×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Ет жеу – ағзаға ауырлық түсiре ме?

Пятница, 03 Февраль 2017 06:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 13224 раз

«Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді». Ол, әрине, ет. Қазақтың дастарханын етсіз елестету мүмкін емес. Дана қазақ «Ет дәмділігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім», «Ет жегеннің бәрі қонақ», «Ет дегенде бет бар ма?» деп әспеттеп ерекше мән берген. Бұл бір қонақ келсе, бір қой сойып, қазан көтеретін халқымыздың қанына сіңген қасиет десек те болады.

et

Соңғы кездері еуропалықтардың ет жемейтін үрдісін алып келгендер қанға сіңді қасиеттен бас тартуда. Кейбір қазақтар бала кезінен ет жемейді. Табиғаты солай. Тағы біреуі кішкентай кезінде сүйікті қошақанынан айырылып, қатты «күйзеліс» алғаннан кейін ет атаулыға жоламай кетеді. Ұшынып қалып, еттен беті қайтқандар да кездеседі. Енді бірі саналы түрде бас тартады. Орыстың психотерапевт, гомеопаты Валерий Синельников ет жеуден бас тарту – зорлық-зомбылықтан, зұлымдықтан бас тарту деп түсінеді. «Яғни, адам ет жемеу арқылы санасын таза сақтайды. Сана тазарса, әлем тазарады». Вегетариандықтардың ет жемеуінің бір себебі, олар мұны жануарларға көрсетілген зорлық, жәбірлеу, қиянат деп түсінеді. Бұл буддизм, индуизм, жайнизм деген ағымдардың діни түсінігінен шыққан деседі. «Ет жемейтін адамдарда қатерлі ісік, атеросклероз, жүрек, асқазан аурулары аз кездеседі» деген де пікір бар.
Қош, ет жемейтіндер еттің, ет жеудің зияны туралы осындай пікірлер келтірді дейік. Ал қазақ етсіз өмір сүре алмайды ғой. Міне, парадокс. Не істеу керек? Еттің құрамы, оның пайдасы мен зиянын екшеп көрейік.

ЕҢ СІҢІМДІСІ ӘРІ ПАЙДАЛЫСЫ – ЖЫЛҚЫ ЕТІ

DSC 0756М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың тамақ инженериясы кафедрасының доценті, х.ғ.к. Махабат Қасымова еттің ағзаға пайдасы, ондағы дәрумендер туралы ойымен бөлісті.
– Республикалық Тағамтану институтының жүргізген зерттеуіне сәйкес әр адам жылына 70 кг-ға жуық ет жеуі керек. Еттің құрамында 8 микроэлемент, 7 дәрумен бар. Атап айтсақ, ақуыздар, майлар, В1, В2, В6, РР, В12 дәрумендері, минералды элементтер – фосфор, темір, калий, натрий, күкірт, мырыш, мыс, экстрактивті заттар, аминқышқылдары. Бірақ, көмірсу жоқ. Көп ауру түрі осы көмірсудың мөлшерінің көптігінен туындайды. Ал еттің құрамында көмірсу кездеспейді. Ақуыздар ағзаға ең қажетті дәрумен болып есептеледі. Жасына, күтіп-баптауына қарай жылқы етінде ақуыз мөлшері шамамен – 20,5 %, қой мен сиыр етінде – 16-19 %. Қазір дүниежүзін ақуыз жетіспеушілігінен «кваши-оркор» деген ауру жаулауда. Ағзаға түсетін темірдің 30%-ын ет береді. Ал адам ағзасына темір жетіспесе, алқым ісуі (зоб) ауруына шалдығуы мүмкін. Еттің құрамында тағы да тіс жегіне қарсы тұрар фтор да кездеседі. Малдың құйрық майы да көп ауруға ем. Әсіресе, кішкентай сәбилерге құйрық майды сорғызса, денсаулығына тек оң әсер ететіні сөзсіз, – дейді. Махабат Қуандыққызының айтуынша, артық салмаққа еттің ешқандай да қатысы жоқ. Адамды семіртетін – құрамында көмірсуы кездесетін тағамдар. Ал еттің құрамында көмірсу кездеспейтінін айта кету керек. Сіңімділігіне келсек, тағы да сол «Сиыр еті таң сарғайып атқанша, қойдың еті ертеңгі түн батқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша» деген халық даналығына тоқтаймыз. Яғни, асқазанға ең ауыры – қой еті. Ғылым да мұны әлдеқашан дәлелдеген. Жылқы еті сиыр етіне қарағанда 8 есе оңай сіңеді.

БАҒАСЫ ӨССЕ ДЕ, БАС ТАРТА АЛМАЙСЫҢ

Қазір мал семіріп, қоңды болуы үшін гормонды препараттар беріледі деп естіп жатамыз. Орталық Қырғы базарда 23 жылдан бері ет өнімдерін сатумен айналысып келе жатқан Клара Аманжолова: «Базарда ветеринариялық сараптау зертханасы бар. Сонда барлық ет өнімдері толықтай тексерістен өтеді. Осы базарда табаны күректей жылдар бойы сауда істеп, бірде-бір рет санитарияға сай келмейтін, сапасыз, тұтынуға жарамсыз ет сатқан адамды көрген жоқпын. Қырғы базарда ет мәселесінде шу шыққан емес», – дейді. Клара Әбдінағиқызы қазақтың қазіргі уақыттағы той дастарханына да тоқталды.
– Құдайға шүкір, қазақтың тойына барсақ, ас та төк дастарханның басына жиналамыз. Етін еттей, жілігін жіліктей қояды. Бұл – берекенің, мерекенің, ырзық-несібенің белгісі. Осының өзі әрі қазақтың етті ерекше орынға қоятынын аңғартады, – деді.

DSC 0701

«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, еттің мол болғаны жақсы ғой, алайда, базардағы еттің бағасы соңғы екі-үш айда бірден көтеріліп кетті. Сиыр еті – 1300 теңге, жылқы еті – 1350 теңге, қой еті – 1100 теңге. Қой етінің салыстырмалы түрде арзан болатын себебі, қой түлігі тез өсіп, жылдам көбейеді. Ет бағасының бірден қымбаттауына жем-шөп бағасының өсуі әсер еткен. Алыпсатар ет сатушылар «ет саудасы өз-өзін ақтамай жатыр» деп даурығуда. Сондықтан, қара базарда қоңды малдың қақпақтай, қып-қызыл еті қазір көп емес.
Ет сатушы Клара Аманжолова базарға ет алуға тек қазақтар келмейтінін, өзге ұлттардың да ет дегенде көңілі елп етіп тұратынын айтады.
– Қазақтар көбінесе қара малдың етін алса, өзгелер өкпе-бауыр, тұяқ, тіл сатып алады. Біздің қазекең көбіне семіз етті жейді де, өкпе-бауырды шетке ысырып қояды ғой. Мәселен, бауыр қаназдыққа өте пайдалы. Таңертең 10-15 минут суға қайнатып жеу керек. Шұжықтың (колбасаның) орнына өкпе-бауыр, тіл, тұяқ тұтынса, сол әлдеқайда пайдалы әрі иммунитетті көтереді. Ешкінің етінің де пайдасы көп, – дейді ол.

СОҒЫМ&ЕТТІ ДИЕТА

et-2Дастарханынан ет арылмайтын өзге ұлт өкілінің бірі – Бахман Иосиф. Оңтүстік Қазақ-стан облыстық «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі: «Біз қазақтың жерінде тұрғаннан кейін оның салт-дәстүр, әдет-ғұрпын құрметтейміз һәм сақтаймыз. Аптасына кемі 1 рет ет асып жемесек, көңіліміз жарым. Қой етін, жылқы, сиыр еттерін де тұтынамыз. Менің әйелім қазақтың бұл ұлттық тағамын керемет дәмді етіп дайындайды. Қамырын да өзі илеп, жаяды. Сондықтан, етсіз өмір сүре алмайтынымызды айтқым келеді», – дейді Иосиф
Владимирович.

Ал Облыстық клиникалық ауруханының диетолог дәрігері Гүлдана Мүтәлиеваның пікірінше, адам күніне кемі 200 гр ет жеуі тиіс. Өйткені, еттің құрамындағы ағзаға өте қажетті аминқышқылдары, Д, В тобындағы дәрумендердің орнын басқа азық-түлік өнімдері толтыра алмайды. Еттің ішінде де, еті бар. Жас қозының еті – таптырмас дәрумен мен қуат көзі. Тек құнарына қарай мөлшермен тұтынса болғаны. Гүлдана Сайлаубекқызы алдына келген адамдарға диета ұсынған кезде, ешқашан еттен бас тарту керек деп айтпайды екен. Себебі, ет өнімдерінсіз ағза түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін.

Ет жеуге байланысты мұсылманшылықта қандай ескертулер бар екенін білу үшін Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің наиб имамы Қазыбек Сарыбаевқа хабарласқан болатынбыз.
– «Кәусар» сүресінің 2-аятында: «Раббыңа құлдық ет және құрбан шал (түйе сой)»! – делінеді. Жылда қасиетті Құрбан айт мерекесінде мұсылмандар шамасы жеткенше құрбандыққа мал шалады. Ол құрбандықтарынан өздері жейді, кедей-кепшікке, жақын туыстарына таратады. Осы мереке қарсаңында әлемде ең көп ет желінеді. Демек, ет жеуден бізді Раббымыз тыймаған екен. Егер де етті тағамдар адам баласына зиян болатын болса, онда Алла Тағала олай бұйырмас еді. Сонда вегетариандық болу қандай әурешілік екенін түсінбейсің, – дейді Қазыбек Сұлтанбекұлы.

DSC 0748Жұмаділ Ахшаев «Бозарық» шағынауданында өз есігінің алдында жылқы, қой-ешкі бордақылап бағып, сойып, етін сатады. Ол бұл кәсібіне балаларын да баулыған. Бір қыста 5-6 жілік соғым мен он шақты қойдың етін жейтін олар: «Ет жемеу – біз үшін апатпен тең», – деп қалжыңдайды. Осы орайда, «Үкіметтің қарапайым шаруаларға көрсетіліп жатқан қаржылай қолдауын айта кету керек», – дейді қасапшы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазір, қыс ауасы – соғымның кезі. Қысқа соғым алмасақ, көңіліміз көншімейді. Еттің пайдасы мен зиянының аражігін ажыратып алдық. Дені сау адам күніне 200 гр, жылына 70 кг ет жеуі тиіс. Ал қандай да бір сырқаты барлар оны аз-аздап орнымен, мөлшерімен, тәртібімен тұтынуына болады. Тіпті, диетолог мамандар да етке ешқандай шек қойып отырған жоқ.
Сөз зергері Қадыр Мырза Әлидің «Осы жұрт қазаққа қандай ескерткіш қою керек екенін білмейді. Қазақтың асқазанына ескерткіш қою керек» дейтіні бар. Бекер айтылмаса керек. Қазақ пен ет – егіз ұғым. Оны бөле-жарып қарастыра алмайды екенбіз.

Фото авторы
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Последнее изменение Пятница, 03 Февраль 2017 06:59
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.