Білектілер бәсекесі мәреге жетті
Пятница, 14 Февраль 2020 03:38«Мен өз Отанымның батыл қорғаушысымын». Дәл осындай тақырыпта қаладағы мектеп оқушылары арасында әскери-спорт сайысы өтті.
Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан ардагерлерді еске алуға арналған ауыспалы кубокты сарапқа салуға 10-11 сынып оқушылары қатысты. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған патриоттық сайыста 1500-ге жуық оқушы бақ сынады. Ал ақтық сында әр ауданнан үздік шыққан 2 мектептен 8 команда өнер көрсетті. Оқушылар үш кезеңде саптық және атыс дайындықтарын ортаға салды. Қолданбалы спорт түрінен сайысып, турникке тартылды, 16 келілік кір тасын көтерді. Топтық сайыста арқан тартып, өзара мықтыны анықтады.
Айта кету керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген сайыс өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуға бағытталған. Спорт сайысына қатысқан Ауған соғысының ардагерлері жалынды жастарға алғыс айтып, сәттілік тіледі.
ДЕПУТАТТАН МЕКТЕП ҚАУІПСІЗДІГІН ШЕШУДІ СҰРАДЫ
Среда, 12 Февраль 2020 03:57Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұқарбай №29 мектепте өз сайлаушыларымен жүздесті. Халық қалаулысы тұрғындарға өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.
Кездесуде «Nur Otan» партиясының жаңа әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру, табысты көтеру және аз қамтылған азаматтарды қолдау, білім беру жөніндегі және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмаларына байланысты енгізіліп жатқан жаңалықтарды жете түсіндірді.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев,Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халықпен ашық диалогты жалғастыру керек» деді. Өткен жылы 44 қоғамдық қабылдау өткізіп, 100-ге жуық азаматтың жеке мәселесін тыңдап, олардың шешілуіне ықпал жасадым. Президент Қ.Тоқаев халықтың табысын арттыру бойынша тұрақты тапсырма берді. Бүгінде «Nur Otan» партиясының фракциясы мәжілісінде халықтың тұрмыс деңгейін көтеру бойынша қаламыздағы барлық салалық басқарма басшыларына тапсырмалар беріп, оның орындалуы назарда болады», - деді Нұрғазы Бақтыбайұлы.
Кездесуге келген көпбалалы аналар оқушы санының көптігінен №29 мектепке қосымша ғимарат салу қажеттігін және қауіпсіздік мәселесін көтерді. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар мектеп айналасына бейнекамераны көбейту қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, оқулықтың жетіспейтіндігін, жол сапасының нашарлығын айтып шағымданды.
Нұрғазы Бұхарбай айтылған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолданып, алдағы уақытта шешімі табылатынын жеткізді.
Үздік жобалар анықталды
Среда, 12 Февраль 2020 03:55Үшінші мегаполистің жас ғалымдары қалалық «Ontustik Startup-2020» үздік жобалар байқауында бақ сынады. Екі айға жалғасқан білгірлер бәйгесінде мектеп оқушыларынан 30-ға жуық жоба қабылданып, оның 10-ы ақтық сынға жолдама алған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға туризм, IT, ғылым және техника, әлеуметтік жобалар, агро-бизнес бағыттары бойынша үздік жобалар ұсынылған.
Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен байқауда әділ қазылар алқасының шешімі бойынша Аружан Ендібаева мен Алия Елшібайдың «Бие сүтінен балмұздақ жасау» жобасы І орынға лайық деп танылды. Ал Ы. Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназиясының оқушылары Ғабиден Бақтыбай, Жантөре Мұсаев «Jarvis» роботы жобасымен ІІ орынды жеңіп алды. «Ақылды жылыжай» жобасын ұсынған Елдос Тұран жүлделі үшінші орынды иеленді.
Қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Олжас Жансейітовтің айтуынша, конкурстың басты идеясы өмірдің сапа стандарттарын жетілдіруге бағытталған өзекті, әлеуметтік маңызға ие және перспективалық бизнес бастамаларды қолдау және іріктеу, сондай-ақ, бизнес қауымдастық пен жоба авторларының қарым-қатынасын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, креативті және инновациялық идея мен жобаларды іздеу, жасөспірімдерді пайдалы және рентабельді идеяларды ойлап табуға қолдау көрсету, жас әрі инновациялық жасөспірімдерді тәрбиелеу болып табылады.
Еріктілер ерледі
Пятница, 07 Февраль 2020 04:52Шымкенттің ерікті жастары «Жеңіс» қайырымдылық жобасы аясында шаһардағы майдангерлер мен тыл еңбек ардагерлерінің үйлерін аралады.
Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі, Жастар ресурстық орталығының және «Даумед» клиникалық орталығының қызметкерлерінен жасақталған бір топ ерікті жас жанқиярлық ерлігі мен еселі еңбегін аямаған қарттарға құрмет көрсетті.
Онда еріктілерден құрылған топ көмекке мұқтаж ардагерлердің хәлін біліп, денсаулықтарын тексерді. Қыздар жағы үй шаруасына көмектессе, ұлдар аула жұмыстарына қолғабыс етті. «Ардагерлерге көбінде қарапайым назардың да аударылмайтыны көңіліне кірбің ұялатады» дейді ұйымдастырушылардың бірі.
Осы олқылықты жою мақсатында әр ай сайын әлеуметтік көмек көрсетуге арнайы ерікті жастардың көмек қолы жиналмақ. Олар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай басталған жоба бойынша әлеуметтік волонтерлық жұмыстарына тартылады.
Бұдан бөлек, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі мектеп оқушыларын да ерікті болуға үйретіп жүр. №20 мектеп-гимназиясында өткен семинар барысында белсенді жастар оқушыларға ерікті болудың артықшылығын түсіндірді.
«Я сам» аналарға үміт, балаларға мүмкіндік сыйлайды
Среда, 05 Февраль 2020 04:08Шымшаһарда ел алғысына бөленген ақ халатты абзал жандардың қатары аз емес. Дегенмен дәрігер Назира Ундаганова жайлы әңгіме бір басқа. Сырқат балаларды қоғамға бейімдеп, сауықтыруға күш салып келе жатқан үш баланың анасы бес жыл дегенде жаңа ғимарат алып, сауықтыру орталығын ашқан. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өзі дайындаған жаңа тәсілмен ем-дом шараларын жүргізіп отырған дәрігермен біз де сұхбаттасуды жөн санадық. Кейіпкеріміз «Я сам» орталығының жұмысы мен созылмалы дертпен күресіп жүрген балалар жайында әңгімелеп берді.
– Церебралды сал аурулармен ауырған науқастарға көмектесіп келе жатқаныма 20 жылдан асты, - деп бастады әңгімесін орталық директоры Назира Жұмабекқызы. – Институт бітіріп келгенімде балалармен сөйлесуге жүрегім дауаламайтын. Қорқынышым басым болды. Үшінші перзентіме декреттік демалыс алғанда осы орталықты ашуға кірістім. Шама-шарқымыз келгенше бар тірлікті өз күшімізбен бастадық. Бес жылдай ғимаратты жалға алып жүрдік. Себебі ғимарат салу үшін көп қаражат керек еді. Сондықтан «Даму» қоры арқылы кепілдендіріп, 7 пайызбен несие рәсімдеп, қазіргі Арғынбеков көшесінде орналасқан ғимаратқа көштік.
Орталық церебралды паралич ауруына және басқа да сырқаттарға ұшыраған, интеллектуалдық дамуы төмен, сонымен қатар Даун синдромына шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Мекеменің бір ерекшелігі, мұнда әр бала үшін коррекциялық және реабилитациялық дамудың жеке әдісі жасалған.
– Емдеу барысында өздігінен отырып тұра алмайтын балаларға алғашқы қадамдарын жасауға көмектесеміз. Арнайы жаттығулар, массаж жасаймыз. Оңалту орталығына күніне орташа есеппен 20-30 науқас келеді. Олардың қатарында Тараз, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Орал қалаларынан келушілер де бар. Әрине, барлық ем-домы ақылы түрде өтеді. Бірақ бұл біз дайындаған арнайы емдік тәсілдердің мүмкіндігі екенін айта кеткен жөн. Сауықтыру ұзақ әрі күрделі процесс. Реабилитациялық емдеу курсы 10 күнге созылады. Науқас күніне 2 сағаттан жаттығады.
Үзбей келушілердің ішінде қимыл-қозғалыстары жақсарғандарын байқаймыз. Бұл мен үшін бизнес демес едім. Осы салаға келіп, балалардың жағдайын көре тұра оларға көмектеспеу алдымен ана деген атыма, дәрігер деген антыма сын. Біз аналарға үміт, балаларға жаңа мүмкіндіктер сыйласақ дейміз. Кейде түскен қаражат қызметкерлердің жалақысы мен төлеп отырған несиеден артылмай қалады. Әуелгі мақсат көмектесу болған соң, бастысы бір бала болсын қуанса деймін. Сондай-ақ, балаларды арнайы көлікпен қамтамасыз етіп отырған Шымкент қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.А.Тороповқа алғысымды білдіремін.
Орталықта балалары созылмалы, туа бітті ауруға шалдыққан ата-аналардың қатары көп екен. Солардың бірі – Мадина Болатбекова. Ол қаладағы оңалту орталықтарында кезек күтіп, уақыт өткізіп алатынын айтады. Қызы Зара Ибрагим осы сауықтыру орталығына келгеннен кейін қимыл-қозғалысы жақсарып, аяққа тұрған.
– Келіп-жүргенімізге төрт жылға жуық уақыт болыпты. Орталықтағы дәрігерлермен бір отбасы болып кеттік. Бұған дейін елден естіген жерлердің біразын аралап, табанымыздан тоздырдық. Бірақ қызым осында келгенде қимылдары байқалды. Орталық аумағына айрықша инклюзивті балалар алаңы орналасқан, мұнда олар түрлі жаттығулар жасайды, өздерін тік ұстап, координацияларын, жалпы және шағын моториканы, күштерін, ептілігін, көру қабілеттерін, тактильді сезінулерін жетілдіреді және топ болып ойнауға бейімделеді.
Жалпы, орталық айналасында мүгедек арбасындағы және мүмкіндігі шектеулі балалардың еш кедергісіз қозғалуы үшін барлық жағдай жасалған. Өзгерістерді көрген соң үзбей келіп тұруға тырыстым. Қызым жүре алмайтын. Қазір аяққа тұрды. Жүруді үйренді. 11 жасар қызға қимылдарын әлі де жетілдіру керек. «Қасиетті жол», «Мейірім» оңалту орталықтары сияқты портал арқылы емдеуге мүмкіндік берсе, қане. Көп ата-аналардың ақшасы жоқ. Жолдаманың да есебі бар. Әркім өзінің мүмкіндігінше емдеп жүр. Бастысы баламыздың саулығы. Осылар жазылып кетсе, көз-алдымызда ойнап күлсе арман бар ма?! - дейді көз-жасына ерік берген ана.
Ал қалалық денсаулық сақтау басқарамасының штатан тыс бас реабилитологы Мейрамкүл Бауланқызының берген мәліметтеріне сүйенсек, шаһарда сал ауруына шалдыққан балалардың саны 1131-ді құраған. Оның ішінде 2018 жылы 967 бала мүгедек деп танылған. Дәрігердің сөзінше, жүйке жүйесі ауруларының ішінде церебралды паралич ауруына шалдыққандардың үлесі басым.
– Қаладағы мемелекеттік 3 оңалту орталығы жалпы 316 орынға лайықталған. Бұған қоса, «Қасиетті жол» қайырымдылық қорында 50 орын, Эскулап оңалту орталығында 22 төсек орын бар. Аталған сауықтыру орындарынан балалар тегін оңалтудан өтеді, - дейді М.Алтаева.
Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін атап өткен болатын.
– Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын, – делінген «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында.
Түйін.
Осыдан бірер уақыт бұрын редакциямызға бір ана қоңырау соғып, мұңын шақты. Перзентінің ауыр дертімен алысқан ананың әңгімесін тыңдаудың өзі қиын еді. Тағдыр тауқыметін кешкен оны жолдасы тастап кеткен көрінеді. Үш перзентінің үлкені кәмелетке толса да өздігінен жүріп тұра алмайды. Бауыр еті баласын 18 жыл арқаласа да «шаршадым» демеген ол мұндай ерекше күтімді қажет ететін отбасыларға материалдық көмектен бөлек, моральдық қолдаудың өзі ауадай қажет екенін айтқан.Ал кейіпкеріміз Назира Жұмабекқызы мемлекеттік қолдаудың аясында бір оқпен екі қоян олжалағанын сөз арасында айтып қалды. Балаларды бауырына басып, олардың саулығын тілеген дәрігердің мейірімділігіне сүйсініп қалдық...
Жарамдылығы 100 жылға жететін жабынқыш Шымкентте шығады
Среда, 29 Январь 2020 03:54Құрылыс қарқыны бәсеңдемеген үшінші мегаполистегі өндіріс орындарында бүгінде еңбектің қара қазаны қайнап-ақ жатыр. Шаһардағы кәсіптің көзін тапқан іскер жандар «Еңбек етсем, ертеңгі арманыма жетсем» деп, барын салуда. Қай-қайсысының да бизнестің сан тарау жолдарында өзіндік ізі қалары сөзсіз. Оның ішінде саздың сан мың жылдық сырын ұққан Асан Қалымбетовтың кәсібі өзгерек. Ол басқаратын құрылысқа қажет материал шығаратын зауыттың жұмысы көңіл қуантарлық. Ал ел тұрғындары үшін отандық өнімнің маңызы зор.
– «Егер ісім өнсін десең, ретін тап» демекші, бала күнімізден еңбек етуді ата-анамыздан үйреніп өстік, - деп бастады әңгімесін Асан Мұхтарұлы. – 2012 жылдың көктемінде қатты дауылдан Қазығұрт, Түлкібас аудандарындағы біраз үйлердің шатыры ұшқаны бар. Біз ол кезде құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген едік. Жұмыстың сапасы әрдайым басты назарға алған соң, шатыр ұшырмайтын материалды іздедік. Саздан жасалған жұқа қышты шетелдік құрылыс компаниялары пайдаланатынын көріп, соны өзімізде неге жасамасқа деген ой туды.
Ағам банк саласында жұмыс істейтін. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттардан хабардар етті. Қажетті жабдықтарды шетелден таптық. Шығындарды есептеп, бизнес жоспарын түздік. «Даму» қоры біздің жобаға қаржылай кепілдік жасап, бизнес бастауға қажет қаржыны алуға қолдау білдірді. Бұл «Startup» жобасы болатын. Содан, міне, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз, - дейді кәсіпкер.
Орда бұзар жасты еңсерген жігіт бүгінде онға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Шығарған өнімдері еліміздің барлық қалаларына жеткізіледі. Өзбекстанға да экспортталады. Себебі бұл екі елге ортақ жалғыз өндіріс орны көрінеді. Асан Мұхтарұлының айтуынша, өндіріс орнын ұлғайту жоспарда бар. Сондай-ақ, қосымша тағы жұмыс орындары ашылмақ. Үйлердің шатырын жабуға арналған құрылыс материалдары – черепица қызғылт түсте, біркелкі көлеммен шығарылып, сатылады. Бірнеше жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бәсекелестікке толық төтеп бере алады. Себебі, өндірген өнімдерінің сапасы жоғары.
– Табиғи жабынқышқа сұраныс бар. Бұл ыстыққа төзімді, суықты өзіне жинайтын өнім болып есептеледі. Ғимарат пен үйлерге көрік беретінін де атап өтуге болады. Еуропадағы тұрғын үйлердің 86 пайызының шатыры табиғи өнімнен жасалған жабынмен жабылады. Қажет шикізаттар өзімізден табылады. Бояуын Финляндиядан алдырсақ, қажет бір-екі қоспаны Польшадан әкелеміз. Өнім Шымкентте өндіріліп, арнайы тапсырыспен сатылымға шығарылады. Тұтынушыларға қолжетімді десек те болады.
Сауда орындарында сатылып жатқан Ресей мен Қытайдан әкелінген металло-черепицаның бағасымен бірдей. Шаршы метрі 3000-3500 теңгеден түседі. Табиғи черепица 130 тонна қысыммен қатты тығыздау арқылы дайындалады. Соның нәтижесінде беріктігі, төзімділігі мен сапасы артады. Жарамдылық мерзімі – 100 жылға дейін, ұзақ сақталады, – дейді «Grand Development Group» компаниясының директоры.
Нарық заманында өзі оқыған салада қызмет ететіндер жыл санап азайып барады. Кейіпкеріміз де солардың кебін киген екен. Оқыған мамандығы – теміржолшы. Дегенмен, өзі кәсіпкерлікті таңдапты. Батыл қадамға барып, байыптылықпен үлкен істі қолға алған жігіт бірнеше отбасын асырап, өңіріміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға өз үлесін қосып жүргендердің бірегейі десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, кәсіпкер мұнымен шектелуді жөн көрмейді. Әлі де үйренсем, елге пайдам тисе деген ізгі ниетте екенін сұхбат барысында айтып қалды.
– Бизнесім енді ғана басталып келе жатқанда тәулігіне 4 сағат қана ұйықтайтынмын. Бар күшімді, қаражатым мен бос уақытымды осы іске арнадым. Әрине, қиындықсыз болмайды. Бірақ, сағыңды сындырмағанның бәрі бізге қуат бере түседі екен. Әр саланың өз қиындығы, өз қызығы болады. Бастапқы жылдары оңай соқпады.
Өңірдегі баламасы жоқ өндіріс орны болған соң, бір жолға түскенше біраз еңбек еттік. Қазір жыл санап, мүмкіндіктер артып келеді. Бір ғана жеңілдетілген несиемен ештеңе шешілмейді. Қағазбастылық жүйеден арылу керек секілді. Жүктемені азайтып, көпшілікке оңтайлы жолын қарастырса деген ұсынысымыз бар. Бизнестің биігіне шықсам деген кәсіпкерлеріміз көп, – дейді кәсіпкер.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажеттілігін баса айтты. Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Биылдан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салды. Байқап отырсақ, жыл санап елімізде кәсіпкерлікті қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Ал кәсібін нәсібіне айналдыра білген кәсіпкердің қатары жаңа толқынмен толығып келеді. Бұл да сабақтастықтың ерекше үлгісі деуге болар.
Түйін
Соңғы кездері жаңадан тұрғызылған ғимараттардың сапасы жиі сынға ұшырап жатады. Тіпті, жаңа нысандардың ішінде қасбеті сөгіліп, қабырғасы қақ айырылып жатқандарын да көріп, естіп жүрміз. Бұл ең әуелі құрылыс материалдарының сапасы нашарлығын меңзесе, тұрғындардың қауіпсіздігі де ойландырмай қоймайды. Айтпағымыз, кәсіпкерлер алдымен пайданы емес, арды ойласа... Алатын азын-аулақ ақшаны емес, соңынан айтылатын жақсы сөз үшін қызмет етсе дейміз. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген бар. Асан Мұхтарұлының бойында ондай жақсы қасиеттерді көріп, ішіміз жылып қалды.
Жанға жылу сыйлау – ізгілік
Среда, 29 Январь 2020 03:32Шымкентте белсенді жастардың ұйытқы болуымен «Жанға жылу» қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды.
Кәсіпкерлер, ерікті жастар, қалалық жастар мәслихатының мүшелері мен өнер иелері бастаған қайырымды жандар Қайнарбұлақ саяжайы мен Достық тұрғын алабына арнайы барып, тұрмысы төмен 50 жанұяға азық-түлік пен тәтті тағамдар таратты. Ал демеушілер әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына киім-кешек үлестірді.
Алдағы уақытта жалғасын табатын акцияға ерікті жастар қоғам белсенділерін, кәсіпкерлер мен халық қалаулыларын және танымал өнер азаматтары мен көмек қолын созуға ниетті барша жандарды атсалысуға шақырып, үндеу жолдады.
Ел Президенті Қ.Тоқаев қазақтың асар дәстүрі волонтерлықпен үндесетінін, сол себепті 2020 жылы қайырымдылық жасауды заманға сай жаңғырту қажет екенін мәлімдеген еді. Осы мақсатта Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы «Жанға жылу» қайырымдылық акциясын тұрақты түрде ұйымдастыруды қолға алмақ.
1635 еріктіге стипендия тағайындалады
Пятница, 24 Январь 2020 03:32Үшінші мегаполистегі жоғары оқу орындарына «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске асыру аясында жалпы 1635 орын бөлінген.
Бұл туралы Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Жани Қамбар баспасөз брифингінде мәлім етті. Яғни, Волонтер жылында ерікті жастар қаржылай стипендияға ие болып, кредиттік сабақтары қысқарады.
Бұл жоба Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арасында жасалған ынтамақтастық меморандумы аясында жүзеге асады. Жоба аясында жоғары оқу орындарының студенттері ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс нәтижелері үшін академиялық кредиттерді қайта есепке ала алады. Мәселен, күндізгі оқу нысанындағы жоғары оқу орындарының студенттеріне 20 сағат қызметі үшін 20 мың теңгеге, 50 сағат қызметі үшін 50 мың теңгеге дейінгі кредит ретінде әлеуметтік студенттік кредит түрлері ұсынылады. Яғни сабақтан тыс уақытта еріктіліктікпен айналысқан студенттер волонтер ретінде балалар үйлерінде, қарттар үйлерінде, білім беру және басқа да әлеуметтік мекемелерде көмек көрсетеді.
Спикердің айтуынша, бір реттік қаржылай сыйақы алатын волентерлер бірыңғай платформаға тіркеліп, өзі жайлы анкета толтырады. Qazvolunteer.kz сайтында тіркелген ұйымдарға барып кредиттік сағаттарын өтей алады. Бүгінде аталған платформаға Шымкент қаласынан 700-ге жуық жас, 57 ұйым тіркеліп үлгерген. Ерікті жастарға қолғабыс еткен әр күнгі іс-әрекетін фотоға немесе бейнежазбаға түсіруіне тура келеді. Қаржылай сыйлық есепті өткізген волонтерлерге бөлінеді екен.
Жиында БАҚ өкілдеріне орталық мамандары Birgemiz жобасының негізгі бағыттарын айтып, қала аумағында атқарылатын істермен бөлісті. Жастар ресурстық орталығы Волонтер жылына арналған бірыңғай жобаның 7 басымдығын ескере отырып, 100 іс-шара өткізбек. Бұдан бөлек, белсенді 40 жасқа еріктілер формасын алдыруды көздеп отыр. Орталық қызметкерлері тіпті, волонтерлерді қызметтік көлікпен қамтымақ.