Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат Избранное

Пятница, 05 Декабрь 2014 03:55 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7321 раз

Облыстық ардагерлер кеңесі «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» бағдарламасы негізіндегі жылжымалы кеңесін қорытындылады. Жастардың бойында тілге, дінге, салт-дәстүрге, Отанды сүюге деген қасиеттерді сіңіруді жұмысшы топ үш айдан бері аудан, қала мектептерін аралап, оқу орындарында бірқатар кездесулер өткізген болатын.

DSC 0191Жұмысшы топ құрамына халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт, облыстық әжелер ұйымының төрайымы Үрзада Айтөреева, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Медеу Шерімов, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Жолдасов және педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Несіпханым Камалова бар. Қ.Спатаев атындағы №7 техникалық мектеп-лицейінде өткен келелі жиынға қала әкімдігі  ішкі саясат бөлімінің басшысы Болатбек Төлеген, ардагерлер, ата-аналар, тәртіп сақшылары, оқушылар мен қатысып, ойларын ортаға салды.
Атқарылған жұмыстарды қорытындалу үшін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ең алдымен Елбасының биылғы Жолдауына тоқталды.  Патриотизмді жастардың бойына сіңіру үшін еңбек ету керектігін және осы мақсатта бірнеше іс-шаралардың атқарылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазір жастар арасында қылмыс саны артып барады, тәрбиесіз және білімсіз баланың болашағы бұлыңғыр, таным-тағлымы мол, мәдениеті мен білімі жоғары жастарды бірге тәрбиелеу қажет.
– Ата-ана мен мұғалім арасындағы алшақтық жоқ емес. Біліммен қоса, тәрбие жағы да ұстаздарға жүктеледі. Соның салдары түрлі жағдайларға алып келеді. Мәселен, биыл 9 айда 115 бала қылмыс жасаған. 56 оқушы ішкі істер бөлімінде тіркеуде тұр. Ата-ана мен бала арасындағы байланыс үзіліп бара жатқан сияқты. Оған мына мысал дәлел. Сарыағаш ауданында бір оқушы шығармасында «Мен үйдегі тұрған теледидарға айналсам ғой! Соның орнында болсам, ата-анам мені көрер еді, маған назар аударар еді» деп жазыпты. Осыдан-ақ, балаға көңіл бөлінбейтінін байқауға болады, – деді Ж.Мәуленқұлов.
Әжелер ұйымының төрайымы Үрзада Айтөрееваның айтуынша, бала тәрбиесінің ұйытқысы – әже. Ол қай ғасырда да өзінің мәнділігін жоғалтпаған. Ұрпағының аманатын тілейтін жан.   Өз кезегінде сөз алған жазушы Мархабат Байғұт дінге, салт-дәстүрге қатысты пікірлерімен бөлісті. Айтатын ауыздан, тыңдайтын құлақтың ақылды болғанын алға тарты.
– «Бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт жоқ» деген өтірік. Сериал көретін емес, ертегі оқитын ата-әжелердің қатарын көбейту керек, – деді М.Байғұт. – Сериал – біздің ұлттық уызымызды бұзу үшін жасалған әрекет. Интернет жастардың бұзылуына жол береді дейміз. Оны да меңгеру керек. Бірақ, үйлесімнің болғаны жөн.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болатбек Төлеген ұрпақ тәрбиесінің қай заманда да өзекті болғанын айтты.
– Қазір ақпарат заманы. Жастар интернетте көп отырады. Онда зорлық-зомбылық пен керттартпа ағымдар туралы мәлімет көп.  Бұл ретте ата-аналар комитеті белсене жұмыс істеп, ата- әже тәрбиесін жандандыру қажет. Салт-дәстүрді балалардың бойына сіңіруіміз керек. Тәрбиені насихаттайтын осындай  жиындарға бюджеттен қаржы қарастырудамыз. Айта кету керек, облыстық ардагерлер кеңесімен бірлесе бірқатар жобалар жүзеге асуда.
Жиында сөз алған білім бөлімінің маманы А.Иса, қалалық ата-аналар комитетінің төрағасы Ж.Омаров, профессор Ә.Мұсақұлов және бірқатар ата-аналар ардагерлер кеңесінің бастаған бұл игі ісіне разылығын білдіріп, алдағы уақытта да жалғасын табуын және арнайы сайттың ашылуын сұрады.
Ж.Мәуленқұлов қаладағы №125 мектептің ұстаздары мен ата-аналары  ардагерлер кеңесімен бірлесе жұмыс істесе деген ұсынысын айтты. Ардагерлер кеңесінде қазір 75 мыңнан астам ата-әжелер, олардың арасында ғалымдар, ел басқарған азаматтар, ұстаздар бар.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Еңбектерi елендi Елбасы еңбегi – жастарға үлгі »