Келісіп пішкен тон келте болмас Избранное

Пятница, 18 Сентябрь 2020 04:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 312 раз

2f811dc4d360b51aeabe76ef08a32423

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі атты биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселе көп, соның бірі – маман тапшылығы екенін айтты. Сонымен бірге елімізді ғылыми-технологиялық жағынан дамытуға арналған бағдарлама қабылдау жөнінде сөз қозғады. Осы айтылған мәселелер төңірегінде Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Жәнібек Паржановтың пікірін білген едік.

Ж.ПаржановЖәнібек Әнуарбекұлы елімізге белгілі Ордабасы қой тұқымын ойлап тапқан ғалым. Кезінде бұл отандық мал тұқымын асылдандыру, селекция ғылымында үлкен жаңалық болды. Осы мәселе тұрғысынан Ж.Паржанов үлкен бастама көтеріп отыр.
–Авторлық үлес мәселесі егін шаруашылығында жақсы жолға қойылған. Яғни бидай сұрыптарын шығарған селекционерлерге өнімнің пайдасынан белгілі бір мөлшерде сыйақы төленіп отырады. Отандық мал шаруашылығында жаңа мал тұқымын шығарған ғалымдарға, яғни авторларға пайыздық үлес беріп отыру тетігі әлі жөнді жетілмеген,– дейді ол. – Негізінде асыл тұқымды Ордабасы қойларын өсіруші «Сералы» шаруа қожалығының төрағасымен бірге, автор ретінде еңбегімізге сай сыйақы төленуі тиіс. Өйткені патент иеленушілер селекциялық институттардағы ғалымдар саналады. Ордабасы қой тұқымына тауар белгісін алдық. Мұндай сертификат басқаларда жоқ. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарын біріктіретін пала

талар есебінен авторларға да үлес берілуі керек. Бұл жөнінде тиісті орындарға хат жібергенбіз. Бірақ әлі ешқандай жауап келмеді. Ордабасы қойларына шаруашылықтар тарапынан қызығушылық артып келеді. Қызылордалық шаруалардың көбісі тек осы асыл тұқымды қой түрін сатып алады. Алматы, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында да Ордабасы қойларына сұраныс артқан. Мұндағы мақсат – мал тұқымын асылдандыру.
Айта кету керек, түрлі қиындықтарға қарамастан институт бүгінге дейін көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен қуаңшылыққа төзімді мал азықтық шөптердің 18 түрі, бидайдың «Шымқала» сұрпы және асыл тұқымды қаракөл қойларының жергілікті табиғатқа төзімді бірнеше зауыттық мен тұқымшылық типтері шығарылды.
–Мегаполисте азық-түлік қауіпсіздігі – қаланың басты экономикалық стратегиясы болуы шарт. Десек те шаһарда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар көп емес. Оның үстіне оларды шикізатпен қамтамасыз ететін мал бордақылау алаңдары, тауарлы сүт фермалары өте аз. Міне, осылардың санын көбейту керек. Сонымен бірге құрама жем дайындайтын кәсіпорындар санын арттыру да өте маңызды. Осынау жұмыстарды жүйелеу, ұйымдастыру тікелей қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының міндеті деп санаймын. Сондықтан олардың тарапынан осы айтылған дүниелерге қатысты қандай да бір бастама болып жатса, идеяға қосуға, бірлесіп іс атқаруға біздің институт әрдайым дайын ,– дейді Ж.Паржанов.
Ғалым Мемлекет басшысының ұлттық ғылымды дамыту мәселесін қолдайтынын айтты. Оның пікірінше ғылымның көкжиегін кеңейтудің мезгілі жетті. Әсіресе, коронавирус індеті кезінде ғылымға көңіл бөлудің маңыздылығы қаншалықты қажет екендігі анық білінді. Профессор дамыған шет мемлекеттерде ұлттық ғылымға ішкі жалпы өнімнен бөлінетін қаржы әжептеуір үлесті құрайтынын жеткізді. Ендігі міндет елімізде де ІЖӨ-нің отандық ғылымға бағытталған қаражат үлесін арттыру болып отыр. Сонда ғана ғылыммен бірге еңбек өнімділігі жоғарылап, ол өз кезегінде ұлттық экономиканы алға сүйреуші күшке айналады.
–Мемлекет басшысы «бизнесті отандық ғылымға тарту керек» деген жақсы идея тастады. Расында да іскер азаматтар өзіміздің ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтарды іске асырса, еліміз дамиды деп нық сеніммен айта аламын. Осы кезге дейін біздің ғалымдар көптеген жаңалықтар ашты. Бірақ оларды жүзеге асыру мүмкіндігі болмағандықтан, ол игілікті басқа мемлекеттер пайдаланып кетті. Тіпті, әлі күнге дейін ғалымдардың еңбектері өзімізде қағаз күйінде қалып, шетелде ол нақты пайдаға асып жатыр. Мәселен, осы күні израильдік деп жүрген тамшылатып суару технологиясы, сол секілді түйені
аппаратпен сауу әдісі және басқа да біздің сызбалардан пайда болған шетелдік технологиялар қазақ ғалымдарының жасаған дүниелері. Ғылым мен бизнес шетелде бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндіктен оларда табыс әкелетін жобалар, ғылыми жаңалықтар қат-қат қағаздардың арасында шаң басып жатып қалмайды. Олардың қай салада болса да дамыған жоғары технологиясына қарап қызығатынымыз рас. Ғылымды қолдау мәселесін бір жүйеге келтірсек, біз де сондай дәрежеге жетеміз деп сенемін. «Жақсыны көрмекке» демекші ақыры шетелдік тәжірибе тиімді болса, неге соны қолданып көрмеске?!»,-деп ой түйді ғалым отандық ғылымды өркендетуге қатысты мәселеде.
Сонымен қатар ғалым мал өнімдері экспортын ұлғайтуға байланысты пікірін білдірді. Оның сөзінше, мал шаруашылығын дамыту үшін бірінші кезекте өнімді өткізетін нарық болуы керек. Ал, қазір, бәрі керісінше. Мал ұстаған жұрт қойдың терісін, жүнін ешкім алмайтындықтан далаға тастауға мәжбүр. Сатып алатын жер табылса да, бағасы тым арзан. Мәселен, жүннің бір келісі бүгінгі таңда 15-20 теңгенің төңірегінде бағаланады. Әр қойды 200 теңгеден қырықтыратын шаруа 20 теңгеге сатса, қалай табыс табады? Ғалымның пікірінше, шаруалардың өнімін өткізу мәселесін шешу үшін бұрынғыдай «дайындау тіректерін» қолға алу қажет сияқты. Қабылдау пунктінің өнім сапасына байланысты қояр талабы да күшті болуы тиіс. Қазір, мемлекет шаруалардан жиналған өнімді қайта өңдеу, экспортқа жіберу мәселесін қолға алуда. Осы мәселелер шешімін тапса, шаруаларда өнімін өткізуге мүмкіндік пайда болып, басқалар да мал ұстап пайда табуға ұмтылған болар еді. 

–Ет мәселесін жүйелі реттеуде мал асырап отырған қала шетіндегі ауыл-аймақта төрт түліктің басын көбейтіп, сапасына мән беру маңызды. Бұл проблеманы шешудің бірден-бір жолы – малды қолдан ұрықтандыру пунктерін қайта дамыту. Кезінде ауылдарда осындай бекеттер ашып, мал шаруашылығын өркендету жолында үлкен мақсаттар қойылған еді. Дегенмен малды қолдан ұрықтандыру бекеттері өз жұмысын мүлтіксіз атқаруда деп айта алмаймыз. Асыл тұқымды төрт түлік сатып алып, үйдегі малын асылдандырайын десе қарапайым жұрттың жағдайы келе бермейді. Сондықтан малды қолдан ұрықтандыру пунктерінің жұмысын қайта жандандыру мал шаруашылығындағы маңызды істің бірі болып саналады,– дейді Ж.Ә.Паржанов.
Ол сондай-ақ жастардың ғылымға деген құлшынысының төмендеп бара жатқанына алаңдайды. Ауылшаруашылық ғылымы көп ізденісті, қажырлы еңбекті талап етеді. Құндылықтарға қатысты көзқарас өзгерген, бар мақсат қиналмай табысқа жету, тез арада байып кету басты арманға айналған бүгінгі қоғамда ғұмырын ғылымға арнаған, сол үшін бүкіл уақытын сарп еткен жастарды табу қиындауда дейді. Ғалымның пайымынша бұған жастарды да кәнәлауға болмас. Өйткені қазіргі
қоғамда ғылымға деген құрметтің өзі аз болып тұр. Оқымысты болу,
ғалым атану бұрынғыдай зор мәртебе болмай қалды. Ғылым қуғаннан, тезірек табысқа жету бүгінгі ұрпақ үшін маңыздырақ. Сондықтан жастарды ғылымға тартудың бір тәсілі – оларды материалдық тұрғыдан ынталандыру.
Шетелде бұл тәжірибе дұрыс жолға қойылған. Соның нәтижесінде оларда жастар ғылыми ізденіске көбірек ден қояды. Өйткені әрбір ашқан жаңалық түбінде автордың айтуынша өзіне қыруар қаржы болып қайтады.