Құрметті шымкенттіктер және қала қонақтары!
Сіздерді 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қазақстан Республикасы сан соқпақты сүрлеулерді тізеден кешіп, егемендікке шынайы бейнетпен қол жеткізді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жаңа Қазақстанды тәуелсіздік жылдары айдай әлемге паш етті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – осы бір жауапты әрі ауыр, күрделі де күрмеуі көп, қиындығы мол тарихи да тағдырлы істі жүзеге асыру процесінде елді басқарып, жұдырықтай жұмылдырып, халықты жарқын болашаққа сендіріп, соған жету үшін бар күшін, таланты мен жігерін аямай, орасан еңбек етіп, бүкіл қазақстандықтардың ыстық ықыласы мен ризашылығына бөленген кемел тұлға. Елбасының салиқалы да сабырлы, сарабдал саясаты мен тегеурінді де сенімді түрде жүзеге асырған реформаларының және күнделікті тынымсыз ізденістері мен ұтымды іс-әрекеттерінің арқасында Қазақстан ғасырға тең жолдан өтіп, жер-жаһанға танылды, зор табыстарға жетті.
Әр жыл сайын ел іргесін берік, бағыт-бағдардың жүзеге асуы мақсатында, Елбасының халыққа арнаған Жолдауы көптеген мәселелердің нақты әрі түбегейлі шешілуіне жол ашуда. Қазақстанды дамыту жолындағы жоба-жоспарлар мен түрлі бағдарламалар тиісті деңгейде орындалып, елдің игілігіне айналуда. Кешегі «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауы да еліміздің алға қойылған міндеттерге серпін беретін, рухани жаңғыруға жағдай жасайтын нұрлы жол деп білеміз.
Оңтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде Шымкент қаласы Президенттің ерекше назарында екені елге мәлім. Оңтүстік өңіріне келген әр іссапарында Шымкент қаласының дамуы мен атқарған істеріне егжей-тегжейлі мән беріп, халықпен жүздесуі осы сөзімізге айқын дәлел. Қаламыздың келешегіне деген зор үміті мен сенімін де әр сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы айтып келеді.
Қадірлі жерлестер!
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, дамуы, еңселі ел атануы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев тұлғасымен тығыз байланысты. Тәуелсіз мемлекеттің күнтізбесіндегі жалпыхалықтық мереке – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні – барша халықтың Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа артқан биік сенімінің, ізгілік-құрметінің жарқын дәлелі. Сондықтан осы мерекенің мән-маңызын әрбіріміз жете түсініп, өзімізден кейінгі буынға дұрыс дәріптей берейік. Осынау атаулы мерекеде әрбіріңізге мықты денсаулық, игілік, табыс және Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуін тілейміз!