Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен шаһар аумағындағы су қоймаларына LoRaWAN радимодем датчигі орнатылды. Құрылғы арнайы сәуле таратқышпен бірге қоймаға мониторинг жасап, ультрадыбыстық толқындардың көмегімен су деңгейінің өзгерісін қалт жібермей бақылап отырады.
– Арнайы құрылғы су тасқыны қаупінің алдын алуға, күнделікті су деңгейін анықтауға және болжам жасауға мүмкіндік береді. Бұл құрылғыларды орнату жұмысы «Цифрландыруды және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған» жол картасы негізінде жүзеге асырылды. Бүгінде датчиктер Бадам, Тоғыс су қоймаларында және Бадам өзеніне орнатылған, – деді төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев.
Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі таңда Шымкентте және қала аумағында су тасқынына қатысты жағдай бір қалыпты. Қала аумағындағы су қоймаларының толу деңгейі 15-42 пайызды құрайды.
Құтқарушылар төтенше жағдай орын алған жағдайда артық суды қабылдауға жеткілікті қор қарастырып отыр. Су тасқынының алдын алу үшін қалалық төтенше жағдай және полиция департаменті, Ұлттық ұлан мен коммуналды мекемелерден 700-ге жуық маман, 48 техника, 41 мотопомпа және 17 жүзу құралы, 19 мотор-сорғы әзірленді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен тұрғындарды қабылдауға 129 эвакуациялық пункт дайындалған.