«АРЫМ ТАЗА, ҚОЛЫМ ТАЗА, ЖҮЗІМ ТАЗА» Избранное

Среда, 30 Октябрь 2024 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 197 раз

Газетіміздің өткен сандарының бірінде қазақтың арыстандай қайратты ұлдарының бірі, КСРО-дай алып империяның басшысы Н.Хрущевқа қарсы шығып, ханталапайға түскелі тұрған қазақ жерін сақтап қалған, сол кездегі ҚазССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов туралы жазып едік.

ata

 

Ұшса құстың қанаты талатын, шапса аттың тұяғы кертілетін қазақтың салқан даласының дұшпанға көзтүрткі болғаны бұл бір емес еді. Ұлтым десе, өзегін жұлып беретін қазақтың арда азаматтары келешегі Патша үкіметінің сұрқия саясатын жалғастырып жатқан кеңестік империяшыл басшыларына табанды түрде қарсылық білдіріп келді. Солардың бірегейі – Нұртас Оңдасынов.
Қазақстан Үкіметін он үш жыл үздіксіз басқарған Нұртас Оңдасыновтың ел, жер тағдыры үшін кеңес империясымен егесі күндей күркіреп өткен екінші дүниежізілік соғыстан кейін-ақ басталып кеткен сыңайлы.
Нұртас Оңдасыновпен жиі әңгімелесіп, толымды дүниелер жазып, кітап қылып бастырған Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Гүлсім Оразалиева «Abai.kz» порталына берген сұхбатында мынандай жайтты баяндайды.

ata-1


«…- Соғыс бітіп, ел әлі есін жиып үлгермеген жылдар. Мәскеудегі өтетін жиналыстарға жиі барамыз. Бір жолы сондай бір жиынды Украинаның сол кездегі басшысы Н.С.Хрущев жүргізді. Оның қасына Өзбекстанның жетекшісі Осман Юсупов жайғасыпты. Мәжіліс залына кіргенімде екеуі сыбырласып отыр екен. Шынымды айтсам, екеуін де аса ұната қоймайтын едім, сондықтан көздеріне түспей-ақ қояйын деп арт жаққа отыра беріп едім, Хрущев көріп қалды да:
– Оңдасынов, тұр орныңнан! Сен неге өзбектерге ана үш ауданды бергің келмейді, өзбектер мақтаны жақсы егеді! – деді діңкілдеп. Мына сөз менің шымбайыма батып кетті:
– Ол үш аудан менің жерім емес, оны беру-бермеуді халық шешеді! Ал, мақтаны біз де жақсы өсіреміз, өткен жылы жоспарды асыра орындадық! – дедім.
Хрущев қып-қызыл болып кетті, ашулы үнмен «отыр!» деді. Оған айтқызып отырған Осман Юсупов екені даусыз. Өйткені, оның өзі маған бір мәрте шығып, осы үш ауданды сұраған болатын. Сонда мен: «Сіз де бір республиканы басқарып отырсыз, Сізден қырғыздар немесе әлде түркімендер үш емес, бір ауданыңызды сұраса берер ме едіңіз?!» дедім. Уәж айта алмай қалған болатын. Өзінің сөзі өтпеген соң даңғой Хрущевты айтақтап салып отырған түрі ғой!».
Амал не, Нұртас Оңдасынов Үкіметтен шеттетілгеннен соң-ақ Өзбекстан сұрап отырған үш аудан ала топылы ағайындардың қолтығына қыстырылып кетеді.
Алдын ала озып айтайық, осындайда «анау ғой тайғанақтық танытқан, мынау ғой жерді қорғап қала алмаған» дейтін диван батырлар жерден жеті қоян тапқандай індерінен атып шығады. Бір білеріміз, үкіметтегі қазақ басшыларының елдің жағдайынан аянып қалған кезі жоқ.
Қазақ ССР-інің қырық жылдық мерекесі 1961 жылдың 24-і маусымында өтеді. Ойлағаны болып, мейманасы тасыған шала мас Н.Хрущев арақ құйылған стақанымен Нұртас Оңдасыновтың қасына келеді. «Нұртас Дәндібаевич, мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болатын едің. Ертең ҚСР Жоғары Кеңесінің қаулысымен беріледі» дейді масаттанып.
Сонда шымырқанып орнынан көтерілген Оңдасынов «Мен Қазақстан Үкіметін басқарып отырсам әлі де қарсы болар едім» депті. Мұның соңы ұрдажық Хрущевтың шошқадай қорсылдап, мерейтойдан кетіп қалуына тура келген. Мақтаарал, Киров, Жетісай және Шымқорған сияқты байлығы тасып жатқан аймақтар Өзбекстанға берілгенде ҚР Орталық Кеңесінің бірінші хатшысы Исмайл Юсупов еді. Кейін Дінмұхамед Қонаев билікке келгенде осы жерлердің дені Қазакстанға қайтарылды.
Бұған дейін де қазақ көрген құқай аз емес еді. 1932 жылы қолдан ұйымдастырылған аштықтан қынадай қырылған қазақтың белді, беделді азаматтары саяси қуғын-сүргін жылдары атылды, итжеккенге айдалды. Осыны пайдаланған империя дүниежүзілік соғыстан кейін-ақ өз жері, өз елінде азшылыққа ұшыраған халқымызға тісін батырып бақты.
Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Ақмола және Павлодарды бидайдан мол өнім алу деген уәжбен Ресейге қосу күн тәртібінен түспеген еді. 1947 жылы КСРО Министрлер Советінде осы мәселе арнайы қаралыпты. Сонда Қазақстан үкіметінің басшысы Нұртас Оңдасынов: «Солтүстік облыстардың Ресейге қосылу-қосылмауын Сіз бен біз шешпейміз, жалғыз Үкімет шешпейді, ол облыстарда тұрып жатқан сан мыңдаған жергілікті халық бар, сол халық шешеді! Ал, тыңды көтерсек көтерейік, Үкімет оған қарсы емес, бірақ аштық жылдарында жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен қазақтарды жинап, туған жеріне оралтып, сосын көтерейік!» дейді.
Қазақ жерін қызғыштай қорғаған Шаяхметов, Оңдасыновтарды биліктен тайдырған соң-ақ Кеңес империясы күшіне мініп, қазақ жерін отарлауды бастап кетеді. Тың игеру басталады. 1953 жылы 27 наурызда амнистия жарияланып, бір млн. астам қылмыскерлер түрмеден босатылған.
«Тыңды көтереміз» деген желеумен ойдан, қырдан қашқандарды Қазақстанға әкеп төккені бар, олардың саны 2 млн.-нан мол асып кетеді. Қазақтың бес облысын Ресейге, мұнайлы Маңғыстауды Түркіменге беру идеясы тағы да көтеріледі. Бұл жолы қазақтың арыстан жүректі ұлы, Қазақстанның Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеновтің атойлап кеңес империясына қары шығатын кезі осы.
Бұл кезде Гурьевке бірінші хатшы болып төмендетілген Нұртас Оңдасыновтың қазақ жерінің мұнайын игеруді көрші мемлекеттерге бермей жатқан шағы еді.
1961 жылы Маңғыстаудың Жетібайы мен Өзенінен мұнайдың мол қоры табылады.
Мұнай өңдеуде Әзірбайжан мен Түркімен мемлекетінің дәуірлеп тұрған шағы. «Қазақтар мұнайды енді көріп отыр. Өңдеуді білмейді, бізге беріңдер» деп басшылары Мәскеуге шапқылай бастайды.
Сын сағатта Оңдасыновтың бар беделі безбенге түседі. Үкімет басында отырғанда көппен сыйластығы бар. Мәскеуге «өзіміз игере аламыз» деп сендіреді.
1957 жылы Форт-Шевченкодан «Мангышлакнефтегазразведка» тресін ашып, оған жұмыс істеуге жергілікті жерден мамандар жиып, жастарын оқытып жұмысты бастап кетеді. Бұл жақсы жемісін береді.
Маңғыстауда он жеті кен орнын ашқан Сайлау Есжанов деген мұнайшы азамат бұл жайында журналист Гүлсім Оразалиеваға мынадай естелік айтқан екен.
«Гурьев облысына басшы болып Оңдасынов келісімен мұнай іздеу мен өндіруді қатты қолға алады. Қазақ жастарын Үкімет қаражатымен оқуға жібертті, барлаушы, геолог, геофизик мамандарын көбейтті. Қысқасы, Оңдасынов мұнай төңірегінде бөгделердің емес, қазақтардың, ашығын айтқанда жергілікті жердің өкілдерінің еңбек етуін ойлайды. Сол тұста «Маңғышлақмұнайгаз» тресіне бас инженер табылмай тұр екен. «Кім лайықты?» деп обкомдағы, атқару комитетіндегі тиісті бөлімдерден сұрайды. Бәрі де білікті маман Халел Өзбекқалиевті атайды.
Алайда, жайлы қызметте отырған Халел Өзбекқалиев ит арқасы қиян Маңғыстауға барғысы келмейді. Қос бауыры ауыр науқас. Жандарында болу керек. Геология басқармасының бастығы Гаршманға көнбейді. Облыстық партия комитетінің хатшысы Дьяченкоға көнбейді. Содан соң іске Нұртас Оңдасыновтың өзі кіріседі.
«Халеке! Естіп, біліп отырмын, бауырларың науқас көрінеді. Айналайын, кейде көптің мұраты үшін өзіңді де құрбан етуге тура келетін кез болады. Не істейміз, мұнайдың бәрін бөгделерге басқартып қоямыз ба? Каспийдің арғы бетіндегі ағайындарды шақырсаң, тайлы-таяғымен бүгін көшіп келгелі отыр! Біздің жігіттердің намысы қайда сонда?! Кейінгі ұрпақтардан ұят болып жүрмей ме?!» депті. Халекең бұл сөзден кейін бір ауыз уәж қайтара алмай Маңғыстауға жұмыс істеуге кетеді.
Сонда бүгінде Қазақстанның байлығын еселеп, айдай әлемге маңдайын жарқыратып отырған Маңқыстау мұнай өңдеуде тәжірибелі бар Әзірбайжан мен Түркіменстанға Нұртас Оңдасынов пен сол кездегі Геология министрі Шахмардан Есеновтің арқасында берілмей қалған екен.
Қазақтың қайраткер ұлы Нұртас Оңдасыновтың туған жері - Түркістан. Осында жүз жылдық мерейтойы аталып өтті. Қазақтың абызы, аймаңдай ұлы Әбіш Кекілбаев баяндама жасады. Онда біз «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысында меншікті тілші қызметінде едік. Айтқанға көнбейтін, айналып келіп халқының жоғын түгендей беретін Нұртас Оңдасыновты кеңестік билік 58 жасында-ақ зейнет демалысына жібереді. Әбекең айтқан гәп. Гурьевтің кезекті бір мерейтойы өтеді. Бұрынғы бірінші хатшы Нұртас Оңдасынов та шақырылған. Елеусіз, көптің ішінде отыр. Төрдегі президиумда өңкей қасқа мен жайсаң жайғасқан.
Залдан біреу сөз сұрап, орталарында Нұртас Оңдасыновтың отырғанын хабарлайды. Сонда зал қатты толқып кетіпті. «Нұрекеңді президиумға!» дейді көпшілік күркіреп. Халық орнынан бір кісідей тік тұрып, ақсақал мінбеге жеткенше шапалақ ұрып түрыпты. Мұнайлы өңір үшін тау көтерген Толағай еңбегі өткен Нұртас Оңдасынов бұл өңір үшін аңыз басшы еді. «Қазақтар мұнай өңдей алмайды» деп Мәскеу өктемдік танытып, байлығымызды көрші мемлекеттерге шүлен таратқандай беруге шақ қалғанда, қазақ мұнайшыларын жинақтап, жергілікті жастарды қара алтын ісіне оқытып, тонап, талаудан, көлденең көз-сұқтан сақтап қалған Оңдасынов еді ғой бұл.
Әбекеңнің өзіне де шапағаты тиіпті. Ол кездері мал бағатын адам таппай, мектеп бітіретін түлектерді мал шаруашылығына бейімдеп комсомол жастар бригадасын жасақтап жатқан уақыт. Жас, мектепті енді бітірген Әбіш Кекілбаев обкомның бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновқа хат жазады. Жағдайын айтады. Ойы мал бағу емес жоғары оқу орнында оқып, маман болу.
Оңдасынов оқушы Кекілбаев жазған хатты партияның бір жиынында жұртқа оқып береді. Озат оқитын, белсенді жастардың жоғары оқу орындарына оқуына кедергі болмау жайын айтады.
Зейнетке ерте жіберілгенін айттық. Оңдасынов Мәскеуге көшетін болады. Дүние-мүлік дегенде бар байлығы кітаптары екен. Мыңдаған дана. Жас кезіндегі оқысам, ғылым қусам деген арманын қартайған шағында орындапты.
Жиырма бес жылда арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазады. Бұл білдей бір институттың жүздеген қызметкерлерімен істейтін жұмысы. Ал, осыны бір лаборанты жоқ, ғылыми атақ-даңқы жоқ бір ақсақал күн-түн отырып зерттеп, кітап қылып бастырып, ғылымға орасан үлес қосқан.
Қазақта «жақсыдан шарапат» деген қанатты сөз бар. Бүгінде Теміртау қаласы қазақ металлургиясының орталығы болса, өндірісті ашуда Нұртас Оңдасыновтың таудай еңбегі бар.
Үкіметті басқарып отырған шағында Ғылым Академиясының жеке шаңырақ болып бой көтеруіне ықпал етті.
Тұңғыш Президентіне қазақтың тағы бір қайраткер ұлы Қаныш Сәтбаевты тағайындады. Ұлттық консерваторияны ашуда да Нұртас Дәндібайұлының еңбегі зор. Шымкенттегі технология институты жабылғанда қайта аштырады. Атақты қыздар педагогика институтының есігін аруларға ашып берген де осы Оңдасынов. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Өзбекстанға көшу үшін асай-мүсейлерін тиеп жатқан «Мосфильм» мен «Ленфильмді» Қазақстанға аттай қалап алдырған да осы Оңдасынов.
Нұртас Оңдасыновта жау жоқ емес, көп болды. Ол соның барлығын тазалығымен жеңді.
«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!».
Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін он үш жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың ағынан жарылып айтқан сөзі.
Міне, ел басқарған қайраткеріміз үлгі алатын адалдық, мемлекетшілдік. Сингапурдай кедей мемлекетті аздаған жылдарда әлемдегі бай мемлекеттердің қатарына қосқан Куан Ю-ден үлгі алуға болады. Бірақ, ондай азамат өз елімізде де бар. Олардың бірегейі-Нұртас Оңдасынов!