Желіден тапқан миллиондар...
Пятница, 22 Ноябрь 2019 06:01Сапар – кәсібін интернетпен байланыстырған жас. Дәлірегі, маркетолог. «Promotion marketing agency» ЖШС-нің негізін қалаушы кәсіпкердің қарамағында өзі секілді еңбекқор 10 жұмысшысы бар. Бүгінде ірі компаниялар мен кәсіпкерлерге әлеуметтік желі арқылы өнімдерін сатуға көмектесіп жүр. Қолынан іс келетін адамға бизнес ашып бере алады. Бізді қызықтырғаны оның бизнесі емес, білімі еді. Өйткені, Сапардың жоғарғы білімі туралы дипломы жоқ. Есесіне, 21 жасында миллионер атанды.
Жұмысқа тұруға асықтым
Шымкенттегі колледждердің бірінде ақпараттық технологиялар мамандығын тәмамдаған Сапар Әбдірахманның еңбек жолы өзге қатарластарына қарағанда ертерек басталған. Бір өкініштісі, үш жылдық арнаулы білімімен жұмысқа орналасу мүмкін болмапты. Содан ол арман қуып елордаға аттанады. Алайда тәтті қиялы іске аса қоймаған көрінеді. Құрылыстан бір-ақ шыққан жас шаштараз, даяшы, асаба, әнші болып күнелтуге тура келген сәтсіздікке толы кездерін қазір жымиып еске алады.
– Білім алып жүрген жылдары көздегенім тек қызыл диплом болатын. Сондағы бар ойым ата-анамды үздік бағаға бітіріп қуантамын деп түсініппін. Жетісайдан бала арманымен келген Сапардың шырайлы шаһардағы студенттік жылдары зымырап өте шыққанын да байқамай қалдым. Бәрінен де жұмысқа орналасу қиынның қиыны болды. Жарты жылдай екі қолға бір күрек таппай, сандалып жүріп алдым. Ақыры бір мәнісі болмаған соң, тәуекелге бел буып еліміздің бас қаласына аттандым.
Онда ағам жұмыс істейтін. Көптің қатарында бөліп-жармай реті келген жұмысты істеуге тура келді. Ағам темір жол саласында бір бос жұмыс орынның барын айтты. Оқыған мамандығым бойынша жұмыс істеймін-ау деген іштей қуаныш сезілді. Бірақ ол қуанышым көпке ұзамады. Аты дардай компанияның іші толған орыс тілді кадрлар жиналған. Бес ай әрең шыдадым, – дейді Сапар Мұқтарұлы.
Жоғары оқу орнына түсуге емес, Сапар жұмысқа орналасуға асыққанын айтады. Сөйтіп жүргенде кәсіпкер ағаларынан ұсыныс түсіп, тауарын сатып көзге түседі. Бір айда тапқан табысы да көңілге демеу болыпты. Сонда жеке кәсібін бастауға ниеттенген. Алматыда интернет маркетинг бойынша сабақ алып, осында жүріп алғашқы миллионын тапқан. Бір жылдан бері еліміздің үшінші мегаполисінде қазақша интернет жарнамасымен айналысады.
– Барды бағаламаймыз. Қазір мүмкіндіктер дәуірі. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы пайда табуға болады. Инстаграмнан тапқан табысыммен он отбасыны асырап отырмын. Тиыннан теңге құрап жүріп, үйлендім. Ұлым бар. Жалқаулыққа салынған жастардың емес, үнемі ізденісте жүретін жандардың қатарынан табылғым келетін.
Армандар алдамайды. Мақсатымның орындалып жатқанына қуанамын. Бастысы дүниенің соңына түскен жоқпын деп түсінемін. Замандастарыма ақыл-кеңесімді айтып жүремін. Тіпті, табысқа жету жолындағы өзімнің жеке семинар-тренингтерімді өткіздім. Бас-аяғы 5000-ға жуық адам қатысыпты. Бұл да бір жетістік деп білемін, – дейді маркетолог.
Арманым – инвестор атану
«Алма піс, аузыма түс» демей-ақ қолдағы бар мүміндікті жарата білген Сапардың алға қойған мақсаттары айқын, жоспары нық. Бір қызығы ол әр салада өз мүмкіндіктерін сынамақ. Жарнамамен тағы екі жыл айналысса, келесі үш жылда IT-маманы ретінде танылмақ. «Оған колледжде алған білімім жеткілікті» дейді. Ал, ең үлкен арманы – инвестор атану.
– Талапшыл басшымын деп айта аламын. Әріптестерім әр үш ай сайын жаңарып отырады. Оның өзіндік сыры бар. Бір орында тұрақтап қалуға болмайды. Онда өсу байқалмайды. Үнемі адам өз-өзін жетілдіріп отыруы керек. Спортпен күнделікті шұғылдану қажет. Әлемге әйгілі бизнесмендердің өмірлік ұстанымдарына зер саламын.
Ұқсамасақ та, тырысып бағамын. Нәтижесін уақыты келгенде көреміз. Қазір тұтынушылардың қазақ тілге деген сұранысын арттыру үшін мейілінше жарнаманы қазақша береміз. 20 компаниямен серіктеспіз. Қаланың дамуы экономикаға оң әсерін тигізсе, жастардың ой-өрісі, танымының дамуы халықтың әл ауқатын арттыруға әкеледі.
Жаппай кәсіп ашып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, әрине. Заманның сұранысына сай, бәсекеге қабілетті болу керек деп ойлаймын. Сонда ғана дамыған елдердің қатарына енеміз. IT саласы арқылы сервистік қызметтердің сапасын арттыруды басты назарға алып отырмыз. Тауарды сіз іздеп бармайсыз, олар сізді іздеп үйіңізге келетін жобалар жасаймыз,– дейді ол.
ТҮЙІН.
Халықаралық сарапшылардың болжамдарына сәйкес, 2023 жылға қарай электрондық коммерцияның әлемдік нарығы 2,8 трлн АҚШ долларына дейін жетеді-мыс. Ал еліміз цифрлық жүйеге толық көшті деуге әлі ерте. Бір ғана тамақтану орындарына тоқталсақ. Шымкентте 1500-ден астам мейрамхана болса, соның тек 20 пайызында ғана онлайн төлем жүйесі бар. Ал базарлар мен сауда орындарындағы сатушылардың тек қолма-қол есеп айырысатыны айтпаса да түсінікті жағдай. Ал Сапар секілді жастардың кәсіпкерлерге цифрлық сауатты үйретуі ішкі әрі отандық өнімнің нарыққа енуіне үлкен септігін тигізері анық. Жастар жылы бізге не берді деп емес, біз Жастар жылында не тындырдық дейтін Сапардай алғыр өрім жігіттер ел үшін қызмет істеуден жалықпаса... Ал ол санаға сілкініс алып келетіні сөзсіз.
ФОТО: Береке СЕЙІТЖАППАР
Көшелерге – жаңа атау
Среда, 20 Ноябрь 2019 03:40Биыл миллионды қаладағы 24 шағынаудан мен 361 көшеге жаңа атау беріледі. Оның ішінде мегаполиске бес жыл бұрын қосылған елдімекендердің көшелері қайта аталмақ.
Жуырда қалалық мәслихат депутаттары тұрақты комиссиясының көпшілік тыңдауында қаладағы шағынаудандар мен көшелерге атау беру және қайта атау мәселесі қараған болатын. Көпшілік тыңдауда туындаған сауалдарға Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Сәкен Әбдіжаппар баспасөз брифингінде жауап берді.
С.Сәкенұлының айтуынша, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысының нормаларына сәйкес Шымкент қалалық мәслихаты тарапынан өткізілген көпшілік тыңдауға 24 шағын-аудан және 361 көшеге атау беру, қайта атау бойынша ұсыныс енгізілген. Оның ішінде 305 атауы жоқ, 28 атауы қайталанатын, моральдық тұрғыдан ескірген 28 көше бар.
Қала аумағына кейіннен қосылған 40 елдімекенде атауы бірдей Ә.Молдағулова, М.Мәметова, А.Құнанбаев, Ю.Гагарин көшелері анықталған. Халық қалаулыларының жалпы тыңдалымында аталған көшелерге қайта атау беру мәселесіне қатысты ұсыныстар қаралған. Мысалы, Абай ауданына қарасты Игілік тұрғын алабындағы Ю.Гагарин көшесін – Айсакөл, ал Еңбекші ауданы Жұлдыз тұрғын алабындағы Ю.Гагарин көшесін – Асубұлақ деп өзгерту енгізуді ұсынған.
Сондай-ақ, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары әкімдіктері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көше тұрғындарымен келісіліп, хаттамасы түзілгенін айтады. Ал былтыр 280 көшеге қайта атау берілген. Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында барлығы 97 шағынаудан, 2129 көше бар.
Жастарға – 904 пәтер
Среда, 20 Ноябрь 2019 03:31Жұмысшы жастарға берілетін жалдамалы пәтерлерге өтінімдер қабылдау конкурсы басталды. Нақтырақ айтсақ, қаладағы жұмыс істейтін, 29 жасқа дейінгі жастар жыл соңына дейін 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерге ие болады.
Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ж. Қалтаев пен Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Әбдінұров сатып алу құқығынсыз берілетін баспанаға кімдер қатыса алатыны туралы баяндады.
Жалдамалы пәтерлер ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасында белгіленген талаптарға сәйкес жұмыс істейтін жастарға 5 жыл мерзімге жалға беріледі.
Ж.Төлембекұлының айтуынша, соңғы екі жылда қалада тіркеуде тұратын, осы уақыт ішінде тұрғын үйге меншік иесі болып табылмайтын, ай сайынғы табысы 40 АЕК (101 мың теңге ) кем емес, банкте жинақ (депозиттік) шоты бар, 29 жасқа дейінгі және отбасылы жастар аталған жалдамалы пәтерлер байқауына қатыса алады.
Үшінші мегаполисте жалпы 904 пәтер беріледі деп жоспарланған. Оның 304-і жаңадан тұрғызылса, қалғаны нарықтағы үйлерден үлестіріледі. Осы мақсатқа 6,5 млрд теңге қаржы бөлініпті. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайлар 2021 жылды қоса алғанда 3 жыл бойы беріледі. Ай сайын төленетін пәтерақы 10-12 мың теңге көлемінде болмақ.
Сала мамандарының болжамына қарағанда аталған байқаудың ауқымы кең. Кемі 5000-6000 жас қатысады деп күтілуде. Бүгінде үй кезегінде тұрған жастар саны 10 мыңға жуық.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, жұмысшы жастарды қолдау мақсатында берілетін баспаналарға өтінімдер 25-29 қараша күндері қабылданады. Егер байқауға қатысушы жастың құжаты қате болған жағдайда қосымша бір жұмыс күні беріледі, дейді спикер.
Тиісті құжаттар тізімін shymkent.gov.kz сайтынан көруге болады. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды Республика даңғылы, 12а ғимаратының бірінші қабаттында орналасқан Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына өткізу қажет.
Қосымша ақпарат үшін телефон: 24-74-85.
Бие сүтінен балмұздақ жасады
Пятница, 15 Ноябрь 2019 03:49Ш ымкенттік өнертапқыштар бие сүтінен үш түрлі балмұздақ жасады. 40-тан астам белсенді биологиялық компоненттері бар саумалдан жасалған балмұздақтың бір ерекшелігі қант диабетіне шалдыққандар да аталған тәтті өнімді алаңсыз жей алады екен. Жаңа өнімнің жаңалығы да тап осы калориясының төмен болуында.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Гаухар Шалабайдың жетекшілігімен аталған мектептің 11-сынып оқушылары Аружан Ендібаева мен Әлия Елшібай. балмұздақтың үй жағдайында жасалу технологиясын көрсетіп, пайдалы тұстарын айтып өтті.
Өнертапқыштардың айтуынша, бие сүті және табиғи таза өнімдерден әзірленген балмұздақтың калориясы кәдімгі тәттілерге қарағанда 2-3 есе төмен. Аталған өнімнің тағы бір пайдалы тұсы баланың иммунитетін көтеруге болады екен.
Ізденімпаз оқушылар шоколад қосылған, С дәрумені бар және апельсин дәмді балмұздақтарды сынамадан өткізіп көрген. Олар өз өнімдеріне «Kazakh ice» деп атау берген. Тіпті, ою-өрнекпен арнайы қаптамасы да жасалған.
Бүгінде жас өнертапқыштар жаңа өнімді нарыққа енгізуге әрекет жасап жатқанын айтады.
Коллекциясында 500-ден аса кілем мен алашасы бар
Среда, 13 Ноябрь 2019 03:54Миллионды қаладан сан түрлі кәсіп иесін, елден ерекшеленген кейіпкерлерді де жиі кездестіріп жатамыз. Бұл жолы қазақтың тоқылған кілемдерін жинаушы әрі насихаттаушысы Дана Бектаева турасында әңгімелекпіз. Сұхбат барысында коллекционер он жыл бойы 500-ден астам кілем мен алашаға қалай қол жеткізгенін айтып берді.
Бала жастан есепке жүйрік болып, геометриялық кескіндерге ерекше көңіл бөлген Дана Ерікқызы мектеп жылдарындағы әр жазғы демалысын ата-әжесінің ауылында өткізген екен. Онда уақытын пайдалы іске жұмсапты. Үйренгенінің бірі – кілем тоқу. Қызығушылықтан туындаған ықыласы қолөнерге ауып, өсе келе өмірі өнермен өріліпті.
– Қазір жасым қырықтан асты. Үш перзентім бар. Тұңғышым тұрмыс құрып, немеремді бауырыма басып әже атандым. Мектеп оқып жүрген шағымда әжем кілем тоқуды үйреткен. Кейін ұмыт болып кетті. Ата-анамның қалауымен медицина саласына оқуға түстім. Соғыс майдангері атам да дәрігер болған. Соңғы он жылдан бері өнерге бет бұрдым. Бастапқыда балаларға арнап ертегі жазатынмын.
Ол ресейлік сайттарда жарияланып, ағылшын және француз тілдеріне аударылды. Кейін келе қазақтың қыз-келіншектері мен асыл аналарымыз тоқыған қолөнер бұйымдарын зерттеуге көштім. Бұл бір жан рахаты. Әр кілем қайталанбас әсер сыйлайды. Тарихтан сыр шертеді. Кейбірінің жыртылған жері бар. Кілемдер сол жыртығымен бағалы, – дейді Д.Бектаева.
Ұлттық дүниелерге әуес Дана құнды кілемдерді еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын мемлекеттерден жинағанын айтады. Денін Сыр өңірінен тапқан. Қызылорда облысында қазақы кілемдер көптеп сақталған көрінеді. Ал алашаларды негізінен Ақтөбе өңірінен алған. Кілем беттеріндегі сан алуан өрнектің тілі тым күрделі көрінеді.
Дегенмен ол әр сызықтың, түр-түсінің айтар ойын жақсы ұғынады. Кілемдерге салынған ою-өрнектерді дамыған технологияның өзі тоқи алмайды. Ал сол жазу, сызу жоқ кездің өзінде бір сызықтың бойына өрнектердің тінін тайдырмай сала білген апа-әжелеріміздің шеберлігіне таңдай қақпасқа болмайды.
– Үйімде жинаған коллекциямның бір бөлігі тұр. Шамамен жүзден асады. Ал қалған кілемдерді қоймаға сақтадым. Арасында 19-ғасырға тиесілісі де бар.
Арнайы альбом жасап, барлық кілемдердің фотосуреттерін салдым. Кілемдердің барлығы нөмірленген. Қайдан алынғаны және атауы көрсетілген. Бірақ көп қолөнер бұйымдарындағы бейнелер толық зерттелмеген. Соңғы уақытта тарихшылардың айтқандары мен ғылыми зерттеу жұмыстарын салыстыра келе кейбір бейнелерге анықтамалар жазып жүрмін. Оны әлеуметтік желілердегі парақшамнан оқуға болады. Кілем іздеп, алыс-жақын елдерге саяхат жасап та қайттым.
Ирандағы кілем музейінен ерекше әсер алғаным бар. 14 мың экспонат жасақталған. Онда қазақ кілемдерінің бұрышын кездестіруге болады. Жылға жуықтады арнайы мұражай ашып, өзім жинаған ата-бабадан мұраға қалған дүниелерді өткізсем деп шыр-пыр болып жүрмін. Бұл ұсынысымды хат түрінде Мемлекет басшысына жолдаған болатынмын. Бірақ әлі жауап алмадым, – дейді коллекционер.
Ал Ғ. Иляев көшесінде орналасқан №40 көпқабатты үйдің тұрғындары Дана Ерікқызын ерекше құрметтейді. Ол ата-анасынан мирас болып қалған пәтерге қайта қоныс аударғалы ауласын абаттандыруды қолға алған. Өнерлі жан аулаға гүлдер отырғызып, қазақи бұрыш жасаған. Тіпті, кіреберіске мүсін де орнатқан. Коллекционердің сөзінше, бұл – «Перизат ана». Әлемді жамандық атаулыдан қорғайтын ана деп біледі.
– Бірінші гүл егіп, ауланы тазарттым. Кейін ою-өрнектермен безендірдім. Мұндағы суреттер қорған болсын деген мақсатта салынған. Тап осындай суреттерді бұрынғы киіз үйдегі кілем-алашалардан көруге болатын. «Жайсаң төсеніш, ілсең үйге сән береді» деп қарайтын әжелеріміздің қатары азайды.
Кілем тұтынатын отбасылар сирей бастады. Тіпті, қайсыбір шақтарда оны бір-біріне сыйға апаратын. Себебі, сыйдың төресі саналды. Қазіргі күні көбіне жұрт оны тек қыздың жасауына қосатын болды. Бәрін айт та бірін айт. Осылай жасап жүріп, сөз де естігенім бар. Жақында бірінші қабаттағы көршіміз үйін сатуға бекіді.
Пәтерді көруге келген азамат менің жұмысымды қоқысқа балапты. Кім болды екен деп сұрап, мемлекеттік қызметте істейтінін білдім. Қазақы болмысымызды қоқысқа теңеп, танып біліп алмай жатып, маған тіл тигізгені қатты көңіліме батты. Жұрттың еңбегін бағаламайтын адамдарға қарап қарным ашады, – дейді ол.
Дана Бектаеваның айтуынша, ұлттық құндылығымызға бізден гөрі шетелдіктер көп қызығады. Туыс халықтардың тыныс-тіршілігіне зер салып көрелікші. Түркімен кілемінің атағы талай жерді шарлады. Алғаш 1869 жылы түркімен шеберлерінің жәдігері Санкт-Петербургтегі көрмеде бәйге алыпты. Содан бері Еуропа жұртшылығы олардың осы бір құнды дүниесіне жоғары баға береді.
Деректерге сүйенсек, Иран мемлекеті соңғы 8 жылда бір ғана кілем саудасынан 17 млрд доллар көлемінде табыс табады. Оны америкалықтар, жапондар, ресейліктер белсенді түрде сатып алады екен. Ирандықтар алдағы уақытта бұл саудадан түсетін табыс еселене береді дейді. Қолөнер шеберлерінің саудасын қыздырып жүр. Шет елдіктер бағасына қарамай сатып алады. Өзіміз ше? Төл дүниемізді қаншалықты бағалап жүрміз.
Дана Ерікқызы нарықтағы қазақ кілемдерінің бағасы төмен екенін де жасырмады. Оның айтуынша, тоқылған кілемдер 2 мың АҚШ долларынан басталады. Ал ескілерінің құны арта түседі. Мысалы, 15-20 жыл бұрын тоқылған кілемдерді 30- 40 мың долларға алуға болады.
Коллекционер қазір кілем тоқуда бұрынғы заңдылықтар сақталынбайтынын айтады. Мысалы, суреттерді орналастыру, кескіндеуде көптеген айырмашылық бар екен. Бұл кілемнің бағасына да әсер етеді-мыс. Яғни, кілем алушы сапасын ғана бағалап қоймай, тіпті бейнесіне де назар аударатын көрінеді.
– Басты мақсатым – қазақтың өнері, қазақ аналарының жанын салып тоқыған еңбегі кілеммен бірге өшпесе, өлмесе деймін. Бірақ жалғыздың үні шықпас. Менің үніме құлақ түріп, басшылар мен ел ағалары қолдау көрсетіп, музей ашып сонда жинақтасақ нұр үстіне нұр болушы еді. Барлығын сатып жіберуге де болады. Бірақ бұл тарих қой.
Сонау бағзы замандарда намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, түкті кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем деп сан тарауға бөлінгенін біреу білсе, біреу білмейді. Бүгінде біз түкті және тақыр кілем деп екі-ақ түрі бар деп жүрміз. Ою-өрнекті әсем кілемдеріміз наурыз мейрамында киіз үй жабдығында ғана пайдаланылатын экспонатқа айналып бара жатқаны өкінішті,– дейді Д.Ерікқызы.
P.S
Отандық өнімді насихаттауға үгіттеп, қолдауға шақырған басшылар қазақтың ұлттық құндылықтарына келгенде үнсіз қалатыны несі?! Сан ғасырлар сорабынан сыр шертетін тарихи дүниелердің бары үлкен қуаныш емес пе?! Ал кілем музейін ашу бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе екені түсінікті. Сондықтан да Дана Бектаеваның алдағы уақытта ұлтымыз, ұрпағымыз үшін маңызы бар жобаның жерде қалмайтынына сенімі бар. Оны сақтау, келер ұрпаққа жеткізу үшін аманатқа қиянат жасалмаса, қаншама еңбекпен жиналған дүние далада қалмаса екен деген тілегі бар. Заманның брендімен өмір сүріп жүрген жандар шетелдің дүниесін тықпалап әлек. Ал, олар кейінгі өскелең ұрпаққа не береді? Сол жағын ойлап көрдік пе екен...
Фото авторы
Серік ҚОСАЕВ
Жаны ашымастың басы ауырмас...
Среда, 13 Ноябрь 2019 03:50Жуырда Шымкент қалалық сотында «Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері» тақырыбында аймақтық конференция өтті.
Алқалы жиынға елордадан ат терлетіп жеткен Жоғарғы Соттың жанындағы Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.Қарағойшина баяндама оқып жатып, «қазаққа қазақ аударма жасайтын сорақы жағдайға жеттік» деп қалды. Сөзін жалғаған спикердің көрсеткіштерін естігінде шынында жағамызды ұстадық. Елімізде 9 айда қаралған сот отырыстарында 2,5 млн-ға жуық істің, тек 120 мыңы немесе 5 пайызы ғана қазақ тілінде жүргізілген екен. Бұл қалай болғаны?
Ал, апелляциялық шағымдар бойынша 62 997 іс қаралса, оның тек 12 пайызы ғана қазақ тілінде өткен. Мұндағы азаматтық істердің көрсеткіші 4-9 пайыз болса, қылмыстық істер 32-34 пайыз шамасында. Құзырлы органдардың үш тармағының бірі – сот билігі қазақ тілінде сөйлеуде әлі де әлсіздік танытып келеді дегенге осы бір көрсеткіштер жеткілікті шығар.
Әсіресе, ісқағаздарды мемлекеттік тілге көшіру ахуалы аудармашылардың ығында қалып отыр. Шымкент қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы Ербол Жанғазиннің келтірген деректеріне сүйенсек, соңғы 10 айда өткен 990 сот отырысында тараптар аудармашылардың көмегіне жүгінген. Бүгінде «Талап арыз қай тілде түссе, сол тілде іс жүргізіледі» деген қысыр сөз біздің соттардың ұранына айналғандай.
Алқалы жиында сөз алған баяндамашылар мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілінен айналып өтуге тырысатынын жасырмады.
Ата заң не дейді? «Конституцияның 7-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі деп танылса да, осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»,-деп көрсетілген. 1998 жылы қабылданған ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 30-бабына, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабына сәйкес елімізде қылмыстық және азаматтық сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Егер заңның мәтініне зер салсақ, мемлекетімізде сот ісі қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Мемлекеттік тілмен бірге орыс, басқа да тілдер қолданылуы мүмкін. Онда да қажет болған жағдайда ғана. Сондықтан, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу және қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдану түсініктерін теңестіріп қарауға болмайды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ», - деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының бұл сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай.
Сонда төрелігін айтатын соттардың өзі тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі саналатын ана тілге деген құрметі осы болды ма?! Заң қағидасына сүйене отырып, мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа ұйымдар мен кәсіпорындардан талап арыздарды сотқа мемлекеттік тілде тапсыруды сұрайтын уақыт жеткен сияқты. Қазақтың қазаққа аударма жасағаны жәй ғана сорақылық емес, ұлтқа төнген қасірет деп білуіміз керек.
Тіл шеберлері анықталды
Пятница, 08 Ноябрь 2019 06:08Үш тілді жетік меңгерген жастар үшінші мегаполисте бас қосты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тіл шеберлері «Тілдарын» республикалық олимпиадасында өзара мықтыны анықтады. Сайыста 14 жас өреннің тәжірибелері ортаға салынып, білімдері сыналды.
Тойхана емес, мектеп салса...
Среда, 30 Октябрь 2019 04:55Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ж. Тәжиева қаладағы кәсіпкерлер мен инвесторларды жекеменшік мектеп салуға шақырды. Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында Жанат Арысбекқызы бизнесмендер нысаналы мақсатын өзгерту арқылы кәсібін жаңғыртуға болатынын мәлімдеді.