Марат ҚАРАБАЕВ: «Оңтүстік туризмі Шымкенттен басталады»

Пятница, 01 Июль 2016 05:53 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 11274 раз

Шымкенттің үшінші мегаполиске айналғанын тілге тиек етсек, алдымен туризм саласы еске түседі. Жалпы, біздегі туризмнің бүгінгі жағдайы қалай? Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаевпен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсындық.

mkarabaev

– Марат Кәрімжанұлы, туризм бізге, шымкенттіктерге не береді?

– Дүниежүзілік туристік ұйымдардың дерегіне сүйенсек, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 9%-ын, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әлемдік экспортының 6%-ын туризм саласы құрайды екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіштің үлесі шамамен 0,9%. Туризмі дамыған мемлекеттерде әрбір 11-інші адам туризм саласында қызмет етеді. Бұл ақпараттарға қарап туризмнің кіріс көзі, жаңа жұмыс орындары екенін түсінуге болады. Сондай-ақ, туризм – көлік және коммуникация, құрылыс, сауда, өнер, мәдениет, жеңілөнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор ықпал етеді.

– Біздің Оңтүстіктің туризмі қай деңгейде? Кімдерді қабылдауға дайынбыз?

– Облысымызға алыс жақын шетелдерден туристер келуде. Басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары. Дегенмен, қаламыздың әуежайына келіп түскен қонақтарды қабылдап алу, қонақүйге жеткізу жағын әлі де дамыту қажет. Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық аймағынан Шымкентке қыдырып, демалып қайтатындар өте көп. «Сарыағаш», «Манкент» шипажайларына, Түркістандағы Яссауи кесенесіне басқа да кереметтерге куә болып қайтып жатады.

– Туризмді дамыту бағытында қандай жаңалықтар орын алып жатыр?

– Облыс әкімінің қолдауымен 2016 жылдың 29 сәуірінде «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Бұл мекеме «бір терезе» қағидасы бойынша жергілікті тұрғындарға және шетелдік туристерді қарсы алып, қажетті мәліметтің бәрін ұсынатын гид-экскурсовед әрі қонақтардың орналасуына жауапты қызметтерді атқарады.
Орталық туристерге қызмет көрсетуден басқа, облыстың туристік өнімін алға жылжыту бағытында да жұмыс жасайды. Сондай-ақ, орталық базасында туризм саласындағы кәсіпкерге қызмет сапасын арттыру мақсатында тұрақты түрде семинар-тренингтер өткізілуде. Туристерге тәулік бойы қызмет көрсететін Call – center (байланыс нөмірі +7 7252 400 700) іске қосылды. Алдағы уақытта бұл орталықтың Шымкент қаласы әуежайы мен темір жол вокзалында ақпараттық киоскілерін орналастыру жоспарлануда. Облысқа туристерді тарту мақсатында басқармасы тарапынан жарнамалық-ақпараттық материалдар әзірленіп, отандық және шетелдік телеарналарда, әуе борттарында бейнероликтер трансляциялау, шетелдік басылымдарда мақалалар жариялау арқылы республикалық және халықаралық іс-шараларда насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

– Туризмі дамыған көп елдерде тау, көл, тарихи ескерткіштер, әлемге әйгілі кесенелер, нысандар, мұражайлар бар. Жалпы, туристерді қалай тартамыз? Немен қызықтырамыз? Саяхатшыларды қызықтыратын мақтаныштарымызды атап өтіңізші?

– Оңтүстік Қазақстан облысы туристік әлеуеті жоғары, бірегей табиғат әлеміне ие, мәдени-тарихи құндылықтарымен орын алған республикамыздың ең ірі аймақтарының бірі. Өңіріміздегі саяхатшыларды қызықтыратын нысандарды атап өтетін болсақ, ол әрине ең біріншіден, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қ.А. Яссауи кесенесі, Сауран қалашығы, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Төлеби және Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Жалпы, бүгінгі таңда облыс көлемінде 1278 тарихи және мәдени ескерткіштер саяхатшылар үшін қызмет етеді.
Түркістан, Отырар, Сайрам бағытында мінажат ету – мәдени-танымдық туризмі, Ақсу-Жабағылы, Қаратау мемлекеттік табиғи қорықтары мен Сайрам-Өгем мемлекеттік табиғи ұлттық паркі аумағында экологиялық туризм және Сарыағаш, Манкент шипажайларында емдік-сауықтыру туризмі қарқынды даму үстінде.

– Ұлы «Жібек жолы» кез келген саяхатшыны қызықтырады. Сол жолмен жүріп өтуді армандаған саяхатшылар біздің Шымқалаға соқпай өтпесі анық. Бағымызға орай, тарихи жолды жалғайтын ескі қалалардың бірнешеуі Шымкент қаласының айналасында орналасқан. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық мақтанышымыз – Сауран, Отырар, Түркістан, Сайрам сынды ескі қала орындарының бүгінгі жай-күйі қандай?

– Күллі қазақ жұртының мақтанышы, тарихи құндылығы ретінде танылған бұл аймақтарды күн сайын заманға лайықтап отыру, таза ұстау әрбірімізге міндет.
Біздің тарапымыздан бүгінде, Түркістан қаласында кесененің аумағын аббаттандыру, көгалдандыру, қаладағы қызмет көрсету нысандарын ретке келтіру бойынша жұмыстар қолға алынуда.
Қазіргі таңда Отырарға келушілерге 7 археологиялық нысан ұсынылуда. Оған консервациялық жұмыстар жүргізілген. Монша бастырмамен жабылған. Құмырашының үйіне толық қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Шахристан қақпасы қалпына келтірілуде. Сондай-ақ, Отырар ауданында «Қоржын үй» этно-мәдени кешені жобасы жүзеге асырылуда.
Сайрам, Отырар аудандары мен Түркістан қаласының туристік нысандары облыстың туристік маршруттар тізбесіне енгізілген.

– Бізде саяхатшыларға көрсететін орындар өте көп. Бірақ, сол барымызды қалай қадірлеп, қастерлеп жүрміз? Мәселен, Сауранды айтайықшы. Қарауылы бар ма? Тарихи аймақты көзіміздің қарашығындай қорып, қызықтап келушілерге «міне, біздің Сауран!» деп мақтана аламыз ба?

sauran

– Сауран ескерткіштер кешені туризм саласын дамытуға бірден бір қолайлы аймақ болып табылады. 2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Сауран қаласының солтүстік қақпасы, бас көшесі, медресесі мен мешіті қайта қалпына келтірілді. 2012 жылы Сауранға барар жолға Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан асфальт төселді. Тарихи нысанды тұрақты түрде арнайы бақылау жүргізіп отыратын қорық-мұражайдың бір қызметкері бар.
Алдағы уақытта Сауран қалашығының алдыңғы беткейінен келушілерге қызмет көрсету орталығын ашу жоспарға енгізіліп отыр.

– Қазіргі таңда Түркістаннан Сауранға жету үшін «Түркістан – Қызылорда» бағытымен айналып қатынауға тура келеді. Қысқа жол бар, бірақ, жүру бағыты көрсетілмеген. Әр жақсы әсердің өзі жарнама екенін ескерсек, жол соқтырып, шаршаған саяхатшы сапардан қандай әсер ала алады екен?

– Иә, әр саяхатшыны керемет әсермен қайтуы үшін туризм саласының мамандары да барын салуда. Даму, дамыту барысында түрлі жағдайлар кезігіп, оны түзету немесе жақсарту ісі уақыт ағымымен қатар жалғасын табуда. Сауран қалашығы халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бойында орналасқан. Бүгінде автокөлік жолындағы «Ескі Сауран» қалашығына бұрылатын жолдағы белдемше алынып тасталды.
Қала әкімдігі тарапынан Сауран қалашығына қарай баратын жолға жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ, ескерткішке бағыттайтын жол сілтегіш, нысанның төлқұжатын әзірлеуге қажетті қаржы көлемі есептеліп, қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар, келген туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығы аумағында арнайы күркелер орналастыру да жоспарланып отыр.

– Бағыт көрсететін жол белгілері қойылып, тарихи нысандардың төлқұжаты ілініп, сол жер туралы түрлі аңыздардың майын тамызып айтып беретін қонақжай «үй иесі» болса, саяхат тамаша өтетін сияқты. Өйткені, саяхатшының мақсаты жөнсіз шығындалу емес, келгеніне арзитындай танымын арттыру, көбірек білу, көру. Ал туризм саласының басшысы ретінде сіз қалай ойлайсыз?

– Әрине, кез келген туристің басты мақсаты қымбат қонақүйде тұрып, қыруар қаржы жұмсау емес. Барған елдің салт-дәстүрімен, тарихымен танысу, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін көру болып табылады.
Бүгінгі күні, туристерді нысанның және өңірдің тарихын айтып, ол жерлерге байланысты аңыздарды және өзге де қызықты ақпараттармен таныстыратын экскурсоводтарымыз бар. Мысалы, Ақсу-Жабағылы қорығына немесе Сайрам-Өгем ұлттық паркіне барсаңыз, Сіздің қалауыңыз бойынша бірнеше туристік бағдар ұсынылып, арнайы гид-экскурсовод қорықтың құрылу тарихын және табиғи аймақтағы нысандарға байланысты аңыздармен, басқа да ақпараттармен таныстырып, жол көрсетіп отырады. Сол секілді, кез келген мұражай, кесенелерде де арнайы мамандар туристерге қызмет көрсетіп отырады.

– Келесі бір айта кетер мәселе, бізде қоғамдық әжетхана мәселесі. Тіпті, қала орталығында да мұндай орын жоқтың қасы. Бұл соншалықты шешуі қиын мәселе ме?

– Бұл сұрақ бұған дейін де бірнеше рет қаралды. Облыс көлемінде әзірленген маршруттардың бойында 56 нысанда әжетханалар бар. Бірақ, басым көпшілігін санитарлық талаптарға сәйкестендіру қажет. Ал 26 нысанның аумағында әжетхана мүлде жоқ екенін анықтадық. Қазір осы бағытта қоғамдық орындарды ретке келтіру және санитарлық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, аудан, қала әкімдіктерімен туристік нысандарға алып баратын жолдарды жөндеу, төлқұжат және жол сілтегіштер орналастыру, әжетханаларды ретке келтіру мәселесі бойынша қажетті қаржы көлемі есептеліп, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді.

6211

– Біздегі көптеген кесенелердің ішінде суретке түсуге рұқсат етілмейді. Жалпы, әр сурет жарнаманың рөлін атқарады, ал суретке түсуге тыйым салу осы мүмкіндікті шектейді деп ойламайсыз ба? Бәлкім, тыйымның бізге беймәлім сыры бар шығар?

– Негізінен, кесенелер қазыналық кәсіпорын болуына байланысты оның ішкі көрінісін түсіру Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бекіткен арнайы бағасына сәйкес коммерциялық негізде жүзеге асырылады.

– Туризм саласының дамуына өзіндік үлес қоса алатын кәсіпкерлер бізде баршылық. Кәсіпкерлердің бірігіп жұмыс істеуіне, туризмді дамытуға тарту үшін мемлекет тарапынан қандай жұмыстар жасалуда?

– Біз өз құзыретіміз шегінде облыста туристік бизнес саласында жүрген азаматтардың барлығымен болмаса да, басым көпшілігімен тығыз байланыстамыз.
Бәсекеге қабілетті туристік кластер қалыптастыру мақсатында қолға алынып отырған туристік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етіп, барынша кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауда облыс әкімдігі де аянып қалмайды. «Ontustiк» туристік-ақпараттық орталығының жұмысын да ерекше атап өткім келіп отыр. Орталық апта сайын жүйелі түрде туризм саласында қызмет көрсетіп жүрген азаматтар мен кәсіпкерлердің басын біріктіріп, онда өңір туризмінің дамуына талдау жасалып, осы бағытта кездескен
мәселелерді шешудің жолы қарастырып отырады.

– Шымкент тұрғындары туризмді дамыту үшін қандай үлес қоса алады?

– Өңірге келетін туристердің бірінші әсері – қаланың тазалығы. Содан кейін тұрғындардың қонақжайлылығы. Саяхатшылар облысқа келгенімен ең әуелі Шымкент қаласына түседі. Яғни, Оңтүстіктің туризмі – Шымкент қаласынан басталады. Сол себепті, қала тұрғындарын шырайлы Шымкент шаһарының тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Сондай-ақ, қалада туризмін дамытуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын, ескертулерін ресми хат немесе әлеуметтік желілер арқылы жолдап отырса нұр үстіне нұр болар еді.
Облыста, оның ішінде Шымкент қаласында өткізілетін туристік іс-шараларға белсенді қатысып, өз білген жаңалығын өзгелермен бөліссе, кездейсоқ кездесіп қалған отандық немесе шетелдік қонақтарға жол сілтеп жіберсе, оның өзі туризмді дамытуға аз да болса қосар үлес деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал Молдиярқызы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.