ЖЕҢІМПАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ Избранное

Пятница, 31 Май 2024 05:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 435 раз

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздары марапатталып, олардың жетекшілеріне құрмет көрсетілді. «Аuezov university»: Білім көшбасшылары - 2024» атты жеңімпаздар үшін арнайы ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада республикалық додаларда топ жарған оқу ордасының 100-ге жуық студенті алғыс хатпен марапатталды.

Auezov

 

Жыл сайын еліміздің Астана, Алматы және өзге қалаларының жетекші жоғары оқу орындарында өтетін дәстүрлі пәндік олимпиадалар ел экономикасының өзекті салалары болып табылатын машина жасау, жылу техникасы, тоқыма, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, туризм, су ресурстары және суды пайдалану, аграрлық техника және технология, агрономия, психология, жаратылыстану, геотехника, режиссура, сәндік өнер, кәсіптік оқыту және т.с.с. пәндерді қамтиды.
Салтанатты жиында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы–ректор міндетін уақытша атқарушы Қайрат Нұрманбетов жеңімпаздарды құттықтады.
– Студенттерге өзі таңдаған мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы болудан асқан мәртебе жоқ деп ойлаймын. Еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын қаншама студенттің арасынан білім додасында топ жарып, жоғары білім деңгейі мен біліктілігін көрсеткен студенттерімізді шын жүректен құттықтаймын! Техникалық, гуманитарлық және шығармашылық бағыттардағы білім бағдарламалары аясындағы пәндер бойынша университетіміздің 97 студенті жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, 26 студент – І орын, 20 студент – ІІ орын, 51 студент ІІІ орын алып, оқу ордамыздың абыройын асқақтатып отыр. Сіздерді білім бәсекесіне даярлаған жетекшілеріңізге де айтар алғысымыз көп, – деп Қайрат Еңбекшіұлы барлық жеңімпаздарға жүрекжарды тілегін жеткізді.
Жеңімпаздар үшін арнайы ұйымдастырылған іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
2023-2024 оқу жылындағы республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарына университеттің Түлектер ассоциациясы қорының демеушілігімен «Kinopark» кинотеатрында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды.

А.КЕРІМ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.