Ж.ШАНИН ТЕАТРЫНДА ЖАҢА МАУСЫМ АШЫЛДЫ Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2024 04:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 34 раз

«Театр — бекзат өнер» деген ұлылар сөзінің дәлелі ретінде саф алтындай мәдениет мекенінің тіршілігі заманмен бірге дамып келеді. Соның ішінде 95 жылдық тарихы бар Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының орны ерек. Тоқсан алтыншы жаңа маусымның шымылдығын Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» пластикалық қойылымымен ашқан театр ұжымы көрермендерін тағы да тәнті етті.

koiliM-1

 

Алдыңғы буын режиссерлерінің қолтаңбасы арқылы жеткен Айтматовтың кейіпкерлері – артистердің жан тебірентер шеберліктеріне мұқтаж емес. Артистке қалғаны автордың идеясын анықтау ғана. «Ақ кеменің» пәлсапалық тұрғыдан тереңдігі, уақыт озған сайын жаңарған қоғамның көзімен зерттеуді талап етеді. Ал, Ж.Шанинның режиссерлары дәл осы, бүгінгі қоғамның жай-күйіне терең үңілген. Ескілік көзқарастың әлі де жаңармауы бұл адамзаттың өзгеріссіз қалғаны дегенді білдірмейді. Уақыт озған сайын, түрлі өзгерістерге ұшырамайтын нәрселер бар. Сол көзге көрінбейтін адами қасиеттерді, сөзсіз тек қимыл-қозғалыс, эмоция арқылы жеткізген актерлар дегеніне жеткен. Кейіпкерлер сахнада өзін-өзі зерттегендей, өзін тану үшін кателіктерін мойындағандай, айналасындағы болып жатқан оқиғалардың себебін өзінен іздестіру керектігін түсінгендей көрінеді. Автор ұсынған оқиға мен кейіпкер болмысын қазіргі қоғамда кездестіргенімізбен, жасөспірімдердің қабылдауы мен ой-сараптауы басқа.
Сондықтан, Ж. Шанин театры ұсынған қойылымда мейірімді іздей отырып, бүгінгі қоғамдагы Оразкүлді түсінуге, Бекей мен Кемпірді қолдауға, Момын шал мен Баланы аялауға шақырады.
«Ертегідегі Бұғы ана мен тылсым табиғаттың ұлылығын сезініп, адам болып қалудың жолы – мейірім екенін ұғындыратын қойылымды заманауи театр әдісімен көрерменге ұсындық», дейді инсценировкасын жасаған қоюшы режиссер Гауһар Адай.

koiliM


– Қойылым – табиғат аясында болып жаткан адам мен тылсым күш арасындағы тартысты көрсетеді. Бұғы ана мейірім мен махаббатқа толы өмір сүруге жол көрсетеді. Алайда, қоғамда өзін «маңызды» көрсету үшін мейірімнен бас тартқан қатыгез пенденің іс-әрекеті суреттеледі. Мейірімнен бас тартуға мәжбүр пенде коғамда өмір сүру үшін, күнелту үшін өзін жоғалтып, бақытсыз болуға дайын. Кейіпкердің жан тебіренісін сезіндіру үшін актерлер сөзбен немесе оқиғаны баяндап емес, іс-әрекетке, үнсіз қимылға бағындырып жеткізуге тырысты, – дейді Гауһар Адай.
Театрдың жаңа маусымын сағынған көрермен залды лық толтырды. Премьера соңында қала әкімі
Ғ.Сыздықбековтің және Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ университетінің, Шымкент қалалық опера және балет театрының ықылас гүлдері табысталды. Алдағы уақытта Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының репертуарында бұдан да басқа тың дүниелер көрсетілмек.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.