Шанин театрына Рахилям Машурованың сыныбы Избранное

Пятница, 11 Октябрь 2024 06:56 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 348 раз

он тоғыз жас актер Шымкенттің мәдени өміріне серпіліс сыйламақ

«Тарихы терең, орны бөлек Шанин театры, жалпы Шымкент қаласы бізді құшағын жая қарсы алды. Бізді осында жібергенде қобалжысақ та, қатты қуандық. Өйткені, академиядағы сабақ бір бөлек, театр сахнасы бір бөлек. Үлкен сахнада, танымал, үлкен аға-апалармен бір сахнада тәжірибе жинау біз үшін үлкен мектеп болғалы тұр. Театр – адамның таным айнасының кеңейіп, тілдік және рухани дамуына пайдалы аудитория. Қазіргі қоғамда көкейде жүрген сұрақ – қазіргі жастар театрға қызыға ма? Көпшілікті алаңдататын сұрақ. Бірақ, біздің осы мамандықты таңдап, өнер өлкесінде өз ізімізді қалдырсақ, ұстаздарымыздың үмітін ақтасақ деген арман-мақсатымыз бар. Біз өзімізбен қатар басқа да жастарды театрға шақыра алсақ, театрға қызығушылығын арттыра алсақ, ол да біздің үлкен жетістігіміз болмақ» дейді жастар.

Театр – шын мәнінде өмір айнасы. Яғни, театрда өнер адамдары өмірдегі шынайы көріністерді, дәлірек айтқанда, өмірдің өзін сомдайды. Қай жаста болсын, театрға келу арқылы әр адам өзін басқа бір қырынан тануға, өмірден оқшау еместігін, оның біртұтастығын түсінуге, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға мүмкіндік алады.

shanin teaturu

Жалпы, өнерді сүйетін адам өнер ордаларын жағалайды ғой. Тіпті, жанынан өтсе де, әсем ғимаратының сыртынан сүйсініп жүргені. Шымкент қаласының мәдениеті мен руханияты дегенде, Жұмат Шанин театрының алатын орны ерекше. 95 жылдық тарихы бар өнер ордасының қаланың мәдени өміріне берері мол. Зәулім ғимарат пен қаланың көрікті жерінде орналасқан театр менмұндалап тұрады. Жақында театрға Алматыдан 19 жас келді дегенді естіп, қуанып қалдық. Олар сонау Алматыға білім қуып барған, «бекзат өнердің шыңына жетеміз» деген ниетпен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 4 курс студенттері екен.
Алматыдан жаңағы жастар дуалды оқыту жүйесі бойынша 4 курстағы тәжірибелік сабақтарын театр қабырғасында өтуге келген. Осы жерде жергілікті атқарушы биліктің өнер ордасына қолдау білдіріп жатқанын айта кету керек болар. Атап айтқанда, жақында театрда 52 жаңа штаттық бірлік ашылып, білікті актерларды тартумен қатар, Алматыдан келген 19 жас студентке де театрдан айлық тағайындап, жатын орны, айлық жалақысы әкімдік тарапынан шешімін тапқан.
«Жас келсе, іске» деген бар. Демек, театрға жаңа леп, жаңа сарын келді деген сөз. Біз де сол жастармен кездесіп, жақынырақ танысып, сырласу мақсатында театр табалдырығын аттадық. Бізді жылы шыраймен қарсы алған баспасөз қызметінің маманы алдымен жастар дайындалып жатқан залға алып барды.
Өтіп жатқан вокалдан дайындық екен. Жастар «Қараторғай» әнін мың құбылтып, сан дауыста сайрап жатыр.
Жалпы, театр – биік талғам мен парасат мекені. Қазір жастардың театрға қызығушылығы артқан. Бас қалаларда құрылған жастар театрлары аншлаг жасап жүр. Шымқала да сондай бір серпілісті сағынатын сияқты. «Сен тұр, мен айтайын» деп тұрған жалындаған жастардың дайындығына қатысып отырып, осыны ойладық.
Жастар шынында ашық екен. Әңгімелерін ашып айтты. Бізді де жатырқамады. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Рахилям Машурова жетекшілік ететін, өнер майталмандарының шеберлік мектебінен өткен жастар осындай болса керек. Біздің ойымызды оқығандай, жастар «Шымкентке жастар вайбы жетіспейді екен. Біз сол олқылықтың орнын толтырсақ, жаңа леп берсек деп келдік» деп шу ете қалды.
«Тарихы терең, орны бөлек Шанин театры, жалпы Шымкент қаласы бізді құшағын жая қарсы алды. Бізді осында жібергенде қобалжысақ та, қатты қуандық. Өйткені, академиядағы сабақ бір бөлек, театр сахнасы бір бөлек. Үлкен сахнада, танымал, үлкен аға-апалармен бір сахнада тәжірибе жинау біз үшін үлкен мектеп болғалы тұр. Театр – адамның таным айнасының кеңейіп, тілдік және рухани дамуына пайдалы аудитория. Қазіргі қоғамда көкейде жүрген сұрақ – қазіргі жастар театрға қызыға ма? Көпшілікті алаңдататын сұрақ. Бірақ, біздің осы мамандықты таңдап, осы мамандықтың нанын жесек, ұстаздарымыздың үмітін ақтасақ деген арман-мақсатымыз бар. Біз өзімізбен қатар басқа да жастарды театрға шақыра алсақ, театрға қызығушылығын арттыра алсақ, ол да біздің үлкен жетістігіміз болмақ» – дейді жастар.
Жастардың Рахилям апайдан кейінгі ұстаздары – жас та болса көзге түсіп, көрермен жүрегінен орын тауып үлгерген актер Әшім Ахметов.
– Ұстаз деуге ертерек шығар. Өзімді әлі күнге дейін төрт жыл бойы актерлік өнерге баулыған ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі актриса Рахилям Машурованың алдында шәкірт сезінемін. Сол кісінің қасында жүріп, үйренерім көп екендігін түсінемін. Сондықтан ұстаз дегеннен гөрі оқытушы дегенді орынды көремін. Рахилям Әбдірахманқызымен бірлесіп биыл, міне, студенттерімізді 4-курсты тәмамдатуға жақынбыз. Балалар осы театрға барасыңдар дегенде қатты қуанды. Шанин Қазақстанда аты бар, орны бар театр. Жас актерларға берері мол. Студенттер осында тәжірибе сабақтарын өтумен қатар, қойылым дайындықтарына қатысып, шеберліктерін шыңдайды. Әлі диплом алмағандықтан, академиялық кей сабақтарын онлайн өтіп жүр, – дейді Әшім Ахметов. Шәкірттері жайлы айтқанда, түрі қатаң болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ екендігі байқалды.
«Актерлық мамандық жан-жақтылықты талап етеді. Актер болам деген жас жан-жақты болу керек. Ол дене икемі болсын, сахна шеберлігі дейміз, көркемсөз сөйлей білуі, тілі таза болуы, ән айта білуі, әртүрлі музыкалық инструментте ойнай білуі және де көп кітап оқу. Кітап адамның фантазиясын ашады, қиялын дамытады. Ал, қиял, фантазия актер үшін өте керек. Осы жағынан шәкірттеріммен мақтана аламын. Топта биші, әнші, заманауи әндер жазып жүрген композитор жігіт те бар. Аружан Қалдыбай деген қызымыз кәсіби ат спортымен айналысады. Аттың құлағында ойнайтын қызымыз әлемдік деңгейдегі «Номад» клубында жаттыққан. Каскадерлық өнерді қатар алып жүре алады. Белсенді студентіміздің бірі Лейла Тельманқызы, Дисней мультфильмдерін қазақша сөйлетуге атсалысып жүрген қыз. Дубляж жасауға машықтанған. Дінмұхамед Каримов киноны бағындырып жүрсе, Демесін Ысқақов кәсіби музыкант. Сұңқар Айдынұлының әндері жастар арасында танымал» дейді Әшім Ералыұлы шәкірттері жайлы мақтанышпен.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуге сай келердей жігіттер мен қыздар «мақсатымыз театрға жаңа леп беріп, аншлаг сыйлау» дейді.
Жастарды театрдың актерлары да жақсы қарсы алған. Бас қала тұрғындарының негізгі бөлігін жастар құрайтындықтан театрға да жаңашыл сарын керек екені анық. Сонда театрдың көрермені де мол боларына сенім бар. Студенттерге театрда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев жетекшілік етуде екен.
– «Өнердің жаны – іңкәрлік, жалыны – іштарлық» деп Асанәлі ағамыз үнемі айтып жүреді. Осы жастар өнерге іңкәр болса екен дейміз. Ал, енді жас кадрлар – мамандар мәселесіне келер болсақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының өнер орындарын бітірген жастар бізге келе бермейді. Себебі, талантты жастар еліміздің басты қалаларындағы театрлар мен киностудияларда, басқа да өнер ордаларында өз шығармашылық жұмыстарын жалғастыруды қалайды. Жүргеновтей білікті мамандары жеткілікті және базасы жоғары бұл оқу орнының республикалық мәдениет және өнер ордаларының кадрлық сұраныстарын қанағаттандырып отырғаны шындық. Соңғы жылдары келісім-шарт негізінде дуальды оқыту деген шығып, практика жүзіндегі сабақтар театр қабырғасында өткізу үрдіс алды. Білім беру бағдарламасын театрмен келісіп жасау, кәсіптендіру пәндерін театр өміріне, көрермендердің талап-тілегіне орай дайындау жақсы жолға қойылған. Театрдан арнайы жай, кабинеттер бөлініп, студенттердің кәсіби пәндерін театрда өткізуге мүмкіндік жасалған. Кәсіби пәндерден дәріс беріп, студенттерді сахна өнерінің қыр-сырына үйретуге өнер ұжымының белді актерлары тартылған. Бұл дуалды оқыту әдісінің ұтымды тұсы студенттер өз сабақтарын практикалық тұрғыдан театр қабырғасында іске асырса, театр актерларының педагогикалық шеберліктерін ұштауға да сеп болуда. Көрермен ретінде театрға келген жастар да жас актерларды көріп, араласып, кумир етуі мүмкін. Бұл – өнерге қабілетті жастардың болашақ мамандықтарын таңдауына да елеулі септігін тигізері анық. Қиын да қызықты өнер саласын, соның ішінде театр өмірін таңдаған жастар үшін білім алудың да, тәжірибе үйренудің де мол мүмкіндігі бар. Себебі, театр өнерге ғашық, бойында талабы мен таланты бар жастардың армандарына жол ашуға әманда дайын. Ендігі осы студенттер осы театр қабырғасында қалып, өнер жолы мен қызмет жолын осы жерде жалғастырамыз десе, біздің жетістігіміз сол болмақ, – дейді Бекболат аға.
Театр өмірі – актер өмірі. Қойылым тек қана ойнауды емес, көрермен көкейінен орын алуды талап етеді. Сыншы көзге барлығы оңай көрінгенімен, қойылымға дейінгі дайындық, төккен тер сахнада сыналады. Әр қойылымның қойылу мақсаты көрерменге ой салу. Көрермен түйген ойдан міндетті түрде қорытынды шығарады. Жақсылыққа асық болу немесе жамандықтан жеру де осы ой түбіндегі мәйек. Демек, театр да адамзатты адамгершілікке, отансүйгіштікке және адалдыққа тәрбиелеуде үлкен маңызға ие. Қазіргі жастардың шынайы өнерді түсіну деңгейі жоғары. Қазіргі таңда театр сахнасынан да, көрермен қарасынан да жастарды көп байқаймыз. «Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» дейді атақты режиссер Робер Лепаж. Театр – нағыз тәлім-тәрбие мен тағылымның ортасы. Киелі өнердің ордасына бас сұққан адам мәдениетті де үйренеді. Керегін алады да, көңіл сүзгісінен саралап өткізіп керексізінен құтылады.
Ал, Шымкент жұртшылығынан бата алуға келген жастар бұл шаһарға жаңа лебін ала келгендей. Жылдан-жылға көбейіп жатқан мегаполистің жастар сұранысын, қажетін өтейтін спектакльдер қою, өздері айтқандай аншлаг жасау мақсаттары орындалып, театрдың шығармашылық өркендеуіне үлес қосамыз деген тілектері орындалсын дейміз. Жастардың барлық жаңа бастамаларына баяндылық, шығармашылық шалқар шабыт, зор табыстар күтеміз. Айтпақшы, жастар жақын арада қаланың жоғары оқу орындарын аралап, әдемі поэтикалық кеш ұйымдастырамыз дейді. Ал, кеште кездескенше!

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.