ТӘРТІП БАР ЖЕРДЕ ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ТІРЛІК ТЕ БОЛАДЫ Избранное

Среда, 11 Сентябрь 2024 05:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 152 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте халыққа дәстүрлі Жолдауын жолдады. Құрғақ сөздің емес, нақты істің адамы ретінде халық Президенттен жақсы хабар, тың бастама күтті және сол үміт ақталды деп айта аламын.

JoldaU

 

Қоғамда «Президент барлық мәселені шешеді» деген түсінік бар. Бұл – қате түсінік. Барлық істің бастауында Мемлекет басшысы тұратыны рас, бірақ, көтерген мәселе, алға қойған мақсат-міндеттердің жүзеге асуы Сіз бен бізге, яғни, қоғамға тікелей байланысты. Ендігі кезекте алдымызда Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды орындауда бізге бір үйдің баласындай қатар тұрып қызмет ету міндеті тұр.
Президент Жолдауында «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады»,- деді.
Бұл тұжырымға ешқандай талас жоқ. Бірақ, біз осы жетістікті қанағат тұтып, келесі мәселені жылы жауып қоя алмаймыз. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастар, өскелең ұрпақ арасында синтетикалық есірткіге тәуелділік пен ерте жүктілік проблемасын түпкілікті шешу қажет.
Мемлекет басшысының «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», – деп шегелеу арқылы, бүгінгі күннің басты тақырыбын дөп басты.
Мәслихат депутаты ретінде біз бұл мәселені мінберден талай рет көтердік. Кейбір жағдайларда құқық қорғау органдары сылбыр қимылдап, селқостық танытып жатқанын да ашып айтып келеміз. Президенттің құқық қорғау органдары басшыларына қарата айтылған ескертуі осы бағыттағы жұмыстарды ширатып, көптеген мәселенің шешімін табуға ықпал етеді деп білемін. Себебі, бұл Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің әлеуетін күшейтуде маңызды мәнге ие.
Бұл жолғы Жолдауда аймақтарда болып жатқан проблемалардың барлығы көтеріліп, оны шешудің нақты жолдары айтылды. Мәселен, Мемлекет басшысы «...Біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр», - дей келе, дегенмен де мұндай әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажеттігін баса айтты.
Тәртіп бар жерде тиянақтылық бар. Дегенмен де біз қауіптің алдын алуды тек мемлекетке артып қоймай, әрбіріміз бұл іске өз үлесімізді қосуымыз керек. Президент айтқандай, жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлт қалыптастыруда әрбір ата-ананың, мектептегі ұстаздардың рөлі зор екенін терең түсінгеніміз дұрыс.

Талғат БАЛТАБАЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы
фракция жетекшісінің орынбасары.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.