ӘЙЕЛДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ АЙҚЫН Избранное

Пятница, 31 Май 2024 05:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 446 раз

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 458 жұп бедеулікпен есепте тұр. Қазіргі медицинаның мүмкіндіктері әйелдер ағзасының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, бедеулікпен күресуге мүмкіндік береді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2021 жылдан бастап 351 әйел ана атанып, 403 бала дүниеге келді. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды.

AieLL

 

Қала әкімінің орынбасары – комиссия төрағасы Сәрсен Құранбектің жетекшілігімен өткен мәжіліске басқарма басшылары мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының іске асырылуы, ана мен бала денсаулығы, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселелері де сөз болды.
«Ана мен баланы қорғау кез келген елдің денсаулық сақтау саласының басым бағыты болып табылады. Әйел – қоғамның басты ресурсы. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әйелдердің денсаулығын сақтауда әлеуметтік және медициналық салаларда қаншама істер атқарылғаны белгілі. Әйелдердің репродуктивті немесе бала туу жасындағы денсаулығы тек әйелдердің өздеріне ғана емес, сонымен қатар келесі ұрпақтың денсаулығы мен дамуына да әсер етеді. Әйелдің табиғат берген ең басты қызметі – ана болу бақыты», – деді Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева баяндамасында.
Басқарма өкілінің айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 2024 жылға 441 квота бөлініп, осы уақытқа дейін 427-сі берілген. Өткен жылы 429 квота бөлініп, 339-ы игерілген. Дегенмен, 90 квота бөлінген клиникалар басқа қалаларда орналасқандықтан, квота алушылардың жағдайына қарай кері қайтарылған. Бүгінге дейін 339 ота жасалып, 155 әйел жүкті болып, 43 әйел босанды, оның 5-і дүниеге егіздер әкелді. 166 ота сәтсіз аяқталған.
Соңғы он жыл ішінде елімізде туабітті даму ауытқулары бар балалардың туылуы жиілеген. Туабітті және тұқым қуалайтын аурулар нәресте өлімінің негізгі себептерінің бірі. Жыл сайын елде 400 мыңнан астам бала дүниеге келсе, оның 1 пайызы ұрықтың туабітті ақауларымен туады. Сондықтан балалардағы мүгедектікті ерте диагностикалау және профилактика жүйесін құру ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Осыған орай ана мен бала өлімін азайту мақсатында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы 2022 жылы ұрықтың ауытқуларын ерте диагностикалау, жүкті әйелдерді тексеру және кеңес беру үшін «Ұрықты қорғау орталығын» ашқан болатын. Осы жылы орталық базасында жүктілік мәселелерін уақтылы анықтау мақсатында «Бір күндік клиника» бөлімшесі ашылды. Онда жүкті әйелдер бір күн ішінде қажетті зертханалық-аспаптық тексерулерден, генетиктің консультациясынан өтеді. Біріншіден, жүкті әйел сараптамалық ультрадыбыстық аппаратта ұрықты тексеруден өтеді, содан кейін биохимиялық скрининг үшін қан алынады және 20-30 минут ішінде қолға талдау нәтижелері беріледі. Соңғы кезеңде – жүкті әйелге ұрықтың хромосомалық патологиясының жеке қаупін есептеу үшін консультация беріледі, содан кейін негізделген шешімдер қабылданады. Кешенде бұл тәсіл мүмкін болатын патологияларды ерте кезеңде анықтауға және ұрықтың өмірі мен денсаулығы үшін ең дәл болжамды алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Сәуле Сансызбайқызы баяндамасында осы салаға қатысты жоспарларымен де бөлісті. Жоспарда шетелдік клиникаларда мамандарды оқыту, шетелдерден тәлімгерлер тарта отырып шеберлік сағаттарын өткізу, балалар ауруханасы базасында кардиохирургиялық, офтальмологиялық, сурдологиялық бөлімшелердің ашылуы, медициналық техникамен жарақтандыру деңгейін арттыра отырып, босандыру және балалық шақ ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту секілді мәселелер қамтылған. Сонымен қатар, 2026 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 200 төсектік перинаталдық орталық салу және 2026 жылға қарай 800 төсекті көп бейінді аурухана құрамында 50 төсекті перинаталдық блокты және 250 төсекті педиатриялық блокты салу алға қойылған.
Алқалы жиында басқа да басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері бойынша, ана мен бала денсаулығы, баласыз отбасыларды мемлекеттік қолдау туралы баяндап, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
«Бақытты жанұя» орталығы – отбасыларды қолдау мақсатында психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер түріндегі кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында қызметтер көрсетеді. Осы орталық биылдың өзінде аз қамтамасыз етілген және көпбалалы түрлі санаттарға кіретін 4134 азаматқа қызмет көрсеткен. Бүгінгі таңда, қалада бір ғана орталық жұмыс істейді. Басқарма басшысы әр аудандардан «Бақытты жанұя» орталықтарын ашу туралы ұсынысын айтты.
Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.у.а. Мөлдір Кеуенова «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының Шымкент қаласында іске асырылу барысы мен отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарлары туралы айтты.
Сондай-ақ, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, полиция жанындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторларының жұмысы туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Данабай Әлиевтің баяндамасы тыңдалды.
Әйелдердің құқығы мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту – еліміздің 2030 жылға дейінгі «Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында» да, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарында да ерекше назарға алынған басымдықтың бірі. Әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында әйелдердің рөлін күшейту үшін де атқарылып жатқан істер аз емес. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарының жұмысы және кәсіпкер әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында қолдау шаралары туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев баяндама жасап, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Комиссия төрағасы отырыста айтылған мәселелер бойынша тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ, комиссия мүшелеріне аталған бағыттағы жұмыстарға белсене атсалысып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізуді тапсырды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.