Асқар АБУБАКИРОВ: ОҢТҮСТІК – ЕЛІМІЗДІҢ КӘСІПКЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ

Пятница, 26 Январь 2018 09:06 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 711 раз

shymkala kz-7-4

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық» деп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын ерекше атап өткен болатын. Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакировпен аталған мекеменің бизнестегі жаңалықтары мен жоспарлары туралы сұхбаттасқан едік.

– Асқар Бегдәулетұлы, «Атамекен» ҰКП-ның басым бағыттары бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Елбасы Жолдауда атап өткендей, «Атамекен» ҰКП кәсіпті енді бастап жатқан азаматтарды бизнес жүргізуге үйретеді. Негізгі мақсат – құқық қорғау, әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған. Бізде Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес белсенді жұмыс істейді. Әкімшілік кедергілерді азайту – бұл жүйелік жұмыс, біз Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасына мемлекеттік бағдарламалар бойынша ұсыныстар жасаймыз. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау нәтижесінде Палата кәсіпкердің ақшасын үнемдеуге қол жеткізген мысалдар да бар. Осылайша, кәсіпкер үнемделген қаражатты айыппұлға емес, өзінің компаниясына, халықтың жалақысына жұмсайды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша барлығы 1471, ал 2017 жылы 514 өтініш келіп түскен. Кәсіпкерлердің қорғалған меншік құқықтарының жалпы көрсеткіш 12,4 млрд теңгені құрайды (айыппұлдар жойылды, контрагенттердің шарттық міндеттемелері орындалды, мүлік қайтарылды). 2017 жылы кәсіпкерлердің 4 млрд теңгеден астам мүліктері қорғалды. 

Мәселен, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша «Ордабасы Құс» ЖШС-нің 580 млн. теңге қаржысы қорғалып, тәркілеу туралы сот шешімінің күші жойылды және қылмыстық сот ісін тоқтатуды жүзеге асырды. Сондай-ақ, «Мельдеева», «Шопанов Г.Б» жеке кәсіпкерлігіне және тағы басқа кәсіпорындарға қатысты сот шешімінің күші жойылып, жалпы сомасы 990 млн. теңге қорғалды.

– Әкімшілік кедергілерді азайтуға байланысты нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

– Оңтүстік Қазақстан облысында үш жыл бұрын құрылған энергия қуаттарының электронды картасы жұмыс істейді. Жыл сайын бірыңғай терезе қағидаты бойынша шамамен 100 компанияға техникалық шарт алуына ықпал жасаймыз. Мұнда, әрбір адам онлайн тәртібінде өз кәсіпкерлігін қуаттандыруға қажетті мәліметтерді көре алады. Сондай-ақ, біз бизнеске жүргізілген тексерулерді тұрақты түрде бақылап отырамыз. Осындай тексеру нәтижелеріне талдау жасау барысы көрсеткендей, 2017 жылда алдыңғы жылмен салыстырғанда құқық бұзушылықтың азайғаны байқалады. Бізде қазір, экономикалық бөлім көп жұмыс атқарып жатқанын атап өткім келеді.

 

– Оңтүстік Қазақстан облысы шағын және орта бизнес саласы бойынша республикада көш басында келеді. Өңірдегі бизнестің артықшылықтары туралы айтып өтсеңіз...

– Оңтүстік Қазақстан облысының бұл салада артықшылықтары көп. Статистика көрсеткеніндей, шағын және орта бизнестің кең құлаш жайған жері – біздің облыс, одан соң Алматы қаласы екен. Бүгінде ОҚО-да 177 мың кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп келеді. Халық тығыз орналасқан аймақ. Оның үстіне мұндағы халық кәсіп жүргізуге бейім. Сондықтан біз, Кәсіпкерлер палатасы ретінде, Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің кәсіпкерлік орталығы ретінде орнықтыру үшін көптеген идеологиялық жұмыстар жүргіздік. Астана – бұл бас қаламыз, Алматы, бұл – қаржы орталығы. Ал шағын және орта бизнестің шоғырланған кәсіпкерлік орталығы – біздің облыс. Біз осы тұрғыда дамып келеміз.

Қазір біз Өзбекстанмен белсенді жұмыс жүргізудеміз. Өзбекстанға экспортталатын өнімдер шамамен 20%-ды құрайды. Біз оларға 58 млн. доллар көлемінде тауар экспорттаймыз, 46-47 млн доллардың тауарын импорттаймыз. Ұн өнімдеріне акциздік салықты төмендету туралы мәселені көтергеннен кейін (алдын 12, одан кейін 5) ұнды экспорттауды ұлғайттық. Бұдан басқа, көптеген компаниялар өз өнімдерін экспорттағысы келгенін көріп отырмыз, бірақ оларға айналымдағы капитал мен кепіл қажет.

– Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлеріне ыңғайлы болу үшін Палата қандай бастамалар жасайды?

– Біз «Yellow Pages» әлемдік тәжірибесіне негізделген жақсы деректер базасын жасадық. Оңтүстікте қандай кәсіпорындардың бар екенін білгісі келген кез-келген адам «Оңтүстік өнімдері» деп аталған каталогқа кіріп көре алады. Біз каталогты 2015 жылдан бастап шығара бастадық, алғашында 250 өндіруші, өткен жылы 500, ағымдағы жылы 1000 тауар өндіруші туралы ақпарат жинауды жоспарлап отырмыз. Ендігі міндет – нақты өндірушілердің кім екенін, ал алып сатарлардың кім екенін анықтау.

 

– «Атамекен бизнес мектебінің» жұмысына тоқталып өтсеңіз...

– «Атамекен бизнес мектебі» үш бағытта сабақ өткізеді: кәсіпкерліктің негіздері, жобалық оқыту және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлермен жұмыс. «Бизнес-мектеп» шеңберінде апталық салалық семинарлар тәжірибесі жасалды. Кәсіпкерлер сұраныстар жібереді, біз мамандарды жинап, жылыжай шаруашылығы, бухгалтерлік есеп немесе мемлекетік сатып алу бойынша салалық семинар өткіземіз. Кесте әлеуметтік желілерде және «Атамекен» сайтында орналастырылған. Алғашқы уақытта 10-12 адам келетін болса, қазір 30-ға жуық адам қатысуда.

– Кәсіпкерлер палатасының 2018 жылғы жоспарлары қандай?

– «Атамекен» орталық аппаратымен бірлесіп, аудандар бойынша терең талдау және скрининг жүргізу орайында ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Аудан деңгейіндегі қаржыландырудың 90%-ы негізінен мал шаруашылығына арналды. Басқа кәсіп түрлеріне аз көңіл бөлінеді. Сондықтан, бір бағытта ғана кетпей, кәсіпкерлер көздеген мақсатына жетуі басқа салаға да мән берген жөн. Айталық, наубайхана, тігін шеберханасын ашу керек. Жаңа кәсіпорындар қажет. Біздің барлық ақпараттарымыз әлеуметтік желілерде қол жетімді. Кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап береміз. «Тікелей эфир» жүргіземіз. Шымкентте Интернет-теледидар жасауды жоспарлап отырмыз. Қазір интернетте отыратын барлық жастар республикалық арналарды қарамайды. Жаңа шығармашылық форматта IT-да және басқа да салаларда не істей алатынымызды көрсеткіміз келеді. Облыс үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша көмекші құрал әзірледік. Мұнда қарапайым және түсінікті тілмен: қандай бағдарлама, қанша ақша, пайыздық мөлшерлемесі, қандай, қанша уақытқа беріледі – барлығы жазылған. Қаржылай қолдау қоры 5 бағдарламаға, аграрлық несиелендіру 6 бағдарламаға арналған. Бірақ олар туралы ешкім білмейді. Көмекші құралда «Индустриялық аймақ», «Қазақэкспорт» туралы мәліметтер анық көрсетілген. Енді біз топ құрып, ауылдар мен аудандарға барып, адамдарды хабардар етіп, оқытуды жоспарлап отырмыз.

 

– Әңгімеңізге рахмет

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.