30 жасқа баспана кілті табысталды
Пятница, 20 Декабрь 2019 03:37Үшінші мегаполисте – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні жастар мен жас отбасылар жалдамалы пәтерге ие болды.
Түрлі салада жұмыс істейтін шымкенттік жастарға тұрғын үй кілтін қала әкімі Ерлан Айтаханов табыстады. Сатып алу құқығынсыз пайдалануға берілген үй Ақназар хан көшесінде орналасқан. Жалпы пәтерлер саны – 30.
Салтанатты жиында шаһар басшысы жастарды еліміздің қастерлі мерекесімен және жаңа қоныстарымен құттықтады.
– Бұл бағдарламаның ерекшілігі – жастарға өзінің болашақтағы жеке меншік үйінің бастапқы жарнасын жинақтауға мол мүмкіндік беретіні. Яғни, жастарымыз пәтерден-пәтерге көшіп, ай сайынғы нарықтағы пәтерақының орнына 5-7 мың теңге көлеміндегі төлемақыны төлейді, - деді Ерлан Қуанышұлы.
Осылайша қайырымды қалада Жастар жылы аясында жұмыс істейтін 30 жас баспаналы болды. Олардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, коммуналдық және құқық қорғау органдары мен энергетика, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері, кәсіпорын жұмысшылары бар.
Сондай-ақ қала басшысы Ерлан Айтаханов жыл соңына дейін жұмысшы жастарға берілетін, құрылысы аяқталып қалған жалдамалы пәтерлерді өз көзімен көріп, пысықтады. Әкім құрылыс компанияларының басшыларына үй құрылысын мерзімінде аяқтауды ескертіп, сапасына және инфрақұрылымдық жүйесі тұтынуға сақадай сай болу керегін қадап айтты.
Айта кетейік, жыл соңына дейін қалада жалпы 904 пәтер конкурс арқылы үлестіріледі. Ал алдағы екі жылда бағдарлама аясында 2704 жас жалдамалы баспанамен қамтылмақ.
Қазақ елінің ұмытылмас ұлы тұлғалары
Пятница, 13 Декабрь 2019 03:48Шымкентте көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ елінің ұмытылмас ұлы тұлғалары» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өткен республикалық конференцияға еліміздің әр аймағынан арнайы келген ғалымдар мен аталған оқу ордасының профессор оқытушылар құрамы қатысты. Бұл күні, Мәскеуден Владимир Рысқұлов, Алматыдан Адель Рысқұлова, Мұратәлі Төлепбергенұлы, Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылынан ұрпақтары арнайы шақырылған.
Конференция жұмысы қоғамдағы және мемлекет қайраткері - Шымкенттегі Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Халықаралық конференцияны Дария Пернешқызы жүргізіп отырды. Жиынға қатысқан экономика ғылымдарының кандидаты, мемлекет қайраткері, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» Халықаралық ұйымының Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шараның алғы сөзінде қатысушыларды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
«Ұлы Дала тұлғалары» ғылыми-көпшілік сериясын жүзеге асыру барысында көпшілік қауымға қазақ ұлт тарихындағы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен саяси қызметі, республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыптастыру және дамыту жөніндегі Тұрар Рысқұловтың рөлі мен орны турасында баяндамалар жасалды.
ХХ ғасырдың қазақ интеллегенциясының көзқарастарында тәуелсіздік үшін күрес және Түркістанның саяси дамуының маңыздылығы, жалпы Қазақстан мен Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі сапалы ғылыми зерттеулерінің жаңа бағыттары мен ынталандырылуы және Еуразияның мәдени-тарихи мұрасы үшін Түркі әлемінің құндылықтары бойынша жаңа ғылыми зерттеулер таныстырылды.
Менің қалам – менің мақтанышым
Пятница, 13 Декабрь 2019 03:32Шымкентте тазалық пен отансүйгіштікке баулитын дәстүрлі «Таза қала» акциясы өз мәресіне жетті. Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен мерекелік шарада қала әкімі Ерлан Айтаханов қаланың тазалығын сақтауға үлес қосқан жандарға алғысын білдіре отырып, қайырымды шаһар тұрғындарын ТМД елдерінің мәдени астанасы атануымен құттықтады.
Қала басшысы өз сөзінде алдағы үш жылдық бюджетте санитарлық тазалық жұмыстарына жылдағыдан екі есе көп қаражат қаралғанын айтты.
– Көне заманнан Шымқала деп бекер аталмаған. Көкқала жайында Қожаберген жыраудың «Елімай» дастанында бір шумақ өлең жолдарымен айтылған. Ол 1600 жылдар еді. Өлең жолдарында Шымкент қаласының тұрғындарын еңбекқор деп сипаттап кетеді. Ал қаланы жасыл өлке деп бейнелеген. Біздің ТМД елдерінің мәдени астанасы атануымыздың өзі бекер емес. Бұл бізге жаңа серпін береді. Бір-біріміздің еңбегімізді бағалайық, қайырымды болайық, – деді қала басшысы Ерлан Қуанышұлы.
Жастар ресурстық орталығында өткен мерекелік кеште қала әкімі Ерлан Айтаханов пен қалалық «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрағасы Жұмағали Білісбеков «Үздік көше», «Үздік аула» номинациялары бойынша Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарының тұрғындарын 1, 2, 3 орындармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады.
Ал жылдың үздік ауданы болып Еңбекші ауданы анықталды.Сонымен қатар, қаланың тазалығына белсене атсалысқан құқық қорғау органдарының өкілдеріне бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, үш айға созылған акцияны Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша қалалық «Азаматтық альянс» қауымдастығы ұйымдастырды.
Таза сессия: бір жапырақ қағаздың құдыреті
Среда, 11 Декабрь 2019 04:13Жыл басынан бері қаладағы жоғары оқу орындарында қызмет ететін 9 оқытушының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары анықталған. Оның 4-і университет басшыларының шешімімен жұмыстан шеттетілсе, қалғаны қатаң сөгіс алған. Оқу орындарындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Бұл сауал санаулы күнде емтихан тапсырғалы отырған студенттер қауымын емес, көпшілікті алаңдатқан өзекті мәселенің бірі екені даусыз.
Студенттерге қысым – акцияға кедергі
Өткен жылдан бері «Jas Otan» Жастар Қанаты мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Таза сессия» акциясын өткізуді қолға алған-ды. Аталған шара аясында ұйымдастырушылар Қазақстанда тіркелген ұлттық, мемлекеттік университеттерден бастап, жекеменшік оқу орындарында жең ұшыннан жалғасқан әрекеттерін, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға, осы бір өткір мәселені шешуге атсалысып жүр.
Осы мақсатта «Jas Otan» Жастар Қанаты орталық аппаратының қызметкері Болат Бұхарбай үшінші мегаполиске арнайы келгенін айтады.
– Негізгі мақсат – жастар арасында әлеуметтік осынау дертке «нөлдік» төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, парақорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту, еліміздегі оқу орындарында сыбайлас жемқорлық жағдайын анықтау, оларды болдырмау үшін тетіктерді қарастыру. Акция нәтижесі ЖОО-дағы оқу үрдісінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына себеп болатын негізгі мәселелерді анықтайды.
– Ағымдағы жылдың 21 тамызында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасы, партиямыздың төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ЖОО-ғы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясына «Jas Otan» Жастар қанаты ШҚФ және «Адалдық алаңымен» бірге «Таза сессия» акциясының аясында акционерлік және жеке меншік университеттерінен сауалнама жүргізуге келдік, – дейді Б.Дүйсенұлы.
Елордалық комиссия мүшесінің айтуынша, қаладағы 9 университетте «Таза сессия» акциясы өтеді. Оған білім алушы 1,2,3,4 курс, магистратура мен докторантура студенттері жұмылдырылған. Олар «құпия түрде сақталатындығына кепілдік берілетін» 21 сұрақтан тұратын сауалнамаға қатысады. Жиналған материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жөнелтілмек.
Ал, департамент мамандары қорытынды деректер бойынша тексеру амалдарын жүргізіп, жемқорлық фактісі анықталған жағдайда университет әкімшілігіне нәтижесін жолдайды. Болат Бұхарбай өңірлерді аралау барысында студенттерге көрсетілетін қысымның бар екенін жасырмады.
– Акция өткізу кезінде кедергі болған үлкен мәселе – студенттерге жасалатын қысым. Біз сауалнама алатын оқу орындары комиссия мүшелерін алдын ала дайындаған студенттерге кіргізеді. Бірақ университет қызметкерлерін аудиториядан шығарып, өзіміздің мақсатымыз бен осы сауалнаманың маңызын айтамыз. Бірінші кезең бойынша шыққан нәтиже Ақордаға «Қауіпсіздік кеңесіне» кірді. Сәйкесінше, министрліктерге тапсырмалар жүктеліп, шаралар қолданылды, – дейді ол.
«Сатып алу»
Ұстаздардың көңілінен шығып, емтиханнан «бес» алса, мәз болып, өзінен асқан бақытты жан жоқтай сезінетін де, дәрісін түгендеп, жыл бойы оқымаған сабақты бір аптада оқып, емтиханға сақадай сай тұратын да – студенттер. «Оқытушылардың қатал бола бастайтыны да нақ осы шақ» - дейді «Шымкент – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің төрағасы Ерасыл Төлебаев.
Оның айтпағы да «қаталдыққа» келіп тіреледі. «Таза сессия» республикалық акциясы аясында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде белігілі болғандай, жоғары оқу орындарындағы кейбір оқытушы-профессорлар сессияны «сабақты ине сәтімен» пайдаланатынға ұқсайды. «Сыйлыққа баға қою, диплом жазудың өз құны» бар екен.
– Мен «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүргенімде соңғы шәкіртақым 700 мың теңге болды. Жоғары оқу орнына жұмысқа орналасқанымда бірінші алған жалақым – 60 мың теңге. Айлық табысымды азсынып студенттерге қиянат жасамадым. Қосымша жұмыстар қарастырып, бос уақытта 2-3 жұмыс істейтінмін. Енді Үкімет оқытушылардың жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды емес пе? Бұл қордаланған мәселе де алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз.
Бірақ кейде оқытушылардың сыйлық немесе ақша алғанын естігенде қынжыламыз. Тұрмыстық жемқорлықты жоймай, білім саласы мен сапасы дамымайды. Мұндай акцияларды күтпей-ақ сенім жәшіктері мен университет ректорларына тікелей орын алған жағдай болса, арыздануына болады. Бізді әлеуметтік желілер арқылы іздеп, арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жолдаса қуанамыз, – дейді Е.Төлебаев.
Түйін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.
Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз» деген болатын. Ендеше терең тарихтан жарқын болашаққа ұмытылуды мақсат еткен мәңгілік елдің ұрпақтарының білікті маман болып қалыптасуы университет басшыларының жіті бақылауында болуы тиіс.
ФОТО: Серік ҚОСАЕВ
136 баланы асырап алған
Пятница, 06 Декабрь 2019 05:50Жыл басынан бері үшінші мегаполисте 57 563 азаматтық хал актісі тіркелген. Өткен жылдың 11 айлық көрсеткішімен салыстырғанда, АХАТ бөлімінің қызметіне жүгінгендер едәуір артқан. Тиісінше, неке бұзуға өтініш қалдырғандардың қатары жыл санап өсіп отыр.
Жайдарманшылар әкім кубогін сарапқа салды
Среда, 04 Декабрь 2019 09:41Үшінші мегаполистің жайдарманшылары маусымдық ойынды аяқтап, жылдың үздік командалары анықталды. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған жарыста жастар қала әкімінің кубогі үшін сайысты.
Ізгілікте жарысқан жастар
Среда, 04 Декабрь 2019 04:41Игі істің иелері қаламызда жетерлік. «ASAA» жастар бірлестігінің еріктілері «Жеңіс» жобасы аясында қайырымдылық жұмыстарымен айналысып жүр. Дәлірегі, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құрметтеп, қолғабыс жасауда.
Табысым 101 мың теңге болғанда...
Среда, 27 Ноябрь 2019 03:58Үшінші мегаполисте жұмысшы жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтерге құжаттар қабылдау қызу жүруде. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы орналасқан ғимаратқа ат басын бұрып, баспанадан үмітті жастардың жағдайымен танысып қайттық. Бірі қолына құжатын, енді бірі баласын арқалап келген жастардың қарасы қалың. Ұзын-сонар кезекте тұрған қыз-жігіттердің бар ойы – баспаналы болу.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтініш беруге келген жастың бірі – Ақбота Үсембекқызы. Жасы 28-де. Шаңырақ көтергендеріне үш жыл болыпты. Әзірге екі жасар қызы бар. Жолдасы жалдамалы жұмысшы болып нәпақа айырса, өзі тігін шеберханасында пішуші екен.
– Жастар жылында жұмысшы жастарға баспана беріледі дегенді естіп, қуанған отбасының бірі едік. Кейін шарттарымен таныса келе аздап күдерімізді үзгендей болдық. Бірақ, нар тәуекел деп, тиісті құжаттарды жинап, өтініш беруге келдік. Менің айлығым – 80 мың теңге. Қолыма тиетіні 60 мың. Ал жолдасым 80-90 мың теңге көлемінде табыс табады. Пәтер жалдап тұрамыз. Қазір 2 бөлмелі пәтерге 40-50 мың теңге төлейміз. Коммуналды шығындар мен азық-түлік бар, қызымыздың балабақшасына, киім-кешегіне айлықтан-айлыққа амалдап жетеміз.
Той-томалақ болса, қарызданып қалатын кездер болады. Егер айлығым 101 мың теңге болса, үйдің бастапқы сомасын амалдап жинар едік. Біз, тіпті, үй кезегіне тұра алмайды екенбіз. Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алып көрмеппін. Өз күшімізбен оқыдық, үйлендік, жұмысқа тұрдық. Баспана алуға келгенде мемлекеттен қолдау болса деген тілегім бар. Осы 904 пәтердің біріне қолымыз жетсе, қанекей?! Әттең ондай мүмкіндіктен қағылып отырмыз, - дейді жас.
Ақботадай іштей қынжылған жастың санында есеп жоқ шығар, сірә?! Шымкент қалалық статистика департаментінің 2019 жылғы III тоқсанында жариялаған мәліметтеріне сәйкес, орташа айлық жалақы бағалау бойынша 141 007 теңгені құраған. Бұл – еңбек нарығындағы жұмыс күші (15 және одан жоғары жастағы экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар) 430,7 мың адамға шаққандағы орташа көрсеткіш. Оның ішінде 282,7 мың адам жалдамалы қызметкер екен.
Осы ретте 101 мың теңге көлемінде табыс табатын жастардың үлес салмағы қанша деген сауал алдыңыздан кесе көлденең шығуы да орынды. Бұл сұрақты жуырда брифинг барысында қалалық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Қалтаев мырзаға қойған болатынбыз. Ал қалалық статистика департаментінің жауапты мамандарынан хабарласып білмек болғанымызда ешбірі дөп басып айтып бере алмады. Бір білетініміз, шамамен 5-6 мың жас аталған байқауға қатысады деп күтілуде.
Егер бес күнге жалғасатын байқаудың бастапқы сағаттарының өзінде жүздеген адам келсе, онда өтінім беруші жастардың қатары алғашқы күтілген саннан әлдеқайда көп болуы да ықтимал. Бірақ, бәрінің табысы жете ме деген сұрақ жауапсыз қала бермек.
Құжатын өткізуге келгендерге қарағанда баспанадан үміттілер көп дерсіз. ХҚКО-ның біріне бас сұғып, бір жапырақ анықтама алмақ болып едік. Ол жақта да сол баяғы ұзын-сонар кезек. Сағаттап сабылып жүріп, құжаттарын өткізгендері үлкен үмітпен қайтып жатты. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының есепке алу және тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдызай Ордабекованың сөзінше, құжаттарды қабылдау таңғы сағат 9-да басталған.
– Бұған дейін де хабарлағанымыздай, қойылатын талаптарға сай үй алуға үміткер жас екі жыл міндетті түрде Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы керек. Дәл осы уақыт аралығында иелігінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Айлық жалақысы соңғы алты айға 40 АЕК кем болмауы керек, ол дегеніңіз – 101 мың теңгеден төмен емес деген сөз. Егер жас отбасы ретінде өтінім қалдырса, ерлі-зайыптының екеуі де 29 жасқа толмаған болса, айлық табысы қоса есептеледі.
Өтінім берушінің депозиттік шотының болуы да назарға алынады. Екі-үш сағаттың өзінде талаптарға сай келетін, құжаттары толық 50-ге жуық жастың өтінімін қабылдап үлгердік. Келіп жатқан жастардың көбі дерлік депозиттік шот пен айлық алып жүрген жеке шотын шатастырып алып жатыр. Мамандар әр аудан бойынша құжаттар қабылдауда.
Ал ай сайынғы пәтерақыны комиссия мүшелері енді бекітеді. Комиссия құрамына өзгерістер енгізіліп жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, қатысушы жастардың арасында Тұрын үй жинақ банкінде шот аштырмағандарына арнайы банк консультанттарын алдырттық. Осында отырып-ақ шот аштырып, төлем жасауына болады. Құжат тапсырудың соңғы күні – 29 қараша, - деді Ж.Сәрсенбекқызы.
Үйлі болуға асыққан жастарды әңгімеге тартқанымызда аңғарғанымыз, әлі де жүйеміз қағазбастылықтан арылмай келеміз. Құжат түгендеудің өзінде талаптар қатал. Бір есіктен екіншісіне жетудің өзі мұң. Жұмысынан сұранып келгендерін ескеру де керек сияқты. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Елімізде жұмысшы жастарға үлестірілетін пәтерлердің құжаттарын бірінші болып қабылдауды бастаған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының жастары барлық құжатты онлайн режимде өткізгенін сұрап білдік. Бұған жету үшін бізге де біраз жыл керек шығар деген ойға келдік.
Ал қалалық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Төлембекұлының айтуынша, жалдамалы баспана конкурсының жеңімпаздары балдық жүйемен анықталады. Ол ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы №318 бұйрығына сәйкес жүргізілмек.
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен нарықта сұранысқа ие 100 (жүз) кәсіп тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге 10 балл есептеледі.
Отбасылы болған жағдайда - 5 балл, некеде тіркелген әр жылы үшін 2 балл беріледі. Балалары болған жағдайда біріншісіне - 1, кейінгі әр бала үшін 2 балдан жазылады. Сол сияқты жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл – 5 балл, әр жыл үшін 1 балдан есептеледі.
Өтінім берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда еншісіне 2 балл қосылады. Осылай талаптарға толық сәйкес келетіндерді балдық жүйемен комиссия мүшелері 15 күн ішінде анықтайды. Одан соң 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады, - деді Ж.Қалтаев.
Түйін.
Елімізде баспананың қолжетімді болуына арналған мемлекеттік бағдарламалардың түр-түрі бар. Бірақ тәуелсіздік алғалы бері пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүретін отбасылардың қатары көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Жастар жылында жұмыс істейтін жастар қолдау тауып, баспаналы болып жатса, қуанар едік. Бірақ берілетін үйлер жалдамалы екені ойландырады.
Бес жылдан кейін одан да көшуге тура келеді. Осы уақыт аралығында уәкілетті орган тарапынан қадағаланып, сол жұмысшы жастар баспана алуға қажетті бастапқы жарнаны жинап үлгерсе, үлкен көмек болмақ. Әрине, жақсыдан үміттеніп, бір қуанышты хабардың боларынан күдерімізді үзбегеніміз абзал.