МЕДИАЦИЯ - ДАУДЫ ШЕШУДІҢ БАЛАМА ТҮРІ

Вторник, 13 Декабрь 2016 10:49 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 8570 раз

mediatsiaЕлімізде даулы мәселені оңтайлы шешудің баламалы тәжірибесі ретінде Заң жобасы 2009 жылдың 18 қарашасында Қазақстан Республикасы судьялары мен соттарының V съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына және ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2010 жылға арналған жоспарына сәйкес әзірленіп, 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды.

 Бұл Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиация сөзі «mediare», латын тілінен аударғанда, делдалдық ету, яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілеге, бітімгерлікке келтіру дегенді білдіреді.

Өз заманында Ахмет Байтұрсынов: «Әділ билердің қолындағы билік - қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді...» деп, ел аңсарын білдіріп кеткен екен.

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.

Медиатор - «Медиация туралы» Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын жеке тұлға.

Елімізде қолданысқа енген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы жаңа терминология болғанымен Қазақстанның құқық саласы үшін бейтаныс дүние емес.

Халық арасында «медиация» ұғымының не екенін, оның не үшін қажеттігін және медиация көмегіне қалай жүгінуге болатындығын білмейтіндер көп.

Медиация - үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең кұқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Аталмыш Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады.

Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құкық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі атқарылатын іс-қимылдар медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың өзара шешімі бойынша медиацияны жүргізу мерзімі күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін, бірақ жиынтығында ол күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.

Азаматтық істерді қарау аясында некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге салымына қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешілуі мүмкін.

Әрине «Медиация туралы» заңның жүзеге асырылуы барысында қиындық туғызып отырған мәселелер де жоқ емес. Заң күшіне енген мерзімнен бастап, Қазақстанда жаңа құқықтық институт жұмыс істей бастады, бірақ бүгінгі таңда медиацияны қолдану бойынша ақпарат көлемі толық қалыптаспаған, медиацияга жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар өте сирек жүгініп отыр. Оның басты себептерінің бірі, сот жүйесіндегі бұл оң бағыттан әлі де халықтың жеткілікті түрде хабардар бола алмай отырғаны.

Баламалы түрде өзара туындаған дауларды шешу тәжірибесінің негізіне, жеке адамға деген құрмет және әр адамның құқығын мойындау, олардың өз мүдделерін қорғап қалу сынды мәселелер кіреді.

Медиация, тараптардың арасында туындаған дауларды реттеп, оларды өзара келісім арқылы бітімгершілікке шақыратын, тараптардың тілектері мен мүдделерін ескеретін және бірігіп ізденудің арқасында ортақ шешімге келетін тиімді баламалы әдістердің бірі болып табылады.

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.


 

Шымкент қаласының Абай аудандық
Әділет басқармасының іс жүргізушісі,
ОҚО заңгерлер одағының мүшесі

С. НАЗАРБЕКОВ

Последнее изменение Вторник, 13 Декабрь 2016 11:00
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.