Қимыл-қозғалыс азайса, депрессияға ұшырау жиiлейдi

Среда, 27 Июль 2016 06:02 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 9739 раз

Уақытты үнемдеу үшін ғалымдар тұрмыстық техниканың түр-түрін ойлап тапты. Дамыған заман мүмкіндіктері адамның көптеген қызметін жеңілдетті. Қазір айшылық алыс жерлерден хабар алуға бар болғаны бірнеше минут жеткілікті. Кез келген ақпаратты ғаламтор арқылы кез келген компьютер немесе смартфон арқылы біліп отыра бересіз. Үйде отырсақ, нағыз демалыс. Балалардың бәрінде бір-бір айпад немесе заманауи, үлкен әрі тартымды теледидар бар. Жұмыс орнында да солай. Адамның орнын техника алмастырған, тек тетікті басқару үшін жұмыс істейміз немесе күн ұзақ компьютерде отырамыз. Мұның нәтижесі адамзатқа қалай әсер етуде? Бұл туралы сұхбат берген Облыстық консультативтік диагностикалық медицина орталығының невропатолог-дәрігері Жанат Иманалиева газет оқырмандарына пайдалы кеңестерін ұсынды.

mzKC LVVbTY

– Жанат Иманәліқызы, қазіргі тексерілуге келушілердің шағымы қандай?

– Бел ауруына шағымданып келетіндердің дені нағыз жұмысқа жарамды деп танылатын 20-50 жас аралығындағы ересектер. Жүйке жүйесі ауруларының салдарынан мүгедек деп танылғандардың арасында остеохондроз 2-3-ші орынға жайғасқан. Жалпы, неврологияда жүйкенің тозуы үшінші орынды алып тұр. Осыдан 25 жыл бұрын айына 1-2 адамға «невроз» деп диагноз қоятын едік. Ал қазір күніне 5-6 адам осы неврозбен емделуге мәжбүр. Жүйкесі тозған адамның бір ғана емес, бірнеше жері ауыра бастайды. Бас, бел, асқазан, ұйқысыздық, ашуланшақтық, арқаның құрысуы, аяқты баса алмау.

omyrtqa– Аурудың көбею себебі неде деп ойлайсыз?

– Мүмкін экология немесе техника. Қазіргі таңда көзге көрінбейтін толқындардың, радиацияның таралу ауқымы кеңейген. Сондай-ақ, қимыл қозғалыстың азаюы.
Біз ең жақсы заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұрын бір ғана тірлікке қаншама энергия жұмсап, қозғалысқа түсетінбіз. Әрбір физикалық қозғалыс біздің тәнімізге қажет жаттығу. Әже-аталарымыз ән айтып, әңгімелесіп жүріп тірлік істейтін. Көбірек қуанатын. Жақсы көңіл күймен жүретін. Ал қазір ше?.. Өлең айтпаймыз. Асығып барып, асығып келеміз. Ми кезекке қойған шаруалар тізімін ойлаумен-ақ демалмайды.
Оқушылар 5-6 сағат сабақта отырады. Сыныпта ауа тарылып, кислород азаяды. Үйіне келген соң ата-анасы тағы да сабаққа дайындалуын талап етеді. Қосымша сабақтары бар. 5-6 сағат оқу-ізденіс барысында компьютердің, теледидардың алдында отырады. Смартфонын ермек етеді. Міне осының бәрі айналып келгенде «вегето-қан тамырлары дистониясына» («черепной») айналады. Бұл диагноз дер кезінде анықталып емделмесе, адам өз денсаулығына дұрыс күтім жасамаса уақыт өте келе одан қауіпті ауруларды тауып алады.

– Ересектер арасында қандай омыртқа аурулары көптеп кездеседі?

– Остеохондроз бұрынырақта қариялардың ауруы болатын. Қазір 10-15 жастағылардың омыртқасына тұз жиналуда. Қимыл-қозғалыссыз бір орында ұзақ отырғаннан адамның 4, 5-ші омыртқаларына салмақ түседі. Сосын сол жердің қан айналымы нашарлайды. Омыртқааралық дискілер қисаяды. Қисайған соң сыртқа қарай өсе бастайды. Бұны медицина тілінде протрузия дейміз. Осы сыртқа өсіп кеткен омыртқааралық дискілер қимыл қозғалыстың жоқтығынан, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан құрғап қата бастайды. Яғни, омыртқада дегенерация басталады. Күнделікті өмірде жұмыс істеп, ауыр көтермегенімен адам бір уақытта ауыр затты көтереді немесе оқыс қимыл жасайды. Сол кезде әлгі құрғап кеткен омыртқааралық дискілер сыр беріп жарылады. Бұдан әрі ауру «омыртқа аралық дискінің жарығы» (грыжа) деп аталады. Бұл көбіне бел омыртқада және мойын омыртқада кездеседі. Егер «омыртқа аралық дискінің жарығы» кішкентай болса, емдеу де оңай болады. Сондықтан жүре алмай қалғанша уақыт созып алмай, тез арада емделу қажет.

– Омыртқа ауруларынан толықтай жазылып кету мүмкін бе? Емдеу қалай жүреді?

– Толықтай жазылып кетпейді. Бірақ, тоқтатады және аурудың алдын алады. Дегенарация – күйзеліс, суықтау, ауыртпалық түскен кездерде сыр береді. Мұндайда науқасқа күйзелісті жеңетін, суықты қайтаратын дәрі-дәрмектерді, сол жердің қан айналымын жақсартатын дәрумендерді тағайындаймыз.
Егер, омыртқааралық дискінің жарығы 7-8 мм, тіпті, 1 см-ге дейін өскен жағдайда науқасты нейрохирург-дәрігерге жібереміз. Өйткені, бұл кезде дәрі-дәрмек көмектеспейді, күрделі емдеу тағайындалып, ол әртүрлі бағытта бірнеше айға созылады. Ол – омыртқаны созу, тарту, арнайы жаттығулар жасау түрінде жүзеге асады. Бұл емдеу нәтижесінде дәрігердің арнайы бақылауымен толық емдеу курсын тәмәмдаған науқастың омыртқа сүйектерін ұстап тұрған ет пен сіңір созылып, омыртқааралық диск жарығы 1-2 мм-ге дейін кішірейіп, жұлынды босатады. Аурудың бұл түрі көбіне көлік жүргізуші, компьютерде жиі қызмет көрсететін адамдарда кездеседі.

– Елімізде бүгінгі неврология саласы науқастарға көмектесуге қаншалықты дәрменді?

– Омыртқа арасындағы ет өсіндісінің асқынған түріне облыстық клиникада ота жасайды. Сондай-ақ, бастың ісігі анықталса, науқасқа Астанада ота жасау жүйелі түрде жолға қойылған.
Заманнан қалыс қалмау үшін күн сайын ғаламтордан медицина жаңалықтарын қадағалап отыруға тырысамыз. Көбіне Ресей медицинасы бізге тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді. Олар қазіргі таңда миға пышақсыз ота жасауды қолға алды. Бұрын пышақпен мидағы түйінді алу үшін сол дертке жеткенше миды зақымдап алу қаупі болатын. Қазір, ондай отаны лазермен жасайды. Кейде тамырлардың шатасып қалу жағдайлары кездеседі. Бұл эпилепсия, күйзеліске немесе қатты күш салғанда тамырдың жарылып кетуіне соқтыруы мүмкін. МРТ-ға түссе лазер арқылы сол тамырларды ретке келтіруді ғылым оңайлатты. Науқастар бұрын отадан кейін тұра алмай жатса, қазір 2-3 сағаттан соң-ақ қимылдап, аяғын баса алады.

– Ешқандай себепсіз, өздігінен невропатолог-дәрігерге келіп қаралушылар бар ма?

– Жоқ. Көбіне «басым ауырды» деп келіп, омыртқасының қисайғанын анықтап жатамыз. Әсіресе, жастардың денсаулығына мұқият болу қажет. Жастардағы құлақ шуылы сколиазды білдіреді. Белі қатпаған баланы 4-5 айдан бастап жастықпен қоршап отырғызу, мектепке баратын 7-8 жастағы баланың сөмкесінің ауырлығы, ұялы телефонға қадалып отыру әдеті, құлап, жарақаттанған сәттер балалар арасындағы омыртқа ауруларына себеп болады. Құлаған сәтте ет қызуымен қайта тұрып жүре бергенімен уақыт өте келе жарақаттың орны ауыра бастайды. Ал дәрігер қабылдауына жеткенше ол жер тайған күйінде қатып кеткен болуы да мүмкін.
Скалиоздың 1-інші, 2-інші стадиясы етті босататын дәрілер, жүзу, емдік жаттығу, уқалау арқылы жүйелі түрде қатысқанда ғана 18 жасқа дейінгі аралықта емделеді. Омыртқа аурулары кальций жетіспеушілігінен де орын алады.

– Бел ауруына көбіне жүкті әйелдер шағымданады. Жүктілік кезінде белдің тайып кету жағдайы сіздердің тәжірибелеріңізде кездескен бе?

– Иә, мұндай шағыммен келген келіншектердің 2-3%-ында ғана бел таю жағдайы кездеседі. Ал қалғаны көбіне қозғалыстың жоқтығынан немесе тым көп күш жұмсау, белге артық салмақ салу салдарынан бел омыртқа мен еттердің құрысып қалуы нәтижесінде орын алатын жайсыздықтар. Бұл кезде әйелдерге тек жүктілікке арналған жаттығу ғана көмектесе алады.

– Маман ретінде оқырманға қандай кеңес бересіз?

– Бір орында 2 сағаттан артық отырмауға, үнемі қимыл-қозғалыста болуға кеңес беремін. Газдалған сусындар мен жартылай дайын өнімдерден аулақ болған дұрыс. Бұлар ағзадағы калий, магний зат алмасу қызметін тежеп, түрлі аурулардың басталуына алып келеді. Сосын, ән айтсын, би билесін. Бұл көңіл көтеріп, шаршауды басады. Жаттығу жасау, спорттың жүзу түрімен айналысу омыртқаға пайдасы зор. Ата-аналар балаларының ой еңбегін ғана қадағаламай, дене еңбегін де ұмытпай, қимыл-қозғалысқа көбірек уақыт бөлуін ескергені жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал ӘШІРОВА

Последнее изменение Среда, 27 Июль 2016 06:32
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.