Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан көрме

Пятница, 28 Июль 2017 08:16 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 338 раз

 ExpoAstana

Биыл Қазақ елін төрткүл дүниеге танытып жатқан басты оқиға, ол сөзсіз – ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі. Шара басталғалы бері отандық және шетелдік БАҚ өкілдері жан-жақты ақпарат таратып жатыр. 24 шілде күні ЭКСПО көрмесінде бір жарым миллионыншы келуші тіркелді. О баста тіркеу құжаттамасында көрмеге 2 миллион адам келеді деп жоспарланған. 


99aefb7cba8f8c55816f86b300dc7da9

Көрмеге келушілер көрсеткіші жағынан алдыңғы орындарда тұрған нысан – «Нұр Әлем» павильоны. Одан кейін коммерциялық павильондар, «Шелл», балалар лабораториясы, балалар саябағы... Ал келушілер ең көп тамашалаған павильон Африка плазасы. Әрмен қарай Мысыр, Үндістан, Ресей, Түркия, Жапония...

– ЭКСПО-2017 көрмесі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Түрлі мемлекеттердің баламалы энергия көздеріне қатысты ұстанымдары, көзқарастары ұнады. Әсіресе, Қазақстан павильонынан керемет әсер алдым. Бұл шара Қазақ елінің қонақжайлығын көрсететін үлкен мүмкіндік. Германия да Қазақстан секілді жел, су, күн сияқты баламалы энергия көздеріне басымдық беретін мемлекет. Өз мақаламда осы қуат көздерінің тиімділігін жан-жақты жазуға тырыстым, – дейді Неміс журналдарының шолушысы, журналист Патрик Бесслер.

ЭКСПО-2017 кешенінде 155 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның павильондары жайғасқан. Онда барлығы 5 мыңға жуық ерікті қызмет етеді. Олардың арасында Төле, Қазыбек және Әйтеке есімді үшем бар. Бұларға мұндай есімді 19 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қойған. Қандастарымыз қазір Кубада тұрады. Дегенмен, болашақ тағдырларын тек Астанамен байланыстырады. 

7e031ef783d66fd307d222498e70cd68 crop l 27 t 0 w 758 h 426

– Біз көрме жайлы былтыр естідік. Астанаға келіп бірден ерікті болдық. Өткен жылы келгенімізде көрме құрылысы енді салынып жатыр еді. Қазір барлығы өзгеріп кетіпті. Әсіресе, архитектурасы керемет. Осында келген бойда Лондон, Нью-Йорк, Гавана қалаларындағы достарымызды Астанаға шақырдық. Біз өз есімдерімізді мақтан етеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай есім бергеніне алғысымызды білдіреміз, – дейді Төле, Қазыбек және Әйтеке Тілегеновтар. 

Халықаралық көрме аясында Астананың абыройын асқақтататын көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі Димаш Құдайбергеновтың концерті. Оған қазақстандықтардан бөлек АҚШ, Қытай, Франция, Италия, Ресей, Украинадан келген бас-аяғы 30 мыңға жуық көрермен жиналған. Алдағы уақытта да ЭКСПО аясында түрлі концерттер, шоулар, спорттық шаралар мен мәдени шаралар өткізіледі. 

ЭКСПО барысында түрлі мемлекеттердің Ұлттық күндері аталып өтті. Сондай елдің бірі – Латвия. Бұл ел Астанаға жоғары дайындықпен келген. Ұлттық күніне орай, көпшілікке өздерінің мәдениетін, павильонға алып келген жобаларын таныстырды. Мерекелік шараға ел Президенті Раймондс Вейонис, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қатысты. 

20170502125135

– ЭКСПО-2017 Қазақстанның заманауи әлемдегі рөлін тағы бір айшықтады. Латвияның аталған көрмеге қатысуы біздің ел үшін маңызды оқиға. Бұл халықаралық шара Латвияны әлемге танытқысы келетін және елде қалған барлық біздің кәсіпорындарымыз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Латвия Президенті Раймондс Вейонис.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында қазіргі таңда ойын-сауық индустриясындағы алып компаниялардың біріне айналған, штаб-пәтері Монреаль қаласында орналасқан атақты «Дю Солей» циркінің қойылымдары өтеді. Цирк ұжымында әлемнің 50 елінен жиналған 4000-ға жуық адам еңбек етеді, оның 1300-і – әртіс. Әлемге әйгілі Цирк осы уақытқа дейін 400-ден астам шаһарда өнер көрсеткен. 

Қазақстанның бай мәдениеті мен тарихынан шабыттанған цирк әртістері Астана тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы эксклюзивті «REFLEKT» шоу-бағдарламасын дайындады. 

Цирк 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін 71 қойылым қоятын болады.

Сөзсіз ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі шетелдік туристерге Қазақ елін кеңінен танытқан бірегей жобаға айналды. Мәселен, қазір дүниенің әр бұрышынан келген қонақтар Сарыарқаның төсіндегі «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде қазақтың көшпелі тұрмысы мен қол өнерімен танысуда. 2500 шаршы метрлік алаңға құрылған осынау «Қазанат» ипподромында ЭКСПО көрмесі аяқталғанға дейін 700-ге тарта іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарланған.

 

5-6 тамыз күндері көрме аясында футболдан «ЭКСПО-2017 КУБОГЫ» өтеді. Оған Германия, Италия, Ресей, Португалиядан ардагер футбол жұлдыздары қатысады.

 

Сіз не дейсіз?


f4e42fed7052f1612faae396d2d1d1ff LЭлиза ОТТАВИ,
La Sapienza университетінің студенті:

– EXPO – 2017 көрмесінің тақырыбы энергия саласын қамтиды. Бұл Италияның өз тәжірибесімен бөлісіне зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар сәулеті мен салтанаты жарасқан Астананы көргенше асықпын. Өйткені онда таңдай қақтырар қызықты дүниелер көп деп ойлаймын.


13cffcf216e78efa52fb3c5df0354c4d LПэк Чу Хён,
Корея Республикасының ҚР бұрынғы елшісі:

– Бұл көрме Қазақстан үшін өте маңызды оқиға. Әрі ол сәтті өтіп жатыр. Бұл ел экономикасының тез және серпінді дамуына жақсы мүмкіндік береді. Ал Қазақстанның Орталық Азияны дамыту орталығына айналу мүмкіндігі жоғары.

 


92f4a2c0e020f491387f13091f118d23 LЮлия НАЗАРОВА,
Шетелдік PR-маман:

– Павильонның негізгі идеясы керемет. Көрме тақырыбының «Болашақ энергиясы» екенін ескерсек, ғимараттардың сәулетінде заманауи материалдардың қолданылғаны орынды әрі тиімді көрінеді. Ресей павильонындағы шағын бассейнде өздігінен жүзетін қайықтан бастап, Шри-Ланка павильонындағы ағаштан жасалған алып пілдердің бәрі мен үшін қызықты болды. Тамыз айында іссапармен Астанаға барамын. Сол кезде міндетті түрде тағы да аралаймын.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.