Жас көрермен театры шымкентте! Избранное

Среда, 12 Июнь 2024 06:31 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1864 раз

«Гауһартас» дегенде, есімізге таңның шапағындай сұлулық, қазақ келіндерінің жиынтық бейнесін елестетін Салтанат түседі. Әдемі қазақы тәрбие, жеңге мен қайын іні сыйластығы.

JasTar

 

Ажарың ашық екен атқан тандай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын.
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай
Беу-беу. гауһар тас...
Осы әннің әсерімен Дулат Исабеков «Гауһартас» повесін жазып шыққан. Ол кезде жасы небәрі 25 жаста еді. Повесть халықтың шығармасына, Гауһартас халықтың сүйіктісіне айналды. Бүгінде бұл шығарманың жаңа дәуірі басталды десек болады. Олай дейтініміз Астана қаласының музыкалық жас көрермен театры сахналаған «Гауһартас» бүгінде аншлагпен өтетін, көрерменнің жүрегіне жол тартқан үздік қойылымға айналды.
– «Гауһартас» бізден кетті, көрерменге жетті. Спекталкль бүгінге дейін 205 реттен аса қойылды. Ақпан айының ортасында 165-ші рет сахналап, рекорд жаңарттық. Бұл халықтық сипатқа ие қойылым болды. «Гауһартастың» билеттері аншлагпен өтіп жатты. Бұл халықтың «Гауһартас» арқылы өзінің ұлттық мінезіне сусап қалғанын көрсетеді. Өйткені бұл повесте ұлттық мінез, ұлттың намысы, ұлттың болмыс-бітімі бар. Қазақ қандай болды десе, көрсететіндей туынды. Жас қыз-жігіттердің театрға келуін өзінің ұлттық тамырына оралуы деп түсінемін. Ұлттық болмысты тану үшін, өзінің рухани өзегіне оралу үшін «Гауһартас» спектакліне келеді, – дейді шаһарымызға «Астанадан Шымкентке сәлем» атты өнер сапарымен келген театр басшысы Асхат Маемиров.
Театр – өмірдің көркем көрінісіне негізделген өнер, осы өнер жолындағы тұлғалардың жоғары талғамды эстетикаға толы репертуарына куә болып, рухани байлыққа кенелетін мәдени орын. Жас көрермен театры осы мәдени ортаны Д.Исабековтың «Гауһартас», М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді...», Қ.Мұраттың «Махаббат бар ма?» қойылымдарымен толтырмақшы.
Елордалық театрдың өнер сапары 16- маусымға дейін жалғасады. Гастрольдік сапар аясында театр ұжымы өңірдегі өнерсүйер белсенді жастармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Еркін форматта өткен сырласу кешінде жанды дауыста ән шырқалып, көремен мен театр әртістері арасында әдемі сұқбат орнады.

– Театр – адамның өзіне көрінбейтін, өзі сезе бермейтін тұстарын көрсететін айна. Қазір жастардың көбі әлеуметтік желіде отырады. Кітап оқымай, өзінің ұлттық негізінен ажырап бара жатқан ұрпақ көбейіп жатыр. Осы «Гауһартас» арқылы Tik Tok-та отырған жастарды шақырғым келді. Қазақ шаңырағындағы ең қасиетті ұғымдардың бірі де бірегейі – махаббат. Ол – рухтың бірлігі, – дейді Асхат Мақсымұлы.
Өнер ұжымында 70-ке жуық әртіс бар. 2023 жылдың аяғында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұжымға ақжолтай тілегін арнап, «Ұмай» ұлттық сыйлығын табыстады. Дәл қазір театрдың қоржынында отандық, әлемдік, заманауи 20 қойылым бар. Осыған дейін Семей топырағын басып келген ұжым Шымкенттің ойлы көрерменін театрға шақырады.

С. ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.