Тiрегiмiз – Тәуелсiздiк, тiлегiмiз – тұрақтылық Избранное

Пятница, 29 Апрель 2016 05:41 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4639 раз

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы өтті. Биылғы саяси маңызы зор жиын «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» тақырыбын арқау еткен. Сессия жұмысында 5 институттық реформаның «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бағытының аралық қорытындылары, қазіргі саяси реформалардың маңыздылығы, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту мәселелері талқыға түсті.

XXIV сессиясында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған іс-шараларды бастап беретінін мәлімдеді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы – біздің Тәуелсіздігіміздің ең асыл құндылықтарының бірі. Осы жаңа қоғамдық институтты бекітуді 1992 жылдың желтоқсан айында, Тәуелсіздігіміздің бір жылдығы қарсаңында ұсыныс жасағанымның өзіндік мәні бар. Қазір көпшілік сол кезеңнің қаншалықты күрделі болғанын біле бермейді. Біз достықты сақтап қалдық. Халықтың ерік-жігері арқасында біз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барлық этностардың тең құқылығы, бірлігі мен келісім жолын таңдадық. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі. Ол кез келген қатерлерден жоғары тұрды, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, ҚР Президенті бес реформа аясындағы «біртектілік пен бірлік» бағытындағы жұмысты оң бағалады. Ұлт Жоспарындағы Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген үш негізгі бағытқа тоқталып, оның барлығы тұтастай Қазақстан халқы бірлігін, келісімі мен татулығын нығайтатынын атап өтті. Бес реформаның төртінші реформасымен қоғамның барлық жігі қамтылуы керек болатын. Мәселен, мемлекеттік рәміздер туралы жаңа заң қабылданып, қазақстандық патриотизм аясындағы рәміздерді пайдалану мәселелері назарға алынды. Отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша жалпыұлттық, адамгершілік және рухани құндылықтар жоспары шоғырландырылды.

Бейбітшілік пен келісім құндылығының арқасында кез келген дағдарысты еңсеруге болады. Елде салтанат құрып отырған бейбітшілік пен келісімнің құндылығы арта түседі. Кез келген дағдарыстың, кез келген қатердің толқынының кері қайтатын кезі болады. Ол мығымдылықтың, бірліктің арқасында, еліміздің ерік-жігерінің нәтижесінде алыстайды. ҚХА Төрағасы Н. Назарбаев елдегі жағдай туралы сөзінде осылай деді.

– Біз жағдайымыз жақсы кезеңдерде Қор құрдық, шикізаттық түсімдерді алмастыруға бағытталған индустрияландыруды қалыптастырдық. Әрине, неге ерте бастамадық дейтіндер бар. Дегенмен, инновация мен индустрия тек мемлекетте қаражат бар кезеңде ғана жүзеге асады. Біз де осы жұмысты бастау үшін қаражат жинадық. Индустрияландыруды дер кезінде бастадық. Бес жыл ішінде 900 жаңа кәсіпорын құрылды. Биыл тағы жүздеген кәсіпорын ашылады. Бұрын Қазақстанда ешуақытта болмаған 500-ден астам жаңа өнімдер өндірілді. Экономиканың өзі осы бағытқа қарай өсуде. Біз осындай құндылықтың арқасында кез келген қиындықты еңсере аламыз, – деді Елбасы. 

 

Бұдан бөлек, сессия барысында Елбасы қоғамда қызу талқыланған жер мәселесіне қатысты да пікірін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен пікірлер – арандатушылардың әрекеті, ата-бабамыз мұра етіп қалдырған жер ешқашан шетелдіктерге сатылмайды.
– Жер – ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы – халықтың меншігі. Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегендеу үшін мен 8 жыл әр жерде, әр адамдармен, әр басшылармен келіссөздер жүргіздім, қиын-қиын жерлерден өттік. Келістік. Тұңғыш рет Қазақстанның өз территориясы бар. Шекараны шегендедік. Не үшін? Жердің тұтастығы үшін жасап отырмыз оны. Жер туралы кодекстегі өзгерістер ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген шаруақор адамдарға жеңілдік жасауды көздейді. Олар жердің қожасы болса, жердің қадірлейді. Күтеді, – деді Елбасы. Бұл пікірін одан әрі қуаттаған Н. Назарбаев қазақ жерін шетелдіктерге сату мәселесі тіпті талқыланбайтынын да мәлімдеді.

Қазақстан Президенті сессия қорытындысы бойынша қабылданатын Мәңгілік Ел Патриоттық актісінің жалпыұлттық идеяның құжаттамалық формасы екеніне назар аударды. Мәңгілік Ел Патриоттық актісінде халқымыз қалыптастырған және өз жан-жүйесінен өткерген басты жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың Қазақстанның тағдыры мен оны дамыту, өркендету жолындағы өзара жауапкершілігі нақтыланғанын айтты.
– Бұл – қазақстандықтардың біртектілігі мен бірлігінің ауқымды да бірегей генетикалық бағдарламасы. Акт біздің рухани құндылықтарымыз бен ұмтылыстарымыздың негізгі форматын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге тиіс. Онда экономика мен саясаттың, мораль мен діннің мәселелері, Қазақстанның жаһандық әлемдегі орны жөніндегі көзқарастарымыз бір арнаға тоғыстырылған. Бұл құжатқа қатысты екі жыл бойы қызу қоғамдық жұмыс жүргізілді. Ол халық Ассамблеясының барлық буынында, ғылыми ортада, саясаткерлер, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері арасында жан-жақты талқыланды. Былтыр Республикалық патриоттар форумында жобасы мақұлданды, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі.

 

Делегаттар пікірі

Латипша АСАНОВ, 
облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Ел бiрлiгi нығайды

delegat pikiri– Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» аталуының өзі үлкен мағынаны қамтып отыр. Жиналғандар алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Елбасының өзі айтқандай, Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздіктің жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті өз сөзінде Ұлт жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытындыларын мәлім етті. Сонымен қатар, заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін тілдер туралы заңның толық сақталуы маңызды екенін жеткізді.


Ася МУХАМЕДОВА,
облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы:

Ынтымақ, бiрлiк, татулық – басты ұстаным!

asia– Бұл жолғы сессия жиынында Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа функционалдық бағыттарды өз мойнына алғанын айта кеткен жөн. Бұл бағытта Елбасы ел аумағында 1993 қоғамдық келісім кеңесі және 820 аналар кеңесі құрылғанын атап өтті. Олар бүгінде халықтың нақты мәселелерін шешумен, жергілікті деңгейде және ұжымдарда қақтығыстардың алдын алумен айналысып келеді.
Сессия қорытындысы бойынша қабылданған Мәңгілік Ел патриоттық актісі шын мәнінде, жалпыұлттық идеяның құжаттамалық формасы болып табылады. Мұны қазақстандықтардың біртектілігі мен бірлігінің ауқымды да бірегей генетикалық бағдарламасы ретінде қарастырған жөн. Аталмыш акт біздің рухани құндылықтарымыз бен ұмтылыстарымыздың негізгі форматын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге тиіс.


Икрам ХАШИМЖАНОВ,
облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Дамудың бiрден-бiр кепiлi – тыныштық

2084 oko 1– Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз. Елдің тыныштығы – әлеуметтік-экономикалық дамудың бірден-бір кепілі дер едім. Елбасымыз қуатты мемлекет құрудың негізгі тетігі – саяси тұрақтылық екенін бұл жолы да нықтап айтты. Қазақстан – өзіндік бет-бейнесі, ерекшеліктері мен ұстанымы бар, халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды. Өзім 17 жылдан бері сессияға үздіксіз қатысып келемін. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген 24-і сессиядан үлкен әсерде қайттым.

Последнее изменение Пятница, 29 Апрель 2016 06:50
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.