертерек іске кіріскен Оңтүстіктегі оң істерді Министрлік тарапынан қолдаймыз. Бұл өңірдің саяси ахуалы тұрақты, экономикалық өсу қарқыны жоғары, инвестиция тартуға өте қолайлы. Қазірдің өзінде 40-тан астам кәсіпорын ашылып, өз жұмысын жүргізуде. Нарық айналымы кең. Ресей мен Қытайға экспорт жасайды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай арасында да ішкі өнімді ұсына аламыз. Салық бойынша экономикалық аймақтарда жеңілдіктер қарастырылған. Білікті мамандар да жеткілікті. Кәсіпкерлік саласындағы жастарымыз үш тілде сөйлейді, – деді Сапарбек Тұяқбаев.

«Шымкент – біздің бауырлас қаламыз»

Екі елдің кәсіпкерлік саладағы мүмкіндіктері мен жетістіктері таныстырылған жиында Түрік Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман түрік халқының инвестор болудағы мақсаттарын атап өтті.

– Түркия әлемдегі дамыған 10 елдің қатарына ену мақсатында инвестициялық жобаларды қолға алуда. Осы бағытта халықаралық форумдардың бірі Әзірбайжанда өткен болатын. Келесі V форумды перспективасы жоғары әрі біздің бауырлас қаламыз Шымкентте ұйымдастыруды жөн көріп отырмыз. Түрік Кеңесінің құрған механизмдерін негізге ала отырып, алдағы уақытта бірлесе әрекет жасайтын боламыз. Сондықтан, келесі форумды өз жауапкершілігімізге алуға рұқсат етіңіздер, – деп Омер Коджаман іскерлік байланысқа зор ықылас танытты.
Оңтүстік өңіріне арнайы келген түрік кәсіпкерлеріне алғысын білдірген өңір басшысы Ж.Түймебаев бұл форумның Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді орындауда маңызы зор екеніне тоқталды. Қазіргі таңда Түркия Қазақстанның саяси және экономикалық тұрғыдағы ең жақын және сенімді серіктесіне айналғанын жеткізген аймақ басшысы екі жақты кездесудің жемісті боларына сенім білдірді. Сондай-ақ, жиында Түркия Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кеңесшісі Тарық Сонмез, Түркиядағы «OSТІМ» индустриалды аймақтарды басқару және құру халықаралық операторының басқарма төрағасы Орхан Айдын, Түркияның Сакария қаласындағы сауда-өнеркәсіп палатасының басқарма төрағасы Махмут Косемусул баяндама жасады.

Сакария – түрік инвестициясының отаны

Түркия ұйымдасқан индустриялық аймақ кұру бойынша бай және сәтті тәжірибе жинаған республика. Соңғы жылдары құрылыс, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, фармацевтика, медицина салаларында аса белсенділік танытып келеді. Атап айтқанда, Түркия елінде 200-ге жуық индустриалық аймақ бар. Ондағы 300 мыңнан астам зауыт-фабриканың әрбірі кемінде 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бір ғана Сакария қаласында 10 индустриалды аймақ, 15 мың компания жұмыс істеуде. Отандық пойыз өндіру ісі жолға қойылған. Автокөліктер жасап шығару ісі бойынша әлемдегі 7 орында тұрған түркиялықтар бұл ретте де 5 орыннан көрінуді межеге алған. Ал Қазақстанда, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысында түрік фирмалары мен компанияларының саны 30-ға жетіп, өзінің даму үрдісін ұсынып келеді.

Мұның бәрі екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың жоғары дәрежеде дамып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда түркиялық әріптестермен құны 33,7 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 жоба іске қосылған. Жалпы сомасы 2,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 18 жобаның 6-уы түркиялық кәсіпкерлердің қатысуымен іске асырылуда. «OSТІМ» индустриалды аймақтарды басқару және құру халықаралық операторының басқарма төрағасы Орхан Айдын инвестиция тарту кезінде «XAY OSTIM» атауын екі елдегі кәсіпорындарға да орнататынын мәлімдеді.

IMG-20170201-WA0035

– «XAY» – «Қожа Ахмет Яссауи» деген мағынаны білдіреді. Түркияда Яссауиға арналған 1000-нан астам кітап жарық көрген. Түркістандық ғұламаның есімі берілген 10 лицей, 100-ден астам көше және көптеген қорлар жұмыс істеуде. Бүгінде экспорттағы айналымға шығарған 2,5 млрд долларды екі есеге ұлғайтуды көздейміз. Ертеңгі жетістіктерді бүгіннен бастап қолға алу қажет, – деді Орхан Айдын.
Қазақ-түрік инвестициялық форумында облыстың индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарын дамыту жайлы ынтымақтастық меморандумы түзіліп, қос тарап өкілдері қол қойып келісімдер жасасты.
2 ақпан күні «Көрме» орталығында 80-нен астам отандық тауар өндірушілер мен туризм саласының, ОҚО Даму институттары мен өңірдегі инвестициялық жобалардың бірлескен көрмесі түрік кәсіпкерлерінің назарына ұсынылды. Туристік саладағы В2В форматында ұйымдастырылған екіжақты кездесулердің соңғы күні 3 ақпанда туристік сапармен жалғасатын болады. Ол күні түрік делегаттары «Шымкент-Отырар-Түркістан» туристік бағыты бойынша жолға шығып, тарихи жерлерге саяхаттайды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.