Ақтаңдақтар ақталуы тиіс

Понедельник, 03 Октябрь 2022 05:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 342 раз

2021 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығына сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылған болатын.

 

Аталған жұмыс тобымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың мақсаты мен міндеттері талқыланып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі әділет, сот, прокуратура органдарының жабық және ашық қорлардағы құжаттарды екі бағытта талдау жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі - Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдардың, сондай-ақ осы идеялар үшін адамдардың саяси баяндамаларына қатысушылардың, қоғамдық және саяси ұйымдрдың, сондай-ақ қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың толық құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар дайындау бағыты. 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңында қуғын-сүргін құрбандары арасында елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы жолында күрескен азаматтар туралы мүлдем аталмаған. Қазақстанның мүддесі, бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қазақ ұлты ғана емес, осы күресте қолдарына қару алып, саяси-идеологиялық майданда шын жүректен қатысқан жүздеген, мыңдаған түрлі ұлт өкілдері репрессияға ұшырады. Бірақ олар туралы көп адам біле бермейді. Сондықтан олардың ерлігін жаңғырту, есімдерін Қазақстанда мәңгі қалдыру өте маңызды және қажет.
Қазіргі таңда, Түркістан облысы мемлекеттік архивінің қызметкерлерінен құралған жұмыс тобымен бекітілген нұсқаулыққа сәйкес, қылмыстық істерді зерделеу барысында жұмыс тобы анықтаған барлық тұлғалар 58, 59, 61, 62, 63, 159, 180, 69, 73, 79, 82, 95, 105-баптары бойынша сотталғандғы анықталды. Сонымен қатар, 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық Кодексінің 107, 108, 110, 111-баптары «ұрлық», «бұзақылық», «ұжымдастыруға қарсы үгіт», «пара алу», «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» т.б., және 1932 жылғы 7 тамыздағы «Мемлекеттік кәсіпорындарды, колхоздар мен кооперацияларды қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы» Заңының негізінде («Үш масақ туралы заң») жекелеген азаматтардың мәліметтері жинақталуда. Бұл заң «социалистік меншікті ұрлау» ұғымын «мемлекетке және халыққа қарсы қылмыс» ретінде енгізді.
Қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды зерттеу және анықтау жұмысы барысында қуғын-сүргінге ұшырағандар тізіміндегі кейбір есімдер нақты болмауы мүмкін, деректер толық емес, өйткені нашар оқылатын мәтіндер бар. Қуғын-сүргін жылдарындағы құжаттар латын әліпбиінде қолжазба әріптермен жазылғандықтан, мүлдем оқылмайтын құжаттар да кездесіп жатады. Алайда, қиындықтарға қарамастан, комиссия құрамына енген арабтанушы, дінтанушы мамандар көмегімен оқиға барысын жан-жақты ашуға барынша күш салынуда. Қорытындылай келе айтарымыз, қалай дегенмен де, қазақ тарихындағы бұл қасіретке бей-жай қарау, санамыздан өшіру елдігімізге сын емес пе?! Ащы тарихымызды білмеу — тәуелсіздік қадірін түсінбеумен пара-пар. Ендеше, ұрпақ санасына өткен дәуір тарихын жаңғырту, халық зиялыларын жадымыздан бір сәт те шығармау баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық парызымыз, қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымыздың алдындағы перзенттік борышымыз деп білейік!

Камшат Тасыбекова,
Түркістан облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары, Түркістан облысы
саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссияның бағыт жетекшісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.