БАЙСАЛДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАЙ АЛАТЫН ПАРАСАТТЫ ҚОҒАМ ЕКЕНІМІЗДІ ПАШ ЕТТІК Избранное

Среда, 09 Октябрь 2024 05:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 252 раз

Қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы
Нұрлан Әбдіров мәлім етті.

Referen10

 

– Биылғы 7 қазандағы таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша, еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған жедел деректердің негізінде, Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды, - деді Н.Әбдіров елордада өткен брифингіде.
Оның айтуынша, соңғы деректер бойынша референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487-ге жеткен. Дауыс беруге 7 млн 820 мың 204 адам қатысқан, олар референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66 пайызы.
«Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызын немесе 5 млн 561 мың 937 адамды құрады. Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселеге қарсы дауыс берген адамдардың саны дауыс беруге қатысқандардың ішінен 2 млн 45 мың 271 болды», - деді Нұрлан Әбдіров.
Оның айтуынша, жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни, жарамды деп танылған, бірақ, дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны 82 729-ды құрады. Жарамсыз деп танылған 130 267 бюллетень анықталды.
Сонымен, ел тарихындағы елеулі оқиғаға айналған референдум да өтті. Осы орайда біз мынадай қортындылар жасай аламыз. Біріншіден, референдум өтті деп есептелуі үшін заң бойынша қатысу көрсеткіші 50 пайыздан асуы керек еді. Бұл талаптың орындалғанына ешқандай күмән жоқ.
Екіншіден, халқымыздың көпшілігі АЭС салу туралы бастаманы қолдады. Ашығын айтар болсақ, бұл күтпеген нәтиже емес. Себебі, соңғы бір жыл бойына жалғасқан қоғамдық тыңдаулар, пікірталастар мен ашық талқылаулар азаматтардың жан-жақты ақпаратандырылып, өз пікірін қалыптастыруына ықпал етті. Халқымыз осы саладағы сарапшылардың ойларын да әбден тыңдап, ақыл таразысына салды деп ойлаймын. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияланған материалдарға қарасақ, референдумда халқымыздың оң шешім қабыдайтынын болжап білу қиын емес еді.
Мемлекет бұл референдумға оң шешім қабылданатынына сенімді болып барды. Өйткені, АЭС салу жөніндегі бастаманы елдегі 6 саяси партияның барлығы, республикалық және өңірлік қоғамдық ұйымдардың басым көпшілігі қолдайтыны белгілі еді. Ал, бұл партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ондаған, жүздеген мың, тіпті, кейбірінің миллиондаған мүшесі бар екенін ескерсек, бастаманы жақтаушылардың көпшілікті құрайтыны мәлім еді. Ал, осынау саяси күштер мен азаматтық қоғам институттарының бірлесіп халықтық штаб құруы референдум нәтижесіне әсер еткен шешуші фактор болды.
Үшіншіден, күні кеше өткен референдум Қазақстанда саяси мәдениеттің жоғары деңгейге көтерілгенін паш етті. Біз кез келген күрделі мәселе бойынша сындарлы қоғамдық диалог жүргізіп, өркениетті, демократиялық механизмдер арқылы салиқалы, байсалды шешімдер қабылдауға қабілетті қоғам екенімізді көрсете алдық. Бұл елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықтың, ұлттық бірліктің бекем екенінің белгісі.
Төртіншіден, референдум нәтижелері халықтың елдегі саяси билікке, оның бастамалары мен атқарып жатқан жұмыстарына сенім білдіріп отырғанын көрсетеді. Бұл жөнінде БАҚ-қа берген сұхбатында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өз пікірін білдірді.
–Бұл оқиға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы бағдарын халықтың қолдайтынын тағы бір көрсетіп берді, - деді Сенат төрағасы. Сондай-ақ, Сенат басшысы референдум «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жасалған кезекті нақты қадамдардың бірі екенін атап өтті. – Референдумға азаматтардың белсенді қатысуы елімізде жаңа саяси мәдениеттің орныға түскенін білдіреді. Жалпы, атом электр стансасы – тұрақты және таза қуат көзі. Бұл энергия тапшылығын азайту және экономикалық даму жолында айрықша маңызға ие. Сондықтан осы референдум және халық қабылдаған шешім елімізді жаңа белеске шығарады деп сенеміз.
Иә, ендігі міндет АЭС-ті ең жоғары технологиялық шешімдер негізінде тиімді, әрі қауіпсіз етіп салу деп есептейміз. Атқарылатын іс халықтың жоғары сеніміне лайық болуы тиіс.
Осы орайда «Шымкент келбеті» газетінің шығармашылық тобы Шымкент қаласындағы бірқатар референдум учаскелерінде болып, халықтың дауыс беру барысымен танысып қайтқан болатын. Оқырман қауымның назарына Шымкентте референдумның қалай өткені жөніндегі материалдар топтамасын ұсынып отырмыз.

Ұлттық ұлан сарбаздары алғашқы болып дауыс берді

Шымкенттегі №6698 әскери бөлімінде орналасқан номері №30 сайлау учаскесінде таңдау жасау 06:00-де басталды. Бөлімдегі 191 мерзімді әскери қызметші референдумге қатысып, өз таңдауларын жасады. Учаскеде әскерилердің еркін таңдау жасауы үшін тиісті мүмкіндіктер жасалған. Ал, «Түркістан» сарайында орналасқан №231 учаскеде полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері бірінші болып өз дауыстарын берді. Мерекелік атмосфераны құру және сайлаушылардың белсенділігін көтермелеу үшін алғашқы үш дауыс берушіге символдық сыйлықтар — кітаптар табысталды. Бұл жағдай азаматтардың белсенділігіне қосымша ынталандыру мен ерекше тосын сый болды.

Referen11

 

Саналы түрде таңдау жасау қай кездегіден де маңызды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Түркістан» сарайы ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде АЭС бойынша референдумға дауыс беруге қатысты.
—Бүгін азаматтық жауапкершілікті таныту және өз көзқарасымызға сүйене отырып, саналы түрде таңдау жасау қай кездегіден де маңызды. Өйткені, бүгін халық қабылдайтын шешімдер біздің болашағымызды қалыптастырады, — деді Ғабит Әбдімәжитұлы.

Referen13


Ал, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы, «АМАНАТ» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов №231 референдум учаскесінде өзінің дауысын берді.
–Бұл оқиға бүкіл ел үшін үлкен маңызға ие. Әркім өз құқығын пайдаланып, дауыс беруі керек, өйткені, Қазақстанның болашағы осыған байланысты, - деді ол дауыс бергеннен кейін.

Қоғам қайраткерлері өз таңдауларын жасады

Шымкент қаласы Ақжайық шағынауданындағы «Тұлпар» балабақшасында №218 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Аталған учаскеге қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев пен Шалатай Мырзахметов отбасыларымен бірге келіп, өз таңдауларын жасады.
–Бүгін халқымыз атом электр станциясының құрылысына байланысты маңызды шешім қабылдайды. Бұл еліміздің болашақ қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шешім болмақ. Халқымыз ынтымақ-бірлігін көрсетіп, еліміздің болашағына оң әсер ететін шешім қабылдайды деп сенемін, - деді
Ш.Мырзахметов.
Ал, қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев ел тағдырына жаны ашитын азамат ретінде референдумға белсенді түрде қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге келгенін айтады.
Айта кетейік, Шалатай Мырзахметов – қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымдағы депутаты болса, Орынбай Рахманбердиев – үшінші шақырылымдағы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, халықаралық байланыстар, қауіпсіздік және қорғаныс ісі комитетінің мүшесі болған.

Бұл шешім еліміздің жарқын болашағына жол ашады

Елімізге белгілі боксшы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков атом электр станциясының құрылысы жөнінедегі республикалық референдумға қатысып, дауыс берді.
Даңқты спортшы Қазақстанның болашақта орнықты түрде дамып, өсіп-өркендегенін қалайтынын, сондықтан, осы жолда еліміздің ауқымды энергетикалық дағдарысқа тап болмауы үшін осынау маңызды мәселе бойынша өзінің пікірі мен көзқарасын білдіріп, таңдауын жасауды азаматтық борышы деп есептейтінін айтады.
–Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін мереке секілді басталды. Таңертеңнен Шымкент қаласы Қайтпас шағын ауданында орналасқан №270 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасап, дауыс бердік. Бүгін халқымыздың қабылдайтын шешімі еліміздің, балаларымыздың жарқын болашағына жол ашады деп сенемін, - деді Мұхтархан Қабланбекұлы.
Айта кетейік, Мұхтархан
Ділдәбеков – Шымкент қаласындағы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының және әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, «Парасат» орденімен иегері.

«Өз дауысымды қазақстанның өркендеуі үшін бердім»

Бүгін опера және балет театрында орналасқан №11 референдум учаскесінде Шымкент қаласының опера және балет театрының директоры, белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы өз таңдауын жасады.
—Бүгінде қазақстандықтар маңызды шешім қабылдауда. Менің ойымша, барлығы белсенді азаматтық ұстанымға ие болып, өз таңдауын жасауы керек. Өйткені, біз барлығымыз Қазақстанымыздың өркендегенін, әлемнің жетекші державаларының алдыңғы қатарында болғанын қалаймыз. Біз алға жылжуымыз керек, жаңа технологияларды игеріп, қолдана отырып, экономикалық және мәдени, әлеуметтік тұрғыдан дамуымыз керек, —Майра Мұхамедқызы.
Айта кетейік, Майра Мұхамедқызы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Отан" орденінің иегері. Париждегі "Гранд Операның" алғашқы Қазақстандық солисті. Бірқатар халықаралық байқаулардың лауреаты.

Ел дамуындағы маңызды белес

Шымкент қаласында опера және балет театрының ғимаратында орналасқан №11 референдум учаскесінде тұрғындар лек-легімен келіп, белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Олардың арасында Шымкент қаласының опера және балет театрының солисті, елімізге танымал опера әншісі Үрәлхан Сейілбекова өз таңдауын жасады.
—Референдум арқылы халқымыз маңызды шешім қабылдайды. Осындай кезде барлығымыз отансүйгіштік пен бірлігімізді көрсетіп, өз таңдаумызды жасауымыз керек. Өйткені, Қазақстанымыздың дамыған, өркениетті, әлемнің алдыңғы қатарлы елі болғанын қалаймыз. Бүгінгі референдум осы жолдағы маңызды бір белес деп есептеймін, -деді Ү.Сейілбекова.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты.

Ашықтық пен жариялылық орнағанын көрсетті

Бүгінде елімізде Жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнату жолында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да ойдағыдай жүзеге асырылуда. АЭС құрылысы секілді ел болашағы үшін маңызды мәселенің жалпыхалықтық референдум арқылы шешілуі елімізде ашықтық пен жариялылықтың, демократия қағидаларының орнағанын көрсетеді.
Бүгін Шымкент қаласындағы №85 референдум учаскесіне дауыс беріп, өз таңдауын жасауға келген көркем гимнастикадан еңбегі сіңген жаттықтырушы Әлия Юсупова осылай деді.
–Елімізде жүргізіліп жатқан түбегейлі реформалардың нәтижесінде барлық салалар бойынша, соның ішінде спорт саласында да ілгерілеу байқалып отыр. Атом электр станциясының құрылысы жүзеге асып жатқан экономикалық реформалардың түпкілікті нәтижеге жетуі үшін қажет деп есептеймін. Бұл жоба елімізде ғылым дамуына, жоғары технологиялардың қолданысқа енгізілуіне және білікті кадрлар шоғырының қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын. Сол себепті, бүгін қабылданатын шешімге өз үлесімді қосу үшін келіп отырмын, – деді Әлия Мақсұтқызы.
Айта кетейік, Әлия Юсупова – Афины және Бейжің Олимпиадаларының қатысушысы, Азия ойындарының жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Бүгінде ол көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының бас бапкері.

Өнер жұлдыздары да қатысты

Референдумға Шымкент қаласының мәдениет майталмандары, өнер жұлдыздары да қатысып, өз таңдауларын жасады. Атап айтқанда, елімізге танымал танымал өнер жұлдызы Астана Қарғабай №99 учаскеге келіп, өз таңдауын жасады.
-Жастар қоғамның белсенді мүшелері. Азамат ретінде бүгінгі науқанға жауапкершілікпен келдім. Бүгін қабылдаған әрбір шешіміміз болашағымызға әсер ететініне сенемін. Референдумда қоғамды жақсылыққа ұмтылуда біріктіретін маңызды шешім қабылдануда, - дейді Астана Қарғабай.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы дауыс беру учаскелерінде таңдау жасауға барлық жағдай жасалынған. Тіпті, кей учаскелерде дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар таратылды. Сондай учаскенің бірі №290 референдум учаскесі. Онда 18 жасқа толып, алғаш дауыс беруге келген жасқа және отбасымен келген тұрғындарға сыйлық үлестірілді. Шалғай ауданда орналасқан дауыс беру учаскесіне 2686 адам тіркелген. Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары.

Олимпиада жүлдегері дауыс берді

Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл №38 референдум учаскесінде дауыс берді. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері еліміздегі аса маңызды шешімдер халықтың пікірін ескеріп барып қабылданатынын атап өтті.

Referen12


-Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Ел тұрғындары, жастар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы қуат көздерін жаңарту уақыт күттірмейді. Әлеуметтік мекемелер, көшелерді жарықтандыруға жылдан-жылға қажеттілік артып келеді. АЭС салу бойынша референдумде келешек ұрпақ үшін таңдау жасап, дауыс бердім. Қазіргі уақытта бізге ең керегі - елдің бірлігі мен ынтымағы. Баршамыз осы құндылықтарымызды сақтай алсақ, алынбайтын қамал жоқ, - деді Ж.Жаппарқұл.

Ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылды

Шымкент қаласында референдумға келген азаматтардың көңіл-күйін көтеріп, белсенділігін арттыру мақсатында түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, қаладағы бірқатар референдум учаскелерінде тұрғындар арасында әртүрлі ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен сайыстар өтіп жатыр.
Шымкент қаласының Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионында №90 референдум учаскесі орналасқан. Мұнда таңертеңнен бастап дауыс беруге келген азаматтардың легі толассыз жалғасып жатыр. Мұнда келген азаматтар гір тасын көтеру, асық ату секілді ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды.
Тап осындай сайыстар Әлия Юсупова атындағы көркем гимнастика мектебінде орналасқан №326 сайлау учаскесінде де ұйымдастырды. Бұл учаскеде негізінен Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданының тұрғындары тіркелген. Тұрғындар дауыс беруге көтеріңкі көңіл-күймен келіп, ұлттық ойындар бойынша сайыстарға белсенді түрде қатысты. Ұйымдастырушылар спорттық сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік сыйлықтар табыс етті.

Тұрғындар ұлттық киіммен келді

Шымкент қаласында тұрғындар АЭС құрылысы жөніндегі референдумға белсенді түрде қатысып жатыр. Дауыс беруге келген адамдардың жүзінен мерекелік көңіл-күй сезіліп тұр. Мұны тұрғындардың референдум учаскелеріне ұлттық киімдер киіп келуінен байқауға болады.
Шымкент қаласының халқы ұлттық салт-дәстүрге берік екенін референдум күні тағы бір рет дәлелдеді. Атап айтқанда, Түркістан сарайы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде орналасқан референдум учаскелеріне бір топ тұрғындар ұлттық киімдерімен келді.
«Жаңа Қазақстанды құру жолында референдумның маңызы жоғары. Сондықтан, бала-шағамыздың, немере-шөбереміздің жарқын болашағына сенім артып, дұрыс таңдау жасау үшін учаскеге келдік», - дейді олар.

Этномәдени бірлестіктердің концерті өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында орналасқан №4 учаскеге дауыс беруге келгендердің барлығын славян этномәдени бірлестігінің «Светоч» хоры, «Ынтымақ» этномәдени орталығының ансамблі, «Замандашлар» татар орталығының шығармашылық ұжымдары қарсы алды.
Олардың барлығы концерттік бағдарламамен өнер көрсетті, бұл мәдени шаралар қала тұрғындарына өте ұнады және барлығының көңіл-күйін көтерді.
– Бүгін Қазақстанда референдум өтуде. Бұл — жалпыхалықтық маңызы бар шара. Мұнда әркімнің дауысы ерекше маңызға ие. Бүгінде тұрғындар атом электр станциясын салу туралы өз пікірлерін білдіруде. Ал, Достық үйінің шығармашылық ұжымдары осы күнге этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының көркемөнерпаздар концертін ұйымдастырды, — дейді Достық үйінің қоғамдық-бұқаралық ұйымдарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Әзиза Исаева. — Халық үшін бұл тек саяси іс-шара ғана емес, мәдени-бұқаралық іс-шара болуы тиіс. Адамдар келіп, дауыс беріп қана қоймай, концертті тамашалауы үшін. Біздің қала Оңтүстік атмосферасымен, саябақтарымен, әндерімен және осындай ашық концерттерімен танымал. Біздің міндетіміз мерекелік атмосфераны жасау болды, біз адамдардың бейбітшілікте, келісімде өмір сүргенін қалаймыз, бұл біздің ортақ мақсатымыз.

Әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы да шет қалмады

Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы республикалық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады. Өнер ұжымы Шымкент қаласындағы 231 референдум учаскесіне келіп дауыс берді.
Мемлекет үшін маңызды оқиғада азаматтық парызын орындаған әртістер өз отандастарының дауысы келешек үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
— Бүгінгі референдум барша қазақстандықтар үшін маңызды оқиға. Атом электр станциясын салу немесе салмау туралы таңдауды халықтың өзі жасап жатқанын жөн деп санаймын. Өз отандастарымды өз таңдауларын жасауға шақырамын. Себебі, елдің болашағы қашан да халықтың қолында. Мен де қарапайым халықтың қатарындағы азаматпын. Менің де дауысым маңызды деп ойлаймын. Бүгін өз таңдауымды жасадым,- деді Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі Нұржан Құлшынбаев.
Айта кету керек, әртістер бұл референдумға ұлттық нақыштағы киімдермен келген. Ел алдында жүрген олар барша қазақстандықтарға дауыс берудің маңызды екенін айтты.
— Бұл үстіртін қарайтын шаруа емес. Маңызды оқиға. Өнер адамдары қашанда ел үшін жасалған қадамдарда, оқиғаларда алдыңғы шепте жүретін жандар. Сондықтан, үнсіз қалмай мемлекеттік мүдде үшін таңмен таласа келдік. Тек концерттер мен той-думандарда ғана емес, саяси шешімдер де төбе көрсеткеніміз абзал,-дейді Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі Гүлнұр Қалмырзаева.

Жастар «біз өркендеген ел үшін» атты акцияға қатысты

Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін жастар жағы да қарқынды түрде үлес қосуда. Олар республикалық референдум аясында ұйымдастырылған "Біз өркендеген ел үшін" акциясына қатысты. Олар «Арбат» демалыс аймағында жиналып, белсенділіктерін көрсетті. Қаланың әртүрлі аймақтарында да дәл осындай жастар акциясы ұйымдастырылған.
—Қала жастары референдумға келіп өз дауыстарымызды берудеміз. Тек таңдау жасап қана қоймай, акцияларға қатысудамыз. Өйткені, қала тұрғындары, кейінгі буын өкілдеріне біз үлгіміз. Жастар үнемі қозғалыста. Даму үстінде. Сол сияқты елімізде оң шешімдерді қабылдап өсуі тиіс. Бүгінгі референдум, болашаққа жасалған ең дұрыс шешімнің бірі деп білемін,-дейді шымкенттік жас Толғанай Әділхан.
«Арбат» демалыс аймағында 20 -ға жуық жастар жиналып, көк туды мақтанышпен көкке көтеріп жүрді. Бұл көрініс қала тұрғындарының көңілінен шықты.

Мұнайшылар әулеті дауыс берді

Шымкент қаласында тұрғындар АЭС құрылысы жөніндегі референдумға белсенді түрде қатысып жатыр. Дауыс беруге келген азаматтардың көңіл-күйі көтеріңкі. Кейбір тұрғындар рефердум учаскесіне бүкіл отбасымен бірге келіп, дауыс беріп жатыр. Мәселен, Бахиевтер отбасы Шымкент қаласындағы №9 ІТ лицейінде орналасқан референдум учаскесіне келді.
Бахиевтер бүкіл әулетімен Шымкент мұнай өңдеу зауытында жұмыс істейді. Әулеттің үлкені Бақытжан Бахиев «ПетроКазахстанОйлПродактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты зауытта 39 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Ол — мұнай өнімдерін есепке алу жөніндегі техник.
—Бүгін еліміздің болашағына қатысты маңызды шешім қабылданады. Сол себепті, біз ынтымағы жарасқан үлкен әулетімізбен бірге өз таңдауымызды жасап, азаматтық ұстанымымызды білдіруге келіп тұрмыз. Референдум халқымыздың бірлігін бекемдей түседі деп сенемін, — деді Б.Бахиев.
Айта кетейік, оның інісі Бауыржан Бахиев мұнай өңдеу зауытында көлік жүргізушісі, ұлы Ерлан Бахиев электромонтер болып еңбек етіп келеді. Ал, келіні Мәншүк Ахынова химиялық талдаулардың 5-ші разрядты лаборанты. Ол да аталған өндіріс орнында 8 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Несібесін адал еңбектен тапқан өнегелі отбасының мүшелері Қазақстан халқының ел болашағы үшін ең дұрыс шешімді қабылдайтынына сенеді.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Тағабай ҚАСЫМОВ,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.