КӘСІПТІК МАМАНДАРДЫҢ ҰСТАХАНАСЫ

Среда, 09 Ноябрь 2022 05:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 501 раз

Кәсіптік мамандардың ұстаханасы атанған Шымкент қалалық индустриалды-техникалық колледжіне – 80 жыл. Оңтүстік өңірі үшін 45 мыңнан астам жұмысшы маманды даярлаған іргелі оқу орнының тарихы тереңде жатыр.

676

 

Оқу ордасы 1942 жылы №38 ФЗО ретінде құрылып, кеңестік тарихнамада атауы алтын әріптермен жазылып қалды. Шымкент қорғасын зауытының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан үшін маңызы өте зор болғанын бүкіл әлем біледі. Ал сол Ұлы Жеңіске үлес қосқан еңбекқор зауыт жұмысшылары кімдер еді? Олар осы индустриалды-техникалық колледждің ең алғашқы түлектері болатын. Міне, сондықтан адал еңбектен бастау алған оқу ордасының бай тарихы – кейінгі жас толқын үшін мақтанышпен айтатын асыл өнеге. Әр жылдарда қоғамдағы өзгерістерге сай үздіксіз білім беріп келген оқу орны алдыңғы буынның дара жолын жалғастырып, жұмысшы мамандарды өндіріске дайындаумен жалғасын тауып келеді. Қазіргі таңда шетелдік заманауи технологиялармен жабдықталған материалдық-техникалық базасы бар колледжді э.ғ.д., профессор Т.Исахметов басқарады. Білім беру ісінде ұзақ жылдар бойы аянбай тер төгіп келе жатқан ғалымның көшбасшылық қасиетінің нәтижесінде соңғы жылдары колледж республика көлемінде көптеген жетістікке жетті. Бірнеше жұмысшы мамандықты оқытатын колледжде «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» пәндік циклдық комиссиясының оқытушылары мен оқу-өндірістік шеберлері де, компьютерлік ақпараттық қамтамасыз ету біліктілігі бойынша мамандар да сүбелі үлес қосуда. ПЦК оқытушылары мен оқу-өндірістік шеберлері колледждің білім беру және мәдени-қоғамдық өмірімен біте қайнасып, жұмыс істеп келеді. Жетістіктің кілті – ұжымның ауызбіршілігінде. Сондықтан ПЦК педагогтері бар уақытын бәсекеге қабілетті маман даярлау жолында сарп етуді борышы деп біледі. 06120100 «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығы бойынша, 3W06120101 «Компьютерлік ақпараттық қамтамасыз ету операторы» біліктілігі бойынша мамандар соңғы жылдары еңбек нарығында сұранысқа ие. Ақпаратты сандық өңдеу бойынша мамандар стандартты және мамандандырылған бағдарламалық жасақтамамен жұмыс істейді, кеңсе қосымшалары мен утилиталарын қолдайды. Дербес компьютерде кескіндерді жасайды, өңдейді, жариялауға және көбейтуге дайындайды. Бұл маман математика негіздері, информатика, бағдарламалау әдістері және ақпаратты өңдеуде компьютерлік технологияларды қолдану, техникалық және пайдалану сипаттамалары, жобалау ерекшеліктері, жабдықтың жұмыс режимі, пайдалану ережелері, ақпаратты өңдеудің механикаландырылған технологиясы, бағдарламалау тілдері туралы білімдері болуы керек. Осындай мамандарға білім беріп, заман талабына сай дағдыларды үйретуден ПЦК ұстаздары жалыққан емес. Соның нәтижесінде Worldskills чемпионатында жүлделі орындардан көрінген студент жастар ұстаздарының үкілеген үмітін ақтап келеді.
Шәкірттердің әр жетістігі мен бағындырған белестерінің артында ұстазының қажырлы еңбегі тұратыны ақиқат. Атап айтқанда, техника ғылымдарының кандидаты Гүлзейнеп Шаймерденова ғылыми ізденістердің бел ортасында жүріп, соңынан ерген шәкірттеріне үлгі болуда. Ғалымның Үндістанда жарық көрген Influense of various parameters on the defluorination of wet-process phosphoric acid мақаласы шетелдік ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар «Основы алгоритмизации и программирования» атты оқулығы Ресейдің бірнеше колледжінде сұранысқа ие. Гүлмира Бейсембаева ұзақ жылғы оқыту мен тәрбие ісіне сіңірген еңбегінің нәтижесінде «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Педагогтің студенттерді оқытудың өзіндік методикасы мен методологиясын әзірлеп, дайындаған шәкірттерінің бүгінде көптеген жетістіктіктерге жетуі колледждің мәртебесін асқақтатып жүргені қуантады. Оқу-өндірістік шебері Н.Мусалимова WorldSkills чемпионатында Web дизайн компетенциясы бойынша бірнеше жүлдегерді дайындады. Нұрсейіт
Бекжанұлы WorldSkills чемпионатында «Графикалық дизайн» құзыреттілгі бойынша 1 орын жеңімпазын дайындап, әріптестерін таң қалдырды. Нәтижесінде Шымкент қаласының ғана емес, республиканың бірқатар колледж оқытушыларына шеберлік дәрістерін өтіп, тәжірибе алмасты.
Н.Бекжанұлы бірнеше компьютерлік бағдарламаны дайындауда. Алдағы уақытта осындай жас болса да білімді, еңбекқор ұстаздардың шәкірттері колледж абыройын дүбірлі додаларда асқақтатады деп сенеміз.
Студенттерді компьютерлік желілер бойынша түрлі үйірмелерге баулып, шығармашылық қабілеттерінің шыңдалуына үлес қосып жүрген тағы бір жас педагогтің бірі – Бақдәулет Спабек. IT саласында халықаралық жоғары оқу орнын бітірген педагогтің жоспарлары өте көп. ҚР ұлттық санақ жүйесін цифрландыру аясында жасаған еңбектері үшін марапаталған жас педагог студенттерді тек мамандық бойынша білімге емес, адамгершілік-рухани құндылықтарға да тәрбиелеуде. Осындай ұстаздары бар, жұмысшы мамандар даярлаудың ұстаханасына айналған оқу ордасының 80 жылдық мерейтойы тарихпен бірге тамыр жайып, ұзақ жылдарға созыла беретіні анық.

Индустриалды-техникалық колледждің «Есептеу техникасы және компьютерлік
желілер» ПЦК ұжымы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.