Шымкентте 154 270 оқушы жазғы демалыспен қамтылады
Жайма-шуақ жаз мезгілі балалардың демалып қана қоймай, денсаулықтарын нығайтып, жаңа оқу жылын тың күшпен бастау үшін дайындалуға қолайлы уақыт. Әрбір бала жанға жайлы демалысты қызықты өткізуді армандайды. Осы орайда, балаларға жазғы қуаныш сыйлауды мақсат тұтқан қала мектептерінің жанынан ашылған жазғы лагерлер өз жұмыстарын бастап кетті.
Шымкент қаласы білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы жылы Шымкентте 154 270 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл көрсеткіш қаладағы мектеп оқушыларының 64,8 пайызын қамтиды. Оның ішінде 16 715 оқушы қала сыртындағы, 137 555-і мектеп жанындағы лагерлерде демалатын болады. Шымкент мектептерінің жазғы сауықтыру орталықтарындағы қазіргі жағдай қалай? Мән-жайды толық білу үшін қаладағы бірқатар балалар сауықтыру орталықтарын аралаған едік.
Оқушылар сарайындағы «Балдәурен» сауықтыру алаңында жаз бойы 100 балаға демалыс сыйлау көзделген. Балалар бұл алаңда таңертеңнен кешке дейін түрлі үйірмелерге қатысып, өзін дамытады, шығармашылығын шыңдайды әрі демалады.
–Балалар демалысын ұйымдастыру – үш маусымға бөлінген. Қазір бізде екінші маусым аяқталды. Әр маусым – сегіз күннен. Жұмысымыз таңғы тоғызда басталып, кешкі алтыға дейін жалғасады. Балалар үш мезгіл тамақтанады. Сегіз күнге арнайы бағдарлама бекітілген. Робототехника, қолөнер, вокал сияқты үйірмелеріміз жұмыс жасайды. Арнайы тынығу уақытымыз бар, ол уақытта балалар кино, мульфильмдер қарайды. Бассейн, төсек-орындармен қамтылған. Ата-аналарымыздың көңілінен шығып жатыр,–дейді директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Феруза Төрәліқызы.
Ал, педагог Дина Нұртайқызы жазғы уақытта балалармен жұмыс істеген ұнайтындығын алға тартты.
–Жаз уақытында «Балдәурен» сауықтыру алаңында жұмыс істеймін. Балалармен жұмыс жасағаныма 8 жылдай уақыт болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Осы жылы бізге басқа қалалардан, тіпті өзге республикадан келген балалар бар. Бір маусымда бес отряд болады. Әр отрядта 20 баладан. Әр күнге түрлі бағдарламалар белгіленген. Кеше мысалы «Су» күнін өткіздік. Оқушылардың көңілінен шығып жатыр,–дейді Д.Нұртайқызы.
Ал, испаниялық оқушы Егор Боковтың «Балдаурен» сауықтыру алаңындағы сабақтары көңілінен шығып, екінші маусымға да қатысып жүр екен.
–Мен Испаниядан ата-әжеме қонаққа келдім. Әжем мені қазақ балалармен аралассын, уақытын тиімді пайдалансын деп осында алып келді. Бұл жердегі сабақтар, мұғалімдер маған ұнайды. Біз мұнда уақытымызды көңілді өткіземіз. Суреттер салып, ойын ойнаймыз. Тәрбиешілер қызықты тапсырмалар береді. Шымкенттің адамдары көңілді және мейірімді. Мен үшінші маусымға да келемін,–дейді Е. Боков.
Маусымда – 125 бала
Ал, қалалық білім басқармасына қарасты № 75 мектеп-гимназия жанындағы «Балдәурен» тынығу лагерінде маусымдық демалыс соңына таяпты. Бір маусымды қамтыған демалысқа 125 бала келген. Мұнда балалар бес топқа бөлініп оқыған. Жазғы лагерге жетекшілік еткен Меруерт Шопаева әр топта 2 тәлімгер жұмыс жасағанын және демалыстың көңілді өткенін атап өтті. Оқушылар демалып қана қоймай, қаланың көрікті жерлеріне саяхат та жасапты. Мұны ұйымдастырған ұстаздары бекітілген бағдарлама бойынша жұмыс істегендігін айтады.
– «Балдәурен» тынығу лагері 5-23 маусым аралығында жұмыс істеді. Бес топ жинақталып, оқушылар жазғы уақытты тиімді өткізді деп ойлаймын. Ағылшын, өнер, музыка үйірмелері жұмыс істеді. Күн сайын спорттық жарыстар, эстафеталар өтіп отырды. Одан бөлек, танымдық мақсатта балалармен қаланың көрікті жерлеріне, тарихи орындарға саяхат ұйымдастырдық. Менің ойымша ата-анаға мектеп жанындағы жазғы лагерлер қолайлы. Себебі баласын алысқа жіберіп, уайымдамайды,–дейді педагог-ұйымдастырушы Айман Керімбайқызы.
Тәрбиеші мұғалімдер ұйымдастырған танымдық сабақтарға оқушылар қызығушылықпен келіп, көп нәрсе үйренгенін айтады. Балаларының мектеп жанындағы лагерге барып жүргені жас ана Айнұр Әлімқызының да көңілінен шыққан.
–Менің екі қызым мектеп жанындағы «Балдәурен» лагеріне барып жүр. Өзім көп балалы анамын. Оның үстіне күнде жұмыста болғандықтан жазғы демалыста балаларды үйде қалдыруға алаңдап жүргенмін. Мектептегі лагердің ашылғаны бізге ыңғайлы болды. Мұғалімдері де, тамақтандыруы да, барлығы көңілімнен шықты. Балаларыма да ұнады. Күнделікті ерте тұрып, өз қалауымен сабақтарға қатысып жүрді. Мұғалімдеріне үлкен рахмет айтамыз,– дейді А.Әлімқызы.
Айта кетейік, балаларды сауықтыру, жетілдіру, дамыту және бос уақытты тиімді өткізу мақсатында қала сыртындағы лагерлерде демалдыру үшін қала бюджетінен 308,5 млн. теңге қаралған. Оның ішінде, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген. Аталмыш қаржыға жалпы орта мектептерінен аз қамтылған 7 241 бала, балалар үйінен 121 және ерекше білім беру қажеттілігі бар 1 553 бала қала сыртындағы лагерлерге жолдама алды. Бұл көрсеткіш келесі жылы тағы да арта түспек. Себебі балаға салынған инвестиция, жарқын болашақтың кепілі екені сөзсіз.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА