Өркен ақсақалдың өнегесі

Пятница, 20 Сентябрь 2024 04:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 38 раз

«Қариясы бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Бұл сөз текке айтыла салмаған. Аға буын өкілдерінің өмірлік мол тәжірибесіне сүйеніп айтқан ақыл-кеңесі мен даналық ойлары да, Жаратқан Иемізден медет сұрап елі, ұрпағы үшін жасаған дұғасы да алтынға бергісіз қазына екені ақиқат. Дегенмен, кейде жасы жетпістен асса да желігіп жүрген, жағымсыз мінезі мен жаман әдеттерінен әлі де арыла алмаған «аталарды» көргенде ойға қаласың, «әдемі қартаю да – өнер» деген сөздің мәнін ұғынасың.
Енді бір қариялар болады, бір қарағанда жұрттың жоғын жоқтап, елдің қамын ойлап жүргендей көрінеді. Жұрт жиналған жерде ақыл айтып, лауазымы биік басшыларға бата беріп жатады. Бірақ, оңаша қала бергенде сол басшылардан баласына жақсы жұмыс, өзіне атақ, марапат, тағы басқа дүниелерді сұрап, жеке бастың күйін күйттеп кетеді. Міне, осындай әдеттерден ада, жүрегі нұрлы, жаны ізгі, бар тілеуі елдің үстінде болатын парасатты қарияларды көргенде ол кісілерге шынай құрметпен бас иесің. Олар – шынайы патриоттар, қашан да ізгілік жолында жүріп, айналасына нұрын шашып, үлгі-өнеге болып жүретін жандар. Сондай жүрегі ел деп соққан қадірменді қария, абыз ақсақалдың бірі – Өркен Әбдіреев.

atamm

 

Адалдық пен тазалықтың жемісі

Бұқар жыраудың:
«Сексен деген сор екен,
Шындап ұрған пір екен.
...Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жаның қоры екен,
Қарғиын десең ұмтылып,
Екі жағы ор екен
Найза бойы жар екен», - деп келетін жыры бар ғой. Жастайынан тауқыметті көп көрген Өркен Әбдірайымұлының жасы бүгінде 91-ге келіпті. Бірақ, ақсақал қарттықтың торы мен орына түсіп, шарасыз отырған жоқ. Еңсесі тік, қимылы ширақ, ойы мен сөзі айқын.
Көп адам зейнет жасына жетпей денсаулығы сыр беріп жатқан заманда Өркен ақсақалдың осы жасқа келіп, ширақ жүруінің сыры неде деп ойлайсың. Сөйтсек, мұның сыры адалдықта, ары мен қолының тазалығында екен. Ол кісі Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы «Былғары – кендір зауытында» жұмыс істеген. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары сол кәсіпорында қатардағы жұмысшы болған ол өмірдің талай өткелдерінен өте келе 1000 адам жұмыс істейтін сол үлкен зауыттың директоры болған. Ө.Әбдіреев басшылық жасаған он жылға жуық уақыттың ішінде кәсіпорын керемет жетістіктерге қол жеткізген. Шынын айту керек, «қолдан кеп тұрғанда қоныштан бас» деген қағиданы басшылыққа алса керек, кеңестік кезеңде зауыт, шаруашылық басқарғандардың көбінің өзі де, ұрпақтары да әбден байып, миллионер боп алғаны жасырын емес. Ал, Өркен ақсақал дүние жинамаған, жұрт қатарлы қоңыртөбел тіршілік етеді. Көпқабатты үйдегі пәтерде тұрады, қаланың ішінде автобуспен жүреді. Есесіне, денсаулығы мықты, төрт құбыласы тең, елі сыйлаған, құрметтеген қазыналы қария. Бұл – ата-ана тәрбиесінің, адалдық пен тазалықтың жемісі.
– Өмірде мүмкін емес нәрселер көп қой. Біз оны байқай бермейміз. Сынақтар келгенде қарсы тұрамыз, кейде сына саламыз. Бірақ басқа жол іздеп, талпына береміз. Шабан атты бәйге аттың қасына қоса салсақ, ұялғаннан шауып кетеді. Сол сияқты, өзіміздің айналамызда мықтылар болмайынша, біз еш уақытта мықты бола алмаймыз. Менің жанымда кіл мықтылар еді. Соларға қарап бой түзедім. Нағыз жас болып ойын-күлкі қуар шағымда мен тек қана еңбек еттім. Сол бейнеттің бүгінде зейнетін көріп келемін. Өмір ешқашан бір орнында тұрмаған. Ондай заңдылық жоқ. Бүгін қиналсаң, ертең рахатын көресің. Өмірде неше түрлі қиылыстар, сан түрлі таңдаулар болады. Адалдықтың туы ешқашан құлаған емес. Өз жұмысымды қай кезде де жауапты атқардым. Мұны мақтаныш үшін емес, жастарға үлгі ретінде айтып отырмын. Қазіргі жастар бәрі жоғары білім алып әкім, заңгер болғылары келеді. Бәріне бірдей ондай қызмет қайда? Шағын кәсіпті, жұмысшы мамандықтарды меңгеріп, бизнеспен айналысқан азаматтар да жақсы табысқа жете алады. Мен жастарға осылай ақыл айтар едім, – дейді Өркен Әбдірайымұлы.

Қарияны қадірлеген әкімге мың алғыс

Өркен ақсақал қоғамдық өмірге әлі де белсенді түрде араласып жүреді. Ол кісі Шымкенттің еліміздегі ең қазақы қала екенін, мұнда ұлттық салт-дәстүр мен рух сақталып қалғанын айтады. «Демек, ең қазақы қала – елдегі, тіпті, әлемдік деңгейдегі ең көрікті, дамыған, мәдениетті қала болуы тиіс. Шымкентті сондай мықты қалаға айналдыру арқылы біз қазақ халқының да тегі мықты, рухы асқақ халық екенін паш ете аламыз» дейді ол кісі. Сол үшін қаланың өзекті мәселелерін шешуге өзі де атсалысып келеді.
Шымкент қаласының әкімі
Ғабит Сыздықбеков өткен жылы басшылыққа енді келген кезінде шаһардағы ірі оқу орындарының бірінде алқалы жиын өткізген. Сол жерде Өркен ақсақал біраз мәселенің басын ашып айтқан көрінеді. Әуелі ол бір кездері атағы дардай болған – Фосфоршылар сарайының жай-күйін күйіне баяндайды. «Тоқсаныншы жылдары жастардың думанды кештері мен іс-шаралары ұйымдастырылатын мәдениет ошағы, соңғы жылдары қараусыз қалған. Ол жер өнер ордасы емес, қаңғыбастардың мекеніне айналған. Тұрмыстық, өндірістік қалдықтарға толған бұл жайға жаны ашитын адам бар ма, жоқ па?» – деп батырыңқырап айтқан екен.
Содан, көп уақыт күттірмей қала әкімі Өркен ақсақалмен бірге Фосфоршылар сарайының жағдайымен танысуға барады. Арада бірнеше күн өткен соң, әкімнің өзі бастап сол аумақта сенбілік ұйымдастырып, жылдар бойы жинақталған қоқыстан тазартады. Сөйтіп, ақсақал көтерген мәселе оң шешімін тауып, бұл ғимарат қаланың коммуналдық меншігіне алынып, басына күзетші қойылады. Сарапшылар ғимараттың техникалық жағдайын саралай келіп, оның бұзбаса болмайды деген қорытынды жасаған. Есесіне, осы жерде бұрынғы Фосфоршылар сарайының сәулеті мен кескін-келбетін сақтай отырып, жаңа ғимарат салынбақ. Қазір жоба жасақталып, құрылысқа дайындық жүргізіліп жатыр... Өркен ақсақал қала әкіміне мәдениет сарайының айналасын абаттандырып, көгалдандыруға да айрықша назар аудару жөнінде ұсынысын айтыпты. «Фосфоршылар сарайының алдындағы бауды кеңейтіп, саябаққа айналдырсаңыз, халықтың алғысын алар едіңіз. Бұл саябаққа болашақта халқымыздың аяулы перзенті Өзбекәлі Жәнібековтың аты берілсе» деген ойын да айтқан. Кала әкімі бұл ұсыныстарды «ойланатын мәселе екен» деп қалған.
–Фосфоршылар сарайындағы сенбілік өткеннен кейін бір күні әкімдіктің қызметкерлері келіп үлкен фотосуретті тапсырып кетті. Қала әкімімен қатар келе жатқан суретіміз екен. Айналамызда қала басшылығының басқа да жауапты қызметкерлері бар. Ғабит Сыздықбековтің өзі арнайы шығартып, беріп жіберіпті. Одан кейін қала әкімінің қабылдауында да болдым. Шаһардың шаруашылығын ширатуға қатысты ұсыныстарымды айттым. Бәрі де ескерусіз қалып жатқан жоқ. Соны ескерген болса керек «Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі» деген куәлік берді. Бұл менің аудан әкімдіктері мен басқармалардың жұмысына, қалада атқарылып жатқан шаруаларға қоғамдық негізде бақылау жасауыма мүмкіндік береді. Одан кейін биыл қала күнінің қарсаңында үлкен салтанатты шараға шақырту алдым. Ол жерде маған «Шымкент қаласының құрметті азаматы» деген атақ берді. Жасымды сыйлап, құрметтеп жатқан, елдің жайын, қаланың дамуын ойлап айтқан ұсыныстарыма назар аударып жүрген қала әкімі Ғабит Сыздықбековке ризашылығымды білдіремін, - дейді Өркен Әбдірайымұлы.

«Мойыныңызда тарихи жауапкершілік бар»

Ақсақал Фосфоршылар сарайы жөніндегі бір ұсыныспен шектеліп қалған жоқ. Өзі тұрып жатқан №15 шағынауданға балалар ойын алаңшасы мен демалыс аймағын салу туралы ұсынысы да назарға алынып, орындалып үлгерген. Қазір сол шағын аудандағы балалар асыр салып ойнап, ересектер бос уақытында демалыс аймағында тынығып жатады.
Ақсақал көптен бері Шымкент темір жол вокзалының жағдайын айтып, мәселе көтеріп жүретін еді. Өйткені, қалаға келетін қонақтардың Шымкент жайлы пікірі мен көзқарасы осы жерден бастап қалыптасатыны белгілі. Қария вокзалдың күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңарғанына қуанышты. Енді вокзалдың алдындағы айналма жолдың ортасындағы алаңда биік тұғырда тұрған сағаттың орнына Жұмабек Тәшеновтің ескерткіші қойылса деген ұсыныс айтады.
–Қала әкімінің қабылдауына барған кезімде Жұмабек Тәшеновтің өмірі мен қызметі жайлы кітапты сыйға тартып тұрып «Қазақ жерінің тұтастығы үшін күресіп, коммунистік жүйенің қудалауына ұшыраған ұлт қайраткері басына іс түскен кезде неге басқа өңірге емес, Шымкентке келіп паналады? Себебі, осында қалың қазағым, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрім бар ғой деп келді. Ол кісілердің тұсында еліміз боданда еді. Енді Сіз тәуелсіздік кезеңінде қызмет етіп жатырсыз. Әруағынан айналайын Тәшеновке пана болған шаһарды заманауи, көркейген қалаға айналдыру – Сізге жүктеліп отырған тарихи жауапкершілік екенін ұмытпағайсыз» дедім. «Ұмытпаймын» деп уәде берді. Мен сыйға тартқан сол кітапты оқып шықса, менің вокзалдың алдындағы сағат тұрған биік тұғырдың орнына Жұмабек Тәшеновтің еңселі ескерткішін қою жөніндегі ұсынысымды да қолдайтын шығар деп үміттенемін, - дейді Өркен ақсақал.
Иә, тоқсаннан асқан қария әлі де «ел үшін қызмет ету – менің парызым» дейді. Бойында жастық жігері алаулап тұрса да, елдің жайын ойлауға өресі жетпей жүрген талай жанға Өркен ақсақалдың өмірі өнеге боларлық деп ойлаймыз.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.