ҰЛЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕ Избранное

Среда, 07 Сентябрь 2022 03:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 937 раз

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мен қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Шымкентте айтулы күнге орай «TILTIME» кітап көрмесі аясында «Қырық мысал–қырық мақал» көшпелі әдеби тіл керуені өтті.

65

 

Бұған дейін (1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап) 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке 2017 жылғы Үкімет басшысының «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған. Осылайша айтулы мерекелердің арасында «5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері» күні болып бекітілді.
Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл » деп ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күні. Қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін де тойлауды дәстүрге айналдырды.
Арбатта өткен әдеби тіл керуенінде барлық мәдениет саласының қызметкерлері тілге құрмет көрсетіп, ұлт ұстазын мадақтады. Алдымен қонақтар қаладағы 5 кітапхана жасақтаған түрлі композициядағы кітаптар мен экспонаттарды тамашалады. Көрмеге келген ҚР еңбек сіңірген әртісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызының сөзінше, интернет желілері қаншалық шарықтап дамымасын, кітап оқығанның жөні бөлек.
–Кітап – біздің рухани жан азығымыз. Адам іздеген білімі мен игілікті бастамаларды, аңсаған арманын, бәрін-бәрін кітаптан табады. Көрмеде ұсынылған көркем әдебиет, балалар әдебиеті және тарихи кітаптар адамды білім мен ізгілікке жетелейтін жарық шамдар. Шарықтаған интернет желілері бір сәттік білімді үйретер, ал кітап адам жанына өмірлік азықты сыйлайды. Бүгінгі Қазақстан халқы тілдері күні әрі Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арнап ұйымдастырылған кітап көрмесі үйлесімін тапқан игі іс болды. Елімізде Алаш арысы секілді ұлт пен ана тілдің мүддесіне қызмет ететін тұлғалар көбейсін деп тілеймін, - дейді Майра Мұхамедқызы.
Мерекелік іс-шара аясында бірқатар азаматқа тіл саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі жанындағы Тіл саясаты комитетінің «Құрмет Грамотасы» табысталды. Марапталғандардың арасында ҚР әртісі Майра Мұхамедқызы, қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби, орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұманова және мектеп мұғалімдері мен кітапхана қызметкерлері бар.
Салтанатты кеш қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры, өзбек драма театры әртістерінің «Сайрам базары» қойылымы мен Шымкент мәдениет үйінің өнерпаздарының мерекелік бағдарламасына ұласты.
Тіл саясатының басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мемлекеттік басқару тілі ретіндегі рөлін нығайту. Бұл бағытта Шымкент қаласында бірқатар бастамалар қолға алынып, тиянақты тірліктер атқарылып жатыр. Осы уақыт аралығында тіл үйретудің озық әдістемелері халықаралық тәжірибелерге енгізілді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.