– Ақмарал Бейсенқызы, мемлекетіміздің тірегі болған Конституцияның қабылданғанына биыл – 28 жыл. Қазір елімізде ашық және әділетті қоғам құру басты назарда тұр. Бұл атаулы датаның ел азаматтары үшін маңызы қандай?
– ҚР Президентінің Жарлығымен 2011 жылы ОҚО сотының судьясы қызметінен отставкаға шықтым. Еңбек жолымды 1970 жылдың қараша айынан Шымкент облыстық прокуратурасында курьер қызметінен бастап, барлық баспалдақтан өттім. Отыз жылға жуық уақыт судья болған кезеңде Ата заңды басшылыққа алып жұмыс істедік. Сонымен қатар, мемлекетіміздің тисті заңдарына сүйеніп сот шешімдерін шығардық.
Құрметті демалысқа шыққаныма биыл 12 жыл болды. Біздің кезімізде сот тәжірибесі өте күрделі еді. Соған қарамастан, өз жұмысымызды жан-тәнімізбен жақсы көрдік. Тәжірибесі мол, білікті басшы, судья болған аяулы ұстаздарымыздың тәлімін алдық. Олар жастардың талабын құрметтеп, бізге бар білгенін үйретті. Атап айтқанда, Изатулла Батыршаев, Әбіләкім Әбдіраманов, Жарылқасын Достаев, Зылиха Тойбекова сынды сот саласындағы тау тұлғалы азаматтар бізге ұстаздық етті. Осы кісілердің жанында жүріп, ақыл-кеңесіне құлақ түрдік. Күрделі шешімді қабылдамас бұрын, пікірлесіп, кейбір мәселелер бойынша ақылдасатын едік. Ол кісілерді әрдайым есте сақтаймын. Қазір өзім де ардагерлердің қатарына қосылып, жас мамандарға кеңесімді беріп жүрмін.
Еліміздің айбыны болған Конституцияны әрбір азамат құрметтеп, соны басшылыққа алуы керек. Жыл сайын мерекеде сот саласының қызметкерлері бас қосып, семинар өткізеді. Еңбегі сіңген судьялар мен сот мамандары марапатталады. Әрине, бұл күннің біз үшін, жас ұрпақ үшін маңызы зор. Ата заңның айбынын асырып, оны кеңінен насихаттау үшін мектептерде, жоғары оқу орындарында кездесулер, сынып сағаттары өткізілсе деймін. Тәжірибелі судьялар мен заңгерлер Ата заңның қолдану аясын жастарға көбірек түсіндіру қажет.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, ашық әрі әділетті қоғам құруға жол ашты. Қазір Жаңа Қазақстан, Әділетті қоғам құру бағытында сот жүйесінде бірқатар реформалар қолға алынып жатыр. Әрине, адамдардың сотқа деген сенімін арттыру өзекті мәселенің бірі. Азаматтардың құқығын қорғап, өте күрделі мәселелерді шешетін бұл саланың беделін көтеру уақыт күттірмейтін шаруа. Жалпы сот жүйесіндегі реформалар халықтың сенімін арттыру бағытында жасалуда.
Қазіргі уақытта әрбір азамат елін өркендету, дамыту жолында еңбек етуі тиіс. Әсіресе, жастарды тәрбиелеу, олардың сана-сезімін оятатын іс-шаралар көптеп өткізілсе, құба-құп. Ал жас судьялар әрдайым тәжірибесін арттырып, білуге ұмтылуы өте маңызды.
– Қазіргі таңда сот саласының мамандары, судьялар қаншалықты білікті? Өздерін дамытуға қаншалықты көңіл бөледі?
– Барлық өңірлік соттарда бүгінде оқу орталықтары бар. Жас мамандар, басқалары да сол жерде білімдерін жетілдіріп отырады. Қазір судьялыққа қабылдауға да талап күшейген. Мысалы, бұрын бір орынға төрт адам таласса, қазір бұл көрсеткіш 11 адамға дейін жетті. Соның біреуі ғана судья мәртебесіне ие болады. Көптеген тексерулер мен тесттер енгізілген. Судья болу үшін бірнеше іріктеу кезеңдерінен өтеді. Кадр мәселесіне жауапты Жоғарғы Сот емес, одан бөлек, ешкімге бағынбайтын өз алдына бөлек мемлекеттік құрылым – Жоғары Сот Кеңесі.
Бұдан 20-25 жыл бұрынғы кезде біз үкімді, шешімді қаламсаппен жазатын едік. Қазір технология дамып кетті ғой. Барлығы көз алдыңда, дайын. Тек қана заңмен адал жұмыс істеу керек. Заңдар жиі өзгеріп жатыр. Сол себепті де, судьялар көп оқып, ізденуі және әріптестерімен көп пікірлесуі керек.
– Қоғамда «соттар тәуелсіз болуы керек» деген пікірлер бар. Бұл жайында не айтасыз? Өзіңіз халық судьясы болып та қызмет еттіңіз...
– Рас, бұрын біздің кезімізде судьяларды халық сайлайтын. Біз заң шеңберінде шешім шығаратын едік. Менің жеке пікірім, қазір де судьяларды сайлау керек деген ойдамын. Жергілікті азаматтардың да пікірі ескерілсе деймін.
– Өзіңіз қандай шәкірттеріңізбен мақтанасыз?
– Құдайға шүкір, шәкірттерім жетерлік. Менің хатшым болған Айсұлу Сламбекова деген шәкіртім қазір Астана қалалық сотының судьясы. Өте тәжірибелі, еңбекқор қыз. Кезінде Абай аудандық сотында бірге жұмыс істедік. Күні-түні еңбек етіп, белсенділігімен көзге түсті. Қазір еліміздің бас қаласында абыройлы мамандардың бірі. Қазір қаладағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта Нұрғали Құламқадыр, Түркістан облыстық сотында Аянбек Тоқсанбаев деген судья бар. Жалпы жиырмаға жуық шәкіртім бар. Отыз жылдан астам осы салада еңбек еткеннен кейін, қалалық соттағы әріптестерім жиындарға қонақ ретінде жиі шақырады. Мұнда ардагерлермен бірлесе түрлі жиындарда бас қосып, жастарға бар білгенімізді айтамыз.
Былтыр 24 маусымда Шымкент қалалық сотының ұйымдастыруымен Судьялар мен сот қызметкерлерінің күніне қатысып, мерейім бір өсіп қалды. Алғашқы мерекеміз өте жоғары деңгейде өтті.
– Жуырда атап өтетін 70 жас мерейтойыңызбен құттықтаймыз.
–Рахмет! 30 жыл еткен еңбегім еш кеткен жоқ. 2010 жылы Жоғарғы сот «Үш би» құрмет белгісін берді. Бұл судья үшін ең үлкен марапат. Облыстық, қалалық және Жоғарғы сот төрағаларынан «Алғыс хат», Грамота алғаным және «Құрметті судья» атағын салтанатты жағдайда табыс еткендері есімде. Сот жүйесінің ардагері медалінің иегерімін. Жалпы соттан алған марапаттарым жетерлік. Шүкір, еңбегім еленді деп айта аламын. Қазіргі уақытта екі ұлдан үш немере бағып отырған бақытты анамын!
– Әңгімеңізге рақмет!