Құрыштан құйған құдірет, қарттарым аман-сау жүрші Избранное

Среда, 05 Октябрь 2022 08:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1473 раз

1 қазан – халықаралық қарттар күні. Қазақстанда жыл сайын бұл күні қарияларға ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлесіне сай сый-құрмет көрсетіледі. Биыл да мерейлі мереке өз деңгейінде аталып өтті.

353

 

Қашан да үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі қазақ халқының ата-салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. «Әр азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекеттің емес, бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазақ. Расында да солай, ата-әжесі бар үйде береке мен молшылық бар. Ал ол кісілердің тәрбиесін, үлгі-өнегесін алып өскен бала тәрбиелі, дана болып өседі. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» дейді. Атасының қасында жүріп ескінің әңгімесін тыңдап, қамшы өрсе, бір бауын ұстап отырса, бойына қаншама рухани әрі дағдылық қасиеттерді сіңіреді. Сол сияқты әжесінің айтқан ертегі-әңгімелері арқылы жақсы мен жаманды, өтірік пен шындықты, ақ пен қараны ажыратуды үйренеді. Баламен отырып әңгілескеннің өзі тәрбиедегі ең маңызды құрал. Баланың айналасындағыларға деген сенімін оятады, тілін дамытады, тілі арқылы ой-өрісін, интеллектісін арттырады. Бастысы баланың қоршаған ортаға үйренісіп, жақсы қарым-қатынасқа түсу дағдысын қалыптастырады. Ата мен әженің «мектебінен» шыққан балалар өмірде рухани жағынан мықты болып келеді: жүрегі жұмсақ, қоршаған ортаға қамқор, мейірбан болып ержетеді.
Ежелден-ақ халқымызда қариялар зор құрметтелген. Өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген дана, елге айтары бар кісілер ақсақал деп қадір тұтатын болған. Олар ел ішілік, туысаралық, отбасылық дауларды, мәселелерді шешкен, ортақ байлам айтқан. Хандардың қасында да кеңесші қызметінде жастар емес, қариялар отырған. Дала соты да – осы қариялар. Балаларды кішкентайынан соған тәрбиелеген. «Үлкеннің жолын кеспе», «Үлкенге құрмет көрсет», «Үлкендердің сөзін бөлме» және т.б. тыйымдар көп. Ақсақал келсе, қолына суын құйып, сүлгісін әперіп, жұмсағанына барып, әркім қолдарынан келгенше қызмет еткен. Ал қарттарымыз да елге ақылын айтып, батасын беріп отырған. Қай істі бастасақ та қарттармен ақылдасып, олардың батасын алмай бастамаймыз. «Өркенің өссін!», «Өрісің кеңісін!», «Атадан озып туған ұл бол!», «Ниетіңе жет!», «Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол!». Осындай дұға-тілекті болғасын, оларды аузы дуалы кісілер деп ардақтаймыз.
Халқымызда әуелден-ақ даналықтың, сабырлылық пен дархандықтың белгісі деп қарттар саналған. С.Жиенбаев «Дария кеуде, тау мүсін, Құрыштан құйған құдірет» деп қарттардың жиынтық бейнесін жасайды. Шынында, қарттардың кеудесі тұнған дария-даналық, өздері таудай биік, құрыштай берік, сабырлы болып келеді. Дегенмен, қарттардың бәрі де бұл жиынтық бейнеге сай бола бермейді. Өмірдің заңдылығы да сол – барлық адам бірдей емес. Сондықтан болар, Б.Момышұлы қарт кісілерді төртке бөлген екен: шал, қария, ақсақал, абыз. Үй іші, ошақ қасынан шықпай, ел арасында өсек таситын қарт шал, өз отбасын дұрыс ұстай білген кісі қария, ауылындағы дау-дамайды шешіп, ауылдастарына өнеге көрсете білген қартты ақсақал, ал енді ел ішіне үлгі болып, ақылына тоқтата алар қартты абыз деп атаған екен.
Қазақта «Өсер елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» деген сөз де бар.
Қария – даналық көзі. Қарты бар ауылдың берекесі, бірлігі бар. Себебі, елдің ниеті, сөзі, ойы бір болу үшін, елді бастай білетін, елі қостай білетін қариялар дәйім керек. Ақылы дария қариялардың көкірегі толы өсиет болмақ. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмас. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халқым. Мен оған «Қарты бар елдің бақ-берекесі бар» деп қосар едім.

Шолпан Сейдирова,
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының
«№7 үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету
орталығы» КММ-нің №5 бөлімшесінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.