Қазір көкөністер мен жеміс-жидектерден салаттар, тұздықтарды қысқа дайындау (консервілеу) маусымы басталды. Уақыт өте келе үй жағдайында дұрыс дайындалмаған өнімдерді тұтыну салдарынан ботулизммен ауыру қаупі бар.
Осыған байланысты Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ботулизмнің алдын алу үшін үйде консервілеу кезінде барлық ережелерді қатаң сақтау керектігін еске салады.
Ботулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын нерв жүйесінің зақымдануымен жүретін, уақтылы емдеу мекемесіне қаралмау нәтижесінде тез арада өлімге әкелетін тамақтан уланудың ауыр түрі.
Ботулизмнің қоздырғышы анаэробты жағдайда көбінесе ауа жоқ жерде көбейеді. Ерекшелігі де міне осында, яғни тағамның түсі, түрі еш өзгеріссіз қалпында қалады. Аурудың ерте белгілеріне аз уақыт ішінде байқалатын тамақтан улану симптомдары жатады ( жүрек айну, құсу, бас ауру) бара-бара бұл ботулизм ауруына тән жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуы белгілеріне ауысады (көз еттерінің жансыздануы, қарашығының үлкеюі, заттарды қосақтап көру (диплопия), жарыққа реакцияның болмауы, таңдай еттерінің, тамақтың, кеңірдектің жансыздануы, жұту, шайнау актілерінің бұзылуы және т.б).
Адамның ағзасының улануы көбінесе үй жағдайында технологиялық әзірлеу талабы сақталмай әзірленген азықтарды: баялды (баклажан), қияр, саңырауқұлақ, балық, салаттар, шұжықтар, қақталған балықтарды, т.б. пайдаланғаннан болады.
Ботулизмнің негізгі симптомдары, клиникалық көріністері:
- көздің көруінің нашарлауы «бұлыңғырлану», көз алдының «торлануы», затты екеулеп көруі, қабағының түсуі (птоз);
- сілекей секрециясының бұзылуы, ауыздың құрғауы, жұтынудың қиындауы, шашалып қалу, көмейінде бірдеңе тұрып қалғандай сезіну;
- дауыс желбезегінің зақымдануы, мұрыннан сөйлеу, тілінің күрмелуі;
- тыныстың бұзылуы.
Ботулизмнің алдын алу жолдары:
- сатып алынған өнімдерді топырақтарын тазалап, ағынды судың астында бірнеше рет тазалап жуу қажет;
- банкілерді, қақпақтарды стерилизациялау әдісіне аса назар аудару қажет;
- өнімдерді консервілеудің режимін сақтау, уксус немесе лимон қышқылын міндетті түрде пайдалану;
- қақпағы көтерілген, түсі бұзылып иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою қажет, тіпті дәмін де татудың қажеті жоқ;
- үй жағдайында консервіленген көкөністерді, жемістерді және саңырауқұлақтарды пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу;
- көшеден үй жағдайында дайындалған салаттар мен консервіленген тағамдарды сатып алмау.
Ботулизмнің алғашқы белгілері айқындалса ТЕЗ АРАДА медициналық көмекке жүгіну керек және өнім қалдықтарын тастамай, зертханалық бақылау үшін сақтаған жөн.
А. Ахметов,
Шымкент қ. СЭБД басшысының орынбасары