Деректі фильм – достық дәнекері

Среда, 28 Сентябрь 2016 05:33

Қазақстан мен Өзбекстан – ынтымақтастығы жарасқан, бірлігі бекем мемлекеттер. Содан болар, екі ел арасындағы қарым-қатынас жылдан жылға артып келеді. Соның айғағындай «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының өкілдері бас қосты. Салтанатты шарада «Ұлы Абай қазақ, өзбек халықтарының жарық жұлдызы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Деректі фильм екі елдің бір атаның балаларындай етене араласатынын тағы бір дәлелдеді. Қысқаметражды фильмде мемлекеттердің ортақ мүддесі толық қамтылған. Бүгінге дейін қазақ-өзбек елдерінің саяси, сауда-экорномикалық қана емес, әдеби байланысы да қарымды. Өзбекстанда Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін шығармашылық кештер мен байқаулар жиі өткізіледі. Сондай-ақ ақынның өлеңдері өзбек тілдеріне аударылып, жастардың жүрегінен жол тапқан.
– «Абай – қазақ және өзбек халқының шамшырағы» атты 40 минуттық деректі фильм түсірген болатынбыз. Бұған кәсіпкер азаматтар да демеушілік көрсетті. Өзбекстан аймақтарын аралап Абай шығармашылығынан концерттер бердік. Біздің Өзбекстанда Қазақстандағыдай 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Республика бойынша 1 мың 300-дей мәдени орталық бар. Соның бірі – Қазақ мәдени орталығы. Сол себепті біз қазақтың әрбір қуанышына ортақ болып, осында келіп мәдени шараларды атқарып жүрміз. Қазақстаннан келетін өнер адамдарын, жазушыларды қазақтар көп шоғырланған аймақтарға апарып, кездесулер өткіземіз,-деді Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының жетекшісі Хамза Халмұратов.
Деректі фильмнің тұсаукесерінен соң, туындыны түсіруге атсалысқан бірқатар азаматтарды «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Е. Байқонақов марапаттады. Ал қонақтар қазақ халқына алғысын білдірді.

Қоңыр күзде қала тұрғындарына шат-шадыман көңіл-күй сыйлайтын Шымкенттің өз мерекесі бар. Ол – қала күні. Өткен аптада арнайы ұйымдастырылған думанды кештер, түрлі фестивальдер мен театр қойылымдары, эстрада әншілерінің мерекелік концерті шымкенттіктердің көңілінен шықты.

kol-den

«Наурыз» алаңында Қазақстан эстрада жұлдыздарының концертіне келген көрерменнің қарасы қалың болды. Облыс әкімі Б. Атамқұлов қала күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Ал қала әкімі Ғ. Әбдірахымов бірқатар азаматтарға «Қаланың құрметті азаматы» атағын тапсырды. Марапатқа ие азаматтардың еңбегіне ел сүйсінеді. Бірі білікті маман, бірі кәсіпкер, бірі ұлағатты ұстаз. Мұнан соң салтанатты шара өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты. Шымкенттіктер үшін эстрада әншісі Бейбіт Қорғанның сахнаға шығуы тосын сый болды. Көптен бері көрінбей жүрген жұлдыз жаңа әндерін Шымқалаға тарту етті. Ән әлемінің майталмандары «МузАрт» тобы, Индира Елемес, Қайрат Нұртас әннен шашу шашты. Серік Ибрагимов, «Лашын» тобы сынды эстрада әншілері кеш көрігін қыздыра түсті. Сонымен қатар, шымкенттіктерді қала күнімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

DSC 2257

– Сүйікті қаламыздың туған күні құтты болсын! Төл мереке болғандықтан әндерімізді сіздерге арнап жатырмыз. Алматыдан кейінгі үлкен мегаполис болғандықтан болашағы зор деп ойлаймыз. Шымкент өркендеп, өсе берсін!, – деді эстрада әншілері.
Мерекелік концерт соңы отшашумен аяқталды.

Қала күні мерекесінде Шымкенттің өсiп-өркендеуiне үлес қосқан азаматтар марапатқа ие болды. Оларға қалалық мәслихаттың шешiмiмен «Шымкент қаласының Құрметтi азаматы» атағы берілді.

14513699 1171119002934788 482382519 o

Енді «Құрметтi азаматтар» қатарына тағы 10 адам қосылып отыр. Қала күнi мерекесiнде марапатталған азаматтар:

  • Балабиев Қайрат Рахымұлы, «Әлем-БТ» ЖШС жобасының үйлестiрушiсi.
  • Бейсеев Әнуарбек, «Ұстаз нұры-информ» газетiнiң бас редакторы.
  • Егiзбаев Мұқан Кеңесбекұлы, ОҚО ДСБ «Облыстық клиникалық ауруханасы» МКҚК- ның бас дәрiгерi.
  • Жүзбаева Нәбира Жүзбайқызы, зейнеткер, байырғы ұстаз.
  • Көлбаев Ошақбай Оспанұлы, зейнеткер, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесiнiң пленум мүшесi.
  • Өмiрәлиев Әлiбек Кәденұлы, зейнеткер, ОҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесiнiң пленум мүшесi.
  • Құрманбаев Алданазар, еңбек ардагерi.
  • Сәрсенов Нұрдәулет Жұмағұлұлы, «Оңтүстiк капитал» Ассоциациясының бас директоры.
  • Сұлтанбеков Әдiлхан Ысқақұлы, «Шымкент-Дезинфекция» ЖШС-нiң директоры.
  • Темiр Өмiрбек Темiрұлы, зейнеткер, отставкадағы судья, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесiнiң мүшесi.

 

Айта кетейiк, облыс орталығының «Құрметтi азаматы» атағын 95 азамат алған болатын. Қала әкімдігі мамандарының айтуынша, бұл атақ қаланың экономикалық-әлеуметтiк дамуына үлес қосқан азаматтарға қоғамдық ұйымдардың ұсынуымен, қалалық мәслихаттың шешiмiмен берiлiп келедi.

Ғасыр жасаған әже

Среда, 28 Сентябрь 2016 04:16

Шымкент қаласында 107 жастағы қария тұрады. Екі ғасырдың куәгеріне айналған Назым Мәмбетәлі жасы жүзден асса да әлі тың. Он ұл-қызынан 31 немере, 19 шөбере сүйіп отыр. Өткен аптада қала әкімі Ғ. Әбдірахымов шежірелі қарт тұрғынды арнайы құттықтады. Теледидар сыйлап, оған зор денсаулық, жанұясына бақыт тіледі. Бейбіт күндерімізді орнатуға үлес қосқан қазыналы қарттарымыздың барлығы ұзақ ғұмыр кешіп, аман болуына тілек білдірді.

Назым әже 1909 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. Бізге ананың аппақ жаулығы – ана жүрегінің шексіз мейрімі мен кіршіксіз пейіліндей көрінді. Ал жүзін торлаған әжімдер басынан өткен аумалы-төкпелі тағдырынан хабар бергендей.

– Міне, өздерің көргендей аманмын. Алла денсаулық берсе, тағы осынша жасаймын,-деп әзілдеп қойды. Жүз жеті жасындағы өмірінде аштықты да, соғысты да, ұжымдастыру мен тәркілеуді де көрді. Ес білгеннен бастап еңбек етті.

– Соғыс жылдары тылда еңбек еттім. Қайда жұмсаса сонда бардық. Қолымыздан келгенше жеңісті жақындатуға өз үлесімізді қостық. Қазір Аллаға шүкір, балаларым, немере-шөберелерім қасымда. Ел аман, жұрт тыныш. Не ішемін, не киемін деп уайымдамайсың. Еңбекпен бәрін табуға болады, – деді Назым әжей ағынан жарылып.

Әшір қартпен бірге Назым әжеміз 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Оқытты-тоқытты, бүгінде елдің азаматтары қатарында жүргеніне шүкіршілік етеді. Бүгінде өмірден ерте кеткен ұлының шаңырағындағы келіні Раяның аялы қамқорлығының арқасында ұрпақ рахатын көріп отыр.
Екі ғасыр куәсі болу оңай емес. Соған қарамастан ардақты ана қуатты. Ауырған кезі жоқ. Ол ұзақ жасаудың сырын бірінші кезекте еңбекпен байланыстырады. Сосын, дұрыс тамақтану мен күтімнің арқасы деп біледі.

– Анамыздың денсаулығы жақсы. 107-ге келсе де, бәрін таниды. Немере-шөберелерімен ой бөліседі – дейді қызы Күлсінай Әшірқызы.
Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген анаға қарап, қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне, көңілдің қартаймайтынына көзіміз жетті. Айналасына шуағын түсіріп, шұғыласын шашып отырған Назым әжемізге біз де мықты денсаулық, немере, шөбере, неменелерінің қызығын көре беруді тіледік.

Бүгінде қалада жасы жүзден асқан 19 адам тұрады.

Шымкентте балаларға арналған облыстық «Алтын сақа» кинофестивалі өтті. Байқаудың салтанатты ашылу рәсімі облыстық опера және балет театрында ұйымдастырылды.

altyn saqa

«Алтын сақа» байқауының бағдарламасы 3 бағыттан тұрады: қысқа метражды фильмдер, анимациялық фильмдер және әлеуметтік роликтер. Ұсынылған еңбектер Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып, балалар аудиториясын қамтуы тиіс.
Фестивальге 23-тен астам үміткердің еңбегі іріктеліп алынған. Байқауға Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, кинотанушы Гүлнәр Амангелдіқызы мен «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы төрелік етті. Олар материалдың сапасына ерекше назар аударды.

– Соңғы жылдары Шымкентте балалар фильмдері мен мультфильмдер көбірек түсіріліп, сапасы жақсарып келеді. Жас таланттарды қолдайтын «Алтын сақа» байқауының ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Әсіресе, жастардың еңбегіне риза болдым. Кәсіби болмаса да, өзіндік ойы, мағынасы бар. Мұндай фестиваль республикалық деңгейде өткізілетін болса, кино өндірісінің өрісі кеңейер еді, – дейді кинотанушы Гүлнәр Аманкелдіқызы.

altyn saqa-2

Облыстық мәдениет басқармасы мен «Оңтүстікфильм» коммуналдық мекемесі ұйымдастырған байқауда «Қуат» қысқаметражды фильмі (режиссері Нұрбол Абсеметов) бас жүлдеге лайық деп танылды.

1 орынды режиссер Дархан Нұртазевтың «Айсұлу» фильмі иеленсе, 2 орын Хамид Мүтәлиевтің «Қаһарман» фильмі иеленді. 3 орын режиссер Бақытжан Көшеровтің «Мен қорқамын» фильміне берілді. Анимациялық фильмдер бойынша «Түлкі мен қырғауыл», «Асар», «Наурыз» фильмдері жүлделі орындарды жеңіп алды.

Фестивальге қатысқан фильмдер 23 қыркүйектен 3 қазанға дейін «Оңтүстікфильм» мекемесінде, балалар үйлерінде көрсетіледі. Ал жеңімпаз деп танылған кинотуындылар 5 қазаннан бастап, жергілікті және республикалық «Балапан» арнасынан көрсетіледі.

Талантымен Еуропаны тәнті еткен

Среда, 21 Сентябрь 2016 06:24

Опера – бекзат өнердің шыңы саналады. Классикалық өнерді бағындырған талант иелерінің ішінде Үралхан Сейілбекованың есімі Оңтүстік тыңдармандарына жақсы таныс.

uralkhan-2

Облыстық опера және балет театры ашылғанда Үралханның қуанышында шек болмады. «Бұл өнерді халық түсініп, қадірін біле ме?» деген көптің ойын өнер ұжымы жоққа шығарды. Опера және балет театрына келген әншінің жұлдызы жанды. Оған айғақ, әнші әлем классикасынан Джю Вердидің «Травиата», Р. Леонкаваллоның «Паяцы», П. Чайковскийдің «Евгений Онегин, Е. Брусиловскийдің «Қыз-Жібек», С. Мұхамеджановтың «Айсұлу» операларында басты партияларды орындады. Ал өткен жылы Абай атындағы опера және балет театрында «Қыз Жібек» қойылымын Ерлан Жандарбаймен бірге орындап, өнер көрсетті. Алматылық көрермен оның табиғи талантын, жоғары орындаушылық шеберлігін танытты. Сондай-ақ ол опера ұжымымен Еуропа елдері Польша, Германия, Австрияда ұйымдастырылған концерттерде өнер көрсетіп, еуропалықтарды операмен тәнті етті. Әнші 2015 жылы Польшада халықаралық «Музыкальный сад Рюбецаля» фестивалінде өткен вокалистер байқауында лауреат атанды.

uralkhanҮ. СЕЙІЛБЕКОВА:
– Барлық кейіпкерімді жақсы көремін. Қай образ болмасын, мен үшін салмағы ауыр. Жақсы қойылым жан-дүниеңді байытады.

Үралхан Каналбекқызы бала кезінен ән салғанды ұнатып өсті. Өнер деп алға ұмтылған ол Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының музыка маманы бойынша білім алды. Тынбай еңбектенудің арқасында алға қойған мақсатына жетті. Алматы облыстық Сүйінбай Аронұлы атындағы филармонияда және ҚР Ішкі істер министрлігінің ән-би ансамблінде жемісті еңбек етті. Туған жерге оралып, қызметін Сырдария университетінде жалғастырды. Міне, 20 жылға жуық уақыттан бері әнші өмірін өнермен өрнектеп келеді.
Сондай-ақ, әсем әуезді, кең тынысты Үралханның классикалық әндері де тыңдарманның көңіліне шуақ сыйлайды. Әріптесі Ерлан Жандарбаймен бірге дуэтте орындайтын әндерін көрермен сүйіп тыңдайды.

– Жолдасым Дәулетжан Болысбаев – суретші. Менің өнерімді қолдайды. Мен де оның шығармашылығын бағалауға тырысамын. Суретшілердің өз мінезі, өз ұстанымы болады. Бірінші кезекте ол маған, мен оған көрермен боламыз, – дейді әнші.

Өнер мен отбасын тең ұштастырған әнші екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ол киелі сахнада классикалық өнерді дәріптейтін ұрпақ жалғастығы жоғалмаса екен деп тілейді. Үралхан Сейілбекованың тыңдармандарына жақсы көңіл-күй сыйлайтын күн алыс емес. Опера әншісі 9 қарашада Шымкентте шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр.

«Мемлекеттік тіл мерейімді өсірді» – дейді қазақ тіліне құрметпен қарайтын Николай Путилин

Қазақшаны ана тілдерінен жетік білетін этнос өкілдері көп. Солардың ішінде, тележүргізуші Оксана Петерс, Максим Рожин, қазақ келіні Татьяна Мартыненконың есімдерін мақтанышпен айтуға болады. Сондай тіл жанашырларының бірі, Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметкері – Николай Путилин.

13437424 904209546355877 664155217 nОл көпшілікке қазақша сөйлейтін журналист ретінде таныс. Сөйлеп қана қоймай, қазақ тілін құрмет тұтады. Ал оның жатық сөйлегеніне қарап, өзге тілде оқыды дегенге сенбейсіз. Өйткені, ұлты орыс болса да, жан дүниесі – қазақ.

– Балабақшада орыс бөлімінде тәрбиелендім. Мектепте орыс сыныбында оқыдым. Көршілеріміз кәріс, грек ұлтының балалары еді. Қазақ тілін меңгеруге ұстаздарым Бибігүл Каниқызы, Гуля Бекманқызының ықпалы болды. Кәсіби мамандар ұстаздық міндетін бірінші кезекке қоятын. Алғашқыда қиын тигенімен, қазақша тіл сындырдым. Кейін қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақстан тарихы сүйікті пәндеріме айналды. Ұстаздарым қазақ тілі бойынша пәндік олимпиадаларға дайындады. Қазір достарымның барлығы дерлік қазақтар. Маған Абайдың қара сөздері мен өлеңдері қатты ұнайды, – дейді Николай.

Қазақшаны ешкімнен кем сөйлемейтін жігітті әріптестері де, достары да жақсы көреді. Мемлекеттік тілдің арқасында Николайдың есімі қалалықтарға таныла бастады. Еңбек жолын «Отырар» телеарнасында сайт редакторы болып бастаған оның жұлдызы жарқырады. Қазақ, орыс тілдерінде бағдарламалар мен хабарлар жүргізді. ТВК телеарнасында, облыс әкімдігінің баспасөз қызметінде абыройлы еңбек етті. Мемлекеттік тілді насихаттауға көп үлес қосты.

Қазір ол Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде жұмыс істейді. Мемлекеттік тілді білгендіктен жұмыс істеу де қиындық тудырмады. Тіл білгенінің арқасында Николай «Мен саған ризамын» деген мақтауды жиі естиді.

– Жұмыста мәтіндерді қазақша жазамын. Әрі қазақшадан орысшаға оңай аударамын. Мұнда қызмет мемлекеттік тілде жүргізіледі. Соңғы кездері менің байқағаным, этнос өкілдері арасында қазақ тіліне қызығушылық артып келеді. Мен оларға мемлекеттік тілдің негізі мектепте қалананатынын айтқым келеді, – дейді Николай.
Тіл жанашыры тек мемлекеттік қызметте ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Мерекелік кештерді ана тілімізде жүргізеді. Тілді ғана емес, салт-дәстүрімізді де жақсы біледі.

– Әкем Сергей, анам Алена Шевлякова менің болашағымнан үлкен үміт күтеді. Екі қарындасым бар. Мен үйдің үлкенімін, – дейді Николай Путилин.
Тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екенін Николай осылай дәлелдеп жүр. Ол мемлекеттік тілді білу парызым дейді.

Өнерлі жастар тартуы

Среда, 21 Сентябрь 2016 05:39

DSC 1366

Жыл сайын қоңыр күзде Шымқаламыздың туған күні тойланады. Сондықтан қалалықтар үшін бұл күннің орны бөлек. Өткен аптадан бері мерейлі мерекеге орай іс-шаралар өткізілуде. Білім беру мекемелері де Қала күніне тарту жасады. Білім ордаларының мерекелік бағдарламасы «Тәуелсіздік» саябағында өтті.

DSC 1378

Концерттік шараға қаланың 129 мектебінің оқушылары атсалысты. Мерекеде жас өнерпаздар Қала күніне тартуларын ән-күймен жеткізді. Атап айтқанда, саз мектебінің оқушылары, «Нұр Оңтүстік» вокалдық тобы, «Арулар» би тобы сияқты жас таланттар өнер көрсетті. 200 оқушы «I Iove Shymkent» флешмобын билеп, мерекелік думанның ажарын ашты. Көрерменнің көзайымына айналған жас өнерпаздардан құралған фольклорлық ансамбльдер, эстрадалық вокалдық топтар өнерсүйерқауымның көңілінен шықты. Шымқалалықтарды Қала күнімен құттықтаған білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева барша отбасына бақыт, баянды ғұмыр тіледі.

DSC 1399

Страница 26 из 47