ШАНИН ТЕАТРЫНА СЕРПІЛІС СЫЙЛАҒАН РЕЖИССЕР Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2024 05:52 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 538 раз

Бүгінгі театр туралы түсінік әртүрлі. Талғам да ала-құла. Әлдеқандай жаңа қойылым шықты дегенді естігенде-ақ, көруге асық көрермен ертесінде жеке пайымдарын әлеуметтік желіге оңай жаза салады. Оның ар жағындағы еңбекті, қажырды да көп ескере бермейді. Театр өнерінің ішіндегі бекзаты деп режиссерлық шешімдері өзгеше болған, өткеннің өрнегін айтып жатады. Сағынады. Қазақ режиссерлерінің ішінде осы бағытта еңбек етіп, дара жолын салған, көрерменнің махаббатына бөленген Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының режиссері болған, ҚР Халық артисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ерғали Оразымбетов туралы әңгіме өрбітетін боламыз.

teatr

 

Оның шығармашылығы еліміздегі театр өнерінің кескін-келбетін айшықты етіп көрсетті. Қай туындыны сахналаса да, ол спектакль көтерген тақырыпты бүгінгі күнмен сабақтастыратын, сахналаған дүниелерінде бүгінгінің өзекті мәселелерін де ұмытпайтын. Оның шығармашылығынан ұдайы жаңа мен көненің байланысын сезінесің. Ол актерлердің де жаңа қырын, тың қабілетін, айрықша бейнесін аша алады. Иә, оның әрбір спектаклінен жаңа ізденіс, соңы символикалық шешім байқалатын. Ерғали Оразымбетов бір қойылымды екінші мәрте сахналағанда басқаша шешіммен, өзгешелікпен қайта тудыратын еді. Бұл туралы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Хафиза Байымбетова үлкен тебіреніспен әңгімелеп берген еді.

teatr-1


– Екі мыңыншы жылдары Қызылордадан ең қатал, сұсты «Ерғали Оразымбетов» деген режиссер бізге келеді екен, деген ұжым арасында қаңқу әңгіме тарады. Басшылықтан Оразымбетов театрға келеді барлықтарыңызбен танысады, дұрыс киініп, таранып әдемі боп келіңіздер деген тапсырма да алдық. Әдеттегідей үлкен залда жалпы ұжыммен емес, директордың кабинетінде жеке-жеке кіргізіп, сұрақ жауаппен таныстық жүргізді. Кезек маған келіп ішке кірсем, әппақ шашын қайыра тараған, ап-арық ұзын бойлы кісі қолындағы темекінің түтінін сыртқа тарқатып тұр екен. Амандық-саулық сұрасудың өзі қысқа ғана тәртіппен өтті. Осылай театрға жаңа серпіліс берген Оразымбетов режиссермен жұмысты бастап кеттік. Ол әуелі театрдың тәртібіне, тазалығына, әртістердің жауапкершілігі мен еңбекқорлығына мән берді. Әбден еркіндікке, өз бетінше жұмыс жасауды үйренген әртістер бір айдың ішінде Ерғали мырзаның пұшпағына көнді. Аз ғана уақыттың ішінде ішкі мәдениет күрт өзгеріп шыға келді,-дейді Хафиза Байымбетова.
Ерғали Оразымбетов қара шаңырақ – Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу», И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?», Брехтің «Кавказдық бор шеңбері» туындыларын сахналады. 2006 жылы Бішкек қаласында өткен «Арт ордо» халықаралық театр фестивалінде Ш.Айтматовтың «Жанпида» қойылымы «Ең үздік рижиссерлік қойылым» деп танылды. Еңбегімен елге танылған сахна саңлағының қайталанбас қолтаңбасы мен өнердегі сара жолы кейінгі буынға өнеге.
Ғасырда бір туылатын қазақтың өнерін шетелдерде дәріптеген ұлы ұстаздың қасиеті мен қабылетін бүгінде үлгі еткен шәкірттері көп. Олар спектакль қоярдағы шабытын айтып жеткізу мүмкін емес дейді.
– Әр қойылымды кем дегенде 3-4 нұсқасын көрсететін де, соңында көңіліне жақын болған біреуін таңдайтын. Сонда ол кісінің есте сақтау қабілетінің өте қатты дамығанын, қолыңдағы заттың қашан, қай жерге қоюы керектігіне дейін есте сақталып тұратынына қайран қалатынбыз. Ол кісінің бір қасиеті әр әртіске лақап ат қойғыш. Менің еншіме тигені «Синяя глазая» болды,-дейді Хафиза Байымбетова.
Өнер атаулының төресі – театр. Би де, ән де, опера да осында. Сахналанған қойылымдардан біз тек әртістерді көреміз. Сол әртістердің сахнаға шыққанға дейінгі әр қадамын анықтап беретін режиссерлардың еңбегі ерек. Бұл өнерде жүйелі құрылым өзекті. Шығарманың мән-маңызын айшықтау үшін де бас-аяғын күзеп, тігісін жатқызу оңай шаруа емес. Талғамы, таңдауы бөлек, талпынысы пен көзқарасы алабөтен болатын режиссерлердің жүріп өткен жолы бәрібір тарихта қалады. Ол өзінің қолтабасын, көрермен жүрегіне сақтайды. Ол сонысымен де ұлы болмақ. Өнер жолы қым-қиғаш оқиғаға толы Ерғали Оразымбетов көзі тірі болғанда 10 қазан күні 81 жасқа толар еді.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.