Шәмшi әнi шалқыды

Пятница, 21 Август 2015 10:45 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5682 раз

Биыл ән әлемінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың  туғанына – 85 жыл. Композитордың 15 тамыз туған күніне орай жыл сайын өткізілетін  ретро-фестиваль мен ән байқауы жоғары деңгейде өткізілді. Дүбірлі додада жаңа есімдер танылып, ән әлемінде жұлдыздары жарқырады.

shamshi ani shalkidy 34

Қазақ мәдениетіне өшпес із қалдырған композитордың мерейтойы Шымкентте екі күн қатарынан тойланды. Алдымен облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен тарихи-өлкетану мұражайында «Мәңгілік ән қалдырған» көрменің ашылу салтанаты өтті.  Шараға Шәмші Қалдаяқовтың жұбайы Жәмила Қалдаяқова және қарындасы Раушан Қалдаяқова қатысты. Қонақтар  халық әртісінің өмір жолы, отбасы, достары, замандастары және шығармашылығына байланысты фотосуреттері мен қызықты деректермен танысты. Көрмеден соң, «Арыс жағасында»  VI  ретро фестиваліне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Қонақтар баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап беріп,  Шәмші туралы кеңінен толғанды.
 Кешке ұлы сазгердің әндерін насихаттау мақсатында   «Шәмші әлемі» гүлзарында алтыншы рет «Арыс жағасында» ретро-фестивалі өткізілді. Бұл күні Шәмші атындағы гүлзардағы «Жұлдыздар аллеясы» Оңтүстіктен шыққан танымал эстрада әншілері Заттыбек Көпбосынұлы мен Қайрат Нұртастың есімімен толықты. Сондай-ақ, Шымқала төріне келіп өнер көрсетіп, бақ сынасқан аудан өнерпаздарының «Мә­дениетім-мерейім» облыстық байқауы мәресіне жетіп, байқау жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаны­беков ма­ра­паттады. Дәстүрлі байқаудың бас жүлдесін Сарыағаш ауданы жеңіп алды. Ал шымкенттік өнерпаздар екінші орыннан көрінді.
 Ретро-фестивалде қазақ эстрадасының жұлдыздары сонау 80-ші жылдары сәнге айналған, талай жүректі тербеген әндерді шырқады. Шараға ҚР Халық жазушысы Мұхтар Шаханов, сықақшы, журналист Көпен Әмірбек, Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР еңбегі сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев арнайы қатысты. Ш. Қалдаяқовтың тек ән падишасы ғана емес, ақындығы мен тапқырлығы жайында сықақшы Көпен Әмірбек өз естелігімен бөлісті. Фестивальде 750-ге жуық Оңтүстік өнерпаздарының қатысуымен  халық сүйіп тыңдайтын және көп шырқалатын композитордың 30-ға жуық әндері орындалды.
– Әрбір шыққан әнін  шыққан күні үйреніп алып, радио, телеарналарда айтып, студенттер аудиториясында шырқап жататынбыз. Шәкең  мен жастар күн сайын кездесу жасайтын. Жалпы қазақ әндерінің негізі, лирика әндерінің қалыптасуы 60-шы жылдардан бастап қанат жайды деп айтуға болады. Соның қанат жаюына Шәмші ағамыздың шығармашылығы бірден-бір көмек болды», – дейді ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов.
Келесі күні «Менің Қазақстаным» облыс­тық жас әншілер байқауы облыстық филармонияда  өтті. Бәсекеге толы болған байқау екі кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңінде үміткер міндетті түрде Шәмшінің әнін орындаса, келесі кезеңде өз таңдауы бойынша жергілікті композиторлардың әндерін орындаудан сынға түсті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі кешке  «Шәмші әлемі» гүлзарында ұйымдастырылды. Нәтижесінде Бас жүлдені шымкенттік «Тенор» тобы жеңіп алды.  Бірінші орынды шымкенттік Елжас Қалдыбеков иеленді. Екінші орынды түркістандық «Семсер» тобы мен Тілекбай Нагимбаев бөлісті. Үшінші орынды Шымкент қаласынан Ақмарал Басымбекова, Бағдат Сейітбеков, Аян Төлеген және төлебилік Қуаныш Айдаров иеленді. Сондай-ақ, «Менің Қазақстаным», «Ақмаңдайлым», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» номинацияларының иегерлері анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов марапаттады. Соңы шымкенттік өнарпаздардың гала концертіне ұласты.  Жұлдыздар сазгердің туындыларынан ән арқылы жүрекке жыр, көңілге сыр құйды.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.