ШЫМКЕНТТІК КӨРЕРМЕН БЕКЗАТ ӨНЕРДЕН БӘҺРА АЛДЫ Избранное

Среда, 02 Октябрь 2024 04:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 637 раз

«Астана Опера» театрының труппасы Шымкент қаласына алғаш рет гастрольдік сапармен келді. 1 қазан – Халықаралық музыка күніне орай жоспарланған концертке  елімізге танымал өнер жұлдыздары да қатысты.

astanaOpera

 

Шымкент қалалық опера және балет театрында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра
Мұхамедқызы келді. Елордалық труппа қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар, әлемдік опера жауһарларына толы жарқын бағдарламаны көрерменге ұсынды.
«Астана Опера» опера труппасының директоры Мейір Байнеш бұл концерттің ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қалаларды біріктірген музыка» атты жоба аясында ұйымдастырылғанын айтты.
– Бұл гастроль Қазақстан бойынша турлар географиясын кеңейтіп, қаладан қалаға ауысқан классикалық өнердің өзіндік бір сипатына ие болмақ. Теарт сахнасының шағын болуына байланысты, біз кейбір қойылымдарды ұсына алмадық. Сол үшін, оркестрь құрамынан 35 адам, хор орындаушыларынан 38 адам және солистерді әкелдік. Кеште қазақстандық композиторлардың туындыларын орындауға ерекше маңыздылық берілді. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесі» мен М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Айтыс» сахнасы сынды ұмытылмас сәттер тыңдармандарға зор әсер қалдырды. Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің орындалуы әртістерге де, көрерменге де отансүйгіштік сезімін шыңға шығарды.Бұл шығармалардың барлығы ұлттық музыкалық мәдениетті көрсетті. Қазақ тарихына терең үңілетін оңтүстік жұртшылығының көңілінен шықты деген ойдамыз. Шабытқа толы өнер туындылары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің және хорының сүйемелдеуімен өтті, – дейді Мейір Байнеш.
Концерттік бағдарламада қазақстандық композиторлардың музыкасы А.Вивальди, П.Чайковский, А.Дворжак, Дж.Пуччини сынды әлемдік классиктердің арияларымен үндесіп отырды. Кешке келген көрермендер барлық орындауларды ерекше ықыласпен тыңдады. Соның бірі АҚШ-тан келген профессор Кристофер Джонстон өз әсерімен бөлісті.
– Мен Миннесот университетінің профессорымын. Бұл менің Қазақстанға екінші рет келуім. Мұнда әр болған сайын қызықты және шабыт беретін дүниелерді кезіктіремін. Кеш шынымен де таңғаларлықтай өтті. Осынау бірегей мәдени тәжірибені ешқашан ұмытпаймын. Мен дәл осындай дарынды әртістерді бірде-бір сахнадан көрмедім. Сондай-ақ, көрермендердің осыншалықты ыстық ықыласына куә болған емеспін. Бағдарламаны аяқтаған нөмір ерекше есте қалды, - деді Кристофер Джонстон.
Гастрольдік бағдарламада жас тыңдармандарға да ерекше көңіл бөлінген. Концерттің екінші бөлімінде «Музыка әлемі» тақырыбында бірнеше нөмерлер ұсынылды. Сондай-ақ, әртістер оқушыларды опера дауыстарымен және аспаптармен таныстырды. «Астана Операның» музыкатанушысы Сәуле Мәулетованың қызықты әңгімесінің нәтижесінде кішкентай театр сүйер қауым опера мен классикалық музыка әлемі жайлы көбірек білуге мүмкіндік алды. Балалардың қуанышы мен асқақ өнерге деген махаббаты арта түскеніне еш күмән жоқ.
– Маған концерт өте қатты ұнады. Әсіресе, «Мысықтардың дуэті» мен «Масаның» орындаулары қызықты болды. Қазіргі таңда мен мектептегі домбыра үйірмесіне қатысамын. Келешекте сахнада өнер көрсеткен әртістер секілді дарынды музыкант болғым келеді, – дейді 4-сынып оқушысы Нұрым Нұржаубай.
«Астана Операның» алғашқы гастрольдік сапары Шымкент қаласының мәдени өміріндегі айрықша мәнге ие оқиғаға айналды. Шымкенттің талғамы биік көрермені бекзат өнердің бастауынан мейірі қанып сусындады. Елордадан келген әртістер өздерінің келуін асыға күтетін шымкенттік көрермендердің сүйіспеншілігіне қанық болды.
Г.БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.