КІТАПХАНА – ЗИЯЛЫ ҰЛТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН КИЕЛІ МЕКЕН Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2024 04:52 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 32 раз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады». Кітапхана арқылы ұлт зиялылары тәрбиеленіп, тұтас зиялы ұлт қалыптасады. Олай болса, келешектің кепілі білімді, зиялы ұрпақ, яғни, кітапханамен байланысы үзілмеген жастар деп санауға болады.

kitapX

 

Біз шырайлы Шымқалада сондай тарихы ғасырларды тоғыстырып жатқан мәдени, ағарту, ұлтты тәрбиелеуде өзіндік орны бар білім ошақтарының бар екенімен мақтанамыз. Қандай қиын кезеңде болсын, халық тарихымен, жадымен бірге пайда болып, жұмыс жасап келе жатқан сондай киелі мекеннің бірі, қала мен оңтүстікке, қала берді республикалық деңгейде тұрғындарға, ғалымдарға, зиялы елге әмбебап сипатта қызмет көрсетіп келе жатқан орыстың ақыны Пушкиннің есімі берілген кітапханаға биыл 125 жыл толып отыр. 1899 жылы Чимкент уезі бастығының орынбасары, өлкетанушы
Нил Сергеевич Лыкошиннің ұсынысымен орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің туғанына 100 жыл толуына орай қалалық кітапханаға оның аты берілді.
А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы –
Қазақстандағы ең көне кітапханалардың бірі. Орыс отарлаушыларының пәрмені арқылы жасақталған кітапхана ретінде пайда болып, бірнеше құрылымдық, мекенжайлық өзгерістерді басынан өткерген мекеме, жалпы алғанда, өлке тарихында елді гумандандыру мен білім нәрімен сусындатуда маңызды рөл атқарды, атқарып та келеді.
Алғаш ашылған кезде кітапханаға жергілікті шенеуніктер мен әскерилердің, көпестерден, сондай-ақ, мұсылман саудагерлері мен молдаларынан 250-дей кітап жиналған екен. Орыс тіліндегі әдеби кітаптармен қатар, сол кездегі батыстық жазбагерлердің қолжазбалары, исламдық діни шығармалар мен жергілікті қазақтардан жазылып алынған қысса-дастандардың түрлі нұсқалары да жинақталып алғашқы кітапханаға табысталған. Орыс зиялы қауымы мен шенеуніктерінің өзі киелі шаңырақтың кітап қорын молайтуға көп атсалысқан. Біртіндеп мерзімді басылымдар қатары кітапханаға түсе бастайды. Алғашқы мерзімді басылымдар ішінде негізінен сол кезеңдегі саясатты насихаттағанымен арагідік болса да еркін де салмақты ойлар жариялануына септігі тиген «Биржевые ведомости», «Русское слово», «Туркестанские ведомости», «Туркестанский курьер», «Русский Туркестан» сияқты сол кездегі белгілі басылымдар болған.
Кеңестік кезеңде Пушкин атындағы кітапхана облыстық көлемдегі ең ірі кітапхана ретінде танылды. Ол кезеңнің тарихы айтып тұрғандай «коммунизм» орнату жолындағы саяси жұмыстардың да бір ошағы осындай кітапханалар болғаны рас. Мемлекет тарапынан кітапханаларды материалдық тұрғыдан жабдықтау жұмыстары да жаман жүргізілмегені тағы белгілі. Ал, кешегі сұрапыл соғыс жылдары мен тың және тыңайған жерлерді игеруде идеологиялық қызметтің қайнар ошақтары ретінде жұмыстары жанданды. Оңтүстіктегі ЖОО мен орта арнаулы оқу орындарында білім алып, кәсіби маман ғана емес, ұлттық тұлғаларға айналған тарихи тұлғалардың бәрінің де барған киелі мекені осы кітапхана болғаны тағы белгілі. Олардың арасында батыр да, ақын да, жазушы мен ғалым да бар. Олай болса, тұтас зиялы ұлтты қалыптастыру жолында бұл кітапхананың өзіндік үлесі бар екені байқалып тұр.
Қазіргі күні тәуелсіз еліміз тарихындағы орын алған саяси жағдайлар сияқты еліміздегі кітапханалар да, оның ішінде Пушкин кітапханасы да бүкіл халқымыз сияқты тоқыраулар, қайта даму мен жандануларды бастан өткеріп келеді. Осы кітапхана қоры аясында қаладағы Әл-Фараби, Түркістан шаһарындағы Фараб кітапханаларының кітап қорлары толыққанын ел біледі. Қолдағы қалған қордың өзі елге сапалы қызмет көрсету мен түрлі тәрбиелік шараларды жүргізуге жетіп келеді. Әрине, мемлекеттік қолдаудың, қала басшылығының қамқорлығының арқасында Пушкин кітапханасы жылдан жылға гүлдене түсуде. Сырт келбетінің өзі елді тартатындай сипатта өзгеруде. Әсіресе, оның алдындағы тұрғындарға арналған аллеяның ашылуы мен ел аузында «қызыл трактор» атауымен белгілі трактордың қайта орнығуы кітап оқитын ғана емес былайғы демалып жүрген адамдарды да осы кітапханаға қарай тартады.
Сөзімізді қорыта келгенде, ендігі жерде елдің ілімсіз, ғылымсыз бәсекеге қабілетті бола алмайтыны анық. Олай болса, барды бағалап, білімді молайта түсуіміз қажет. Бүгінгі мерейтойын атап өтіп отырған киелі мекен, мәдениет ошағының бір оқырманы ретінде атаулы датамен құттықтай отырып, ұжымның бірлігі мен берекелі тірлігіне алғыс айтамыз.

Қайрат АНАРБАЕВ,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаменті
директоры, тарих ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.