ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – АТА-БАБАДАН ҰРПАҚҚА ЖЕТКЕН МҰРА

Среда, 30 Октябрь 2024 04:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 130 раз

Қазақтың ұлттық қолөнері – ата-бабадан ұрпаққа жеткен шеберлігі, ісмерлігінің жарқын көрінісі. Қазақ халқы өзінің күнкөріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстың кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді. Халықтың қолөнеріне әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әралуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және тағы басқа көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасаған.

olll

 

Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнердің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп, әшекейлеудің негізі болып келді. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Ал, өрнек дегеніміз әртүрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла береді.
Ертедегі қазақ оюларын мазмұны жағынан іріктесек, негізінен 3 түрлі ұғымды бейнелейді. Олар: біріншіден, мал өсіру мен аңшылықты, екіншіден, жер-су, көшіп-қону көріністерін, үшіншіден, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін береді. Шеберлер іске беріліп, жұмыс әдісіне төселе келе өздерінің көрген ою-үлгілерін жатқа жасап, оюға өз бетімен жаңа түрлер енгізу дәрежесіне жетті. Халық мұндай адамдарды «оюшы» деп атаған. Әрбір елде, әрбір руда атағы шыққан таңдаулы оюшылар болған. Ондайлар өз өнерінің тамаша үлгісін өзінің руына, маңайындағы елдерге таратып отырды. Осыдан келіп әр түрлі ою-өрнектерде, киімдер мен кілемдерде, сырмақтар мен кестелерде «арғын үлгісі», «керей үлгісі» немесе «ұлы жүздің үлгісі», «орта жүздің үлгісі», «кіші жүздің үлгісі» деген мәнерлер пайда болды.
Осы ою-өрнектердің көп қолданылатындарына, сондықтан да халық шеберлерінің көпшілігіне белгілі атауларының кейбір түрлеріне әдейі тоқтап өтейік. Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш-үйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар. Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қарамақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді. Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады. Әредік кестеде материалдың әр жері өшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады. Шым кесте, түс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырады.
Қазіргі кезде егеменді елімізде жастарға эстетикалық тәрбие беруде ерте заманның мәдени мұрасы айрықша қызмет атқарады. Дүкенде сатылатын түрлі түске боялған қытай, үнді салфеткаларын көріп, өз халқымыздың өнерінде гобеленнің алар орны ерекше деп білемін. Қазақтың тамаша бұйымдары киіз басу, кілем тоқу өнерлерін білеміз. Әр шебердің түсінігімен, қолмен жасалатын дүние болғандықтан гобелен қайталанбайтын дүние. Гобеленді бағалау үшін оны жай көзбен көру жеткіліксіз, қолмен сипап жасалу техникасына назар аударғанда шебердің шеберлігін байқауға болады. Қазақтын кілемдері түкті және түксіз болып келеді. Түксіз кілемнің екі жағыда тақыр, ал түкті кілемнің бетіне түк салынады.
Түксіз кілем тоқу әдісімен тоқылатын бұйымдар елімізде жақсы дамыған, әсіресе, Торғай, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстарында кең тараған тоқу өнері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, қадір-қасиетін жоймаған. Тоқу өнерін қазақтың көшпелі тұрмысымен салыстыра айтуға болады. Өрмек халық қолөнерінің тоқу ісінде қолданатын өте қарапайым әдісі, яғни, мұны тоқу станогы десе де болады. Күрделі техникасыз, кез келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады, екіншісін жай өрмек дейді. Жай өрмек шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме бау, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады. Өрмекке арналып иірілген жіптер істелетін бұйымдарға, жасалатын жолақтарға, өрнектерге қарай бірнеше түсті болады және ол түстер бөлек-бөлек домалақтанады. Тоқылғанда заттың ұзын бойына жұмсалатын бұл жіптер кейде жалаң қабат, кейде екі қабат иіріледі. Шекпен жіптерін жиек жіптер сияқты оңқай, солақай етіп иіре береді. Өрмекшілер тілінде үстіңгі жіпті «ерсісі» деп, астыңғы жіпті «қарсысы» деп атайды.
Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Сондықтан бұған байланысты турлі-түрлі ұғымдар туды. Мысалы, ірі қара малдың иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғи қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Шылғи қайысты ұқсатудың екі түрлі жолы бар. Бірі — оның жүнін сылып тастап пайдалану, екіншісі — теріні жүнін сылымай-ақ пайдалану. Жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, шанаш, мес, дорба, шарқай жасалады. Жүнін алып тастаған терілерден көк, өкше сірі, көн, дабыл жасалады. Құрымға салынып, ысқа ұсталып, құмға қатырылған теріден саба, торсық, көнек, шанақ істеледі. Иленген теріден көксауыр, таспа, қайыс, қапшық, құлын, жарғаң, бота ішік, шідер, жүген, айыл, тартпа, тамақбау, құлақбау сияқты нәрселермен қатар, былғары, ұлтан, опайке, шегрен, көзел, етік, мәсі, кебіс, қоржын, тоқым, ертұрман, тон, шалбар, шамадан, тақия, көпшік, белдік, кісе, кейде тұс киіз сияқты келемді заттар да жасалады.
Халқымыздың өрнекті өнерінің бірі – шиді жүнмен орап және оны өрнектеп тоқу ісі. Қолөнерінің барлық түрлері сияқты, ши тоқу, оны түрлі өрнектермен безендіру әдісі – өте ерте заманнан бері келе жатқан өнер мұрасы. Саналуан әдемі өрнектер орап тоқыған шым шилер киіз үйдің керегесі мен туырлығының арасына ыдыс-аяқ тұрған жақка тұтуға, сондай-ақ үлкен үйлердің ішін бөлмелеп далда жасауға, итарқа құруға өте ыңғайлы. Ертеректе батырлардың оң салып жүретін қорамсақ қаптары да шиден тоқылған. Қолөнер ісінің басқа түрлеріне қарағанда ши тоқу әлдеқайда арзанға түседі, әрі төзімді келеді. Әсіресе, киіз үйдің ішін әсемдеуде шидің алатын орны ерекше. Неше түрлі сырмен боялып, сағанақтары күмістендірілген кереге көздері мен құлпырған құр-таңғыштарға, термелеп өріп, жібекпен шашақтаған уық бауларға, зермен кестелеп, шұғамен оюлаған туырлық пен үзіктің ішкі өрнектеріне ши жалпы түр беру ретінде өте үйлесіп-ақ тұрады.
Әсем болумен қатар ши көші-қон жағдайында алып жүруге өте қолайлы. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын елдер оны ерте заманнан бері пайдаланып келеді. Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болса да негізгі күн көріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Сондықтан хайуанаттың етін, майын, ішек-қарнын, терісін, жүнін, тарамысын пайдаға асыра білумен қатар, олардың сүйегінен, мүйізінен көптеген мүліктер мен қару-жабдықтар жасайтын. Алғашқыда сойылған малдың қабырғаларын пышақ орнына, жіліктерін шоқпар орнына, бас сүйектің ми қаптарын ыдыс орнына, жауырындарды қалақ орнына пайдаланған. Келе-келе адам баласы сүйекті сүйекпен жону, таспен егеу, отқа күйдіру сияқты әдістерді тапты. Ақырында сүйектен, мүйізден түрлі қолөнер туындылары жасалды. Тағы да көп жылдар өткен соң адамзат нәсілдері қоланы, мысты, темірді тапты. Бұл адамзат қауымының еңбегіне көп жаңалықтар ашып, жеңілдіктер берді. Осыған байланысты өте жабайы кездердегі сүйекті пайдалану әдісіне де көп жаңалықтар енгізілді. Сүйекті кесіп, тесіп, жонып өңдеу мүмкіндігі туды. Сүйек пен мүйіз енді өз алдына құрал жабдық болумен қатар, басқа құрал жабдықтарды да өңдейтін ою-өрнек, әшекей мүліктеріне айналды. Сүйекті жону, өрнектеу, шегелеу, сүйекке күміс қақтау сияқты жұмыстар өте нәзік болуымен қатар, аса шеберлікті талап етеді.
Көшпелі қазақ аулының шеберлері ағаштан көшіп-қонуға ыңғайлы кебеже, жүк аяқ, кереует, асадал, адал бақан, аяқ-табақ, шөміш, шомбал сияқты заттар жасаумен қатар, малдың бүкіл сүмесін де (тұлабойы және одан шығатын өнімдері) қажетке жаратып келді. Малдың етін, сүтін, майын тамаққа, терісі мен жүнін киім-кешек, киіз-сырмаққа жаратса, тезегін отынға, сүйегі мен мүйізін зергерлік өнеріне негізгі материал ретінде пайдаланды.

Ж.А.ТҰРҒАНБАЙ, Э.М.ХАМИТ,
Н.К.ЖОЛАЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжі трикотаж, тоқыма, галантерея мамандығының оқытушылары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.