МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАР ӨНДІРІСІ – МЕГАПОЛИС ЭКОНОМИКАСЫНА ТЫҢ СЕРПІН БЕРГЕН САЛА Избранное

Пятница, 16 Август 2024 06:16 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3354 раз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикасын дамытудың басым бағыттары негіздеп берілгені белгілі. Мемлекет басшысы бірінші кезекте өңдеу саласын жедел дамытуға назар аударып, сапалы өнім шығаратын кластерлер құру және өз нарығымызды отандық өніммен толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуді көздеп отыр.

ekanom

 

Осыған сәйкес бүгінде өндірістің барлық саласы бойынша елімізде бар шикізаттан тұтынуға дайын сапалы өнім шығаруға түбегейлі бетбұрыс жасалып, жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшу бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Осы орайда, Шымкентте шығарылатын медициналық бұйымдар – мегаполис өндірісінің мақтанышы екенін айта кеткен жөн. Ал, осы бұйымдарды өндіретін «ЭкоФам Интернейшнл» ЖШС-і. Компания құрылтайшысы әрі директоры Гүлия Жүзенова кәсіпорын 2010 жылы құрылғанын айтады.
Кәсіпкер өз бизнесін дәрі-дәрмекті көтерме бағамен саудалайтын фирма ашудан бастаған. Бұл 1995 жыл болатын. Г.Жүзенованың мамандығы фармацевт. Бизнестің осы саласына бет бұруы да сондықтан. Фирманың Қазақстан бойынша бөлшек саудамен айналысатын 160 дәріханасы, 11 облыста қоймасы болды.
Г.Жүзенова 2010 жылы газеттен Үкіметтің фармацевтикалық өндірісті қолдауға арналған жаңа бағдарламасын, «Даму» қорының қолдау тетіктерін оқып, кәсіпорын ашуға бел буады. Бұл ЭкоФармның тағдырын күрт өзгерткен айтулы оқиға болды.

«Бағдарламаны екі-үш түн қатарынан ұйықтамай оқығаным әлі есімде. Маған өте қызық көрінді. Иә, фирмамыз болды, бірақ дәрі-дәрмек саудасында үстінен қалатыны аз еді. Ақшамыз болмай дәріханаларды арендаға алатын едік. Мен көрмелерге көп баратынмын. Сол жерден нұсқаулықтар, кітапшалар әкелетінмін. Оны оқуға уақыт жоқ. Бір бұрышта үйіліп жататын. Соларды да ерінбей қарап шықтым. Сөйтіп, күйеуім, екі балам бәріміз ақылдаса келе медициналық бұйым шығаратын
кәсіпорын ашайық деп шештік. Біздің есептеуіміз бойынша, Қазақстан халқына жыл сайын медициналық тексеруге шамамен 18 дана пробирка, 2 ине жұмсалады екен. Содан ваккумды пробирка шығаруды ұйғардық. Ол қан сынамасын алуда ең қауіпсіз әдіс саналады. Өйткені қан арқылы көптеген ауру жұғып кетеді. Тіпті, кәріз жүйесіне түскеннің өзінде кеміргіштер арқылы да ауру таралуы мүмкін. Бірақ, өндіріс ашуға тәжірибеміз жеткіліксіз еді. Кеңес сұрайын десек, маман таппаймыз. Бар білгенімізбен Кореядан керекті құрал-жабдықтарды сатып әкеліп, оларды орнатып 2012 жылы алғашқы өнімді шығардық. Сол жылы «СК-Фармация» арқылы 10 жылдық қолдау келісімшартына тұрып, емханалар мен ауруханаларға өнімді өткізіп келеміз» деді Г.Жүзенова.
Кәсіпорынның өнім ассортименті өте кең. Күре тамырдан қан сынамасын алатын 57 түрлі ваккумды пробирка мен оның қоспалары, 6 түрлі ине бар. Иненің әрқалай жіңішкелікте болуының маңыздылығы өте үлкен екен. Себебі, қан құрамының өзгеріп кетуіне иненің де әсері бар ұқсайды. Әлемде медицина саласы күн сайын дамып барады. Заманға сай өндіріс легінен қалып кетпеу үшін кәсіпорын басқа да бұйымдар шығарып, «СК-Фармация» арқылы саудасын жүргізіп жатыр. Әдетте медициналық өндіріс туралы айтылса, бірінші ойға келетіні дәрмек-дәрмек екені жасырын емес. Алайда, медициналық бұйымдар да өте маңызды рөл ойнайды. Мәселен, ота кезінде қанды қоюлатпай, сұйылтпай бірқалыпты ұстап тұратын арнайы пробирка міндетті түрде керек болады. Ал оны шығаратын «ЭкоФарм Интернешнл» ЖШС-і.
Бүгінгі таңда кәсіпорын отандық өндірісті қолдау бағыты бойынша, сондай-ақ, ашық конкурстарға қатысу арқылы елімізді вакуумдық пробирка, инелермен толық қамтамасыз етіп отыр. Мұндай өнім шығаратын зауыт Қазақстанда тек «ЭкоФарм Интернешнл» ғана. Ресейде дәл осындай кәсіпорын бір-екі жыл бұрын ғана ашылыпты. Бір өкініштісі Еуразиялық одақта болсақ та кәсіпорын Ресейге өнімін сата алмай отыр. Оның бәріне кінәлі АҚШ пен Еуропаның көрші елге салған санкциясы.
«Әлемдегі геосаяси жағдай біздің өндіріске кері әсерін тигізіп жатыр. Өйткені Ресеймен сауда байланысы тоқтап, соның салдарынан экспорттық әлеуетіміз күрт төмендеп кетті. Біз барлық техниканы, технологияны, шикізатты Еуропадан әкелеміз. Сондықтан өзіміз зиян шегіп қалмау үшін Батыстағы әріптестерге Ресейге ешқандай өнім сатпаймыз деп тілхат беріп отырамыз. Олар сол үшін бізді тексеріп тұрады. Егер қандай да бір өніміміз Ресейден табылып қалса, бітті, бізге шикізатты бермей қояды» –деді Г.Жүзенова.
Кәсіпорын Қазақстандағы барлық бюджеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық бұйыммен қамтамасыз ететіндіктен оның өндірістік қуаты да өте үлкен. Мәселен, жылына 45 млн. вакуумдық пробирка, 15 млн ине, тағы осынша данада инұстағыш шығарады. Солтүстіктегі көршіге экспорт жолы жабық дедік. Бірақ, оңтүстіктегі көршінің де жағдайы мәз емес екен. Өзбекстандық 3 түрлі фирма өнімді қарызға алуын алып, ақшасын әлі күнге дейін қайтармай отыр. Тіпті, экспортталған тауар да үшті-күйлі жоғалған. Содан өзбекстандық кәсіпкерлерден көңілі қалған Г.Жүзенова енді ол елге ешқандай өнім сатпайтын боп шешіпті. Нәтижесінде ол жақтағы бүкіл қоймалар мен өкілдікті жапқан.
«Өзбекстан өз нарығын қатты қорғайды екен.
Мәселен, оларда біздегідей вакуумдық пробирка шығаратын бір кәсіпорын болғандықтан нарығына тауар кіргізгеніміз үшін 2 рет кедендік баж салығын төледік. Яғни, сырттан келетін бір өнім Өзбекстанда да шығарылатын болса, оның кедендік алымының бағасын екі есе көтереді. Ал, бізде керісінше, айталық дәл осындай вакуумдық пробирка Қазақстанға шетелден әкелінсе, оған ешқандай кедендік баж салығы, қосымша құн салығы төленбейді. Тап-таза күйінше біздің нарыққа енеді. Әлі өнімді өндірмей тұрып шикізатты шетелден әкелу үшін бүкіл салығын төлеп шығамыз. Шикізат 30%-ға қымбат болған соң өнімнің да бағасы жоғары болады. Осыдан кейін елу жылдан бері өнім шығарып келе жатқан кәсіпорындармен қалай бәсекелес боласың?»,– деді Г.Жүзенова.
Кәсіпкердің айтуынша, өндірісті бәсекеге қабілетті ету үшін ұдайы зерттеумен айналысу керек. Жоғарыда аталған он жылдық қолдау аяқталған соң компания өнімін ашық конкурс арқылы сатып жатыр. Ал, ол құжаттармен көп жұмысты талап етеді. Егер дистрибьютерлік ұйымдар сату мәселесін тұтастай өз мойындарына алса бұл компанияға өндірісін арттыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуге көп жәрдемін тигізер еді. Алайда, дистрибьютерлердің тендер шарттарында отандық кәсіпорындарға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Оларға қазақстандық өнімнен гөрі бағасы төмен шетелдік тауарды таңдап, оны сатқанда үстінен пайдасын көріп отырған әлдеқайда тиімді.
«Өнімді ашық конкурста өткізіп болған соң 60 күнтізбелік күн бойы ақшаның түсуін күтесің. 60 күнтізбелік күн жалпы 90 күнге кетіп қалады. Өндіріске ақша керек болғандықтан амал жоқ несие аласың. Ол ертеңгі күні тағы да өнімнің бағасының қымбаттауына әкеп соғады. Ал, осындай кезде Қазақстандағы ірі дистрибьютерлермен тауардың бағасын шамалы түсіп беремін деп келіссек, несие де алмаған болар едік. Өйткені, дистрибьютерде ақша көп, олар тауарды алған соң бірден төлем жасайды. Міне, қазіргі таңда ортадағы алып-сатушы ұйымдармен осы келісімді жасай алмай отырмыз» -деді Г.Жүзенова.
Өндіріс орны Үкіметтің 375 қаулысы негізінде жұмыс істеп, соның нәтижесінде мемлекеттен көп қолдау тауып отыр. Жергілікті әкімдік те бар көмегін аяп жатқан жоқ. Соның бірі
кәсіпорынның индустриалды аймақтан ашқан зауыттарына мемлекет тарапынан берілетін көптеген жеңілдіктерді атап өтуге болады. Ол зауыт құрылысына қажетті жер учаскесі, тиісті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, тағы басқа осы секілді көмектер болуы мүмкін. Өз кезегінде «СК-Фармация» компаниямен алдын ала тағы да келісімшарт түзген. Ол бойынша 5 жылда өнім өндіріліп сынақтан өтуі тиіс. Алайда, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде зауыт екі жылда аяғына тұрып, бұрынғы тәжірибенің көмегімен жаңа медициналық бұйымдар да тиісті сынамалардан өтті. Кәсіпорын «СК-Фармацияға» есеп беріп, барлығы дайын екенін баяндаған. Ендігі жерде Денсаулық сақтау министрлігі «СК-Фармация» өтінішінің негізінде жаңа өнімдердің бағасы, емдеу мекемелерінің тізімі секілді мәселелерді қамтитын №77,88,96-шы бұйрықтарды шығаруы керек. Алайда министрліктің әлгі бұйрықтарды шығармай жатқанына биыл төртінші жыл болыпты.
«Соның кесірінен шығарып қойған затымызды төртінші жыл қатарынан сата алмай отырмыз. Сосын халықаралық ISO 13485 стандартына сәйкес кәсіпорын құрып, оның технологиялық тілін білетін мамандарға 3 жылдан бері бостан-босқа айлық төлеп келеміз. Бұл мәселемізбен вице-премьердің де арнайы қабылдауында болдық. Уәде беріледі, бірақ нақты іске келгенде әлі күнге дейін нәтижесі болмай тұр. Өндіріс орнын құруға 3-4 жыл, бұйрықты орындауға одан көп уақыт кетті. Сонда 9 жылдан бері өнім сата алмай жатырмыз. Осы уақыт аралығында ол затымыз ескіріп те кететін болды. Біз бір емес, Қазақстан бойынша медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорындар өте көп. Міне, солардың барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің жоғары аталған бұйрықтарын күтіп отыр», – деді Г.Жүзенова.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.