Гүлнар Құрманбекова – қалалық мәслихаттың белсенді депутаты. Шымшаһардың дамуына сүбелі үлес қосып, игі бастамаларды жүзеге асырып жүр. Халық қалаулысының басты ұстанымы – ұлттық идеология мен жас ұрпақ тәрбиесі. Іскер жан өзі сайланған округтың мәселесін де ұмытпайды. Сондай-ақ ол Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету стансасының бас дәрігері.

gulzhan– Гүлнар Мамытқызы, қаламыздың дамуына бір кісідей атсалысып жүрсіз. Өзіңіз басшылық ететін медициналық жедел жәрдем көрсету стансасының жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Тіршілігі қым-қуыт қала өмірінде тұрғындар жедел жәрдемнің көмегіне жиі жүгінеді. Тәулік бойы тыным таппайтын «103» қызметкерлерінің әр күні сын сағатқа толы. Қызу жұмыс бір сәтке толастаған емес. Жедел жәрдем қызметінің аты айтып тұрғандай, бұл қызмет жедел және шұғыл түрде қызмет көрсетеді. Бүгінде стансада 79 бригада жұмыс атқарып,тәулігіне 1300-ден 1500-ге дейін шақырту орындалады.Нағыз жұмыс қайнайтын жер – диспетчерлік қызмет бөлімі. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың барлық қоңырауына 10 автоматтандырылған шақырту қабылдау пульттерінде жұмыс атқаратын 10 диспетчер жауап береді. 60 секунд ішінде науқас туралы мәліметтерді жинап, автоматты түрде тіркейді. Әсіресе, кешкі сағат 19.00-ден түнгі сағат 24.00-ге дейінгі мерзім нағыз қарбалас шақ десем болады.Станса бригадалары табандарынан тік тұрып қызмет көрсетеді.Қала тұрғындарының саны көбейген сайын жедел жәрдемге жүгінетіндердің қатары күннен күнге артуда. Сондықтан бұл сала кәсіби шеберлікті ғана емес, жылдамдық пен төзімділікті талап етеді. Осындай талапқа мойымағандар ғана бізге жұмысқа келеді. Қазір стансамызда 21 мамандандырылған, 16 фельдшер, 42 желілік бригада қызмет атқарады. Жедел жәрдем көліктерінде GPS қондырғысы орнатылған.Қажетті құрал жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған.

– Тұрғындар тарапынан жедел жәрдем қызметіне жиі шағым айтылады. Бұған не дейсіз?

– Сын айтылмаған жерде жұмыс жүрмейді. Ал жұмыс істемеген адам ғана сынға ілікпейді. Біз үшін барлық тұрғындардың денсаулығы өте маңызды, бірінші кезекте жүкті әйелдермен, кішкентай балаларға түскен шақыртуларға аса мән беріледі. Талап бойынша жедел жәрдем бригадасы шақыртуға 15 минут ішінде жетуі тиіс. Әрине, жол кедергілері болмағанда. Барлық шақыртулар 6 санатқа бөлінеді. 1, 2, 3 санатқа кіретін шақыртулар жол көлік апаты,суға бату, күйік шалу, газбен улану жағдайлары. 4,5,6 санатқа созылмалы аурулар бойынша түскен шақыртулар. Осы 4,5 6 санаттағы шақыртуларға 40-45 минут ішінде жедел жәрдем жіберіледі. Өкінішке қарай, тұрғындар мұны түсінбейді. Шағымдануға дайын тұрады. Әрине, науқастарды да түсінуге болады, ауырып тұрған адамның көңіл күйі де болмайды, тәні ғана емес, жаны да ауырады. Қазір ауруханаға жедел жәрдем арқылы жатқысы келетіндер көп. Адамдар өзінің учаскелік дәрігеріне, яғни емханаға қаралуға міндетті, ал жедел жәрдем шұғыл жағдайдағы науқастармен айналысуы қажет.

– Қалада атауы жоқ, қайталанатын көшелер жиі кездеседі. Бұл қызметкерлеріңізге кедергі келтірмей ме?

– Әрине кедергісі бар. Әсіресе, мекенжай бойынша мәселе көп. Қоңырау шалушылар эмоциямен өзінің қайда хабарласқанын ескермейді. Өкініштісі, мекенжайлар шақырту бойынша дұрыс берілмейді. Қала аумағы ұлғайғандықтан атаусыз, нөмірсіз үйлер жиі кездеседі. Енгізілмеген елдімекендер қаншама?! Бірақ жүргізушілеріміз баратын бағыттарды жақсы біледі. GPS бағдарламасы бойынша көліктің қай елдімекенге, шағынауданға барғаны, келе жатқаны, бәрі бақыланады. Атауы жоқ, қайталанатын көшелер бойынша мәселелер қала әкімдігінде қаралып жатыр. Алдағы уақытта бәрі қалыпқа келтіріледі деп ойлаймын.

– Жедел жәрдем стансасының әлеуеті қандай? Көліктен тапшылық жоқ па?

– Кейде 79 бригадамен халыққа қызмет көрсетуге үлгере алмай жатамыз. Тағы 10 жедел жәрдем бригадасын ашуға ұсыныс бердік. Күн сайын тыным таппайтындықтан, көліктер ескірген. Оны күнделікті жүретін машиналармен салыстыруға болмайды. Биыл Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан медициналық жедел жәрдем көрсету стансасын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. 30 жаңа автомашина беріліп, көліктердің жетіспеушілігі шешілмек.

– Әйел үшiн басшылық қызметпен қатар, халық қалаулысы ретiнде тұрғындардың талап-тілегін орындау, олардың мұң-мұқтажымен тереңiрек танысу үшiн кездесулер ұйымдастыру оңай шаруа емес. Дегенмен, сайлаушыларыңызбен кездесіп тұрасыз ба?

– Ел үшін еңбек ету – кім-кім үшін де азаматтық парыз. Ал сұрағыңызға келсек, сайлаушылар тағы да көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болуымды өтінді. Олардың ұсыныс-тілектерін ескерусіз қалдырған емеспін. Қолымнан келгенше әлеуметтік салаға өз үлесімді қосып жүрмін. Жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуіне шама-шарқымша ықпал етіп келемін. Күнделікті жұмыс барысында жолыққан адамдардың және сайлаушыларымның өтініштеріне сергек қараймын.

– Депутат ретінде бүгінге дейін жоспарлаған міндеттеріңіз орындалды ма?

– Ойға алған шаруаларымның біразы жүзеге асты. Қазіргі таңда әлеуметтік мәселе бірінші кезекте тұр. Ана, бала, мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ал халыққа қажеттісі баспана, әлеуметтік көмек. Алайда, сайланған округім бойынша өзекті проблемалар ретімен жүзеге асып жатыр. Мәселен, жалғызбасты аналардың, мүгедектердің жайын ескеріп, тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Балалар алаңшалары орнатылды. Әлі де қолға алынатын, орындалатын жұмыстар бар.

– Қаламыздағы қандай мәселені алдыңғы кезекке қояр едіңіз?

– Түйткілді мәселелер жоқ емес. Шымкенттіктердің ұқыптылыққа бейқамдылығы басым. Үйін таза ұстағанымен, ауланы күтуді, абаттандыру қажет екенін ескере бермейді. Елбасы тапсырмасымен қаламыздың бас жоспары бекітілгені белгілі. 2020 жылға дейін даму тұжырымдамасы жасалды. Осыған орай, Шымкент сауда-логистикалық, мәдени-тарихи орталыққа айналуы қажет. Мұның бәрін қала басшылығы жеке инвесторлардың көмегімен жүзеге асыратыны сөзсіз. Қаланың көркеюіне тұрғындар да үлес қосуы керек. Алдымен қала келбеті тазалықпен, ұқыптылықпен өлшенетіні сөзсіз.Олай болса, салынып жатқан балалар алаңшаларын, жаңғыртылған аулаларды тұрғындар күтіп ұстаса, жанашырлық танытса деймін.

– Халық қалаулысы, ардақты анасыз. Ұрпақ тәрбиесінде сізді қандай мәселелер толғандырады?

– Ұрпақ тәрбиесінде босаңсуға болмайды. Біз көбіне балаларымызды материалдық жағынан толық қамтамасыз етуге басымдық береміз. Бірақ олардың рухани әлеуетін назарда ұстамаймыз. Оның үстіне, балалар да, жасөспірімдер де, тіпті үлкендер де телефоннан бас алмайды, әлеуметтік желі мен интернет санасын жаулап алған. Қайда жүрсем де, телефонның шырмауынан шыға алмай жүргендерді көремін.Соның салдарынан қауіпті, қайғылы жағдайларға куә болып жүрміз.
Мен қыз балалардың болашағына алаңдаймын. Қызға қырық үйден тыйымды, ұлттық құндылықтарымызды ұмытып барамыз. Бауырмалдық, туыстық қарым-қатынастан ажырап бара жатқанымыз жаныма батады.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– «Денсаулық – зор байлық» десек, сол байлықты басымыз ауырып, балтырымыз сыздамайынша білмейміз, бағаламаймыз. Әлі күнге дейін тұрғындар емханаға кезекке тұруға ерінеді, төсекке таңылуға қалғанда ғана келеді. Сондықтан адамдар ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесе деймін. Мен үшін ел сенімінен асқан құрмет жоқ. Алға қойған жоспарларым жетерлік. Алдағы уақытта да сайлаушыларымның көкейіндегі мәселелерді көтеріп, қаламыздың дамуына үлесімді қосқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Қаламызда үй аулалары жаңа кейіпке енді. Ойын алаңдары қайта жасалып, балалар алаңшасы орнатылуда. Бұл жоба келер жылы да жалғасын таппақ.

IMG 20161107 173518

Абай ауданындағы үй аулалары бұрынғыдан көркейе түскен. Ойын алаңшалары уақыт талабына сай бой көтерген. Тұрғындар үшін мәдениеттілік пен салауатты өмір салтын қалыптастырудың белгісіндей әсер қалдырады. Енді бұрынғыдай спорт залдарына ағылмайды. Бос уақыттарын өз аулаларында өткізе алады. 

Ауласы жаңа кейіпке енгендердің бірі – Гагарин көшесі 107 үй. Аула аумағында асфальт жол, тратуар салынған. Жиектастар төселген үйдің маңайында үлкен жұмыстардың атқарылғаны байқалады. Сондай-ақ арнайы жабдықталған балалар ойын алаңшасы да назарымызды өзіне аударды. Жаңарған аулаларға қарап көңіл сүйсінеді. Тұрғындар игілікті істің бастамашысы болған қала және Абай ауданы әкімдігіне риза.

– Абай даңғылы, №8 үйдің комитет төрағасымын, – дейді Сейдуалы Досалиев. 

IMG 20161107 173326

– Үйдің барлық тұрғындарымен бірге ауладағы оң өзгерістерге мен де қуаныштымын. Бұрын ауа райының қолайсыз кезінде көшеде лай кешетін едік, бүгінгі күні көшелер мен тротуарлар асфальтталған, бордюрлер мен қоршаулар орнатылды. Жақында әкімдік қызметкерлері аулаларды жарықтандыруға көмектесті. 

Сондай-ақ, Театр 15, Гагарин көшесі 107 үйдің ауласын көріп, таң-тамаша қалдық. Жаңадан салынған «Тарзан» және «Бэтмен» спорттық кешендері.

«Тарзан» – мықты арқан торлы құрылғы. Балалар ертегі кейіпкері сияқты күшті және төзімді болуға ұмтылады. «Бэтмен» – қолдың, арқаның бұлшық еттерін шынықтырады.Балалар абайсызда құлап қалса, жарақат алмау үшін арнайы жұмсақ резина плиталар төселген.

IMG 20161107 173421

– Биыл аулаларды абаттандыру жұмыстарына қалалық бюджеттен 230 млн, «Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 180 млн қаржы қарастырылды. Жаңадан қосылған елді мекендер арасынан Жаңаталаптан 2, Қызылжардан 11 аула енгізілді – дейді Абай ауданы бойынша инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Гүлжан Алтаева. Қала тұрғындары үшін тиімді мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бөлім басшысының айтуынша, 65 ауланың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, оның 17 ауласы абаттандырылып отыр. 48 ауланың жөндеу жұмыстары келесі жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. 

1 мамыр, Ш. Қалдаяқов, Матросов көшелеріндегі көпқабатты үйлердің аулалары да абаттандырылған. Әр аулаға орындықтар, қоқыс жәшіктері мен қоршаулар қойылған. 

– Ауламыздағы алаңдар балалар ойнауға өте ыңғайлы жасалған. Өзім де осы жерде қолым босағанда немерелерімді ойнатамын. Олар кеш қарайғанша алаңшадан жалықпайды. Әсіресе құм бетінде әртүрлі мүсіндерді жасағанды ұнатады. Үлкен кісілерге де жақсы болды. Мұнда тренажер құрылғыларының 5-6 түрі орнатылған – дейді тұрғындардың бірі Б. Қуанышқызы. 

IMG 20161107 173451

Ал Матросов көшесіндегі №3 үй ауласы тіптен керемет өзгерген. Мұнда балалар ойын алаңшаларындағы жабықтардың түр-түрі бар. Ирригация жүйелері қалыпқа келтіріліп, электр бағаналары орнатылған. 

Ауданда бүгінде 206 аула, 453 үй бар. Абай ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Гүлжан Алтаеваның айтуынша, енгізілмеген аулалар саны әлі де толықтырылады. Қысқасы, жыл сайын көркейіп келе жатқан қаламызда спорт және ойын алаңдары әр тұрғын үйдің ауласында болса дейсің.

Бір кездері кез келген есепті оймен шығаратын балаларды телеарнадан көретінбіз. Бірнеше секундта калькулятордан жылдам есептегеніне таңдай қаққанымыз есімізде. Сөйтсек дарынды балалар арифметика әдісімен оқыған екен. Қазір қаламызда зейінді дамыту орталықтары көбейіп келеді. Ал ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді өткізуді ойлап, ментальды арифметика курсына апарады.

maket

«Архимедкада» 100-ден астам бала оқиды

Бүгінде арифметика баланың ойын дамытатын ерекше әдіске айналды. Ойлау дағдысын, ақпаратты жылдам қабылдау мүмкіндігін арттыратын көрінеді. Балалар математикалық тапсырмаларды есепшотпен орындайды. Кейін құралды көзге елестетіп, ойша есептейді. Әдіс он деңгейден тұрады. Сәйкесінше, деңгей жоғарылаған сайын есептер де күрделене түседі.
Деректерге сүйенсек, ментальды арифметика 5 мың жыл бұрын пайда болған. Алғаш рет арифметика саласында қытайлықтар жетістікке жеткен. Олар осыдан 5 мың жыл бұрын есепшотты (абакус) ойлап тапқан. Ал ментальды арифметика елімізде білім беру бағдарламасы ретінде 22 жыл бұрын енгізілді. Қазіргі таңда әлемнің Корея, Қытай, Малайзия, Жапония сынды 56 елінде 5 миллионнан астам бала осы әдіспен білім алатын көрінеді.
Бүгінде елімізде зейінді дамыту орталықтары көптеп ашыла бастады. Мұндай арифметиканың қыр-сырын үйрететін орталықтар Шымкентте де аз емес. Мәселен «Архимедка» биыл 17 сәуірде жұмысын бастады. Орталықтың атқарушы директоры Қуаныш Абылдаев қалалық балаларды ментальды арифметикаға баулып жүр. Ол жаңа саланың пайдалы жақтары мен оқытылу ерекшеліктерін айтып берді. Қазір мұнда 100-ден астам бала дәріс алады.
Мұғалімнің айтуынша, балаларды оқыту мерзімі олардың жас шамасына байланысты анықталады. Мәселен оқушылар бірінші деңгейді 1-2 айда үйреніп алса, 4 жастан 6 жасқа дейінгі балалар осы деңгейді 2-3 айда меңгереді екен.
– Біздің мақсатымыз – ментальды арифметика арқылы кішкентай бүлдіршіндерді білімге, ой ұшқырлығына баулу. Жалпы бұл әдістің 7 деңгейі оқытылады. Оқудың төлемақысы – 14 мың теңге. Сабақ аптасына 2 рет өткізіледі- дейді жас ұстаз. Айтқандай-ақ Қуаныш Абылдаевтың сөзінің жаны бар. «Архимедка» зейінді дамыту орталығында жоғары санатты 10 мұғалім сабақ береді.Әзірге балалар мықты деңгейге жетпесе де, 2-3 деңгейді үйреніп жатыр. Мұнда оқушыларға төлеамқыға жеңілдік те қарастырылған.

Әдістемені мұғалімдер қалай меңгерген?

Бірінші кезекте оқырмандарымызды оқудың сапасы қызықтыратыны анық. Ментальды арифметикада сабақ беретін мұғалімдердің деңгейі қандай? Баласының есепті «шемішкеше» шаққанын кім қаламайды дейсіз. Осында ментальды арифметикамен айналысып жүрген 1 сыныпта оқитын Бекзат Пернебай есеп шығаруды жақсы көретінін және есепті шешу өте қызық екенін айтады. Анасы Айманат Ізбасарова да баласына зейінді дамыту орталығының ықпалы мол екенін жасырмады.
– Ұлым да, қызым да арифметикамен айналысып жүр. Екеуіне де сабақ өте ұнайды. Бекзат бірінші сыныпта оқыса да, сандардың бәрін жатқа біледі. Екі ай ішінде нәтижесі байқала бастады. Мектептегі мұғалімдері олардың сабақ үлгерімінің айтарлықтай жақсарғанын айтады. Қазір 2-ші деңгейде. Екеуінің де он деңгейді толық меңгеріп шыққанын қалаймын. Ментальды арифметикаға аптасына бір рет барамыз. Қалған күндері есептер шығарамыз, – дейді жас ана Айманат.
Ашылғанына көп бола қоймаған орталық мұғалімдерінің деңгейі оқушылардан екі-үш деңгей ғана жоғары. Көбі (мұғалімдердің) әлі де оқуын жалғастырып жатыр. Әзірге бұл әдісті толық деңгейде меңгерген адам жоқ. Сондықтан, баласын мұндай үйірмелерге беретін ата-ананың әдістің оқытылу бағытына, оқытатын адамның тәжірибесіне мән беріп, олармен қатар баласының жетілуін бақылауда ұстағаны жөн-ақ.

Арифметика маркетинг емес пе?

Жаңа әдіс жөнінде жұрттың пікірі әралуан. Бірі балаға қажет десе, бірі бүлдіршіннің жүйкесіне салмақ салатынын алға тартады. Шындығында балалар күні бойы компьютердің алдында отырады. Ұялы телефоны тағы бар. Одан қалса, теледидар көріп, сабақ оқиды. Ал ментальды арифметика туралы жарнамаларға келсек, мұны маркетингтік қадам деп бағалауға болатын сияқты. Себебі, ғалымдардың пікірінше, балалардың 5 пайызы ғана тумысынан дарынды болып келеді. Ал ментальды арифметика – бұл есептеудің тәсілі ғана. Мұндай әдісті кез келген бала меңгере алады. Бұл туралы белгілі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаев басылымдарға берген сұхбатында айтқан болатын.
– Біреу шойын темірді майыстырса, келесісі биік өкшемен жүгіріп жарысады. Бірақ оны спорт деуге келмейді. Сол сияқты, менталды арифметика да ғылым емес. Ол математикалық тәсіл, –деп академик өз пікірін білдірген еді. Дегенмен А.Жұмаділдаев бұл әдісті меңгеру миды шынықтыруға, есте сақтау қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін жоққа шығармайды.
Осы орайда жаңа әдістемені ұстаздар да қолдайды. Әсіресе, ментальды арифметиканы бастауыш сыныпта меңгеру балалардың қабілетін арттырып, ойын дамытады екен.
– Өзім математика маманы ретінде, балалардың кішкентайынан есепке жүйрік болуын дұрыс деп ойлаймын. Оның пайдасы өте көп. Бұл халықаралық деңгейде расталған бағдарлама. Менің ұлым Нұрсұлтан бірінші сыныпта оқиды. Жазғы демалыстан бері ментальды арифметикаға барып жүр. Бұрын есептің шешілу жолдарын білмейтін. Қазір зейіні жаман емес. Берілген тапсырмаларды мұқият орындайды. Ата-аналарға балаларын зейінді дамыту орталықтарына баруға кеңес беремін және бұл әдістемені қолдаймын, – дейді №10 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Шекербекова.
Сонымен, ментальды арифметика мамандардың айтуынша, ғылым емес, математикалық тәсіл. Жаңа әдістеме ойды дамытады. Жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Мұндай нәтижеге жұмбақ шешу арқылы да қол жеткізуге болады. Өйткені бүгінге дейін ауыз әдебиеті, ертегі, аңыз-дастандардың таралуы халқымыздың есте сақтау қабілетінің жоғары деңгейде қалыптасқанын көрсетеді. Десе де, ментальды арифметиканың пайдасы бар. Бірақ оны меңгеруге 3-4 жыл уақыт кетеді. Төлемақысының ата-анаға жеңіл болмайтыны да түсінікті. Балаңызды қоғамға қажетті ментальды арифметикадан қалдырмаймын десеңіз, таңдау құқығы өзіңізде.

Шымкентте жас суретшілердің көрмесі өтті. Қылқалам өнеріне жаңадан қадам басқан жас дарындардың туындылары Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

DSC 0598Бейнелеу өнері музейінде өткен шара өңірімізде жас суретшілердің шығармашылығын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Тәуелсіздік, Отан, туған жер тақырыптарындағы шығармалар көрермен назарына ұсынылды. Ал туындылар тың тақырыптарды қамтыды. Тамашалаушыларға ой салып, эстетикалық сезім сыйлады. Сондай-ақ, көрме арқылы жас суретшілер тәжірибе алмасып, шығармашылықтарын шыңдауға мүмкіндік алды. Іріктелген еңбектер Астанада өтетін «Шабыт» халықаралық байқауына қатысады. Облыстық жас суретшілер шығармашылық бірлестігінің төрағасы Берік Бейісбековтің айтуынша, "Шабыт" байқауына қатысушыларға облыстық мәдениет басқармасы демеушілік жасайды.

Мемлекетіміздің қолдауымен денсаулық сақтау саласын заманауи озық технологиялармен қаруланған, жоғары өркениет талаптарына сай сапалы қызмет көрсететін деңгейге көтеру үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Халықтың денсаулығын жақсарту жолында еңбек етіп келе жатқан Шымкенттегі №4 қалалық емхананың жұмысымен танысу мақсатында бас дәрігер Рахмат Мүсірәлиевпен сұхбаттасқан едік.

DSC 1097

– Рахмат Арынұлы, емханаға медициналық жәрдем сұрап келетіндерде есеп жоқ. Мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз...

– Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – медициналық қызметтің деңгейі мен сапасын арттыру. Емханамызда 1 – медицина ғылымдарының кандидаты, 17 – жоғары санатты, 21 – 1 санатты дәрігеріміз, 80-ге жуық мейірбике қызмет етеді. 45 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеміз. Емхананың емдеу-диагностикалық базасы, қазіргі заманғы құрал-жабдықтар әртүрлі ауруларды жоғары деңгейде жедел анықтауға, науқастарды сапалы емдеуге мүмкіндік береді. Дәрігерлеріміз жалпы жұмыс сапасының артуына ықпал етіп келеді. Қазіргі күні халық арасында жүрек аурулары, қант диабетіне шалдыққандар аз емес. Сондай-ақ, онкологиялық аурулардың алдын алып, ана мен бала денсаулығын тұрақты түрде қадағалап отырамыз.

– Соңғы жылдары емханада жаңадан шыққан аппараттар орнатылып жатыр. Заманауи жабдықтарды мамандардың игеруі қалай?

– Емханамыз алғашқы көмек көрсететін жабдықтардың бәрімен қамтылған. 2 - УЗИ аппаратымыз, рентген, флюра, мамографиямыз бар. Жабдықтардың жаңаруымен қатар, емхана қызметкерлерінің біліктіліктері артып келеді. Медициналық қызмет жақсарып, мамандарда жаңа ізденістерге талпынып, емдеу-сауықтыру жұмыстарына жаңа әдістер енгізуді өз мақсаттары деп біледі. Себебі бұл халық денсаулығы, халықтың әлеуметтік мәселесі. Бір сөзбен айтқанда, жаңа құрал-жабдықтар бос тұрған жоқ. Оларды пайдаланып, науқастардың ем-домына қолданып келеміз.

– Тұрғындардың денсаулық, салауаттылық деңгейі қандай? Қандай аурулар ел арасында көп таралған?

– Емханаға тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздағанда келеді. Ал аурудың алдын алуға көбісінің құлқы жоқ. Соңғы 5 жылда сары ауру, іш сүзегі сырқаттары азайды. Есесіне адамдар арасында қан қысымы және онкологиялық аурулар көбейді. Өкінішке қарай, әйелдер арасында жатыр, көкірек безі аурулары жасарып барады. Соңғы кездері скрининг тексеру арқылы аурулардың алдын алуға күш салып жатырмыз. Мұның пайдасы зор. Өйткені, өзін аурулардан саумын деп есептейтін кейбір адамдардың бойынан науқас белгілері байқалып отыр.

– Халықтың денсаулығының төмендеуіне не себеп? Экология ма, әлде денсаулыққа салғырттықтан ба?

– Біріншіден, экологияның нашарлауы адам денсаулығына орасан зиянын тигізеді. Мұны халық дұрыс түсінуі тиіс. Шымкентте өндіріс орындары да, көліктер де көп. Одан бөлінетін зиянды қалдықтар қоршаған ортамызды ластап жатыр. Егер экологиялық мәселе шешімін тапса, денсаулыққа төнетін қауіптің беті қайтар еді. Екіншіден, тұрғындар денсаулыққа жауапты тек дәрігерлер деп ойлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, дәрігердің жауаптылығы 12 пайыз ғана. 60-70 пайызы адамның өзіне, генетикасына байланысты. Мәселен, қант диабетімен ауыратын адамның сырқаты балаға берілуі мүмкін. Үшінші мәселе, білім деңгейінің төмендігі. Тұрғындардың медицина саласынан хабары аздығы. Себебі, жаңа туған нәрестелерге үш күннен соң туберкулезге қарсы вакцина салынады. Ал екпені салдырмай, баланың жауапкершілігін мойнына алып жатқан ата-аналар бар. Вакцина салынбаған бала туберкулезбен ауырса оның жазылуы қиын. Біз тұрғындармен екпе бойынша жұмыстар жүргіземіз. Қазіргі вакциналар бұрынғыдай емес, жеңіл. Бала денсаулығы оны жақсы көтереді.

– Бүгінде медициналық оқу орындарында білімнің сапасыздығынан біліксіз дәрігерлер дайындалып жатыр дегенді жиі естиміз...

– 5-6 жыл оқып, тәжірибе жинамай жақсы дәрігер болу қиын. Қызметке жаңа оқу бітірген жастар келсе, оларды қамқорлығымызға алып, үйретеміз. Біліктілігін арттырып, қатарға қосамыз.

– Денсаулық сақтау саласында бүгінге дейін түрлі реформа қолға алынды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен онкологиялық аурудың алдын алуға байланысты кешенді бағдарлама жүзеге асуда. Жалпы, медицинадағы өзгерістерге көңіліңіз тола ма?

– Медицинадағы өзгерістер, қабылданған жаңа реформалар өз жемісін берді деп ойлаймын. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша қалада, облыста медициналық жаңа нысандар көбейді. Барлық емханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Дәрігер мамандардың біліктілігі арттырылды. Науқастарды тексеруден өткізіп, жоспарлы түрде ем жүргізу жолға қойылды. 2017 жылдан бастап, медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр.

– Сақтандыру қорына жарнаны кім төлейді, одан халыққа, дәрігерлерге қандай пайда келеді?

– Халқымыз «Отбасына ауру кірді дегенше, әлек кірді десеңші» деген ғой. Бұл даналықты кеңірек түсінсек, халықтың денсаулығы мықты болса, мемлекет те экономикалық-әлеуметтік жағынан күшейеді. Түрлі аурулар көбейіп, халық денсаулығы нашарласа, мемлекет тарапынан оған бөлінетін шығындар да шаш етектен болмақ. Елбасы тапсырмасымен жаңа жүйе 2017 жылдан бастап жүзеге асырылады. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс берушілердің төлемдері, мемлекет пен жұмыскерлердің қорға төлейтін жарналары есебінен құралады. Осы орайда, аударымдар мен жарналардың көлеміне тоқтала кеткен орынды болар. Мәселен, жұмыс берушілердің аударымдары есептеу объектісінің 2 пайызынан басталып, мәселен 2020 жылға таман 5 пайызға дейін, жұмыскерлердің жарналары есептеу объектісінің 1 пайызынан 2020 жылға дейін 7 пайызға, мемлекет жарнасын есептеу объектісінің 4 пайызынан 2024 жылға дейін 7 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Балалар, көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектер, жұмыссыз адамдар, интернат тәрбиеленушілері, күндізгі оқу нысанында білім алушылар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер мен бала тууға, оның күтіміне байланысты демалыстағылар, зейнеткерлер, әскерилер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сот үкімі бойынша жазасын өтеушілер мен уақытша изоляторлардағы адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуден босатылады. Халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуден босатылған бөлігі үшін мемлекет тарапынан арнаулы жарналар бөлінеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы адамдардың амбулаторлық ем қабылдауға, алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға қолжетімділігі артады. Бұл халық денсаулығының жақсаруына ықпал етеді. Қазір жаңа жүйе бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

– Көпшіліктің ішінде сақтандырылмаған азаматтар болатынын жоққа шығаруға болмайды. Өмір болған соң олардың да бастары ауырып, балтыры сыздайтыны анық. Сонда не істемек?

– Жұмыссыз адамдар тегін медициналық көмекті 2020 жылға дейін пайдалана алады. Өйткені оның тұрақты жұмысы, қолында сақтандыру полисі жоқ. Ал уақыты келгенде ол сақтандыру полисін сатып алуы керек. Сондай-ақ, жаңа жүйе арқылы әр адамның денсаулығына жауаптылығы артады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Мұғалім беделін қалай көтереміз?

Пятница, 30 Сентябрь 2016 08:28

Ұстаз беделі туралы қоғамда, БАҚ беттерінде аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке барар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Ұстаздың мәртебесін көтеру – күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз» деген еді. Мұғалімнің беделін қайтсек көтереміз?

1Жуырда мәжіліс депутаты Ирина Смирнова білім беру саласында тер төгіп жүрген ұстаздардың жалақысы тым аз екенін, оны 1000 долларға дейін көтеруін сұрап, Үкіметке хат жолдады. Халықаралық «mel.fm» сайты арнайы зерттеу жүргізген екен. Сонда Мексика ұстаздарының жалақысы 5 695 долларды құрапты. Германия мұғалімдері 5110, АҚШ-тың ұстаздары 3558 доллар алады екен. Испания, Австралия, Нидерланды мұғалімдері де 3000 доллардан жоғары жалақы алатын көрінеді. 

Үй-жайын ұмытып, өзгенің баласын өзінікіндей көретін, білім мен тәрбие беру жолында ізденетін мұғалімдердің еңбекақысын жоғарылатып жатса несі айып?!

Десе де, мұғалімнің мәртебесі тек жалақыны жоғарылатумен шешіле салмасы анық. Оның беделі өзін жан-жақты қырын танытуымен, білімімен, сыйластығымен, жеке-дара ерекшеліктерінің бағалануымен көтеріледі.

Сондай-ақ, мұғалімдік қызметті атқаратындардың 81,3 пайызы әйелдер екенін ескеріп, бұл салаға ер азаматтарды тартудың да қажеттілігін жете ұғынған жөн. Оларды оқушылардан ақша жинауға, концерттерге билет сатуға, ең ақыры қоғамдық жұмыстарды атқаруға мәжбүрлемей, қағазбастылықтан арылтып, тек баланың санасына білім құюға ғана мүмкіндік берсек, сонда ғана біздің білім жүйесінде оң өзгерістің болары анық.

Ал Шымкентте бүгінде 16 мыңнан астам педагог бар екен. Оның 4290-ы жоғары санатты, 3886-сы – І санатты, ал 4555-і ІІ санатты мұғалімдер. Осы жылы 2164 мұғалім Шымкент, Алматы қаласында пәндер бойынша бес жылда бір рет өтетін екі апталық міндетті біліктілік курстарынан өтсе, «Робототехника» курсында 104 мұғалім білімін жетілдірген. Ал 2 мыңнан астам ұстаз Педагогикалық шеберлік орталығы және «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастырған үш айлық деңгейлік курсында білім алған.

Бұдан бөлек, шымкенттік ұстаздарға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың «2017 жылдан бастап, біздің мұғалімдер мен мектеп директорлары Финляндияда білімін жетілдіреді» деген жаңалығы да тосын сый болғаны рас. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан әрбір түлек қолына қалам ұстатып, әріп танытқан, жазу-сызуды үйреткен, үлкен өмірге жолдама беріп қанаттандырған ұстазын ұмытпаса керек-ті.

Ұстаздық атты ауыр жолды таңдаған барша жанды төл мерекемен құттықтаймыз!

Жуырда Шымкентте өткен «Алтын сақа» балаларға арналған кинофестивалінде Ләйлә Сұлтанқызымен кездесудің сәті түсті. Белгілі тележүргізушімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

1466225412 photo 15168-1024x681

– Ләйлә Сұлтанқызы, Шымкентке қош келдіңіз! «Алтын сақа» қысқа метражды фильмдердің фестиваліне қазылар алқасының құрамында болдыңыз. Фестивальдің ұйымдастырылуы, қатысушылардың деңгейі қалай болды?

– Фестиваль Оңтүстіктегі киноөндірістің өз деңгейінде дамығандығын көрсетті деп ойлаймын. Егер әлемде, анимацияның отаны үндістер немесе қытайлар десек, ОҚО анимациялық студияларымен еліміздің кино өнімдерінің 80, 90 пайызын құрап отыр. «Алтын сақаның» Шымкент өңірінде өтуінің басты себебі де осы.

– Қатысушылардың арасынан болашағынан үміт күттіретін кинорежиссерлер болды ма?

– Мен анимацияға көп мән бердім. Және қосымша таңдалған 5 туынды алдағы уақытта «Балапан» телеарнасынан көрсетілетін болады. Байқағаным Шымкентте таңдаулы кино режиссерлері бар. Ең қызығы, студенттердің салған туындылары, түсірген дүниелері мені таңғалдырды.

– Ләйлә Сұлтанқызы, өз кітабыңыздың «Менің екінші кітабым» аталуын немен түсіндіресіз?

– Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деген сөз текке айтылмаған. Қыз баласы ретінде маған да отбасында тыйым салынған дүниелер көп болды. Сондықтан болса керек, ешкімге көп ашылған емеспін. Шынымды айтайын, өзімді мазалайтын дүниені өзгеден сұрауды жөн көрмедім. Бұл, бәлкім, қазақ қызына тән биязылық шығар. Содан жан дүниемді мазалаған ойларды ақ параққа түсіре бастадым. Күнделік жазуды әдетке айналдырдым. Меніңше күнделік әр адамның өміріндегі бірінші кітабы деп ойлаймын.

– Кітабыңыздың ерекшелігі неде? Өз ойыңызды бүкпесіз жеткізе алдыңыз ба?

– Әрине ойымды бүкпесіз жеткіздім. Өз өміріме байланысты оқиғалардың басым бөлігі қаз-қалпында берілді. Кейбір жерде ашық жазғаным бар. Бір жыл ішінде алғашқы туындымды жеңіл жазуға тырыстым. Себебі, оқырмандарға жақын болғым келді.

– «Балапан» телеарнасында шетелдік киноөнімдер, соның үшінде анимациялық фильмдер қазақша сөйлей бастады. Осы орайда, отандық киноөнімдердің үлесін арттыру мақсатында не істеп жатырсыздар?

– Бүгінде арнамыз еліміздегі жекелеген студиялармен әріптестік байланыс орнатуда. Олардың анимациялық өнімдерін көрсету құқығын сатып алды. Мәселен, «Сақ» киностудиясынан «Түлкі және тасбақа», «Аңқау батыр», «Мақта қыз бен мысық», «Ала қоңыз», мультфильмдерін алып отырмыз. Сонымен қатар, «Балапан» телеарнасы көрермен назарына әлемдік анимациялық студиялардың озық кинотуындыларын ұсынуда. Бес жыл ішінде эфирімізден 1000-нан аса aнимациялық сериал мен толықметражды мультфильм көрсетілді. Бұл фильмдер мемлекеттік тілде дубляжданып, қазақ баласының танымына негізделіп экранға шықты. Мұның дәлелі, «Николодеон» кинокомпаниясының брендке айналған «Дара», «Диего, алға!», «Кәйлан» сынды мультхикаялары. Сонымен қатар әлемнің ең үздік кинокомпаниялары «Уолт Дисней» және «Сони Пикчерспен» келісім-шарт жасастық. Оған қоса, «Сони Пикчерс», «Синемоушн», «Глобал Медиа Партнер» кинокомпанияларымен келісімге келдік. Демек, «Балапан» ұсынатын анимациялық фильмдердің сапасы арта түспек.

– Балаларымызды батыстық «Tiji» мен «Nickelodeon» арналарынан арашалап алудың қандай жолдары бар?

– Бізді кішкентай көрермендермен алдымен, өзіміздің менталитет, тіл, салт-дәстүр сонымен қатар экрандағы әр қатысушының қазақ болғандығы бір қадам жақындастырады. Ауылдың баласы «Tiji» мен «Nickelodeon» телеарналарын көрмейді. Сіз қаланың баласымен шектеліп отырсыз. Біздің арнаны ауылдың да, қаланың да баласы тамашалайды. Сол себепті біз орыс тілді арналармен бәсекелес бола алмаймыз. Өйткені, қазақ тілді жалғыз телеарна болғандықтан және де оларда жоқ дүниені басқа арналардан бірінші беруге және сапалырақ дубляждауға тырысамыз. Сізге өтірік, маған шын, әрбір дубляждалған анимация не туралы, қандай кейіпкерлер бар екенін мен жақсы білемін. Өйткені, алдын ала «Микки Маус», 6 айдан соң «Черепашка» сынды мульфильмдерді таңдап жоспарлап, біліп отырамыз. Сондықтан, бұл арналармен бәсекелестен гөрі, өзіміздің контентіміздің мықтылығы басты назарда.

– Сізді көрермен тікелей эфирдің шебер жүргізушісі ретінде жоғары бағалайды. Тележүргізуші нендей қабілетімен ерекшеленуі керек деп ойлайсыз?

– Алғаш рет 21 жасымда музыкалық бағдарлама жүргіздім. Камерамен дос болдым. Камера мені, мен камераны жақсы көрдім. Еш уақытта мені мына камераның ар жағында миллион адам көріп отыр деп ойлаған емеспін. Мен досым ретінде қабылдап, досыма әңгіме айтып отырғандай әсер алатынмын. Сол камерамен әлі күнге дейін дос болып келемін. Ерекшелену үшін ең алдымен тәжірибе мен біліктілік қажет. Егер телеарнаға кеше келсем, менің де қолымнан келмес еді. Уақыт өткен сайын шыңдаласың. Барлық қырыңнан бір қадам алға жүріп отыруың керек. Өйткені, бізді көретін көрермен сан түрлі. Сондықтан, мұның бәрі уақыттың, біліктіліктен соң келетін тәжірибенің арқасында ерекшелене түседі.

– Бүгінгі журналистиканың кемшілігі не?

– Өкінішке қарай, бүгінде отандық журналистикада тыңғылықты зерттеулер жоқ. Белгілі бір салаға машықтанған тілшілер саусақпен санарлық. Тіпті, қазір экономика, медицина, мәдениет деп сала таңдамайтын болдық. Сондықтан журналист бесаспап болуға мәжбүр. Біздің басты кемшілігіміз де осында жатқандай. Меніңше, журналист белгілі бір салаға бейімделіп, сол тақырыпта тереңірек үңілгенде ғана өз ісінің нағыз маманы болады деп ойлаймын.Тағы да айта кетерлік жайт – журналист мамандарды дайындау ісінің жолға қойылмағандығы. 3-4 курсты бітіріп, телевизияға өндірістік іс-тәжірибеден өтуге келген студенттер қарапайым ғана дүниелерден бейхабар болып шығады. Яғни, журналистерді дайындау барысында тәжірибе мен теорияның алшақтығы бірден байқалады.

– Ләйлә Сұлтанқызы, «Әйел бақыты» хабарын жүргізу арқылы нәзік жандылардың өміріне тереңірек үңіліп келесіз. Айтыңызшы, әйел бақыты неде екен?

– Әйел бақыты туралы сөз қозғағанда әйелдің өмір бойы бақытты болып жүрмейтінін ескеруге тиіспіз. Біле білсек, әйелдің бақыты бақытты сәттерден ғана тұрады. Мәселен, біреудің бақыты жолдасымен алғаш рет жүздескен сәті болса, енді бірінікі ұлымен қатар отырып кешкі ас ішкен кезі болуы мүмкін. Ең бастысы – жүрегінің тыныштығымен ұласқан сәттер әйелдің бақыты дер едім. Мұндай сәттер күнде болмауы да мүмкін. Десе де, мен барлық әйел затының бақытқа бөлейтін сәттері көбірек болуын тілеймін.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– Кез келген жұмыс жоспармен болады. Үлкен-үлкен жобалар жасау, «Әйел бақыты» бағдарламасы деңгейін көтеру. Бағдарламаның ағылшынша нұсқасын жасап, әлемдік деңгейдегі түрлі байқауларға қатыстыру ойда бар. Журналистерге арналған әдістеме де шығарғым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Қариясы бар ел қазыналы

Пятница, 30 Сентябрь 2016 06:47

Халқымыз қариясын қазынаға балайды. Үлкенді ақылдың кені санап, құрмет көрсетеді. Сол бір тамаша дәстүр Қарттар күні жалғасын тапты.

DSC 2594

Мереке күні ардагерлеріміз «Алтын сарай» мейрамханасында бас қосты. Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырған шара жоғары деңгейде өткізілді. Қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қариялар мен ақжаулықты аналарды мейрамымен құттықтады.

– Сіздерді БҰҰ Бас Ассамблеясы қарттар күні деп жариялаған, бүгінгі мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бәріңіз кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге үйретіп келесіздер. Араларыңызда бүгінге дейін ел игілігі үшін түрлі қоғамдық ұйымдарда еңбек етіп жүргендер аз емес. Сіз бен біздің қолдауымызға мұқтаж жандардан жүрек жылуын аямайық.Сіздерге зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін. Әрқашан ықыласқа бөленіп, арамызда жүре беріңіздер! – деді Ғ. Әбдірахымов.

14432974 1794349924144700 3553058468520801767 n

Бүгінде Шымкентте 70 мыңға жуық зейнеткер, соғыс және еңбек ардагерлері бар. Олардың 8 мыңы көпбалалы аналар, 141-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері.

Қазіргі таңда Шымкентте 70 мыңға жуық зейнет жасындағы қарттар мен ардагерлер тұрады. Қала әкімдігі ардагерлерімізді ардақтап, оларды қашанда, қамқорлық аясынан тыс қалдырған емес. Осының айғағындай, мерекелер кезінде қарттарымызға түрлі әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Сондай-ақ қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан ҰОС мүгедектеріне, қаза болған әскери қызметкерлердің отбасына, тыл еңбеккерлеріне, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге әлеуметтік көмектер берілді.

DSC 2592

Салтанатты шарада сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Рысбай қарияларға жылы лебізін жеткізді.

– Біз жыл сайын мерекені атап өтуді жақсы дәстүрге айналдырдық. Жастық жалыны мен бойындағы күш-жігерін елдің дамуына жұмсаған қарияларымызды бүгінде жас буынның қамқорлыққа алып, сыйлауы орынды. Оларға қамқорлығымызды көрсету – біздің басты міндетіміз, – деді.

Қариялар мерекелік дастарханда бас қосып, арқа-жарқа болды.

Ш. Қалдаяқов атындағы «Тұмар» фольклорлық ансамблі, халықаралық байқаулардың жүлдегері Асыл Жандәулетов қарияларымызға әннен шашу шашты.

Осы орайда аға буын өкілдері мерекені ұйымдастырғандарға алғыстарын айтып, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық баянды болсын деген тілектерін жеткізді.

Страница 25 из 47