Тұғырың биіктесін, көк Туым!

Пятница, 02 Июнь 2017 08:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6111 раз

Бұл өмірде өз Отанын сүймейтін адам жоқ шығар. Жұмыр басты әрбір пенденің бір ғана Отаны бар. Рас, Тәуелсіздік қандай бағалы болса, мемлекеттік рәміздерді де солай құрметтеуіміз керек. Рәміздеріміздің қасиетін сыртқа шыққанда ғана сезіне бастайтынымыз тағы рас. Мемлекеттік рәміздер – әрбір мемлекеттің айбынын асқақтатып, ерлігі мен елдігін танытатын құндылықтар. Туым – тұғырым, Елтаңбам – елдігім, Әнұраным – асқақ әнім.

tugyryn-biik-bolsyn-43

«Отанды сүю – өркениеттіліктің бірінші белгісі»

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі. Бұл – мерейлі дата. Мінекей, мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына ширек ғасыр толды. Отанға деген сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Бүгінде осынау қастерлі рәміздерді қаншалықты құрметтеп, бағасын біліп жүрміз?
«Отанды сүю – өркениеттіліктің бірінші белгісі» деген. Елбасы Н.Назарбаев «Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет Қазақстан халқының күш-жігері мен қадір-қасиетінің, біздің патриоттығымыз бен биік адамгершілігіміздің белгісін білдіреді. Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүниежүзі білетін Республика Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз» деген еді.
tugyryn-biik-bolsyn-43-1Патриот болу, Отанға деген адалдық, құрмет – жалпы әр азаматтың бойынан анық көрінеді. Оның жүріс-тұрысынан, киген киімінен-ақ байқауға болады. Шүкіршілік, бойында намыс оты ұшқындаған, елім дегенде жүрегі елжірейтін жастарымыз баршылық. Мәселен, бүгінде көпшілік қазақы ұлттық ою-өрнектермен, рәміздеріміз бедерленген түрлі киімдер кие бастады. Мұның өзі де – насихат емес пе?!.
Қаламыздағы «Ернияз» медиа тобының басшысы Ербол Дайрашұлы да осындай пікірде. Оның айтуынша, бүгінде халықтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі артқан. 

– Соңғы кездері тұрғындардың арасында жалаушаларға тапсырыс беретіндер көбейді. Оны автокөлігіне, жеке кабинетіне әсемдеп іліп қояды. Басқа да қолданыстарына пайдаланады. Одан кейін рәміздер бейнеленген футболка, бейсболкаларға да тапсырыс көп түсіп жатыр. Соңғы кезде осындай жағдаяттарды байқап жүрмін, – дейді ол. Бұл – әрине қуанышты жайт.

 

Рәміздерге деген құрметіміз қандай?

Шымкенттің қақ төріндегі «Тәуелсіздік» саябағында бүгінде жастар көп жүреді. Достарымен серуендейді, отбасымен келіп, бір сәт тынығады. Одан бөлек, сол маңнан күнде жұмысына, оқуына баратындар да көп-ақ. Саябаққа кіре берісте көк туымыз биіктен желбіреп тұр. Рәміздерді көргенде қандай сезім болады? Осыны білмек болып, бір топ жастарға жақындадық.

«Мемлекеттік рәміздердің авторлары кімдер?», «Елімізді әлемге танытып жүрген қандай азаматтарды білесің?», «Болашақта өз еліңнің мәртебесін асқақтатуға қайтіп үлес қоспақ ойың бар?» деген сауалды қойып көрдік. Респонденттердің дені – қаламыздағы жоғары және орта арнаулы оқу орнының шәкірттері, мектеп оқушылары. Ілім ізденіп жүрген жастарымыздың арасында бұл сауалымызға тосылып, күмілжіп қалғандары да болды. Мәселен, сұрау салған он жігіттің жартысы мемлекеттік Елтаңба мен Тудың авторын білмейтін болып шықты. Тек қана мемлекеттік Әнұранның авторларын атап, көңілді көтеріп қойды. Қалған бесеуі бәрін де жатқа біледі екен.


Әнұранымызды әуелетіп, Көк туымызды әлемге танытып жүрген азаматтарды да кідіріссіз айтып шыққанына тәнті болдық. Студенттердің бәрі де бүгінгі спорт жұлдыздары – Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Қанат Ислам және Илья Ильин секілді жұлдызды спортшыларымызды қиналмай атап шықты.

Сондай-ақ, жасөспірімдердің алға қойған мақсаттары, жоспарларына сүйсіндік. Бәрі де болашақта спорт, білім, ғылым саласында оза шабуды мақсат тұтқан.

Тудың қасиеті

Жалпы, мемлекеттік рәміздеріміз түрлі спорт жарыстарында танылып жүр ғой. Әлемдік бәсекелерде бұған талай куә болып, өзіміз де ғаламат сезімді бастан кештік. Мәселен жуырда бокстан Ташкентте өткен Азия чемпионаты... 40-қа жуық елдің байрағы ғимараттың төбесінде тізіліп тұр. Ішінде, Қазақ елінің көк туы ерекше. Туды жамылып, трибунада отырғанда кеудемізді керемет мақтаныш кернейді. Еліңнің әлем алдындағы беделін, Тәуелсіз еліңнің қадірін осындайда сезінеді екенсің.
Спортшыларымыз шаршы алаңға көтерілген сайын көк туды желбіретіп, «Қазақстан, алға!» деп ұрандатамыз. Спортшыларға да ерекше күш-қуат береді.

Рас, елдің иесі болса, тудың киесі болады. Мәселен, Ресейдің атақты балуаны Александр Карелин Олимпиада ойындарында 3 рет ту көтеріп шығып, чемпион атанған. Бірақ ол Сидней Олимпиадасында күмісті қанағат тұтқан еді. Оның себебін әйгілі балуан Ту ұстап шықпауынан көреді екен. Оның сөзінің жаны бар. Тағы бір мысал келтірсек. Аса ауыр салмақтағы грек-рим күресінің балуаны, кубалық Михаин Лопес қатарынан үш Олимпиадада ту ұстап шықты. Бәрінде де алтын медальмен оралды. Келесі Олимпиада ойындарында тағы да алтын медаль алуды жоспарлап отыр.

Жасыратыны жоқ, әлемдік футбол бәсекелерінде де Әнұраннан қуат алатын спортшыларды көріп жүрміз. Тіпті, мемлекеттік гимнін жылап тұрып айтатындары да бар. Мұның бәрі де өз еліне деген құрметі ғой.
Кейбір Еуропа елдерінде Туға деген құрметтің жөні тіптен бөлек. Мәселен, Норвегия, Швеция елдерінде отбасында сәби дүниеге келсе, үйдің сыртына елдің туын іліп қояды екен. Ал Испания, Түркияда азаматтардың үйінің сыртына өз елінің байрағын желбіретіп қоюы әдеттегі жағдай.

 

Әнұранды әспеттеп, Туымызды тұғырлы ете білейік!

Әнұранды әспеттеу, Туды тұғырлы ету – әрбір азаматқа сын болмақ. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек.
Өткен жылы еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтті. Ал биыл Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына тұп-тура 25 жыл толды. Осынау мерейлі датаны тойлаумен қоса төрге оздыру да әрбіріміздің міндетіміз болуы тиіс.
«Көк Тудың желбірегені, Жаныма қуат береді»... Ел ішінде тарап кеткен бұл рухты әнді көпшілік жатқа айтып жүр. Жастарымыз күнделікті тұрмыста құндылықтарымызды насихаттап жүр. Бұл – қуантарлық әрине.
Дегенмен, ойланатын мәселелер де бар. Туымызға қоқыс салып тасу, Әнұранға құрметсіздік таныту, Рәміздерді мойындамау сынды келеңсіз жағдаяттар да БАҚ беттерінде жазылды.
Демек, әлі де насихатты күшейте беру керек. Мемлекеттік рәміздеріміз – мақтанышымыз. Ендеше, әрбір қазақ жасы осынау құндылықты қастерлеп, насихаттай білсек.

 


 

Сіз не дейсіз?

  

tugyryn-biik-bolsyn-43-2

 

 

 Ғани АХМЕТБАЕВ, 

қалалық мәслихаттың депутаты:

 

Рәміздер туралы фильмдер түсірілсе...

– Жастарымыздың бойынан мемлекеттік рәміздерге деген құрметті көріп, қуанамын. Әсіресе, оны еліміздің намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың бойынан байқаймын. Екі жасар сәбидің өзі Әнұранды естісе, бей-жай тұра алмайды ғой.
Рәміздерге деген насихатты күшейтудің түрлі жолдары бар. Мәселен, рәміздер туралы арнайы фильмдер түсіріліп, өмірде жетістікке жеткен, нағыз патриот азаматтармен жиі кездесулер ұйымдастырылуы тиіс. Тағы бір айтар мәселе, бүгінде әрбір мемлекеттік мекеменің алдында ту желбіреп тұр. Кейбірінде Елтаңба бар да, кейбірінде жоқ. Міне, енді осыған мән беріп, бәрін бірізділікке түсіру керек.


 

tugyryn-biik-bolsyn-43-3

Талғат КҮЗЕМБАЕВ
,
Абай атындағы
Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі:

 

Әнұранды орындау – үлкен жауапкершілік

– Мен үшін Әнұранды оркестрмен бірге орындау – үлкен мәртебе. Оған үлкен жауапкершілікпен қараймын. Мемлекеттік Әнұранды ең алғаш 2006 жылы 15 қаңтарда Алматыдағы мерекелік концертте орындадым. Халық жылы қабылдады. Әнұранның негізі үш нұсқасы бар. Сол кездегі мен орындаған нұсқа дисктерге жазылып, Интернет арқылы көпшілікке тарап кетті. Шетелдегі елшіліктерге жіберілді. Себебі, кәсіби түрде жазылған еді. Сол кезде балабақшалардағы бүлдіршіндердің тез жаттап алғанына риза болғаным бар.

 

Последнее изменение Пятница, 02 Июнь 2017 09:47
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.